ҰЛТТЫҚ МУЗЕЙДІҢ АЙҚЫН МАҚСАТЫ
10.06.2016
1969
0

13410688_1006708256116087_1869908570_oӨзіндік сәулеті мен стилі бөлек 8 зал мыңжылдықтар қойнауынан бүгінгі күнге дейін жеткен қазақ ұлтының мәдениетін, тарихын, өнерін, салт-дәстүрін, бірлігі мен ынтымағын және түрлі жетістіктерін насихаттауға қызмет етеді. Енді осы 8 залға қысқаша тоқталып өтсек.

Ежелгі және орта ғасыр тарихы залы Қа­зақ­станның палеолит, мезолит, неолит, энеолит, қола дәуірі мен орта ғасыр кезеңдерінен хабар береді. Еуразия құрлығын мекендеген тайпалардың тарихын, экономикасын, қолөнерін зерттеген қазақстандық ғалымдардың жылдар бойғы жинап, сақтаған құнды еңбектері осы залға қойылған. Олардың ішіндегі тарихи-ғылыми және көркемдік жағынан өте құнды болып есептелетін атақты Күлтегін бабамыздың бас сүйегінің кө­шір­месімен жазба ескерткішін атап өтер едік. Құпияға толы бұл жәдігерлерді көру үшін алыстан сапарлатып келетін турис­тер де баршылық. Олардың негізгі мақсаты – ежелгі түрік жазбаларының қыр-сырына үңілу, көнеден жеткен текті жұрттың тарихына бойлау, сезіну.

Сонымен қатар, әлемде Ислам дінінің үстемдігін  орнатуды  көздеп, далалықтар­дың арасында оның ықпалын нығайтуды мақсат тұтқан Әмір Темірдің бұйрығымен салынған Қожа Ахмет Иассауидың архитек­тура­лық кесенесін де тамашалауға болады.

Келесі, Шығыс Дешті Қыпшақ, Жетісу және Түркістан жерінде қазақ  мемлекеті­нің пайда болуы, оның дамуы мен өркен­деуі­нен ­ха­бар беретін орын – Тарих залы. Қазақ­тың хандарынан бастап, атақты би­лері мен жүрек жұтқан батырлары, жырау­лары мен күйшілерінің мұрасы әспет­тел­ген бұл залдың экспозияциясы кез келген қонақты өзіне баурап алады. Атап айтсақ, үш жүздің басын қосып қазақтың еңсесін көтерген, шаңырағын тіктеген, данышпан Бұқар жырау айтпақшы, Алтын тұғыр үс­тінде ақ сұңқар құстай түлеген Абылай ха­ны­мыздың шапаны, қаз дауысты Қазы­бек пен Төле билеріміздің қайта қалпына келтірілген шапандары, Құран аяты жазылып, алтын жалатылған дулыға, хәкім Абайдың 1909 жылы Петерборда және 1923 жылы Ташкентте басылып шыққан шы­ғар­малар жинағының түпнұсқа­лары, Мағ­жанның портфелі мен сүт құятын құ­тысы, күйші Дина Нұрпейісованың дом­бырасы, Қажымұқанның кубогы мен белдігі, Мұхтар Әуезовтің тоғызқұмалақ үстелі, Әлімхан Ермеков пен абыз Әбіштің жеке заттары, т.б. қойылған. Бұдан бөлек, ашаршылықтан бастап, жаппай сталиндік қуғын-сүргінге ұшыраған жұрттың небір зобалаң кезеңдерде ар-намысты бәрінен биік қойған асыл азаматтары туралы жан-жақты мәлімет алуға болады.

Этнография залы. Ол Алтын Орданың тікелей мұрагері болып саналатын қайсар қазақ халқының сарқылмас мәдениетін, өзіне тән тұрмыс-тіршілігін баяндайды. Басқасын айтпағанда, іздеген кісіге экс­по­зиция­дағы қазақтардың киізден жасал­ған дәстүрлі жылжымалы баспанасы туралы бірталай мәлімет алуына болады. Ше­берлердің қолынан шыққан кереге, уық, шаңырақ секілді киіз үйдің жабдық­та­ры онда өмір сүрген жұрттың салт-дәс­түрін, болмыс-бітімін баяндайды. Бағзы­дан үзілмей келе жатқан қазақтың баға жетпес мәдениетін паш ететін зал иннова­ция­лық техникалармен жабдықталған. Олардың көмегі арқылы деректі фотосуреттер мен құнды бейнематериалдарды тамашалауға болады.

Тәуелсіз Қазақстан залы. Мұнда 1991 жы­лы Егемендік алған күннен бастап, бү­гін­гі күнге дейінгі даму перспективалары қамтылған. Олардың ішіндегі ең құнды дүние – Қазақ елінің ғарыш саласындағы жетістіктері. Қонақтар үшін LED экрандары арқылы Мемлекет басшысы Нұрсұл­тан Әбішұлы Назарбаевтың әр жылдары жасап отырған Жолдауларының іске асырылуын бейнелейтін инфографика ұсыныл­ған. Сонымен қатар, 1917-1986 жылдар ара­лы­ғындағы қазақ халқының басынан өткен небір тарихи оқиғаларды қамтитын бейнефильмдерді тамашалай аласыз.

Ендігі сөз – Астана залы туралы. Ол Қазақ елінің астанасының пайда болу, қалыптасу және даму кезеңдерінен хабар береді. Ал Заманауи өнер залы отандық суретшілер мен мүсіншілердің сан алуан жанрларын қамтиды. Мұндағы эмоцияға тұнып тұрған неше түрлі шығармалар кез келген адамды жан тыныштығына бөлеп, ерекше әсер береді.

Қазақстан аумағынан табылған алтын және бағалы металдарды қамтыған келесі орын – Алтын залы. Көздің жауын алатын бұл залдың орны өзге залдармен салыс­тыр­ғанда өте құнды. Оны археологтардың өз­дері де жоғары бағалайды. Көп созбай себебін айтайық. Мұнда сақтардың дү­ние­танымынан басқа да жоқ мәлімет беретін жауынгер «Алтын Адам» мен «Сармат әйе­лі» сақтаулы тұр. Мұнда тағы бір құнды дүние бар. Ол– жауынгер «Алтын адам­ның» жанынан табылған IV-V ғасырларға жататын күміс тостаған. Бірақ құндылығы күмісінде емес, жазуында. Есік қаласынан табылған бұл тостағанның көлемі кіші болуына қарамастан сақ ескерткіштерінің ішіндегі ең озық ғылыми жаңалық әкелген ерек ыдыс-жабдық ретінде есептеледі. Бір қызығы, әлі күнге дейін әлгі жазуды әлем­нің әр түкпіріндегі ғалымдар әр түрлі оқып келеді. Алайда, олардың жалпы ма­ғы­насы: «Біз мықты мемлекет боламыз!» дегенге саяды.

Азамат БИТАН,
ҚР Ұлттық музейінің PR-менеджері.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір