Алғашқы капитал
Жеңіс КЕНЕСАРИН
(Әңгіме)
Ағыбай ұйқысынан шошып оянды. Қыстың саршұнақ аязды күні болатын. Есік алдына шыққанда аяз қойны-қонышын ашқарақтана оралады. Әсіресе, мұрны мен құлағын шымшылауды қояр емес. Мұрнынан шыққан дем ауада өрнек салды. Аспанда бір шөкім бұлт жоқ, шайдай ашық. Ағаш бұтақтарына қонған қар ұнтақтары мамық құстың қанатындай жалтырайды.
Екі қабатты коттеджіне қарады. Тоқ тұрмыстан жери бастағандай ма, қалай… Неге екенін білмейді, соңғы кездерде ашуланшақ болып кетті. Бүгін, міне, әйелін себепсіз жағынан тартып жіберді. Баласына ұрысқан соң үйінен басы ауған жаққа кетті. Түн ортасында удай мас боп келді. Бұл – жылдағы қаңтар айындағы әдеті. Мас болып құлап, көшеде үсіп қала ма деп қорқады әйелі. Оның үстіне ақшалы адам екенін білгендер немесе аңдыған біреу тонап та кетуі мүмкін ғой.
Ертеңіне төсектен тұрған Ағыбайдың көңіл-қошы онша емес еді.
– Бас жазайын деп едім… – деді міңгірлеп.
Әйелі бәйек болып, алдына ыстық сорпа мен коньяк қойды. Ағыбай үйінен күн батпай шықты. Ойы – қала сыртындағы саяжайға барып, қайту еді. Әдетте ол жаққа салдырлаған екі автобус жүреді. Іші суық, жүрісі мардымсыз, ашық тесігінен суық жел гулеп тұрады. Саяжайға жеткенше тоңып қалды. Қаланың бұл жағына жұрт бара бермейді. Мұнда тұратын жұртты тақыр кедей десе болғандай. Қолында күш-қайраты барлар базар жағалайды не құрылысқа жалданып ақша табады. Ал көпшілігі ішкілікке салынғандар. Әрі бұл жақта кісі өлімі де жиі болып жатады. Содан болар, шұғыл шаруасы жоқтар бұл жаққа келе бермейді.
Өзі еңбек ететін кәсіпорын алғаш жабылған жылы Ағыбай жұмыссыз қалды. Тіпті үзім нанға зар болған кездері де болды. Әйелінің туыстарының арқасында ілекерлеп күн көрген. Сондағы бар байлығы саяжай еді. Соны сатып алғашқы капитал жасамақ болды. Бірақ саяжайында пеш жоқ болатын. Қырдан көшіп келгендерге, әрине, қыста пеш керек. Ыңғайын тауып жүріп пеш салған болды. Оның өзі көз бояу үшін ғана. Төбесін жай тақтаймен жаба салған. Әрине, мұндай үйде қыста тұру мүмкін емес еді. Сондықтан сатуға бел байлады. Оны алмақшы болған қыр қазағының – жас жігіттің жанында шешесі бар болатын. Кеңшар тараған соң ақырғы малдарын сатып, содан жинаған ақшаларына саяжай сатып алып өздерінше тіршілік жасамақ болған-ау шамасы… Саяжайдың төбесі неге жалаңаш тақтай деп айтуға олардың ауыздары бармаса керек. Әйтеуір Ағыбайдың алақанына біраз ақша түскені рас. Ептеп нан табатын халге жетті. Бірақ қыс тым ерте түсіп, аязды болды. Көше кезген қаңғыбастар мен ішімдікке салынғандардың біразы үсіп өлді. Ағыбай алғашқы аяз басталысымен-ақ сатқан саяжайының тұрғындарының халін білмек боп бір оқталды да, оған батылы бармады. Қай бетімен барады?.. Біртіндеп бұл жайды да ұмытуға тырысты. Кейінтінде банктен несие алып, дүкен сатып алып еді, ісі бірден оңға басты. Тұрмысы түзеле бастады. Уақыт өте келе саяжай жайы да ұмытыла бастады. Бірде банктен шығып бара жатқанда таныс біреу атын атап тоқтатты. Жалт қараса, саяжайдағы бұрынғы көршісі екен. Әлденені сезгендей жүрегі зырқ ете түсті.
– Көрінбей жүрсің ғой, халің қалай?
– Жаман емес.
– Сен естіген жоқпысың?
– Нені?
– Сен сатқан саяжайға қоныстанғандар сол жылы қыста үсіп өлді. Қаңтар айының соңғы күндері-ау деймін, мұржаларынан түтін шықпайтын болды. Онда тұратындар бір жаққа кетіп қалған шығар деп ойлағанбыз. Болған жайды туыстары іздеп келгенде бір-ақ білдік.
