ӨРІСІ КЕҢ, ӨРЕЛІ ҒАЛЫМ
Бүгінгі қоғам ел үшін қызмет ету жолында барын аямайтын, жаны таза жанашырларға зәру. Көпшілігіміз әлденеге қолымыз жетсе болды, өзгені ұмытып, қарақан басымызды күйттеп кетеміз. Шындығында бұл өмір айналасына қамқор, жанашыр жандар арқылы ұдайы нұрланып тұратын сияқты. Біз білетін кішіпейіл де қарапайым, білім, ғылым көкжиегінен көтеріліп, ұлт руханияты мен әдебиетіне үнемі көңіл бөліп жүретін қайраткер тұлға – Қазақстан, Ресей, Украина Ұлттық Ғылым академияларының академигі, оннан астам ТМД мен өзге де шет елдердегі бас аграрлық университеттердің құрметті профессоры және докторы, академик – Тілектес ЕСПОЛОВ осындай жаны жайсаң, болмысы бекзат азамат. Ұзақ жылдардан бері еліміздегі ауыл шаруашылығы саласына қажетті маман даярлайтын, 85 жылдық тарихы бар білім шаңырағы – Қазақ Ұлттық Аграрлық университетін абыроймен басқарып, жаңа белестерге көтеріп келе жатқан ұтқыр ұйымдастырушы, білікті басшы ретінде ел алдындағы жауапкершілігін сезініп, Елбасы сенімін ақтап келеді.
Ауыл баласының рухани қамқорына айналған Тілекең – біліктілігінің арқасында бірнеше буын шәкірттерді тәрбиелеп, тәжірибелі аграршы-ғалымдар мектебін қалыптастыра білген өнегелі ұстаз. Өрісі кең, өрелі ғалым басқарып отырған оқу орнында 90 пайыздан астам қарапайым ауыл балалары білім алуда. Осы көрсеткіштің өзі бұл оқу ордасынан қаншалықты қазақылықтың иісі аңқып тұратынын аңғару қиын емес. Тілекең сол ауыл балаларының заманға бейімделіп, әлем университеттерінде білім жетілдіруіне, тиісті маман иесі атануына барынша жағдай жасай отырып, қатарынан қалмай, озық біліммен қаруланып, ұлттық тәлім-тәрбие алуына ерекше мән беретін ректор. Ауыл балалары үнемі кітаптан қол үзбей, ғылымда жетістікке жеткен көрнекті тұлғалармен қатар әдебиет пен өнер майталмандарын біліп өсулеріне тікелей ықпал етіп отырады. Бұл ретте Тілекең зиялы қауымды төрге оздырып, университет жастары үшін қаншама рухани кештер мен әсерлі кездесулер ұйымдастырып келеді.
Осыдан екі жыл бұрын оқу орны басшысы университеттің бас ғимаратында ауылшаруашылығы өндірісі мен ғылымының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан Еңбек Ерлерінің Галереясын ашты. Сөйтіп, еңбекпен аты шыққан даңқты ерлеріміздің аяулы есімдері ұмытылмасын, жас ұрпақ соларға қарап үлгі алып, қалыптассын деген ізгі ниет.
Университет жанында 10 жылдан бері Олжас Сүлейменов атындағы әлеуметтік-гуманитарлық білім беру және тәрбие институты жұмыс істейді. Бұл заманымыздың заңғар тұлғасы, ақын Олжасқа деген ерекше құрметті аңғартса керек. Екі тұлға да ардагер волейболшылар командасы құрамында әлі күнге дейін шебер ойын көрсетіп, Олжекең атындағы дәстүрлі халықаралық волейбол турнирі мен басқа да волейбол жарыстарына бірге қатысып келеді. Бұл жерде Тілекеңнің Қазақстан Республикасы Ардагер волейболшылар қауымдастығының басшысы ғана емес, Қазақ Ұлттық Аграрлық университеті командасының жетекші ойыншысы екенін айрықша атап өткім келеді.
85 жылдық тарихы бар Қазақ Ұлттық Аграрлық университетіндегі тәрбие жұмысының бірегей көрсеткіші – «Мәңгілік ел» идеясы, Елбасы бастамалары мен шығармашылық жасампаз идеяларын қолдау мақсатында жаңа Қазақстандық патриотизмнің негізін қалайтын мемлекет құраушы, жалпыұлттық құндылықтарды пайдалану арқылы жеке тұлғаны әлеуметтендіру қажеттілігін жүзеге асыру мақсатында жеті бағытта жұмыс істейтін «Қазақстан жолы» тәрбие – білім беру орталығы құрылған. Атап өтетін жайт, жоғары оқу орындары арасында тұңғыш рет ашылған «Достық» студенттік ассамблеясы да осы университетте. Қамқор басшы Тілектес Исабайұлының ұйытқы болуымен 2004 жылы негізі қаланған бұл студенттік ассамблея университетімізде білім алушы славян, неміс, ұйғыр, татар, корей сынды 27 ұлттың студент жастарын бір шаңырақ астына біріктіруде және олардың өзара ынтымағы мен достығын нығайтуда маңызды роль атқаруда. Студенттік ассамблея
ұлтаралық татулық пен келісімді насихаттауға, Қазақстанда өмір сүретін ұлттардың салт-дәстүрін, мәдениеті мен тарихын құрметтеуге ерекше мән береді.
Ректор ретінде студенттердің сабақтан тыс уақыттарын тиімді пайдалану үшін бар мүмкіндіктерді жасап, тәрбиелік мәні зор 23 әдеби, спорттық үйірмелер мен клуб жұмыстары жолға қойылған. Университеттегі 9 Студенттер үйінің әрқайсысы «Аққайың», «Жалын» сияқты қазақы атаулармен аталған. Өнерлі жастар туралы айтсақ, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты, университеттің мақтанышына айналған, Студенттік ассамблея мүшелерінен құралған «Гүл-бану» би ансамблінің жеткен жетістіктерінің өзі орасан.
Ел десе ықыласы ерекше Тілектес Исабайұлы: «Ауылға білімді, ғылымды, мәдениетті, өнерді апаратын, сол жерді өркендететін тек қана ауыл баласы. Бірінші кезекте соларға жағдай жасалуы керек», – дегенді үнемі айтып отырады. Мұнысын іс жүзінде де дәлелдеп келеді. Әлбетте, таланттардың көбі ауылдан шығады. Университет қабырғасында білім алатын ұл-қыздардың арасында да дарындылары жеткілікті. Тілекең ондай ерекше жастардың болашағына жол ашуға аса ынталы азамат. Оқу орнында білім ала жүріп, бүгінде бүкіл республика өңіріне, қала берді, алыс-жақын шетелдерге танытып жүрген қаншама өнерпаздар мен спортшылар бар. Олардың арасынан атақты Нұрлан Қоянбаев, Дәуіт Шайхисламов бастаған әзілқой жігіттірмен қатар, әйгілі боксшы, олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаевтардың есімдерін атасақ та жеткілікті.
Жыл сайын жаңа даму сатысына көтеріліп, көптеген белестерден асып келе жатқан университет 2001 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен Ұлттық статус иеленіп, қазіргі уақытта Ұлттық зерттеу университетіне трансформациялану жұмыстарын жүзеге асыруда. 2010 жылдан бастап университет инновацияға бағытталған аграрлық жоғары оқу орны құқығын алды. Қазіргі таңда университетте Қазақстан-Жапон, Қазақстан-Корея, Су инновациялық орталықтары мен 31 зерттеу лабораториялары тиімді жұмыс істеуде.
Бүгінгі күні ауыл шаруашылығын жандандыру үшін әлемдік озық үлгілерді зерттеуде, оны насихаттап, Қазақстан жағдайына сәйкестендіруде университет ғалымдары аянбай еңбек етуде. Аталған игі істер мен үлкен іс-шаралардың басында Тілектестей тұлғаның тұрғаны сөзсіз.
Аграрлық білімді бәсекеге сай дамытуға мүдделі ректор, академик Тілектес Есполов қазіргі уақытта АҚШ пен Еуропаның білікті мамандарымен бірлесіп, шетелдің озық тәжірибелеріне сүйене отырып, отандық ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілердің нақты сұраныстарын ескеріп, университет базасында Агротехнологиялық ХАБ құруды қолға алуда. ХАБ қызметі еліміздің ауыл шаруашылығы секторындағы үкіметтік субсидия мөлшерін азайтып, саладағы еңбек өнімділігін ұлғайтып, отандық ауыл шаруашылық өнімдерінің әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, тиімді ғылыми жобаларды іске асырып, инно-вациялық технологиялар мен заманауи өнімдерді шығару және олардың трансфертімен айналысатын аграрлық технологияларды коммерциализациялаудың теңдессіз ірі орталығы қызметін атқарады. Бұл Қазақстан үшін ұтымды жоба ғана емес, өзге елдерге де жаһандық сипаттағы теңдессіз үлгі болмақ.
Бүгінде қазақ ауыл шаруашылығы ғылымының білгіріне айналып, еліміздің аграрлық саласындағы көшбасшы жоғары оқу орнын басқара жүріп, Қазақ Ұлттық Ғылым академиясының вице-президенті ретінде де ел мен жердің тағдырына қатысты ұтымды ойларын алға тартып, мемлекетшілдік позициясы мен азаматтық бағытынан да айныған емес. Бұл мәселеге орай: «Қазіргі таңда барлық жағдайды ескере отырып, Жер қатынастарын реттеу ашық, жариялы түрде жүргізілуі керек. Сондықтан жерді нақты пайдалану принциптерін енгізу маңызды. Жерді тек қаржылық, техникалық мүмкіндігі мен аграрлық білімі бар Қазақстан азаматтары игеруі тиіс», – дей келе Тілектес Исабайұлы ауыл шаруашылығының тәжірибелі маманы әрі білікті ғалым ретінде биік мінбелер мен баспасөз беттерінде өз пікірлерін белдірді.
Беделді ректор Тілектес Есполовтың кейінгі атқарған ауқымды ісі – отандық аграрлық білім мен ғылымды, өндіріс интеграциясын жолға қою. Бұл мәселе ректордың Елбасымен өткен жылғы кездесуінде нақтыланған болатын. Осы бағытта 2015 жылы мемлекет басшысының шешімімен Ауыл шаруашылығы министрлігінің жанынан «Ұлттық аграрлық ғылым-білім орталығы» құрылды. Орталық құрамына 23 ғылыми-зерттеу институты, 30-дан астам тәжірибелік станциясы, шаруашылықтар, коммерциаландыру мен білім беру орталығы және республикамыздағы 3 аграрлық жоғары оқу орны кірді. Осы интеграция агроөнеркәсіп кешенінде ғылым, білім, өндіріс арасындағы ведомстволық бірікпеушілік мәселесін шешудің ең тиімді жолы болды.
Бүгінде еліміздегі осы 3 жетекші аграрлық жоғары оқу орны базасында агроиндустриалдық кластерлер құрылды. Қазақ Ұлттық Аграрлық университеті базасында «Оңтүстік және оңтүстік-шығыс» кластері, Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ аграрлық-техникалық университеті базасында «Солтүстік» және Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан агротехникалық университеті базасында «Батыс» кластері құрылды. Осылайша, білікті басшының биік мақсаттар қоюының нәтижесінде университеттің агроөндірістік кешенмен, шаруашылықтармен байланысы күшейіп, білім, ғылым және ауылшаруашылық өндірісті нақты интеграциялау қызметі артты. Мұндай кластерлерді құру аймақты дамытуда кездесетін өзекті мәселелерді жылдам шешіп, шаруашылық субъектілеріне жақсы нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік берді.
Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарының аудандарында, ірі ауыл шаруашылығы құрылымдары мен бизнес-орталықтарында экономиканың аграрлық секторы үшін барлық бағытта маман дайындайтын, тауар өндірушілердің біліктілігін жоғарылататын 10-нан 20-ға дейін университеттің білім-ғылым-өндіріс орталықтары құрылды.
Дүйім елдің сый-құрметіне бөленіп жүрген қайраткер тұлға Тілектес Есполовтың еліміздің ауыл шаруашылығы саласы мен сонда білім алып жүрген жастардың кемел келешегі үшін атқаратын елеулі еңбектері әлі де жемісті бола беретініне кәміл сенеміз.
Алмат ИСӘДІЛ.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.