Светқали НҰРЖАН: ДҮБІРЛІ ДОДАНЫҢ МАҚСАТЫ – ҚАЗАҚТЫ АТҚА ҚОНДЫРУ
27.09.2022
414
0

Арқа төсінен аттанған

«Ұлы Дала жорығының» шабандоздары Бетпақтың даласымен ер түріктің бесігі болған – Түркістанға қарай бет алды. Әуел баста жарыс жолына 95 сәйгүлік шықса, 600 шақырымнан соң 40 шақтысы қалды. Ақмола топырағында табаны жерге тимеген, тау мен тасты өрлеген қазақтың тұлпарлары Қарағанды мен Ұлытау өңірінің құм-тасы аралас бедерінде амалсыз кідірді.
Ұлы көшпенділер ізімен алыс сапарға тәуекел етіп аттанған шабандоздар кеше Ұлытау өңіріне үш қонып, Алаша хан басына Құран бағыштап, Жошы ханның басына түнеп шықты.
Олармен жорыққа Астанадан бірге аттанған арқалы ақын Светқали Нұржан шабандоздарға дем беріп, жігерлерін жанып жүр. Жарыс жолына шыққан ақын Светқали Нұржан бәйге алаңында ежелден еншісі бөлінбеген дәстүрдің жалғасы болған аламан жарыс жөнінде пікірін ортаға салды.

– Жылқының жалына жармасып өскен халықпыз ғой. Әлі одан ажыраған жоқпыз. Жылқының халық әдебиетіндегі орны қандай?
– Қазақы психологияның өзінде жылқыға байланысты ұғымдар көп. «Адам – жылқы мінездес», «Адам аласы ішінде, жылқы аласы сыртында» дейді. Бір-ақ ауыз сөзбен адамның жан дүниесі – жабық сандық екенін айтып кеткен. «Түйе – малдың қасқасы, жылқы – малдың патшасы» дейді. Қазақ жылқыға ештеңе теңгермейді. Оны тіпті адамнан зият, яғни адамнан артық деп жатады. Адамнан зият дейтіні, бұл жан­уар қалайда туған жерін тауып келеді. Аруана өз ботасын шайнап кетеді. Оны өз көзіммен көрдім. Бір-екі мысалын айтайын. Жылқы жатырласына шаппайды. Ондай қасиет қазір адамнан да қашқан. Жақсы жылқы ешқашан иесін далаға тастамайды. Оны да өз басымнан өткердім.
Жылқы деген – кие. Ұлттың киесі. Қазақтың жылқыны тұңғыш рет қолға үйреткенін дүниежүзі мойындап отыр ғой. Демек, біз – адамзатқа кентавр деген ұғымды сіңірген халықпыз. Аттылы адам…
Кәрі құрлық аттылы әскерді көріп, кентавр деп атап кеткен ғой. Жылқының киесі өзімен бірге болған кезде біз – жеңіске жеткен халықпыз. Қазақты жаулауды көздеген залымдар: «Бұларды аттан түсіру керек, жылқыдан айыру керек», – деген. Совет өкіметі пулеметпен қырған. «Жылқының қырғыны» деген поэмам бар, ол туралы сонда жазғанмын.
Шұбартау, Шыңғыстау өңірінде Абыралы деген жерде атом жарылысымен сынақ жасады. Сонда олардың есебінде 80-жылдары сол жердегі қазақтар түбірімен жойылып кетуі керек екен. Көптеген адам жарымжан, мүгедек болып қалды, бірақ тұтас халық жойылған жоқ, тамырын сақтап қалды. Сөйтсе, олар жылқыны есепке алмаған екен. Жылқының сүті мен еті радиация зардабын әлсірететінін білмеген. Жылқының қазаққа құт әкелген мұндай мысалы көп. Сондықтан қазақ жылқыдан айырылмауы керек. Қазақ жылқының бір ғана мінезін – алты күн ашықса, азып-тозып кететін, алты күн тойынса – асып-тасып кететін табиғатын ғана алмауы керек.
Осы жорыққа жиналған шабандоздар: «Дәл осындай қазақы жылқыны сынайтын жарысты көптен күтіп едік», – деп ағынан жарылды. «Келесі жылға дайындаламыз, мұндай аламан додаға жылқыны бір жыл баптау керек», – деп мақсат қойғандар да көп. Әр өңір өз аймағындағы жылқы тұқымын дәріптеп жүр. Бұл жердегі мақсат – қазақ жылқысының қасиетін әлемге таныту болуға тиіс.

– Және қазақты атқа мінгізу.
– Иә, қазақты атқа қондыру. Осы жарысқа дайындық барысында біз мына мәселені анықтадық. 100 шақырым қашықтықты бағындырған қазақ жылқысы екенін мойындаған Кеңес өкіметі кезінде жасалған құжат бар. Кейінгі кезде кабардин, шеркестер өз жылқысының қазақ жылқысынан мықты екенін дәлелдейміз деп шеркес дербиін өткізіп келеді. Біздің жарыста жылқы су кешеді, құм кешеді, тұяғымен тас илейді. Олардың дербиі арнайы тақтайдай түзу жолда шабады, жылқыға еш кедергі жоқ.

– Қазақ жылқысы деп қалдыңыз. Қазақ жылқыларының көбісінде құжат жоқ екен. Қостанай жылқыларында ғана бар. Дегенмен қазақтың жылқысы деп қайсысын айтасыз?
– Бұрын Шығыста найман жылқысы деген мықты тұлпар бар-тын. Тобықты жылқысы деген болған. Оның тұқымы қазір аздап Алтайдың Қосағашында бар. Қалған жылқы тұқымының бәрі будан болып кетті.

– Қазанат деп жылқының қандай түрін атайды?
– Арғымақ айғыр мен қарабайыр биенің ортасынан қазанат туады. Қазанаттың айғыры мен қарабайыр биенің ортасынан қазмойын туады. Арғымақ бие мен қарабайыр айғырдың ортасынан алаша туады. Махамбеттің өлеңі бар ғой: «Қазанаттан туған қазмойын, Күніне көз көрім жер салғысыз», – деген. Қазанат – өте жүйрік тұқым. Ол да – будан. Талайын көрдік. Қазанаттардың елу шақырымдық қашықтыққа шауып, айылын жимай келгенін көрдім. Қазақ жылқысының бірқатары қырда тарпаңмен, суда суынмен будандастырылып алынған. Демек, оның барлығы – асылдандырылған тұқым. Тарпаң шағын жануар болғанымен өте жүйрік қой. Суын деген – мифологиялық бейне. Бірақ ол – рас дүние. Кешеге дейін біздің адайдың шалдарының: «Аттарды теңізге қарап шаппаңдар. Арғы атасы – суын тұқымы, бас бермей теңізге алып кетеді», – деп айтатын әңгімесінің шет жағасын біз де естіп қалдық. Осы келе жатқан адай аттарының ішінде де сол жылқылардың қаны бар, ізі бар.

– Осы жарыс басталғанда: «1200 шақырымға тұлпарлар шыдамайды», – деген пікір айтылды. Маңғыстау, Ақтөбе сияқты өңірлердің шабандоздары тұлпарларының тізгінін тартыңқырап келе жатқан сияқты. Осындай ұзақ қашықтыққа шыдайтын азамат­тар мен қазанаттар шыға ма?
– Көпшілік болғаннан кейін, көп пікірлі орта болған соң әркім өзінің көкірегіндегі ойын айтып жатады. 1928 жылға дейінгі бәйгелерге куә болған шалдарды тыңдадым. 80 шақырымнан азы жоқ. Айдама бәйге деп аталады. Совет кезінде барлығын айналма шабыс қылып тастады ғой. Бұрын тіке шабатын. Мұны «айдама» деп айтады. Бұл дәстүр Моңғолияда бар. 1200 шақырым деген қазақтың тұлпарлары үшін түк те емес. Осы дала кешегі қаһарман бабаларымыз мінген – арғысы Керей-Жәнібектің, қасқа жолды Қасым хандардың, еңсегей бойлы ер Есімдердің, ең соңғы Кенесары ханның заманындағы тұлпарлар бұдан да мықты, бұдан да шапшаң болатын. Қасым ханның тұсында 300 мың қол бір жетінің айналасында тудың түбінен табылған. Кешегі империялар тұлпарларымыз бен сырттандарымыздан, қасиетіміз бен құмай тазыларымыздан айырды. Осы далада адамзат тарихында тұңғыш рет жылқыны үйретіп, атқа мінді. Тұңғыш рет ер-тұрман, айыл мәдениетін адамзатқа алып келген бабалардың ұрпағымыз – біз. Енді сол із өшпеуі керек. Ол із өшетін болса, адамзаттың да келешегі көмескілене береді. Міне, бұл сапар да – баяғы дүбірлеп өткен ерлердің сән-салтанатымен өткен қасиетті сапарлардың жалғасы. Бұрынғы жорықтардың барлығы – қанды жорықтар болса, ендігі жорықтар – сәнді жорыққа айналсын. Азаматтарымыз бен аттарымыз мәреге аман жетсе, киелі Ақмола бекінісінен Созаққа дейінгі аралық пен күллі дүниенің темірқазығы болған Әзірет Сұлтан жатқан көк кесенеге тірелетін бұл сапар – ұйықтап бара жатқан, қалғып бара жатқан намысты, арды оятатын сапарлардың жалғасы болады деген үмітім бар.
– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Ая ӨМІРТАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір