«Жас Қыран» ақындар клубы ашылды
Алматы қаласы, Әуезов ауданына қарасты №119 мектеп-лицейінде «Жас қыран» ақындар клубы өз жұмысын бастады. Шығармашыл жандардың басын қосқан бұл клуб мектеп-лицейдің басшысы Жаңыл Батырбекованың бастамасымен құрылды.
Салтанатты шара барысында клуб жетекшісі, ақын, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Дархан Құдайбергенов ақындар клубының мақсаты мен маңыздылығына тоқталды.
Кешке арнайы шақырылған талантты ақын, қаламы жүйрік журналист Алмат Исәділ және дәстүрлі әнші, сазгер, өнер зерттеушісі Қанат Әмірханов жас ақындарға сәттілік тілеп, өлең оқып, ән шырқап ізгі тілектерін жеткізді.
Мектеп директоры клубқа мүшелікке іріктеуден өткен мұғалімдер мен оқушыларға арнайы төсбелгі табыс етті.
Шара Қожа Ахмет Ясауи атындағы №123 мектеп-гимназиядан арнайы келген Қалиақпар Медина мен аталмыш мектеп оқушысы Марабай Диастың арасындағы айтыспен ерекше қыза түсті.
Лайым осындай шығармашылық орталықтардың жұмысы жанданып, шәкірттеріміз ұлт руханиятына терең бойлай берсін деген тілектеміз.