Ағыбайдың аузына сөз түспей, ана көршісінің жанынан тез кетіп қалды…
Содан бері қаңтар айының бұрқасынды аязы басталса болды, мазасы кете бастайды. Үсіп қалған жігіттің кәрі шешесі көз алдына келеді, тіпті кейде түсіне де кіреді. Бұл болған жайды әйеліне тіс жарып айтқан емес, әзірге өзінен басқа жан білмейді…
Автобустың ақырғы аялдамасынан түсті. Таныс көше. Жолды омбы қар басқан. Сызат түспегеніне қарағанда бұл көшеден машина тұрмақ, адам да жүрмейтін сияқты. Өзінің бұрынғы саяжайын алыстан көрді. Жақындап баруға дәті шыдамады. Тіпті, кішкене терезелерінен күн сәулесі де шағылыспайды-ау… Қайтарда такси ұстады. Қала ортасындағы аялдамалдардың бірінен түсіп қалды. Үйіне барғысы келмеді. Жол бойындағы кафенің біріне кіріп, ащы пәлені өлердей ішкенін біледі. Есін ауруханада бір-ақ жиды. Ана бір танысы Ағыбайды танып, жедел жәрдем шақырмағанда үсіп өліп қалғандай екен…
ГАРАЖ
(Әңгіме)
Жаздың бас кезі. Көк қаулай өскен. Жауыннан кейін күн аздап ыси бастаған. Гүлден гүлге секірген алғашқы көбелектер көз жауын алады. Көл жағалауында суға шомылып, дем алып жатқандарда есеп жоқ. Мұндайда адам көңілі жайбарақат, айналаңа асқан мейіріммен көз жүгіртесің. Қыстағы әлдекімге жібімейтіндей болып көрінген өкпе-назың да жоғалған. Ешқашан жан жадыратар жаз айы деген осы-ау… Әрі алдыда ұстаз, мұғалімдердің екі айлық демалысы да жақындап қалған. Ертеңгі алдағы күндерге жоспар құрасың; демалыс орындарына бару, сағынған ағайын-туысқандармен қауышу – қандай ғанибет… Мұндай тамаша көңіл-күйді өмірде кездейсоқ кездесетін тосын жағдай бұзбаса…
Нәдір биыл да өз әлінше алдағы демалыс күндерін жоспарлап қойған болатын.
– Бір жағдай болып қалмаса… – деді әйелі сөзінің соңын жұтып.
– Қандай жағдай?
– Мен алдын-ала болжағыш болсам, айтар едім ғой…
– Құдай сақтасын, – деді Нәдір.
Сол күні ойда-жоқта мектепте дене тәрбиесінен сабақ беретін танысы Серік кездесті. Нәдір ол жігіттің сырын жақсы білмейтін. Десе де мінезі біртоға сияқты болатын. Пәтер жалдап тұратынын біледі. Былай араласқанға жаман адам емес сияқты.
– Сенің гаражың бос тұр деп естідім, – деді аяқ-астынан Серік.
– Иә.
– Біз пәтер іздеп жүрміз. Екі-үш күнге үй жиһаздарын қоя тұрсақ…
– Қойсаң қой.
Келесі күні ол бар дүние-мүлкін бір жүк машинасымен алып келді. Нәдір жүгін түсіруге көмектесті. Гараж лық толды. Арада үш күн емес он күн өтті. Серік сол бетімен жоғалып кетті. Ұялы телефонын көтермейтін. Бәрінен де жазғы демалыста үйінде омалып отырғаны жанына қатты батты. Ал уақытта тоқтау жоқ, өтіп жатыр… жылдамдықпен түгесіліп барады. Әйелі күйеуін күте-күте ақыры үміт үзіп, демалуға төркіні жұртына кетіп қалды.
Нәдір Серіктің өзін алдап соққанын кейін білді. Әйелі екеуі жаз бойы туыстарына қыдырып кетіпті. Екі айдай пәтерге ақша төлемейді. Дүниесі сақтаулы тұр. Ал гараж қараусыз қалдыратындай сенімді қойма емес еді. Егер жоғарыдағы желдеткіштен біреу от тастап жіберсе… Тіпті, ойлаудің өзі қорқынышты. Айналасында Қашан көрсең де ішкіштер қаптап жүргені. Өртеніп кетсе, жауап беруге тура келеді. Нәдір күнде гаражды тексеріп барып, сол маңайға суға түседі. Бар бітіретіні – сол.
– Биыл жазда ешқайда бармағансың ба? – деді қызметтестері.
Тіпті айтуға ұят, міңгірлеп бірдеме деген болды. Осы жасқа келгенше талай рет алданғаны рас. Қарызға деп, ақшасын алып бермей кеткендер болды. Бірақ мына жағдай жанына қатты батты. Жан жадыратар жаз күндері де келмеске кетіп барады. Былайғы жұрт демалыстарын қалай өткізгендерін айтысып, мәре-сәре болып жатқанда Нәдір үн-түнсіз мұңая тыңдайды.
– Ей, Нәдір, сен қалай демалдың? – дегендерге: «Әйтеуір ел қатарлы демалдық» қой дей салады. Екі ай өте Серік те келді. Дәл бір жақын туысқанын көргендей, арсалаңдап, құшақтасып амандасты.
– Мен сені біраз әуре-сарсаңға салғанымды білемін. Ол жағын кешір.
– Жарайды, болар іс болды, – деді Нәдір.
– Әлі де шыдай тұр, пәтер іздеп жүрміз.
Ол тағы да не айтарын білмеді.
Серікпен екеуі таңертең жұмыста кездеседі. Жүгі тағы бір айдай гаражда жатты. Серік жүгін әкетер күні күн жауынды болды. Күз күшіне енген. Серік жанындағы серігімен жүгін тиеп жатқанда оған көмектесуге Нәдірдің зауқы соқпады. Серік жүгін тиеп болған соң қасына жақындап келіп бірдеңе айтқысы келген сыңай танытты. Қолын қалтасына салып, бірдеңе іздегендей. Тәрізі ақша шығар, берсе де алмас еді…
– Жарайды, кеттім, – деді Серік.
Сол күннен бастап Нәдір арқасынан бір ауыр жүк түскендей өзін жеңіл сезінді. Арада бір жылдай уақыт өтті. Көк шығып, гүлден-гүлге қонған көбелектер тағы да пайда болды. Тағы да жаздың демалыс күндері жақындады. Нәдір тағы да жоспар құрып отыр.
– Бір жағдай болып қалмаса…– деді әйелі.
Нәдір үндемеді. Былтырғы жағдай есіне түскен еді…