ҚОС ПЫРАҚТЫ АХАТ
30.05.2025
25
0

ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірмей тұрғанда, яғни әлі студент­тік шақта «Мәдениет және тұрмыс» журналының бас редакторы Мұса Бөкенбай­ұлы Дінішев мені редакция­ға тілшілік қызметке қабылдады. Содан бері көп жылдардың жүзі өт­ті.

«Мәдениет және тұрмыс», ке­йін «Парасат», одан «Ақиқат» («Қазақ­стан коммунисі»), одан ке­йін «Жұлдыз» журналдарында қызмет істедім. Он сегіз жылдай бас редактордың орынбасары, соның ішінде, екі-үш жыл жауапты хатшылықты да қоса атқарғаным бар-ды. Отыз төрт жылдай мерзімде он бас редактормен, атап айт­қанда, Мұса Дінішев, Бақытжан Жиенғалиев, Камал Смайылов, Бексұлтан Нұржекеев, Сарбас Ақтаев, Жұмабек Кенжалин, Ахат Жақсыбаев, Нұрмұхан Оразбек, Темірхан Медетбек секілді ірі-ірі тұлғалармен қызмет­тес болдым. Бұлардың әрқайсысы мемлекет деңге­йінде ойлай білетін, мұрат мен мақсаты биік, ел алдында беделі бар, салмақты да салиқалы, өнегелі де өміршең қоғам қайраткерлері еді. Өмірдің сан қилы соқпағынан өткен тау қыраны тұрпат­тас бұл азамат­тардан мен көп тәлім-тәрбие алып, тәжірибе жинақтадым. Менен біреу «журналистика мектебі» дегеніміз не?» деп сұраса, алдымен, жоғарыдағы қайраткерлердің аты-жөнін кеуде керіп, мақтанышпен атап, «журналистика мектебі» дегеніміз, міне, осылар дер едім». Бұл күнде Мұса Бөкенбайұлы, Бақытжан Жиенғалиев, Камал Сейітжанұлы, Нұрмұхан Оразбек, Жұмабек Кенжалин, Ахат Жақсыбаев арамызда жоқ.Таяуда Темірхан Медетбектен де айырылдық. Бірақ ел-жұрт­тың аузында олардың атақ-абыройы жат­талып, қат­талып қалғаны ақиқат.

* * *

1997 жылдың қараша айының 21 жұлдызы еді. Бас редакторымыз Жұмабек Кенжалин, бірінші орынбасары Жанболат Аупбаев, мен екінші орынбасар, жауапты хатшы Мұрат Күлімбетов болатын. «Ақиқат» журналында 16 қызметкер тып-тыныш, кезекті нөмірдің жоспарын талқылап, соның материалдарына кірісіп кеткенбіз. Кенет, кешкі сағат бес пен алтының ортасында біздің оныншы қабатқа ғана дауыл соққандай, апыл-ғұпыл болдық та қалдық. Жанболатқа иек қағып едім, ол баяғы сабырлы қалпымен: «Министр келетін көрінеді», – деп езу тарт­ты да, алдындағы қағазына қайта үңіле берді.
Тура сағат алтыда Ақпарат және қоғамдық келісім министрі Алтынбек Сәрсенбаев, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Ахат Жақсыбаев келіп, бас редактордың кабинетіне жиналдық. Министр журналды көтермелеп сөйледі, алған бағытының дұрыс екенін, сүйекті-сүйекті материалдардың жарияланатынын тілге тиек ет­ті. Қазірден бастап журналға бас редактор Ахат Имантайұлы болатынын, ал Жұмабек Кенжалин «Қазақ әдебиетіне» бас редакторлыққа тағайындалғанын қадап-қадап айтып, отырғандарға байыппен күлімсірей қарады да: «Ахаңды көпшілік, әсіресе әдебиет­ті сүйіп оқитын қауым жақсы біледі. Сондықтан таныстырып, өмірдерегінен хабардар ету артық», – деп қысқа қайырды. Ешкім белсенділік танытпаған соң мен орнымнан көтеріліп:
– Алтеке, дұрыс қой бәрі, кеткенге де көңілімізге тоқ, келгенге де көңіліміз тоқ, сіз орынтақта отырғанда бізде уайым-қайғы жоқ, – деп тақпақтап едім, отырғандардың көпшілігі езу тарт­ты да, Ахат тымсырая қалды. Ішім қылп ете түсті де, – Алтеке, бас редактор ауысқан сайын орынбасар күпті болады, – дедім не болса, о болсынға салып.
Министр сәл-пәл жымиып:
– Мәке, күдіктенбеңіз, – деді. Сонымен, екі бас редактордың қолын кезек-кезек қысып, сәт­тілік тіледік. «Құдай қаласа, жетінші бас редактормен жұмыс істеуге тура келіп тұр» деп, ішімнен өзіме-өзім сыбырладым.
Менің бір әдетім, жұмысқа ертерек келіп, өзімнің оны-мұнымды қарағыштап, қаққыштаймын. Ойыма оралған бірдеңе болса, жазып тастауға ұмтыламын. Жұмыс орным лифтінің қарсы алдында еді, сағат тоғызға он минут қалғанда Ахат келді. Амандық-саулық сұрасқан соң: «Осы қабат түгелімен редакцияныкі ме?» – деп сұрады. «Он бөлмесі» деген жауаптан ке­йін: «Он алты адамға он бөлме, апырай, ғажап, бұл неткен коммунизм» – деді маған бақырая қарап,– нарық саясатынан қалай тысқары жүрсіңдер? — дегенді де қосып қойды. Менде үн жоқ. Үсті-басы мұнтаздай Ахат таңдайын тық еткізіп бір қақты да, денесін шиыршық ат­тыра қозғап, кабинетіне қарай бет алды. Қар барысы секілді, аяқ басқаны білінбейді, еденде емес, ауада жүріп бара жатқандай.
Сағат он мезгілінде Жанболат екеумізді шақырып:
– Мен ертең, бүрсүгіні жұмыста болмаспын, соны ескерте­йін деп, бұл нөмірдің материалдары дайын болғанда маған бір көрсетіп аларсыңдар,– деп Ахат бізге шүйіле қарады.
– Аха-ау, бұл нөмірдің корректурасы оқылып қойылды. Келесі нөмірді жоспарлап, кірісіп жатырмыз, – деді Жанболат шапшаңдата сөйлеп.
– Онда мен келген соң жоспарды қайта бір қарап, ақылдасармыз, – деп бас редактор орнынан көтерілді. Бөлмеге кіре бергенімде, телефон шылдырлады. «Қазақ әдебиеті» газетінен Қуаныш Жиенбаев екен:
– Мәке, құт­ты болсын! Редакцияның айы оңынан туды. Ахат бәрін өзі істейді. Поштаға ше­йін өзі әкеледі. Корректураны өзі оқиды, нөмірге жіберілетін материалдарды бастан-аяқ бүге-шігесіне де­йін өзі ұйымдастырады. Қолдарың ұзарды, бақыт­ты екенсіңдер, – деп күлді.
– Қой, қалжыңың шығар, – дедім, мен де суықтау жымиып.
– Мәке, шынайы шындығым. Ахаңды сенен гөрі қарауында қызмет істеген мен жақсы білемін ғой.
Осымен екеуара сөзіміз аяқталды.
Жазушы Ахат Жақсыбаевтың шығармалары жетпісінші жылдардан бастап биік белеске көтеріліп, оқырман сүйіспеншілігіне бөленгені белгілі. Оның «Егес», «Бөгет» романдары жұмысшы өмірін, яғни сол кез­дегі ең өзекті тақырып жұмысшы бейнесін сурет­теген сәт­ті туындылар еді. Бұл жөнінде мерзімді баспасөз бетінде көлемді пікірлер жарияланып, белді-белді сыншылардың назарына ілікті. Сәл ке­йіндеу «Қорған» романы жарық көрді. Ал «Бозарал» повесі жазушының өз мүмкіндігінің өте жоғары екенін көрсететін көркем туынды болды. Бізге де­йін бес жылдай «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы қызметін атқарған Ахаңды, оған де­йін жиырма жыл «Жұлдыз» журналында жауапты хатшы қызметін атқарған Ахаңды басқа-басқа жазушы қауым өте жақсы білетіні ақиқат. Оралхан Бөкейден ке­йін жабық дауыспен «Қазақ әдебиеті» газетіне бас редакторлық орынтаққа отырған Ахат­тың беделі биік еді. Өмірдің ащысы мен тұщысынан дәм татқан, саналы өмірінде барды да, жоқты да көрген, қандай нәрсені де ой елегінен өткізіп барып, қолына қалам ұстайтын талант­ты да, талғамды жазушы екенін көпшілік баяғыда-ақ білген, оқыған. Оның жазушылығымен қатарлас-қапталдас жүрген журналист мамандығы да Ахат­ты қатпар-қатпар мұзы бар шыңдар мен қабат-қабат көмірі бар жер астына да жетектегені шындық. Оның екі тілде бірдей жазатын жан-жақты білімді, сонымен бірге Құдай берген қабілет­ті шашау шығармай ел кәдесі мен өз кәдесіне пайдалана білетін қос пырақты азамат екенін жалғыз мен емес, күллі жұрт білетініне сенімім нық.
Кешегі социализм кезінде Қазақ­стан Жазушылар одағы күркіреп, дүркіреп тұрды. Сол Қазақ­стан Жазушылар одағында қайнаған қара қазан ішінде Ахат Жақсыбаев кәсіподақ комитетін басқарды. Мұның өзі жүйкеге тиетін әрі бір тиынсыз жұмыс еді. Ахаң талай жазушы ағайындардың пәтерлі болуына тікелей көмектесті. Мысалы, Марат Қабанбаевқа жүгіріп жүріп екі бөлмелі пәтер әперген осы Ахаң болатын. Сол уақыт­тың қат проблемасы жеңіл машинаға қол жеткізіп, оны кезектегі жазушыға беруде де Ахаң белсенділік таныт­ты. Кешегі 1994 –1996 жылдары еліміздің экономикасы бірде ке­йін, бірде ілгері жүріп, қалтылдаған қалтқыдай болып тұрған кез­де де, Ахат Имантайұлы басқарған «Қазақ әдебиеті» газетінің ұжымы күйзеліске ұшырай қойған жоқ. Газет­тің әр нөмірі өз уақытында мәнді де, мағыналы әрі мазмұнды шығып тұрды. Кешегі социализм кезінде Ахат­тың «Егес», «Бөгет» романы мен «Бозарал» повесі орыс тіліне аударылып, бүкіл КСРО-ға тарап, аты мәшһүр жазушы екенін дәлелдеді. Енді сол мәшһүр Ахаң, Г.Хагтардтың «Маргарет ару» романын, Р.Медведевтің «Сталиннің серіктері» кітабын, В.Астафьевтің «Өмір өткелдері» повесін қазақ тілінде сайратқан аудармашы Ахаң, ұлт­тық, қоғамдық-саяси журнал «Ақиқатқа» бастық болып келе қалғаны тосын уақиға емес еді.

Тәжікстанның халық ақыны Мирсаид Миршакар, Сәбит Мұқанов және Ахат Жақсыбаев. Ашхабадта 1971 жыл

«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көрерсің» дегендей, үш күн өтіп, төртінші күні ертелетіп қызметке кіріскен Ахат Имантайұлы тосын мінез көрсет­ті. Редакция ұжымы түгелге жуық жиналған басқосудағы кіріспе сөзден ке­йін: «Бар болғаны 96 бет журналға бас редактордың екі орынбасары тым артық әрі ерсі. Сондықтан Жанболат Аупбаев орынбасар, Марат Мәжитов жауапты хатшылыққа тағайындалады. Сосын, аядай журналда он алты адам не істейді, айтыңдаршы? Өзі айына бір рет шықса, бұл дегеніміз курорт емес, қызмет орны ғой. Келесі айдан бастап қосымша қызмет істеп жүрген Ғарифолла Есім мен Талас Омарбеков өздерінің негізгі қызмет орнына барсын. Зейнеткер Сарбас Ақтаев пен ғалым-тарихшы Есенжан Қуандықовты алдағы уақыт көрсетер. Ұжымды әлде де ықшамдау керек, бізге сапырылысқан көп адамнан гөрі сапа қажет. Ал Мұрат Күлімбетовке бөлім беремін, әзірге осы, тағысын тағы да көре жатармыз», – деп бір тыныстады. «Мәссаған, безгелдек, осындайға кез келдік» деген мәтел жарқ етіп алдымыздан шықты. Сонымен, жаңа бас редактордың жаңаша көзқарасымен іске кірістік. Ретіне қарай бөлмелер де қысқартылып, топтасып, шоғырлана бастадық.
Ахат Имантайұлының аптасына бір рет, кейде екі аптада бір рет басқосуда алдағы жоспар жөнінде, орындалған жұмыс, не істеп, не қоямыз дегендей әңгіме өткізіп, кейде сөз тасқынына беріліп, ұзақтау толғап кететіні бар. Материалдардың бәрін өзі қарап, елеп-екшеп, тақырыптарына қаршығаша шүйлігіп, ерінбей-жалықпай, кейде кешкі сағат жетіге де­йін отырады. Біз дайындаған материалдарды да көңіліне жақпаса: «Менің көзіммен бір қараңызшы!» – деп қайтарып береді. Ішің дуылдап, қызарасың, бірақ бас редакторға, оның ішінде, балуан әрі культурист, он адамға жалғыз өзі қарсы тұратын, күрестің неше бір тәсілін білетін Ахатқа бас көтеру қайда?
Айдың жүзі өтпей Ахаң журналға бірнеше жаңалық енгізді. Біріншіден, белгілі суретші-графикке журналдың іші-сыртын жаңаша қалыпқа (стандартқа) компьютер арқылы түсіріп, әсіресе мұқабасы ерекшеленді. Екіншіден, материалдар жүйе-жүйеге бөлініп, әр нөмір (не болса, сол емес) сараланды. Мысалы, бір нөмірде саясат көбірек берілсе, келесі нөмірде экономика немесе тарих-мұрағат материалдары жарияланады. «Қоғамдық басылым болғандықтан, қоғамдағы өзгеріс-жаңалықтарды қалт жібермей қадағалап отыру – біздің басты міндетіміз», – дейтін Ахаң өзі бас болып жоспар жасайтыны және бар. Үшіншіден, журналдағы материалдар әрі сауат­ты, әрі қатесіз шықты. Грамматиканы өте жақсы білетін ол үтір, нүкте, жалғау, жұрнақтарды (Жанболат­тан басқамызға, өйткені Жанболат ол жағынан мықты екен), әйтеуір, грамматикалық ереже-емлені бізге үйрет­ті. Сөйтіп, сауатымыз ашылып қалды. Төртіншіден, бізге де тыным бермей, өзі де тыным көрмей, редакция қызметкерлерін ұдайы ізденіске жетелеп, жетектеп отырды. Менің бір таңғалғаным, Ахат Имантайұлының әлем халықтары тарихын өте терең білетіні. Дүниежүзінде неше ұлт, неше ұлыс барын, олардың тегі қайдан шыққанын, жер көлемі, халқының саны, көсемдері кімдер, олар кімге иек сүйеп табынады, олардың тілі, діні, мен ділі көкірегінде сайрап тұр. Ал орыс княздары мен патшалары, қазақ хандары мен билері туралы мен естімеген деректер айт­қанда, өз өрісімнің қысқалығына ұялғаннан басым айналып, екі құлағым бірдей шуылдайды.
Кейде маған мынадай ой келетін, осы Ахаңа профессор деген құрмет­ті атақты бере салып, университетке ұстаздыққа қызметке алса, шәкірт студент­тердің мерейі бір қанар еді-ау, шіркін! Мен білетін Ахаңның математика, физика, химия ғылымынан да білігі өте жоғары…
Сөйтіп, «Ақиқат» журналы өзгеше мазмұн, өзгеше тыныспен шыға бастады. Басылымның азамат­тық және тарихи-танымдылығы ерекшелене қоғамдық мәнге ие болып, саяси сипаты кең аймақты қамтып, өрісін серпілте түсті. Оқырмандармен арақатынасымыз бұрынғыдан да жақсарғанын байқадық. Бұған азулы журналист Жанболат­тың да қосқан үлесі мол еді. Ол Ахаңа шынайы серік, шынайы орынбасар бола білді. Ахат Имантайұлының кейде: «Осы журналды үш қызметкер шығара алады, ал біздің санымыз өте көп», – деп шегелеп айтуы басқаны қайдам, өзіме ұнамай тістеніп қалатынмын. «Осы ұжымды өз қаржысымен асырап отырғандай, мұнысы несі, мемлекет­тің қаражатын қызғана ма?» деген ой мені торлап тастайтын. Баяғыда бір қойшы үйінде шай ішіп отырып: «Ойбай, қатын, енді ойласам қасқыр екен», – деп атына мініп тұра шауыпты дегендей, енді ой таразысынан өткізсем, Ахаңдікі дұрыс екен. Нарық саясаты бізге бардың өзін бағамдауға, өзіңдегі мүмкіндікті мейілінше пайдалануға, бүгінгіні ертең, ертеңді бүрсүгіні демеуге, жалпақшешейліктен мүлде арылуға, әр сағатыңды мөлшерлеп, әр ісіңді уақытылы пайымдауға үйрете бастады ғой.
Ахат Жақсыбаевтың іш қызғанышы жоқ, адамға да, қоғамға да болсын дейтін сүт­тен ақ, судан таза азамат екенін көп кешікпей ұқтым. Ұқтым да осы бір тас түйін, екі сөйлемейтін, қызметіне аса берік, жақсыны да, жаманды да дәл уақытында ажырата білетін, жауына қатал, досына адал аптал азамат­ты шын пейілмен жақсы көрдім. Оған үш жыл уақыт­та қалтқысыз қызмет ет­тім деп ойлаймын, өйткені Ахаң «Ақиқатқа» тура үш жыл жетекшілік ет­ті.
Ахат Имантайұлы бас редактор болған жылдарда ұжым «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарды» десем, артық айт­қандық емес. Әркім өз ісіне жауап берді. Бос сөз, сыбыр-күбір болған емес. Журналға келесі жылға жазылу кезінде, шынымды айтсам, бас редактордың беделін пайдаланып, оны алға салдық. 1999 жылы бір ғана Алматы облысынан бір мыңға жуық оқырман журналға жазылса, ол — Ахаңның беделі.
Ұжым болған соң, оның үстіне республикалық басылымды шығарып отырған соң бас редактордың материалға аса қатал талаппен қарауы — өмір заңы, өйткені оның артында мыңдаған оқырман, алда сараптал халық тұр. Талай материалдар қайта қаралып, бір жазғанды екі жазу болмай қалған жоқ. Әсіресе экономика бөлімі, қоғам, саясат бөлімдерінің материалдары кей кез­де осындай жайға кезігіп қалып отырды.
1998 жылы наурыз айында Астананың тұсаукесеріне қомақты материал жазуға мені жұмсады. Бір жетідей болып көлемі отыз бет­тей материал жазып ұсындым. Ахаң ризашылық кейіп танытып, сол жылдың 5-нөмірінде жарық көрді. Редакцияда Сарбас Ақтаев, Мұрат Күлімбетов, Шөмішбай Сариев, Нұрақым Райхан, Қыдырәлі Қойтай, Батық Мәжитұлы секілді тәжірибелі журналистер жұмыс жасады. Ал тарих ғылымдарының кандидаты Есенжан Қуандықовтың мамандығы журналист болмаса да жазуға жүйрік еді.
1998 жылы жаз айында Жанболат Аупбаев Астанаға жұмысқа ауысып, министр Алтынбек Сәрсенбаевтың бұйрығымен мені бас редактордың орынбасарлығына тағайындады. Жауапты хатшылыққа бас редактор Қыдырәлі Қойтайды мақұл көрді. Жанболат астанаға ауысқан соң төрт-бес айдан ке­йін Ахаңның ұйғарымымен Сарбас зейнеткерлікке, Есенжан университетке өз мамандығы бойынша біржолата кет­ті.
Ахат Имантайұлымен қоян-қолтық қызмет істеу әрі оңай, әрі қиындау. Оңай дейтінім, жоспарға өзі басшылық етеді, нөмірге баратын материалдардың бәрін, шағын хабарға де­йін өзі қарайды. Запаста материалдар жеткілікті, оны өзі апта сайын қарап, қадағалап отырады. Қолы ашық, мейрам-мерекелерде қалтасынан суырып теңге тастайды да дереу ұйымдастырады. Бар болғаны бір бөтелке қызыл шарапты үстел басында отырғандарға жеткізеді. Ал ақ арақпен жаны қас. «Ақа-ау, бір бөтелке шарап оншақты адамға не болады» десең, «Сіміріп ішу мұрат емес, дәмін алып қана отыру керек», – дейді. Шарапты өзі құяды. Ал қиындауы қатал тәртіпті жаны сүйеді. Кей-кейде нөмірге «тосыннан келген» мақаланы тығып жібере­йін десең, «Қоя тұрыңыз, әуелі жоспарға кіргізейік, сосын, ол бізге қажет пе, жоқ па, талқылайық, одан ке­йін мен оқып шығайын, сүйтейік», – деп бақырая қалады. «Ә, нөмірде орын болса, өзің дұрыстап оқы да, салып жіберсейші» деп бір айтпайды. Сосын, бір тапсырма берсе, «Так, орындап, жазып тастадың ба?» – деп күнәра сұрап, мезі етеді. Тез орындамасаң, беті бүлк етпей келесі нөмірге қалдыра салады. «Әлі уақыт бар ғой, асықпай-үсікпей, ойланып жаз», – деп қарауындағы қызметкерге жылылық танытпайды. «Журналист тез жазу керек», – деп орынтағында шалқаяды.
Ахаң редакцияның қат-қабат жұмысымен қатар, атақты партизан, ұлтымыздың мақтанышы, Халық Қаһарманы Қасым Қайсенов жөнінде роман-эссе жазып, оның екі-үш тарауын «Ақиқат­та» жариялап еді, оқырман жылы қабылдады. Ке­йін бұл шығарма «Қайсар, қайтпас» деген атпен көлемді кітап болып шықты. Кітап бір ғана Қасым Қайсенов емес, екінші Дүниежүзілік соғыста майдангерлердің асқан ерлігін сипат­тайтын толымды шығарма еді, бірақ Мемлекет­тік сыйлыққа ие бола алмағаны, азғантай топтың оқымай «жоқ» деуіне ұшырады-ау деп ойлаймын…
Ахат Имантайұлына арнап кезінде бес шумақ өлең жазып едім, бірақ өзіне оқылған жоқ, әйтеуір, бір сәті түспеді.
Мақсат-мұрат жолында жорық еткен,
Қиындықты қиналмай орып өткен.
«Тар жол тайғақ кешуден» қарғып кетіп,
Қажет десе, айға да қолы жеткен.

Арманына армансыз бас тіреген,
Қайсар, қайтпас болған-ды жас күнінен.
Өмір бойы әділдік туын тігіп,
Жалғыз өзі айқасқан қаскүнеммен.

Өрен жүйрік өнері асқақтаған,
Қорқып, үркіп ешкімнен
қас қақпаған.
Ұлтына адал, мейірімді өмір бойы,
Досым десе, ішіне ас батпаған.

Өз ұлтының серісі, сенімдісі,
Табиғаты шынайы өнімді ісі.
Тау көтерер Толағай болса-дағы,
Жай адам боп келеді көрінгісі.

«Жігітке жеті өнер де аз» дегенде­йін,
Он өнерді Аханнан көрем дәйім!
Сәйгүлікке шап беріп тақым салса,
Кетеді-ау деп қара үзіп елеңдеймін!
Бір күні Ахат кабинетіне шақырды. «Мәке, маған министрлік басқа қызмет ұсынып отыр», – деді. «Қандай қызмет?» – деп ынтыға қалдым. «Министрлік «Жас өркен» акционерлік қоғамын құрып, оған «Балдырған», «Ақ желкен» журналы мен «Дружные ребята», «Ұлан» газетін кіргізіпті. Сол қоғамға президент­тікке қолқа салып отыр, бірақ екі ойлымын». «Ойлан­бай-ақ барыңыз, үлкен орын ғой», – деп лебіз білдірдім. Екі-үш күннен соң Ахат Имантайұлы жаңа қызмет­тің орынтағына отырды. Бір-екі аптадан ке­йін «Ақиқатқа» бас редактор болып, жауар күндей күркіреп, аты шулы қаламгер, аты шулы баспагер Нұрмұхан Оразбек келді.

Марат МӘЖИТОВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір