МЕНІҢ ФАРИЗАМ
10.06.2016
2501
0

ФаризаУақыт деген жүйрік қой. Зуылдап өтіп жатты. Фариза екеуміздің жұп жазбай, бірге жүргенімізге үшінші жыл. Сол кезде Роза Бағланова шырқайтын «Ақсұңқар» әнін естігенде мен еріксіз күлемін. «Екі дос қаздай, Жұбыңды жазбай, Қайда да бірге, Ақсұңқар» деген жолдар тура бізге арналғандай. Фаризаға айтсам, ол да күлетін. Шынында да, адам бір-біріне үйреніп кетеді екен. Мен Фаризаның барлық мінез-құлқына көндігіп, өлең жазар сәттегі адам түсінбейтін, өзі де ұқпайтын қылықтарына кейде онша мән бермейтін болып алдым. Арасында маған «Базарға неге бармадың?» деп ұрсатыны бар, жұмыстан шаршап келгенде «Мына туфли аяғымды ауыртады» деп, мен жаққа лақтыратыны бар, үндемей жинап қоямын. Көп кешікпей өзі де ұялып отырады үнсіз. Сосын күліп жібереді. Кейде бәйек боп, маған тамақ жасауға кіріседі. Шындығында ол қазан-аяққа икемді емес еді.


Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА


 

1973 жылдың жазы біз үшін көңілді болды. Фариза «Мазасыз шақ» жинағын қолына ұстап мәз, мен болсам «Сені ой­лаймын» деген өлеңдер жинағымды «Жазу­шы» баспасына тапсырдым. Ре­дак­торы – Дүйсенбек Қанатбаев. Қазақ мем­лекеттік университетін бітіріп (қа­зір­гі әл-Фараби), жұмысқа келген. Студент дәптеріне жазған лирикалық шу­мақ­тарымның арасынан «Жабырқадым, жота кездім, жаз көңілім құйын бүгін. Мен сездім ғой, Бота көзім, махабаттың қиын­дығын» деген жолдарын біз жатқа білуші едік. Редакторым тез дайындап, өзі бас-көз болып, менің де жинағым шы­ғатынын хабарлаған. Фаризаның «Ма­засыз шағы» 4 баспа табақ көлемде, ме­нің жинағым 3 баспа табақ көлемде шық­ты. Екеуміз біраз қаламақы алдық. Ол кезең үшін қаламақы – көп ақша.

Бұл жылдар уақыттың көбі Фари­за­ның үйінде өтетін, өйткені келім-кетім ағайындармен бірге болуға тура келетін. Елден Бағила деген апасы келді. Ол кет­кесін баласы Апутан, қызы «Бұдыр» ке­ліп, біраз болды. Ауылдас таныс талай сіңлілері, әйтеуір, ағайын осы жазда ағылды дейсің. Кешкі тамақ пісіру де әб­і­гер болды. Келген қыздар асүйді өз­де­рінше билеп алды. Фариза екеуміз ен­ді оларға келген қонақ сияқты күй кеш­тік. Демалыс күндері оларды Көк­төбеге, Медеуге апарып, міндетті түрде қазақ драма театрына шақырамыз. Ауыл қонағы кетсе, Алматыдағы таныстардан босамады. Солардың арасында жиі келгені Ғабдрахим болатын.

Фариза Ғабдрахимді маған мақтайды ке­ліп. Қарт ата-әже қойнында өскен, не­­­меренің тұңғышы, көп қызы бар үйдің тұң­ғыш қызынан көрген тұңғыш жиені, әйтеуір, дүние есігін ашқалы ерке өс­кен­ге ұқсайды. Атасы дүкен ұстаған, ол кез­де ауыл дүкеншісінің де абыройы биік болған дейді. Фариза болса, оның нағашы апасы Жаңылсынмен жасынан дос болған. (Кейін «Шашы ағарған қыз» шығармасының кейіпкері етіп алған, қазір Ақтауда қызы Назымның қолында тұрады). Нағашы ағасы Алдабергенмен Гурьев институтында бір курста бірге оқыған (Ол қазір де Атырауда тұрады, көп жыл мұғалімдік қызметте болды). «Ол өте сезімтал, музыкаға жақын, домбыра, баян тартып, халық әнін айтатын өнерлі жігіт. Мына Ғабдрахим сол нағашысына тартқан», – дейді.

Ғабдрахим келгенде екеуінің айтатын әңгімелерін мен енді жатқа білуге айналдым. Сонау Манаштағы күйші шал, домбырашы жігіт, бәйге атын баптаған ауылсовет, Астраханға алғаш оқыған студент балықшы, Кремльге тұңғыш барған делегат, өтірікті шындай айтып, сендіретін қария – бәрін тізіп, еске алып шығатын. Сонау жылы Жайық бойына құмнан көшкендері, сонау бір балалық шақтың сағынышы екеуіне өте қымбат әңгімелер еді. Сол құмда Нұрәлі Әжіғалиев деген тамаша жас ақынның өлеңдерін қосыла мақтап, «Егер ащы суға әуес болмай, Алматыға келсе, оқы­са, мықты ақын шығар еді», – деп өкі­нетін. Екеуі қосыла айтқан әңгімеден сонау кәрі Каспий теңізінің жағасы мен Исатай құмы, Манаш ауылы бөлек бір әлем, бөлек бір ғажайып құрлықтай елестейтін маған. Әсіресе, Ұлы Құрман­ғазы күйшіге жар болған Әуес қыздың ме­кені ғой ол. Адуын күйшіге алуан шы­ғарма тудыртқан киелі өңірге Фариза мен Ғабдрахим айтқанда одан бетер қызыға түскенім рас. Сонымен, үшеуміз отырып, шәй ішіп, әңгіме айтатын әдет таптық. Кейде театрға да бірге кетіп қа­ла­мыз. Байқаймын, Фаризаның «шә­кірті» мен жаққа ұрланып қарап, Фа­ризаның көне домбырасын күйге кел­­­тіріп әуре. Сол домбыраны сылтауратып, «ішегін ауыстырамын» деп ке­ле­ді, «тиегін жасаттым» деп келеді, әйтеуір, мен келген кеште Ғабдрахим да сол үйге соғып кететінді шығарды. Ал маған оның домбыра қағысы ұнай бастады. Келіп, күй шертіп отырғанын көңілім біртүрлі қалайтын да сияқты. Сезімтал ақын Фаризаның мұны сезбеуі мүмкін емес, әрине, ол да байқап жүрсе керек. Сонымен, үшеуміз үш әлем болып, бір-бірімізбен арбасып, сыр жасырып, сырласқан болып, таныс болсақ та, толық тани алмай, жұмбақтау күй кешіп жүріп жаттық. Сөйтіп, 1973 жылдың күзін қарсы алдық.

Бұл күз Алматыда жауынды болды. Таңда жадырап тұрған аспан түс ауа түнереді де, біз жұмыстан шығарда теректер алай-дүлей шайқалып, жапырағы ұшып, арықтар суға толып, абыр-сабыр бола қалады. Жұмыстан соң мені соғып алып кетуді Фариза әдетке айналдырды. «Көкбазардан» тамақ алып, 108 нөмірлі қара «Волга» проспектімен жоғары қа­рай зулап келіп, Жазушылар одағы­ның алдына тоқтайды, мен де жүгіре шығып, отыра кетемін. Менің үйім кілттеніп, тек Фаризаның үйіне ауыстық деуге бо­лады. Менің сезуімше, Фариза мені Ғабдра­химмен оңаша қалдырудан қор­қа­тын сияқты. Ал Ғабдрахим күнара жауын­датып сонда келетінді шығар­ды.

Бірде қатты нөсерде қалып, жаурап келді. Үшеуміз жылынбақшы болып, сорпа жасап, вино іштік. Менің бетім дуылдап кетті. Фризаның тұрып кет­кенін пайдаланып, Ғабдрахим маған жәу­діреп қарап: «Неткен әдемісің!» десін. Бұл сөз оның көптен бері айта алмаған сезімі еді. Мен одан  бетер  қы­зарып кетсем керек, Фариза келіп: «Сен неменеге қызарып кеттің, менсіз не айт­тыңдар ұялатындай?», – десін. Біз  екеу­міз  үнсіз­біз. Біздің  сезіміміз бен жү­рек дірі­лін, әрине, Фариза сезді. Бірақ  естуге  қо­рықты, әрі қарай сұрауға да қо­рық­ты. Ол өзінің жалғыз қалатынынан қорықты…

Келесі кездесуде де Ғабдрахим маған қимас жанармен жымия қарады, мен көзімді тайдырып әкеттім. Жыр арнаған ақын жігіттер, қызыға қараған бейтаныс көздердің бірімен де салыстыруға болмайтын ыстық та таза мөлдір бір сезімге толы көзге жолықтым. Ортамызда бөгет барын ол да ұмытқан, мен де ойлай алмадым. Бұрын ол маған бір жұмбақ күй.

Күздің жаңбыры қарға айнала бас­таған күн. Жағалы пальтомды іліп жатып Ғабдрахим «Саған сондай жарасады екен!» – деді. Фариза: «Мынау қашаннан саған «сен» дейтін болды?» – деп таң-тамаша қалды. Бұрын екеумізге «сіз» деп сөйлейтін. Біз үндемедік. Жауап алмаған Фариза бұл кеште өзін қоярға орын таппады. Ғабдрахим аз отырып, көңілсіз шығып кетті.

Арада тағы күндер өтті. Қарлы жаң­быр күздің көңілсіз кеші. Тағы да үшеу­міз отырмыз. Фариза бүгін әңгімешіл-ақ. Қолына домбыра алған Ғабдрахимнан халық әндерін айтуды сұрады. Ол «Әдеміге» салды.

Ақ көйлек, қара бешпет, әдемі қыз,

Тиген жоқ әлі ешкімге әлегіміз.

Бірге өскен кішкентайдан құрбы едің деп,

Біз сізден әлі күнге дәмеліміз.

Ойнақы ән үйдің ішін жылыта бастағандай.

 

Көзіңнен айналайын от секілді

Айыбы ғашықтықтың жоқ секілді.

Қарасам, тал бойыңның бір міні жоқ,

Садаққа жонып салған оқ секілді.

Ән айтып болып, маған қарады. Фа­риза Ақбөбектің аңызын бастап, маған қарап: «Ақұштап, сен «Қайып пен Бөбек» хикаясын білесің бе, олар Маң­ғы­стауда болған?», – деді. Мен, шынымды айтсам, жете білмейтінмін, тек Қаби­болла Сыдиқовтың жинаған тарихи мағлұматтарын оқығаным бар.

Қайып ғашық болған Бөбекті ұзаты­лып кеткен жерінен, тіпті құндақта баласымен екі рет алып қашады деп жазған. Кейін Ақбөбектер Түркменияға көшіп кеткен. Қайып сағынғанда үн-түнсіз жатып қалады екен. Балалары «Әкеміз ауырып қалды ма?» десе, әйелі: «Жоқ! Ол Бөбекті сағынғанда сөйтіп жатады, сосын өзі тұрады» дейді екен. Сол кеш екеуі Бөбекке арналған Қайыптың біраз шумағын естеріне түсіріп, Ғабдрахим кей жолдарды қағазға жазып алып отырды.

Ақбөбек, кеткенің бе серттен тайып,

Адамды кім айырар ерлі-зайып?

Даусымды танымасаң, танытайын

Баласы Қорабайдың, атым – Қайып, – деген шумақтар өте ұзақ екен. Өйткені, Қайып өмір бойы Ақбөбекті аңсап өт­кен. Оның кейінгі шумақтарын 2010 жы­лы Оралда Әбіш Кекілбаевтан есті­дім.

Оралда Әбіш пен Фаризаның 70 жылдығын атап өткіздік қой. Мырзатай Жолдасбеков бастаған топты сол кезгі облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхам­бетов арнайы қонаққа шақырды. Театрдан кейін бәрі біздің үйде болды. Әбе­кең шәйдан соң Ғабдрахимға «Көр­кем ханымды» тыңдайық» деп қолқа салды. «Ән салшы» деп отырып алды. «Артис­тер алғызып едік, олар сахнадан айтты ғой. Сен өзің де жетесің. Оңаша оты­рысты сағынып жүрмін», – деді Әбе­кең. Фаризаның ауырыңқырап жүрген кезі еді, бірақ көңілді отырды. Ол кеште Клара жеңгеміз де әңгімешіл болып кетті. Қайрат Жұмағалиевті қалай үйлен­діргендерін айтты. Қайраттың да Оралға көшіп келіп, орныққан кезі еді.

Фариза бұл күні сахнада ақ құндыз тон кигізген Ырысты келінінің (Бақты­қожаның жұбайы) қасында біреулерді еске алып, мәз боп отырды. Бір кезде Ғабдрахимға: «Сен «Ақбөбек» әнін ұмытқан жоқсың ба?», – деді. Екі шумақ ән біткесін әңгімені Әбекең жалғады.

«Қайып қартайғанда да Ақбөбекке өлең шығарып, ән арнаған. Ол шумақ былай», – деді:

Қоян жоқ Маңғыстауда, қой атпасаң,

Сақал-шаш аппақ болды, боятпасаң.

Төсекте ұйқы аша алмай керілемін

Бөбекжан, өзің келіп оятпасаң.

Қартайса да, ұмыта алмаған пәк се­зім­нің болғанын дәлелдейтін жолдар бұл. Әбекең жымиып күлді, Ғабдрахим әнге қосып, қайталап айтты. Фариза төмен қарап, үнсіз ғана ойға шомып отыр­ды. Сөзге қосылмады. Ал менің көз алдымнан сонау алыста қалған 1973 жылдың күзі өтті.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір