«АЙБОЗДЫҢ» АЛҒАШҚЫ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ БЕЛГІЛІ БОЛДЫ
Жақында Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған «Айбоз» ұлттық тұңғыш әдеби сыйлығының қорытындысы жарияланды.
Қаламгерлерге және баспагерлерге жан-жақты мемлекеттік қолдау көрсету, қазақ әдебиетінің тұғырын нықтап, өз биігіне қайта көтерілуіне ықпал ету, қаламгерлердің еңбегін насихаттау, және олардың шығармашылық жұмыстарының жарық көруіне материалдық қолғабыс тигізу мақсатында ұйымдастырылған әдеби сыйлықтың иегерлерін назарларыңызға ұсынамыз.
«ҮЗДІК ПОЭЗИЯ» номинациясы бойынша «Жұмбақ арал» поэмасы –
Батырхан Сәрсенхан;
«ҮЗДІК ПРОЗА» номинациясы бойынша «Тырнақ» әңгімесі –
Айгүл Кемелбаева;
«ҮЗДІК ДРАМАТУРГИЯ» номинациясы бойынша «Мың мен жалғыз…» пьесасы – Талғат Теменов;
«ҮЗДІК АУДАРМА» номинациясы бойынша Стефан Цвейгтің «Амок», «Бақилық ағаның көз жасы» новеллалары – Кенжебай Ахметов;
«ҮЗДІК БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ» номинациясы бойынша «Іздер құпиясы» детективтік романы – Бекен Ыбырайым;
«ҮЗДІК КІТАП ДИЗАЙНЫ» номинациясы бойынша «Кенесары хан уа сұлтан Сыдық» – «AmalBooks» баспасы.
Жеңімпаздар 5 миллион теңгеден ақшалай сыйлық алып, еңбектері 500 данамен кітап жарық көреді.