Спорт клубы үздік атанды

Армияның орталық спорт клубында жастарға патриоттық тәрбие беру жұмыстары жолға қойылған. Жеңістің 80 жылдығына және Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған күштік құрылымдар арасында самбодан өткен чемпионаты сөзіміздің бір дәлелі іспетті.
Турнирдің құрметті қонақтары қатарында Халық қаһарманы генерал-полковник Сәт Тоқпақбаев, ҚР Парламентінің депутаттары, күш құрылымдарының басшылары және белгілі спортшылар болды.
Спорттық және жауынгерлік Самбо федерациясы самбоны дамыту жүйесін жетілдіру және оны өңірлерде қаржыландыруды ұлғайту үшін игілікті қадамдар жасап жатқаны рас. Спорттың осы түрінің бұқаралық сипатын арттыру үшін балалар мен жасөспірімдерге арналған самбо секцияларын ашудың да маңызы зор болмақ.
Чемпионатқа Қорғаныс, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар министрліктерінің, Мемлекеттік күзет қызметінің, Ұлттық ұланның, Шекара қызметінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, өзге де құрылымдардан 26 командадан 140-тан астам спортшы қатысты. Татами шеберлері жеті салмақ дәрежесінде өнер көрсетті.
Чемпионат қорытындысы бойынша командалық есепте Қорғаныс министрлігінің Армия орталық спорт клубы құрамасы Ұлттық ұлан мен Арнайы операциялар күштерінен басым түсіп, жеңіске жетті.
Өз тілшіміз