АЛҒАШҚЫ РОМАНЫМДЫ АЙДАУДА ЖҮРІП ЖАЗДЫМ
07.10.2022
785
0

Әдебиеттегі кәсібилік дегеніміз не? Үздіксіз ізденістің жолы қандай? Көлемді шығарма жазу үшін неге көңіл бөлген жөн? Белгілі жазушы, Қытай Мемлекеттік «Тұлпар» сыйлығының иегері, «Тасқын», «Ұлы көш» секілді желілес романдардың авторы Тұрсынәлі Рыскелдиевпен арадағы сұхбат барысында осы сұрақтарға жауап алғандай болдық. «Менің көрген қиындықтарым жақсы шығарма жазуыма септігін тигізді» дейді қаламгер.

Мен анамды
көргем жоқ

– Сіз Қытайдағы қазақ әдебиетінің дәуірлеу кезеңінде қолыңызға қалам алдыңыз. Әдебиетке енді араласқан шағыңызда қуғын-сүргін көрдіңіз. Жастық жалынды кезеңіңіз Қытайдағы «Мәдениет төңкерісімен» тұспа-тұс келді. Әңгімемізді әуелі балалық шағыңыздан бастасақ. Әдебиетке келуіңізге кімдер, қандай оқиғалар әсер етті?
– Менің балалық шағым Қытайға қарасты Іле аймағы Күнес ауданында өтті. Туған анам бір жастан енді асқан шағымда қайтыс болыпты. Кішкентай баланы асырау қиын болғандықтан, әкем мені нағашы атам Рыскелдіге берген екен.
– Рыскелді – нағашы атаңыз ғой сонда?
– Иә. Мені асырап алып, адам қатарына қосқан сол кісі. Нағашыларымның қолында өскендіктен, әрі бауырына басқан атам өз баласындай көріп, баққандықтан, нағашы атамның атын фамилия етіп алдым. Негізі менің тегім – Найман, оның ішінде Қызай боламыз. Қызайдың ішінде Әбікен деген рудың ұрпағымыз. Ал нағашы атам – Қаракерей. Ол кісі 25 жасында осы Қазақстаннан арғы бетке ауып барған екен. Үркін-қорқын заман ғой… Рыскелді атам орыс, араб тіліне жетік, өнердің барлық түрінен хабардар, оқығаны мол кісі еді. Өзі колөнерші, зергерліктен, ағаш ұсталығынан да білері көп адам еді. Күнесте өмір сүрген Сасан бидің ұрпағы Нүптебек ХХ ғасырдың басында былғары зауытын ашады. Сол зауыттың технигі болып Рыскелді атамыз істепті. Атам Қазақстаннан барған Әсет Найманбаев, Жүсіпбекқожа Шайхысыламұлы, әйгілі ақын Көдектермен жақсы араласып, дәмдес-тұздас болыпты. Қазақстаннан барған зиялы, елге танымал кісілер атамды іздеп барып, жата-жастана әңгімелеседі екен. Біздің үйде кітап көп болатын. Атамның үнемі кітап оқып отыратыны есімде. Менің өнерге бейім болуыма, әдебиетке әуестенуіме сол кісінің тәрбиесі ерекше ықпал етті. Ес білген кезімнен бастап қазақ тарихын, салт-дәстүрді, өздерінің басынан кешкен әртүрлі оқиғаларын үнемі айтып отыратын. Мен нағашы апамның қойнында өскен баламын. Ол кісі де өте әңгімешіл кісі еді. Ұйықтағанша ертек айтып, қисса-дастандарды, ғашықтық жырларын баян ететін. Қазір ойласам, өте зерделі кісілер екен ғой… «Жүсіп-Зылиха», «Қозы-Баяндарды» сол кісіден тыңдап өстім. Арасында қара сөзбен де айтады. Кей жерінде мүдірмей, бір ырғақпен жырлайды. Жүсіптің тағдырына күйініп, Зылиханың дертіне бірге батып, көзіме жас алатынмын. Менің әдебиетке, өнерге қызығуыма нағашы атам Рыскелді мен нағашы апам Бәтестің әсері болды деп ойлаймын. Олар менің ақылшым да, ұстазым да болды. Менің санама ұлттық берік таным сол кісілерден сіңді. Айтпақшы, ол кісілерді мен «әке», «шеше» деп өстім. Нағашыларым екенін кейін білдім…

«Абай жолын» бастауыш сыныпта жүргенде оқыдым

– Ең алғаш оқыған кітаптарыңыз есіңізде ме?
– Бастауышта оқып жүрген кезімізде біз жаққа «Абай жолы», «Ботагөз», «Ұлпан» секілді төте жазумен шыққан романдар барды. Сол кітаптарды жұлым-жұлымы шыққанша оқыдық. Тіпті, тарау-тарау бойынша жаттап та алғанбыз. Абайдың тағдыры, өмір жолы тура сол романдағыдай деп ойлайтынбыз. Оныншы сынып оқып жүргенде, Сүлеймен деген мұғалім бір күні біздің класқа кіріп: «Неғып отырсыңдар?» – деп сұрады. «Алгебрадан есеп шығарып отырмыз». «Алгебрадағы жаңалықтардың бәрі ашылып болған. Оны қажағаннан түк шықпайды. Одан да әдебиетті жақсы оқыңдар. Ана қыздар мектебіндегі қыздарға өлеңмен хат жазыңдар», – деді. Біз ол кезде Құлжа қаласында оқитынбыз. Ұлдар мен қыздар бөлек мектепте оқитын…
Жексенбі күні еді. Терезенің алдында отырғанмын. Бір қыз гүл құшақтап, өтіп барады екен. Әлгі қызға арнап өлең жазғым келді. Қолыма қалам алып, мынадай өлең жаздым:
«Отыр едім тереземнің тұсында,
Бір қыз өтіп бара жатты гүл жайнап.
Бар сұлулық жиналып гүл ұшында,
Сезім оты лап берді де іш қайнап.
«Жүрегіңе тым құпия сыр сақтап,
Гүл құшақтап, қайда кетіп барасыз?»
Ұсынар деп кімге оны жаутақтап,
Қарай бердім көз айырмай амалсыз.
«Өз бақшаңда мәпеленіп өнді ме,
Көктемдегі ақ жаңбырда гүліңіз?
Мейрам келді, терезеңді аш, көр, міне,
Өзің тектес бүгінгі бұл күніміз».
Осы өлеңімді әдебиет мұғаліміне беріп едім, ол жата кеп мақтады. Барлық балаға дауыстап оқып берді. Осы үш шумақ жырым көп өтпей «Іле» газетіне басылды. Бұл 1957 жыл еді. Осы бір әсерлі күннен бастап өзімді әдебиетке арнадым. Шыңжаң университетінің (ол кезде институт) Әдебиет факультетіне қабылдандым. Мектеп бітірген жылы жаз бойы өлең жаздым. Институтқа түскен соң «Иесіз оқушы» деген тұңғыш әңгімем «Шұғыла» журналында жарық көрді. Шыңжаң университеті бізге үлкен мектеп болды. Шетел әдебиетінің томдықтары тізіліп тұратын. Толстойдың «Анна Каренинасын», Шолоховтың «Тынық донын» таласа-тармаса оқитын­быз. Қытайша шығатын «Әлем әдебиеті» деген журнал бар еді. Хемингуэйдің, шет елдің небір классиктерінің әңгімелері, Нобель сыйлығын алған атақты қаламгерлердің шығармалары үзбей басылып тұратын. Шыңжаң университетінде алдымен бізге қытай тілін көп үйретті. Соның пайдасы тиді, шетелдің атақты жазушыларының шығармаларымен етене таныстық.
Оқушы кезімізде қазақ романдарын оқиға қуып оқысақ, университетте оны зерт­теп оқуды үйрендік. Ішкі иірімдеріне, композициясына, образ жасау ерекшеліктеріне мән беретін болдық. Университеттегі саяси науқандардан, социализм, коммуна туралы өтілетін сабақтардан қашыңқырап жүрдім. Бар есіл-дертім кітапханаға барып, классик­терді оқу болды. Қазақшаға аударылғандарын түгендеп болған соң, қытайшаға ұмтылдық. Түсінбесек те, оқи беретінбіз. Сөйтіп жүріп қытайшамыз да едәуір жетілді. Менің шығармашылығымның негізін қалаған жастық шақта оқыған сол кітаптар еді.

Әуезовке еліктедім

– Жастық шақта оқыған шығармалар ұмытылмайды ғой.
– Әрине, тасқа басқан таңбадай ғой. Қаламгер жастық шағында өзінің бағытын анықтауға тиіс. Өзіне ең жақын авторларды іздеуі керек. Біреуге Чехов, біреуге Толстой, біреуге Тургенов жақын дегендей. Батыс әдебиетінің белді өкілдерінің кейбірі: «Мен бала кезімнен Чеховты оқып өстім. Әлі де оқимын» деп жатады ғой.
– Сіз кімді ұстаз тұттыңыз? Қай жазушыдан көп үйрендіңіз?
– Бала кезімнен Абай өлеңдерін жаттап өстім. Нағашы атамның арқасы. О кісінің Абайдан асқан пірі жоқ еді. Мен жаттампаз болатынмын. Абайдың өлеңін жатта десе, тез жаттап аламын. Абайдың жырлары маған шынайылықты, еңбексүйгіштікті, адалдықты үйретті. Қолымнан келгенше Абай айтқан «бес нәрсеге асық болдым», «бес нәрседен қашық болуға» тырыстым.
– Желілес романдар, құлашты шығармалар жаздыңыз. Эпикалық ойлау дағдысын кімнен үйрендіңіз?
– «Абай жолынан». Мұхтар Әуезовті пір тұтамын. Әлі күнге дейін қайталап оқудан жалықпаймын. Бастауышта оқып жүрген кезімде 3-4 рет қайталап оқыппын. Студент жылдары зерделеп, әр образдың даралығына, кейіпкердің болмыс-бітіміне мән беріп, табиғат пен адам жанын астарластыра суреттеуге көңіл бөліп, бірнеше мәрте оқып шыққаным есімде. Әуезовке еліктеуден қашқан емеспін. «Ұлы көшті» жазу барысында да осы әйгілі романға арқа сүйедім. Әйел образын қалай көрнекілендіреді, ерлердің мінезін ашар кілтті қалай табады, бала психологиясын қалай суреттейді, соның бәріне зер салдым. Жалаң еліктеу, көшіру тұрғысынан емес, сұхбат құру, ұлттық менталитетті ашу жағынан көп үйрендім. Әрине, тек «Абай жолынан» үйрендім десем қателік болар еді. Оқыған кітаптарым көп. Соның қайсысы жақын, менің ішкі әлеміме, стиліме қайсысы тура келеді, одан не үйренем, не аламын деген сұрақтарға жауап іздеп, өзіме ең керекті авторлар мен кітаптарды іріктеп отырдым. Сюжеттік шырғаны жасау оңай емес. Көп ізденіс керек. Олар туралы жеке-жеке тоқталар болсақ, әңгіме ұзаққа созылып кетеді.

Өзім қазған зынданда жаттым

– Сіз де «Мәдениет төңкерісі» кезінде қуғындалдыңыз ғой?
– Ол жылдары қолына қалам алғандардың ішінде аман қалғаны жоқ. 1962 жылы Қабдеш Жұмаділов секілді қаламгерлер көшпен бірге Қазақстанға кетіп қалды. Біз де осылай қашуды жоспарлап жүргенбіз. Ойымыз іске аспады. Кешігіп қалдық. Сол үшін «шетел элементі», «қос жүрек» атанып, тергеуге алындық. Мен бір жыл түрмеде жаттым. Одан кейін оншақты жыл аңдуда болдым. «Еңбекпен түзетуге» жегілдім. Өзімізге 7-8 метр зындан қаздырып, соған жатуға мәжбүр етті… Күндіз сыртқа шығып, еңбек істейміз. Түнде өзіміз қазған зынданда жатамыз. Кейде сол «қапасқа» үстімізден бақалар құлайды. Адам баласын қинаудың небір түрін көрдік. Екі бармағымыздан асып, іліп қояды… Адамның екі саусағы өзінің денесін көтереді екен. Алақаныңды ашып қойып, жіңішке темірмен ұрғанда, шыбын жаның шырқырайды. Сондай қинаудан өттік. Ондай күнді адам басына бермесін…
– Сіздің әдебиетші қауым тарапы­нан жақсы бағаланған «Тасқын» три­ло­гияңыз сол кезеңді суреттейді ғой?
– Иә. Айдауда жүрген біздің қапаста жарық жоқ еді. Майшамның түбінде отырып, күндізгі оқиғаларды, адамдардың мінезін, олардың әртүрлі образын, сатқындығын қағазға түсіре бердім. Бұл шығармада басымнан өткерген оқиғалар мен айналамдағы адамдардың тағдырына үңілдім. «Тасқын» осылай жазылды.
– Сол шақта іштей өкініп, өзіңізді-­өзіңіз кінәлаған сәттеріңіз болды ма?
– Ол болмай қалушы ма еді? «Қазақ­станға кетуді неге ойладым? Қос жүрек аталып нем бар еді?» дегендей ойлар мазалағаны рас. «Үш күннен соң көрге де үйренесің» демей ме? Көп өтпей қуғындағы өмірге де бауыр басып кеттік. Өкінуден гөрі, қиындықтан ғибрат алуға бекіндім.
Сол кезде көрген қиындықтар мені өмірге жақындатты. Адамдардың шынайы кеспірін тану қабілетін сыйлады. «Тасқындағы» образдарға сүйсінген оқырман «бұл адамдарды танимыз ғой» десті. Өйткені трилогиядағы кейіпкерлер – бәрімізбен бірге жасап келе жатқан адамдар еді. Олар әлі де өмір сүріп жүр. Қай кезеңде де ондай адамдар болады…

«Қара көлдің балықтары»

– Сіздің шығармашылығыңыз туралы сөз болғанда, көп сыншылар «Қара көлдің балықтары» мен «Көшірілген жүрек» атты хикая­тыңызды айтады. Осы шығармалар қалай туды?
– «Қара көлдің балықтары» атты хикаяттар жинағым бес жылда бір берілетін Қытай Мемлекеттік «Тұлпар» сыйлығын алды. Бұл жинаққа 1970 жылдардағы зобалаңнан кейін жазған шығармаларым топтастырылған. Кітапқа «Қара көлдің балықтары», «Тәтті алма», «Көшірілген жүрек», «Жоңғар жолаушылары» секілді туындыларым енген.
«Қара көлдің балықтары» – қазақ тағдырына қатысты шығарма. Күнесте, таудың басында, теңіз деңгейінен өте биік жерде бір көл бар. Мен соны негіз етіп, ойдан оқиға құрастырдым. Жергілікті әкімшілік осы көлге сырттан (шетелден) балық әкеліп өсіруді қолға алады. Ақырында көлдің байырғы балықтарын сырттан әкелген балықтар талап жеп, тұқымын құртады. Қысқаша мазмұны осындай… Түсінікті шығар.
– Әрине, түсінікті…
– Қытай әдебиет сыншыларының жоғары бағасына ие болған тағы бір хикая­тым бар. Ол – «Көшірілген жүрек». Мұның жазылуына нақты оқиға әсер етті. Ілеге асар жерде Талқы деген кезең бар. Сайрам көлінің жаны. Әйгілі ақын Таңжарық Жолдыұлы жырға қосқан Талқының кезеңі. Талқының кезеңінен Кеңсай арқылы асады. Кеңсай дегеніміз – терең шатқал. Бір жеңіл машина көктем кезінде Кеңсайдан өтіп бара жатқанда көшкін түсіп, қардың астында қалады. Құтқарушылар барып, қарды аршып болғанша, машинадағылардың бәрі опат болыпты. Осы оқиға маған ой салды. Содан «Көшірілген жүректі» тез арада жазып шықтым.
Онда бір жас жігіт жазылмас ауруға душар болады. Емделу үшін Ішкі Қытайға барады. Жігіттің өсімдіктер әлемін зерттейтін профессор бажасы бар. Ол да жүрегін емдету үшін бірге барады. Екі бажаның да ауруы салмақты. Жас жігіт ем қонбай, ауруханада қайтыс болады. Ал профессорға бажасының жүрегін салады. Шығармада профессор өзінің балдызы (бажасының әйелі) бар, басқа да адамдар бар, бір көлікпен Кеңсайдан өтіп бара жатқанда көшкіннің астында қалады. Тынысы тарылып, жаны қысылып, ауа жетпейтін сәт туады. Сол кезде балдызының жездесіне – профессорға көңілі ауады. Өзінің жездесіне сезімі оянғанын біледі. Оған қараған профессор да өлім алдында балдызына көңілі ауғанын байқайды. Екеуі бір-біріне қимай көз тастап, жантәсілім етеді. Бұл жерде көшкіннің астындағы машинаның ішіндегі оқиға мен қайтыс болған жігіттің отбасындағы оқиғалар қатар беріліп отырады. Сырттағы және іштегі оқиғалар алма-кезек суреттеледі. Шығарма сюжетінің нобайы қысқаша осылай. Осы хикаят әдебиетшілер арасында өте жақсы талқыланды. Жазылу мәнерін, сюжеттік құрылымын, тақырыптың жаңалығын жан-жақты талдап жазған әдебиеттанушылар көп болды.
– «Қара көлдің балықтары» сияқты астарлы шығармаларыңыз цензураға ілікпеді ме? Жарияланған соң «ескерту» болмады ма?
– Цензура болған жоқ. Саяси ахуал кеңіп, ой еркіндігі мен сөз еркіндігі аздап болса да берілген кез еді. Сол айдауда жүріп, «Тасқын» романын жаздым. Қуғын аяқталған соң, «Кәсіптік жазушы» деген атаққа ие болдым. 1980 жылдар менің шығармашылығымның айтулы белесі болды. Өзің айтып отырған шығармалар сол жылдары жазылды. Мемлекеттік дәрежедегі сыйлықты иелендім. «Мәдениетке еңбек сіңірген қайраткер», «Үздік дарынды» секілді көптеген атақтар берілді.
Жазушы кәсібилікке ұмтылуы керек
– Сіз Қытайда қазақ жазушыларының арасынан «Кәсіптік жазушы» атағын алған санаулы қаламгердің бірісіз. Бұл атақтың артықшылығы қандай?
– «Кәсіптік жазушы» атағын алған бес қаламгер бар едік: Омарғазы Айтанұлы, Жұмабай Біләлұлы, Оразхан Ахмет, Жақсылық Сәмитұлы және мен. Бесеуміздің де көлемді шығармаларымыз жақсы бағаланды, қытай тіліне аударылды. Омарғазы Айтанұлының өлеңдері қандай соны, соқпағы да бөлек. Жақсылық Сәмитұлы жақын досым еді. Қазақстанға ерте келді. Өндіріп жазды. Жұмабай Біләлұлының өрімі бөлек шағын әңгімелерін ұнатамын. Оразхан Ахметтің шығармаларын жұрт өте жылы қабылдайды. Әңгімелерінде қоғамдық ортаның келбетін өте сәтті ашады. «Қытайдағы қазақ әдебиеті» десе, ең алдымен ауызға осы есімдер ілінетіні олардың шығармаларының тұщымдылығынан деп ойлаймын. Жазушы болам деген жан кәсібилікке ұмтылғаны абзал. Кәсібилікке ұмтылмаған жазарманның әдебиетке қосары шамалы.
Ал «Кәсіптік жазушы» деген жай атақ емес, ол – көркемөнер саласында нәтижеге жеткен, өзін мойындатқан жандарға мемлекет тарапынан берілетін мүмкіндік. Сіз қызмет етпесеңіз де, ақы төленеді. Тек шығармашылықпен алаңсыз айналысуыңызға жағдай жасап береді. Бізге сол мүмкіндікті берді. Әлеуметтік мәселелерге алаңдамай еңбектенуімізге жағдай жасады.
– Қазақстанға қашан келдіңіз?
– 1997 жылы Мұхтар Әуезовтің 100 жылдық мерейтойына орай Қытайдан Қазақстанға делегат болып келдім. Той өте салтанатты өтті. Сол жолы сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев қазақ­стандық танымал жазушылармен бірге бізді өз резиденциясында қабылдады.
Сонда Назарбаев: «Басына қилы іс туып, шетелге тарыдай шашылып кеткен қазағымызды Атажұртқа қайта шақырып жатырмыз. Бұл жөнінде мен бұйрық жарияладым. Келемін деушілерге есігіміз ашық», – деп сөйледі. Осы сөзден кейін мен өз ойыма нақты беки түстім. Одан бұрын да Атажұртқа кету ойымда жүр еді. 1998 жылы бала-шағамды түгел ертіп, Қазақстанға, Алматыға келдім. Содан бері осы қалада тұрып жатырмын. Ешқандай жұмыс істегем жоқ. Мақсатым біреу ғана болды: бұрын жазған шығармаларымды өңдеу, баспадан шығару.

Жастардың шығармаларын оқуды жаным сүйеді

– Төрт томнан тұратын «Ұлы көш» романыңыз осы жақта жазылды ғой?
– Бұл романды мен Қазақстан Тәуелсіздік жариялаған кезден бастап жаза бастадым. Бірінші томы арғы бетте жазылды. Бірақ жариялағам жоқ. 2001 жылы Қазақ­стан Жазушылар одағында бір жиналыс өтті. Премьер-министр Иманғали Тасмағамбетов еді. Түрлі ұсыныс-пікірлер айтылып жатты. Мен Имекеңе өзімді таныстырып, «Ұлы көш» деген эпопеямды әлдеқашан жазып бітіргенімді, соның жарық көруіне ықпал етуін сұрап, хат жазып жібердім. Хатымды оқыды да: «Қазір өзіміздің де жазушылардың кітаптары жарық көрмей жатыр. Десе де, ыңғайын келтіріп, романыңыздың шығуына септесемін» деп уәде берді. «Ұлы көштің» алғашқы томы осылай 2001 жылы жарық көрді. Екінші кітабы 2003 жылы жазушы Әлібек Асқаровтың ықпалымен мемлекеттік тапсырыспен шықты. Үшінші кітабын 2009 жылы сол кездегі Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедке хат жазып жүріп, баспадан шығарттым. Төртінші кітапты шығаруға уәде берген Арыстанбек Мұхамедиұлы сөзінде тұрмады. «Әне шығады, міне, шығады» деп уақыт созды. «Ұлы көштің» жолы осылай ауырлау болды… Ақыры, бәрін топтастырып, жеке баспадан өз қаржыма шығаруыма тура келді…
– Қазақстандағы әдеби ортамен араласу барысында түрлі кедергіге тап болған жоқсыз ба? Қанша дегенмен, жастық жалынды шағыңыз шетте өтті ғой…
– Қаламгерге үлкен әдеби ортаның берері де, керісінше, алары да көп… Алматыдағы әдеби ортадан шетқақпай көрдім деп айтпаймын. Түсініскен, сыйласқан, шығармашылығымды жоғары бағалаған адамдар болды. Бірталай мақала жазылды. Мен жаратылысымнан саяқ жүргенді ұнататын адаммын. Шығармашыл жан үшін сыртқы орта емес, «ішкі орта» ауадай қажет. Қаламгер топ болып ізденбейді, жеке ізденеді. Сол «жекеліктің» кейде зияны да тиіп жатады екен. Шығармаларыма сұғанақтық жасағандар, әдеби кеңістігіме қол сұғып, көлемді еңбектерімнің идеясы мен мазмұнын ұрлауға тырысқандар болды… Қайсыбірін айтайын. Бәріне уақыт төреші.
– Үнемі ізденіп, оқып жүресіз. Жастардың әңгімелеріне пікір жазып, мақала да арнағаныңызды көзіміз шалды. Қажырлылық, еңбекқорлық бойыңызға қалай дарыды?
– Нағашы атамнан жұққан шығар. 9-класты бітіргенде, отбасымыздың жағдайы өте ауыр болды. Мен оқуды тастап, еңбек етейін дедім. Оған Рыскелді атам көнбеді. «Жас кезімде Семейде оқыдым. Түрлі өнер үйрендім. Бірақ аумалы-төкпелді заман болып, халыққа дұрыс қызмет ете алмадым. Сен оқы! Жоғары оқу оқы. Біз аштан өлмеспіз. Бір отбасының жағдайын өзім-ақ жасаймын», – деді. Содан кейін оқуға бел байладым. Қажырлы еңбек етуді үйрендім. Сол әдет әлі қалған жоқ. Сексеннің сеңгіріне аяқ бассам да, жастардың шығармаларын оқуды жаным сүйеді. Баспасөзді қалт жібермей қадағалап отырамын. Жылт еткен жаңалық көрсем, қуанамын. Өзінен кейінгі буынды оқымаған қаламгер өспейді. Жазушы, ең алдымен, жаңалыққа, өзі жасап жатқан қоғамның ерекшелігіне зер салып жүруі керек. Зерттеп, зерделеп отыруы қажет.
– Туған жеріңізді, өскен ортаңызды сағынасыз ба?
– Пенде болғасын, сағынбау мүмкін емес. Іленің табиғатын, Күнестің көркем әлемін жиі есіме аламын. Ондағы ұлтымның басынан өткен небір оқиғалар санамнан кетпейді. Балалық шақтың мөлдір шуағын қалай ұмытарсың?!..
Десе де, Алматының табиғаты Күнеске ұқсайды. Осы қаланы ұнатамын. Тау бөктерін жаяу аралап, ұзақ жүремін. Туған жерімнің көрінісін көргендей боламын.
Өскен орта туралы әңгіме бөлек. Менің тұстастарымның көбі жоқ қазір. Тек естеліктердің сарғайған беттері ғана санамда сақтаулы. Соны ақтарып, достарыммен сұхбат құрамын…
– Әңгімеңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан
Т.ТАҢЖАРЫҚ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір