Қазақстан – ол менің жүрегімде…
11.12.2024
300
0

Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН

Балтимор. Қазақ­стан.
Қара жігіт

Қыстың түні. Түн емес, қара құлып…
Ай астында бөрі-өлең барады ұлып.
«Қазақ­стан қай жақта?» – деп сұрады,
Балтиморда кез­дескен қара жігіт.

Жалғыз сөйлем осылай жаралайды, ә!
Ақыл қайда, ми қайда, сана қайда?
Сонда бұлар география оқымай ма?
Сонда бұлар картаға қарамай ма?

Арыстан-ой ақырып ішімдегі,
Алаш жерін әп-сәт­те мүсіндеді.
Жауап беріп жай ғана мысқылдадым,
Мысқылымды ол қасқа түсінбеді.

«Отан – от­тан ыстық» қой саналыға,
Сол Отан қуат берген қаламыма.
Тағдыры мен тарихын оқып алғын,
Қазақ­стан тұр менің жанарымда.

Тарихтың бойласақ тереңіне,
Күмәнім жоқ әп-сәт­те сенеріңе.
Тоғызыншы мемлекет картадағы –
Қазақ­стан сыйып тұр өлеңіме.

Сүйенішім – сол менің, тірегім де,
Ондай жұмақ жоқ бізге мына өмірде.
Қазақ­стан қай жақта болушы еді?
Қазақ­стан – ол менің жүрегімде.

* * *
Вирджиния штатына қарасты Арлиңтон ауданының бір көшесінде кетіп бара жатқанбыз.
Кенет бес жасар ұлым Сүйіндік: «Әке, Қазақ­станға кетейікші, сонда барып дұрыстап ойнағым келеді,
Қазақ­станды сағындым», – деді. Жүрегім дір ете түсті,
«Қазақ­станды сағындым»,– дегені неткен ғажап сөз еді!
Мынау сол сәт­те туған шумақтар:

Қиғылық салма, орныңнан, қане, тұра ғой,
Кетеміз алда, тағы да біраз шыдай ғой.
«Қазақ­станды сағындым», – дейсің,
құлыным,
Сағыну керек, сағынбау оны – күнә ғой.

Бәрімізде де сағыныш бар-ды сарғайған,
Сағыну деген – қып-қызыл жалын, қан
майдан.
Кең-байтақ қазақ даласын, жусан,
шөбін де,
Сағыну үшін келдік қой мұнда шалғайдан.

Сөздерің сенің жанымның жарқын үні ме?
Бөтен сөйлемдер жоламаса екен тіліңе.
Қазақ­станды сағыну керек, ұлым-ау,
Сағынбағандар жетеді оның түбіне.

Міржақыптың суретін АҚШ
кітапханасынан көргенде…

Өз орынын алсын деп халық төрден,
Ғазиз жанын қиынға салып көрген…
Ардақтым-ай, Алашшыл абызым-ай,
Кім мұнда суретіңді алып келген?

Қарсы шықтың қоғамның «тәртібіне»,
Қапелімде жет­ті ғой жау түбіңе.
Қараңғы қазақ көгінен ұшып кетіп,
Алып елдің келіпсің архивіне.
Адалдықтың еліне жиі барып,
Оқу, білім жоқ елдің күні – ғарып.
Мұнда тұрсың, қазақтың бар үмітін
Тақия ғып басыңа киіп алып.

Біз де сіздей ертеңге алаңдадық.
Шындық өлген заманда адам – ғарып.
«Оян, Қазақ!» – дедіңіз ғасыр бұрын,
Өкінішті, біз әлі оянбадық.

Джордж Кеннанның кітап сөресі алдында…

Уақыт өлген жоқ, қағазда тұр қарап,
Ойға мұң қонады, өткенді тыңдап ап.
Тағдырлы жерлер тұр жымиып картадан,
Отаршыл идея жіберген жұлмалап.

Тым бейғам өмір тұр сары парақ бетінде,
Қоғамның азуы, боранның өтінде.
Держава, дес пен дем дегеннің барлығын,
Тек қана тарих сақтапты есінде.

Ақ сөйле, қанеки, о, ұлы уақыт,
Күштінің балтасы әлсізді құлатып.
Нәпсілер балалап, тек түрін өзгерткен,
Жалмауыз пиғылдар бейғамды жылатып.

Сары қағаз тозаңын жұқтырдым денеме,
Осы бір ұлы істің өзі – үлкен өнеге.
Менің де тарихым тұмардай сақтаулы,
Қисапсыз көзқарас мызғыған сөреде.

Балбал

Қараймын ұзақ көз салып,
Мынау бір балбал тастарға.
Шертеді күйін ғасырдың,
Айтады дәтін аспанға.

Ең соңғы жеткен жері – осы,
Кең дала төсін мекендеп.
Іздеймін ойдан елесін,
Қайсы бір бабам екен деп.

Бар ма еді менде құдірет,
Жіберер тасты сөйлетіп.
Тұр ма екен олар, кім білсін?
Даласын әнмен тербетіп.

Осылай үнсіз тұрғалы,
Арада қанша жыл өткен?
Сарбазы шығар Қас-Сақтың,
Шекара, шепті күзеткен.

Батыры болар түменнің,
Намыстан кеткен өртеніп.
Ақыны ма екен бір елдің?
Тәңіріге тұрған шер төгіп.
Біреудің жалғыз ұлы ма?
Жалғызды жауы ұсатпақ.
Төлеген бе екен жол бойы,
Арманын өлген құшақтап.

О, балбал бабам, бас ием,
Тас өрнек тоның тозбасын.
Бойыңа сіңір ғасыр мен
Тағдырдың тарғыл көз жасын.

Қазақ

Заман зілді қорғасын
көмейімде кілкіген,
Мен күрсінсем, өткен бір ғасыр
үшін күрсінем.
Іздеймін кеп жоғымды ызғар желдің өтінен,
Уақыт-шалдың сынынан аман-есен өтіп ем.

Дауыл десім жасқады
қылыштарды, найзаны,
Тұлпар мініп өстім мен, күнді өңгеріп,
айды алып…
Мен кешірсем, кешірем жауымды да,
досты да,
Асқақ ұран тастадым ала аспанның астына.

Империяны шошыт­ты тұлпарымның дүбірі,
Маңдайыма нұр шашты алып күннің жылуы.
Қағазға емес ойымды,
тасқа жаздым таңбалап,
Еркіндікті сүйдім мен алыс-алыс жол қарап.

Кегім қайнап тұрады қылышымның жүзінде,
Бақыт жыры жазылған ұлтымның көзінде.
Ту ұстадым қашан да дала заңын, ой заңын,
Сөзбен ғана бекіді менің әрбір байламым.

Қобыз қандай мұңлы еді,
далам қандай кең еді!
Сол қобыздың тілінде күй ойнаған мен едім.
Бақыт егіз болсын деп бәрін бастан ойладым,
Домбыраның төсіне егіз шек жалғадым.

Салтанатын асырып,
алпыс атан артқанмын,
Жұмақ іздеп, жер шалып, «күн түбіне
жортқанмын».
Ат үстінде ойланып, ат үстінде қалғыдым,
Күнге қарап ұлиды бөрі мінез тағдырым.

Тарғалаңды сәт­терде Тәңірі сыйын
нәсіп қып,
Құшағында тербелдім кең даланы бесік қып.
Арал болып тартылдым,
Жайық болып тасимын,
Айды көрсем – қол жайып,
күнді көрсем – бас идім.
Қан майданды ұрыста ханның
сөзін айтармын,
Еркіндіктен жаралдым,
еркіндікке қайтармын.

Виржиния. Жаз. Пейзаж

Шағи аспан жанарында жүйрік
жұлдыз жорғалап,
Көктен түскен нұр-сәулеге шомылады
жар қабақ.
Дәптеріме жазған жырдай
намаздыгер шағында,
Кенже ұлымның бесігіне ай қонады қорғалап.

Қыдырады қонағымдай сай-саланы түн өрлеп,
Мезгілсіздеу келген мұңды жіберсе
екен шідерлеп.
Жаздың таңы… жылқышы күн
көтерілді тағына,
Шашасына шық жабысқан
жылқыларды түгендеп.

Пай, пай, шіркін, жануарлар рухқа шөлдеген,
Алты ай шапса – арымаған,
тебінгісі терлеген.
Кешегі өткен кейіс күннің кермек
дәмін татқызып,
Көбелектер ұшып жатыр көз
алдымнан көлденең.

Сүйектері қаусап тұрған қарт ғасырға
сөзім ем,
Мен кезіксем сендерге енді есіл ой
боп кезігем.
Сонда ғажап көрінер, ә, сұлу болар дүние,
Өмір, сені көрсем егер сол адамның көзімен.

Сабыр Адайға
Америкадан хат

Вашингтонда жаңбыр жылап түнімен,
Дәптеріме жыр құйылды гүл-рең.
Жалғыз жортқан Ақанды ойлап отырмын,
«Әрбір қазақ – жалғыз» екен шынымен.

Көксау бұлт­тың көрінгенде төбесі,
Тамшылардың билейді паң елесі.
Ойға жалғыз батқан адам кей-кейде,
Көпке қарай асығады о,несі?!

Мен де солай асығамын ертеңге,
Бір ғаламат боп жатқандай өлкемде.
«Әрбір қазақ – жалғыз» екен шынымен,
Осы бір сөз өзегімді өртеуде.

Жалғыз барып T-Маркет­тен гүл алып,
Тапқан жалғыз дерегіме жұбанып.
Үлкен ұлым әр таң сайын түсінде,
«Қазақ­станды көрдім ғой» деп қуанып.

Пакизадай санасына гүл өсіп,
Сәби ойын баршындайын түлетіп.
Кіп-кішкентай саусақтарын бүгеді,
Ол да өзінше жалғыздықпен күресіп.

Бұл керемет пәлсапамды таң бұзды,
Кіл сағыныш ескі әуенге салғызды.
Әрбір адам өз аспанын билейді,
Әрбір қазақ өз ойында жалғыз-ды.

Таңғы түс

Ол бір ғажап таңда көрген түс еді,
Көл жағалай қонған ауыл, құс елі.
Содан бері батқан қызыл күн көрсем,
Қыз Жібектің беті есіме түседі.

Арлыларды әлі жетіп дат­таған,
Күншілдіктің күркесіне тоқтаған.
Сүйір тілдер сүйреңдесе алдымнан,
Бекежанның жебесі ме деп қалам.

Иығымнан басады кеп зілдей мұң,
Қара ниет демей оны кім деймін?
Бір мұңлы әуез естіледі аулақтан,
Алты қаз ба, Төлеген бе, білмеймін?.. 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір