Қыран қанатында үнсіз қалықтаймын…
Бақытжан Раисова 1959 жылы қазанның 6-жұлдызында, Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы, Еңбек аулында (Таңба) дүниеге келген. 1976 жылы Шыңғыстай орта мектебін бітіріп, С.М. Киров атындағы (қазіргі әл-Фараби) Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түседі. Аталған университетті 1981 жылы үздік бітірген соң, ұстаздық және журналистік қызметтер атқарды. Бақытжан Раисова – сегіз жыр жинағының, «Жалын мен оттан жаралып…» атты мақалалар мен эсселер жинағының авторы. Ақын – бірнеше республикалық жыр мүшәйраларының жеңімпазы, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.

Бақытжан Райсова
Шексіз үйлесім
Дүние дел-сал …
Жиылмаған көкпеңбек шатыры әлі,
Құс жолы ақиқатқа шақырады.
Көз нұрым шашырады
Ай кезбеге.
Сөздерім шашылады,
Қай кезде де
Түпсізге сіңіп аптығы басылады.
Құпиясы қат-қабат қырғын дүние
Пендесінен бір керемет жасырады …
Адам болды ақыры бар ғаламның
Өз-өзіне көр қазған ақымағы.
Тайға таңба басқандай жазылғаны –
Әшкере боп маңдайдың жазулары …
Ми құтысын аударып-төңкереді,
Өмір мәнін іздеген аз ұлдары.
Жапыраққа қараймыз жазу іздеп,
Тағдырға өкпеліміз, назымыз көп.
Кім біледі, қай күні қайтарады
Келген жаққа қайтадан барыңыз деп.
Өмір солай… өз-өзінен үйлеседі,
Кей сәтте ақ пен қара бірлеседі.
О дүниенің де керегін толтырмаса,
Адамзат алшаң басып жүрмес еді…
Ұлы даланың иесі
Мыңдаған толқын маңдайын
даудан аршып ап,
Жүздеген жылдар құлын
даусымен жаншылап,
Тасытып қанды отқа шабылған
қылышпен,
Жетеді маған тарихтың өзі қансырап…
Табанын сүйген сарабдал сөздің ескіден,
Аманат жанын алып қалатын көшкіден.
Қанаты сынып қайырылған ару Аққудан
Қобыздың үнін естігем…
Қасқыр қазақ боп қалыптасқалы қай заман,
Тағыдай ұлып өксігін басқан бар заман.
Өңештен өтпес қылқанға тамағын кенеп,
Өліп қалмауға өсиет болған зар заман.
Абайдан кейін Алашқа айналған
Мен едім,
Алтау болсам да таппай бір жүрген теңеуін.
Жалған ұранды, жалпылдақ тонды
кейпімді,
Мағжанның мұңлы көзімен ғана көремін…
Алаштан кейін аттан түскенім есімде,
Кітап оқыған сәулелі Айдың кешінде.
Қанымда тулап, көкжал
толқындар ыңыранса,
Санамнан нағыз тарихтың өзін өшірген.
Ақынның асқақ азаттық жыры атойлап,
Арғымақ күндей кетеді сонда ат ойнап.
Ұлыған ұз-а-ақ түз тағысы мен бекзат Ай,
Еркін өмірге көршілес қонған қатар бақ.
Оянған іште бұл ненің асқақ дүбірі,
Жараспайды оған құлдық ұрудың күбірі.
Көшпенді рухтың даланы кезген еркінен,
Адыра қалады Алтын сарайдың сыбыры…
Күнге бет алған қыран көзінде от ойнар,
Күн түбіндегі оралды ма екен асаулар?
О, қорғандар, оқ өтпес сенің жотаңнан
Ту шаншып өткен Қазтуғандар мен Асандар.
Сілікпе қылып жей алмай дала еркесін,
Көз қырыңа алып,
көпсініп жүрсең өлкесін,
Оянып кетер ұлы даланың иесі,
Бір сипап өтсең арам қолыңмен жер төсін…
Адам
Аспандағы жұлдыздарды
жанарымен аулаған,
Жердің тарту күші арқылы
құламаған, аумаған.
Сәйгүлікке мініп, құстың
қанатымен самғаған,
Адам неге жаратылған, мен
осыған таңғалам.
Жағалауда жалғыз тұрып,
толқындарға елтіген,
Талып түскен даладай
бір қызғалдақтың өртінен.
Ғаламдағы өзгермейтін ұлы заңдар
алдында,
Күнә жасап жазалансам деп
тұратын еркімен.
Ең алғашқы Құдайларын Ай мен
Күн деп ойлаған.
Бақ құсындай бір соғатын
махаббатқа тоймаған.
Тажал түсті түтінімен уласа да жер үстін,
Жұмақ гүлдеп, миуа пісіп
жарылқауын қоймаған.
Сөзі сезім, ой түбінде толғанатын, туатын,
Қайдан алып жатқаны да
беймәлім ғой қуатын,
Бірін-бірі қайталамас сансыз шырақ секілді,
Жапырақтай жаны ішіне
жарты ғарыш сыятын…
Табиғатқа жасырынған адамдар
Табиғатқа жасырынған адамдар,
Сүт ерінде қызғалдақты ғалам бар.
Жапырағын желбіретіп тұрады ол,
Өз сұмдығын әкелгенде замандар.
Табиғатпен тазарғысы келгендер,
Абзал жанды ауыртып ап, емдеңдер.
Құшағыңа өніп шықса раушан гүл,
Қараулықтың топырағына көмбеңдер.
Табиғатпен түлеп ұшқан тастүлек,
Самғасын деп терезесін ашты көк.
Тамырымен бал соратын батпақтан,
Жусан – ізгі, ағаштар да естірек…
Табиғаттың пәктігінен жаралды ар,
Ұлылық бар сұлулыққа алаңдар.
Көгал қуып, көлеңкелер ізімен,
Табиғатқа жасырынған адамдар.
Жалғыздық
Жалғызбын деп ән салдырдым аршаға,
Жоғарыда тұнып тұрды Ай-сана.
Түсінбесе топырақ шашпай баршаға,
Мен өлеңге ой бітірдім, жан сала.
Жалғызбын деп жабыққаным бекер ғой,
Құзар шыңдар шыққан тауым екен ғой.
Өзім әлі бір көрмеген теңізім,
Бөтен болса, басқаларға бөтен ғой.
Жапырақтар қанатымен көтеріп,
Жалғыздыққа кетер болды ет өліп.
Жылу күтіп қарайтындай жас талға,
Көп ішінде тұрады екен не төніп?
Жалғызбын деп жас тамғанда
жанардан,
Сәулелер ғой кірпігіме қамалған.
Бір ақша бұлт жазу жазып аспанға,
Бір ақша бұлт таудан асып кеп алған.
Сүйемін деп жалғыздықты жазарда,
Сүйенемін табиғатқа тазарған.
Біреу келіп от жағады ошаққа,
Біреу келіп су құяды қазанға…
Отыкен
Ерінінде – дір-дір еткен Ай нұры,
Етегінде – еңіреген жаңбыры.
Есімнен бір кетпей қойды туған жер,
Киігіндей таудан қашқан таң нұры.
Ай мен Күні алып таудан туатын,
Қырандайын шыңға өрмелеп шығатын.
Бұлбұл билер биігіне сүйеніп,
Бала батыр ел күзетіп тұратын.
Сандықтаста арша ән салған ақ түндер,
Уыс-уыс жұлдыз шашып өттіңдер.
Өне бойы тарқатылған бұрымы,
Бұқтырманың ақ маңдайын өптіңдер.
Сыбызғылап сайдан өрген самырсын,
Шырша қанат, қарағайдан – қауырсын.
Отыкенде орда тіккен ормандар
Ит тұмсығы өтпейтіндей қалыңсың.
Тұнық суы жанарындай маралдың,
Көзқарасы – айтқан серті адалдың.
Табиғаты адамзатын баулыған
Отыкендей аяулым…
Табиғат та бір кісі
Мынау бақтарда
Қобыздар сарын ойнап жатқанда,
Сәукелесінің жапырақ етегіне сүрініп,
Қайыңға көңлім тоқтауда.
Не деген ұлылық,
Төгіліп жатқан сұлулық.
Анау аспанда
Найзағайлар мүйіздесіп жатқанда,
Көк көңлі сел боп аққанда,
Жаңбырдан шыт көйлек киіп жүгіріп,
Еліктей жосып аққанда.
Тасады бірге көңілім,
Шексіз мейірім.
Сонау тауларда
Қанаты қыранға айналған.
Шым батып асқақ ойларға,
Жанарым шыңдарға сүйініп,
Кезігіп тұрамын таңдарға.
Ғажайып алыптық,
Тау деген жарықтық.
Әнеу бір тасыған дария толқыны,
Күллі төңкеріс, өзгерістердің төркіні.
Тереңде жүзген тұншығып,
Мұздаған ойдың өртімін.
Не деген пейіл жайылған,
Айырған сары уайымнан.
Осынау дарқан далада
Тұлпарлар бауырынан жараған.
Кие жарық жылдамдығымен тараған.
Елбесіп-селбесіп, сәулелесіп күн көрген.
Аяулы боп жаралған аядан…
Ғажап жан байлығының үлгісі,
Табиғат та ұлы боп туған бір кісі…
Асыл адам
Күн айнымас, аспанда Ай айнымас,
Шын ынтызар, сүйіскен жан айнымас.
Ғашық болып тұрғандай ең соңғы рет,
Асыл адам айтқан серт, ар айнымас.
Шағылса да дүние жарасымы,
Сен – аяулы көзінің қарашығы.
Сенен басқа жан жоқ деп, сені сүйді,
Жүрек ділі, сағынған сана сыры.
Періштеге айналар асық адам,
Онсыз – хайуан тірлікте осы ғалам…
Тілсіз ақыл, буынсыз сезім билеп,
Ішпен бірге өртенген Асыл адам.
Сүю
Басқа біреуге сыйлап арманды,
Басқа жолдармен тағдыр таңдалды.
Аспан төксе де көз жасын көл ғып,
Сені сүюге маған болмайды.
Жақсы көргендей қара торғайды,
Жақсы көргендей ала таңдарды,
Бауыр басқанмен бір жүрген күнге,
Сені сүюге маған болмайды.
Уақыт жетпейтін жан сырларына,
Жейдемізді ілдік Ай шуағына.
Жарасымды өмір баурағанымен,
Көзіміз жетті таусыларына.
Тартылыс күші неге үдейді,
Жолдағы тасты көңіл күрейді.
Іздеп өмірді алып ұшқанымен,
Қазылған көрді көріп жүдейді.
Серігім енді сендік боп қайғы,
Қар ұшқындаған бір тылсым орнайды.
Сен де бір күні құстай ұшарсың,
Сені сүюге маған болмайды.
* * *
Айдан жалықпаймын,
Күннен жалықпаймын,
Қыран қанатында үнсіз қалықтаймын,
Жалынып қайтем,
Жазар… жарық бәрін.
Жалғанға жалғыз келгенмін,
Жалы арғымақ күн көргенмін,
Айға арбалып, уыз құтымен мөрленгенмін.
Кемедегі жалғыз жанымды сезініп,
Түнгі жер серігіндей тербелгенмін.
Жаратқан, осы болар сынағаның,
Оңаша қалып, араша сұрамадым,
Кеңістікке сіңген-ау, сірә, бағым.
Болсам егер жазалы тегін емес,
Табаныма төсемей гүл алаңын.
Аспан қабаттарын тесіп өткенмін,
Әлемнен ана жарығы боп жеткенмін,
Шамасы жетпеді маған өктемнің,
Асау күйлері ақылмен әлдилеп,
Кеудеме тұнған нәзік көктемнің…
* * *
…Мына дүние тек емес күмбірлеген,
Бақшасынан ғаламның бұлбұл көрем.
Әр сәулесін аспанның мыңға балап,
Бар жақсысы тірліктің бір гүлдеген.
Мына дүние тұнады үйлесімге,
Жаңғырық пен жай оты үйлесуде.
Қатері көп ақпарат мұхитында
Үреймен үміт бірге күн кешуде.
Сендіреді күлімдеп таң баласы,
Өзін-өзі емдейді жан жарасы.
Суға кеткен кісіге қол созады
Жақсылықтың қаптаған жарнамасы.
Жұбатады жадырап жаз қабағы,
Адам рухы асқақтап бәз-баяғы.
Жар астында жатса да жалмауызы
Жалын атқан бір күнге мәз болады.
ПІКІРЛЕР3