Әселдің кәсіпкерлік әлемі
28.06.2024
54
0

Бүгіндері өз кәсібін дамытып, айналасындағыларға жұмыс тауып берумен қатар, ел экономикасын өркендетуге хал-қадірінше үлес қосып жүрген нәзік жандардың қатары артып келе жатқаны қуантады. Алматы қаласына іргелес орналасқан Қарасай ауданының орталығы – Қаскелең қаласының тұрғыны, «Зияткер» ғылыми-әдістемелік орталығының құрылтайшысы, Іскер әйелдер кеңесі төрағасының орынбасары, әлеу­меттік кәсіпкер Әсел Жылқыбаева осындай іскер әйелдердің көшін бастап келеді.

Өзінің кәсіпкерлік жұмысын білім беру саласында қызмет көрсетуден бастаған ол осы бағыт­та «Арт-спорт» бағдарламасы аясында біршама жетістіктерге қол жеткізген. Оның сыртында ағаштан жасалатын ойыншықтар шығару, гипс пен гүл жапырақтарынан түрлі бұйымдар жасау мен бизнесті насихат­тау жөнінде жұмысты жолға қойып үлгерген. Бұл жерде сонымен қатар көпбалалы аналар тігін шеберлігін меңгеріп, ке­йіннен мамандығы бойынша жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады. Әсел Амангелдіқызы «ЗИЯТКЕР-LAND» жекеменшік балалар бақшасы мен «FACE TO FACE» ко­фейня-коворкингін ашып, халықтың қолданбалы өнер туындыларын шығаруды жолға қойған.
Білім беру саласындағы бастамаларына келер болсақ, Әсел Амангелдіқызы ең алдымен
«ЗИЯТКЕР» ЖШС-нің негізінде білім беру орталығын ашып, бұл жерде оқушыларға негізінен табиғи және дәл ғылымдарды тереңдетіп оқытуға басымдық берген. Бұл орталықта бүгіндері 20 мұғалім еңбек етіп, 40-қа жуық шығармашылық үйірмелер мен спорт­тық секциялар, тіпті жүргізушілер дайындайтын мектеп те жұмыс жасап келеді.
Әлеумет­тік кәсіпкерлік аясында жұмыс жасайтын «Арт-спорт» жобасымен қатар «Зияткер» мектебінің мұғалімдері балалардың қолынан шыққан бұйымдарды саудаға шығарып, өздерінде өткізілетін шараларды қаржылай қамтамасыз етуді жүзеге асырып жүргенін айта кету керек. Ғалия Тоқтағұлова жетекшілік ететін «Фантазеры» шығармашылық студиясында жасалынған дүниелер өзінің әдемілігімен, сапасымен жұртшылықтың көңілінен шығып келеді.
Төрт жастағы Айлин Байрамовадан бастап 14 жасар Әлихан Берікқара сынды әр түрлі жастағы балалар қатысатын үйір­мелер балалардың қалыпты дамуына, ой-санасының өсуіне ықпал ететіні рас. Әсіресе «Зият­кер» орталығында жылына екі рет өткізіліп тұратын байқау оқушылар үшін шын мәнінде мерекеге айналған. Өйткені мұнда жеңімпаздарға алғысхат­тармен қатар смартфон, құлаққап, самокат сияқты бағалы сыйлықтар ұсынылып, шағармашылықтарын одан әрі дамытуға талпындырады.
Серіктестікке тиесілі тігін шеберханасына жеке тоқталып өтер болсақ, Мөлдір Білібаева жетекшілік ететін өндіріс орны азамат­тардың тапсырыстарын орындаумен қатар, өз қажет­тіліктерін де өтеуді ұмытпауда. Атап айт­қанда, орталықтың жанынан құрылған домбыра оркестрінің мүшелеріне арналған ұлт­тық киімдер – осы цехтың жетістігі. Олар сапасының жақсылығымен ғана емес, бағасының қолжетімдігімен де жас өнерпаздарды қуантып отыр. Әрине, түрлі тапсырыстардың арасында балаларға арналған мерекелік киімдер тігу бұл ұжымның айнымас дәстүріне айналған. Аталған білім беру орталығында Қанат Асанұлының жетекшілігімен актерлік шеберлік сабақтары да жүргізіліп келеді. Сонымен қатар Айнұр Дәуренбекованың бастамасымен визажист, бет бояу өнерінің қыр-сырын балаларға үйрету жолға қойылған. «Зияткер» орталығында жұмыс жасайтын «ұзартылған күн» тобы оқушылардың үйге берілген тапсырмаларын орындауға жәрдемдесіп, орыс және қазақ тілдерін тереңірек меңгеруге көмектесіп келеді.
Білім беру орталығының жанындағы балалардың дамуына арналған логопедтік бағыт­та жұмыс жасайтын «LOGORATIO» орталығы жайлы да тоқтала кеткен жөн. Ұстаз-логопед Раиса Бегасылова жетекшілік ететін бұл құрылымда денсаулығында кемістігі бар, дамуы тежелген, сөйлеу жүйесі жетілмеген балаларға көмек береді. Бұл жерде тәжірибелі ұстаз сәбилердің сөйлеу мен ойлау қабілетіне көп жағдайда балаларына смартфон ұстатып қоятын ата-аналардың да кінәсі бар екенін жасырмай айтады.
– Біздің орталықтың жұмысы балалардың қаржылық сауатын ашуға, жадыны тәрбиелеуге, сөйлеу мәдениетін қалыптастыруға, кітап оқуды үйреніп, ментальды арифметиканы меңгеруге бағыт­талған, – дейді Әсел Амангелдіқызы. – Бала өзіне қажет­ті бағыт­ты қапысыз таңдап, сол ортада дамыса үлкен жетістіктерге жететіні сөзсіз. «ЗИЯТКЕР» орталығының басты мақсаты да – осы.
Кәсіпкердің иелігінде сонымен қатар «ORNEK. PRINT» деп аталатын шағын кәсіпорын жұмыс жасайды. Бұл жерде лазерлі қондырғының көмегімен барлық салаларға қажет­ті бұйым­дар шығарып, көпбалалы аналардың тігін шеберлігін меңгеруіне, соңынан осы мамандығы бойынша еңбекке орналасуына жағдай жасалынған. Ал қолөнер шеберлері Гүлстан Жандосқызы мен оның жұбайы Ойбек Назаров халықтық өнердің түрлі бағыт­тары бойынша өз туындыларын жасап, өзгелерге де шеберліктің сырын үйретіп келеді. Сонымен қатар Анель Ыдырысованың басшылығымен жаздық жеңіл киімдер, поло, крушкалар мен термостар, блокнот­тар мен кілемшелер, және басқа да бұйымдар шығару жолға қойылған.
Әсел Амангелдіқызы өзінің кәсіпкерлік қызметі барысында таныған тәжірибесін өзгелерге де үйретіп, «Бастау-бизнес» бағдарламасы жайлы, жеке кәсіпкерлік пен ЖШС-ін құрудың қыр-сырын, қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп, жұмыс орындарын субсидиялау және басқа да бизнеске қатысты кеңес беруден шаршаған емес.
Әсел Жылқыбаеваның бұл бастамаларын жүзеге асыруға жұбайы Анвар Әкежанов және балалары Руслан, Әлихан, Әлинұр үнемі қолдау көрсетіп, көмектерін беруде. Әлі де талай тың жобаларды жоспарлап отырған берекелі отбасының бағындырар биігі алда деп сенеміз.
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір