ОЙЛАСУЫМЫЗ КЕРЕК
Мына ұлан-байтақ жерімізде бір шөкімдей ғана болып отырған қалыбымыздан енді-енді құтыла бастағанда, өз елімізде азшылықтан көпшілікке айналғанымызға қуанышымыз қойнымызға тола бастағанда әскери үш ұланымызды, күзетшіні матқапыда өлтіріп кетіпті дегенді естігенде: Ұядай ұйып отырған ұлтымыздың шырқын бұзу ниетімен жер астынан жік шығарып, екі құлағы тік шыққан бұл лағынет атқырлар кімдер болды екен? – деп зығырданым қайнағаны рас.
Тек Елбасының өз аузынан Қазақстан халқына арнаған мәлімдемесін теледидардан естігенімде ғана бойымды жинап, өзіме-өзім келе бастадым. Бұл төтенше оқиғадан баршамыз тиісті қорытынды жасауымыз керек деп ұйғардым.
Ұлы Абай: «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген осы ұлттық ұран іспетті ілімді біз жас ұлан жүрегіне жеткілікті сіңіріп жатырмыз ба? деген ой келеді. Ұлттық ұлан халқымыздың патшалық Ресейге қарсы бас көтерген Есет батыр көшесінде, «Паллада» қару-жарақ дүкені Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова көшесінде орналасқан. Осы халқымыздың мақтаныштарының атындағы көшелерде ұлттығымызға жаулық сағынған, сойқандық жасаған аруақ атқырлар қайтіп, не себепті теріс жолға түскен? Патриоттық, отаншылдық тәрбие-тәлімімізде не кемшілік жіберіп алдық.
Осыны да ойласуымыз керек.
Шериаздан ЕЛЕУКЕНОВ,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.