Ақындардың жүрегін сүю керек сұлулар
06.09.2024
255
0

Нұрдәулет ҚАБАСОВ

Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы,
Нұра ауылы

Кейде…
ұшып бара жатқан құстың жүрегінің дүрсілін сезем,
Сезем!
Сезгенімді айта алам ба?
Бір адам түсініп, не шешеді,
Мың адам байқағанда…
Әлде мына жүректі
Өз Жаратқанына қайтарам ба?!

Кейде…
Бөкеннің мөлдір көзіндегі мұңды көрем,
Көрем!
Көргесін де мұңданамын.
Тұлдыр етім дүрсілдеп, құндақ арым.
Білмеймін, не көрсетпекші бұл ғаламым,
Білмеймін, не дәлелдемекші бұл қаламым.

Кейде…
Алыстағы арланның ащы өзегіндегі айқайды естимін.
Естимін де тұншығамын,
Бұлай тексіз демікпес құрсын әлім.
Маған да өңеш біткен өмір болса,
Ұлы қырыңа бір шығармын.

Кейде, кейде…
Мына әлемнің барлық қиындысы жайлы ойланамын.
Ойлаймын да намыстанам,
Пенделерді қолына шам ұстаған,
Пейілді бірен-саран ар ұштаған.
Көлеңкесі қысқарған құжырадай,
сосын, өз-өзімнен қалыс қалам.

Кейде…
Барлық сұлулықты көрем,
Барлық сұлулықты сезем,
Сондықтан да…
Ақындардың жүрегін сүю керек сұлулар,
Сұлулықта суымайтын жылу бар,
Ақындардың ақыретін ұғыңдар.

* * *
Мына әлемнің өтірігі – мәңгілік,
Шындығы да – мәңгілік.
Құлдығы да – мәңгілік,
Ұрлығы да – мәңгілік.
Мәңгіліктің мәңгі ғапыл көзінде…
Менің тит­тей ғұмырым, отырады мәңгіріп.
Мәңгіліктің сағат­тары санаулы,
Мәңгіліктің аспаны да жамаулы.
Неге менің ғұмырымның рухы,
Жүрегімде қамаулы.
Мәңгіліктің
Мәңгіліктің ішінде,
Менің тәнім сіңіп кет­ті мүсінге.
Менің тауым маңып кет­ті басқаға,
Менің айым тамып кет­ті қасқаға.
Мәңгіліктің сен ілмеген кірпігі,
Мәңгіліктің мәңгі ғайып күркірі.
Мәңгілікке ұйықтап кеткен көзімді…
Уа, Тәңірім!
Оятарсың бір күні.

* * *
Көрініп Қараң төбе,
Аппақ шыңым,
Құдайын құдірет­тің сатпақшы кім.
Мен барлық дүниенің терезесін,
Өзімнің көлеңкеммен жаппақшымын.

Сен, мейлі,
Сенбе, қалқам,
Езіліп көнге жасым, шерге малтам.
Дауылда дамыл іздеп қалғып кет­тім,
Тершіп жер, терледі арқам.

Білмессің бұл ғаріптің туыспауын,
Дүние тар болған соң қуыстаумын.
Бұлт ішінде бұйығып сәби отыр,
мен ғой ол…
Тыңдашы аспан тыныстауын.

Ғайыпты білгісі кеп ғарасат жұрт,
Сұрайды Құдайыңды аласарт деп.
Тәңір-ау, жүрегімді жұлып берем,
Мынау жалғыз мендегі парасат деп.

Қайте­йін көзім көрік,
Бөзім бөрік,
Алсам ғой, жұмақта бір көз ілдіріп.
Ей, жалғанның жаутерек жалқы үміті,
Көлеңкеме сүйкенші өзің келіп.

* * *
Менің тәнім – құжыраның құймасы,
Тәңірімнің рухы бар ішінде.
Менің тәнім – лағынет­тің сыйласы,
Айналғанмын мүсінге.

Айналғанмын табыт­тар мен тастарға,
Менің тәнім сағанасы сүлдемнің.
Құдіретін таңып қойған аспанға,
Құдайымнан имендім.

Сүмбіл сәуле сыпырылып лыпамнан,
Менің тәнім нұр жамылған пейіште,
Менің анам жұмақ аңқып жұпардан,
Мені емізген иіскеп.

Өз жанынан жүрегімді тірілтіп,
Менің Тәнім, топыраққа иленген.
Менің атам қабырғасын суытып,
Хауасына үйленген.

Тәнім еркін,
Жаным әлі қапаста,
О, Тәңірім, салдақылық етпедім.
Тәубемді де қабыл алып, о баста…
Сайтанға да кет дедің.

Құл басымды құлқыныма билетіп,
Ібіліске әлі де айып тақпадым.
Исрафил сыбызғысын сүйретіп,
Айса түсіп жатқаны!..
О, Тәңірім, менің жансыз тәнімді,
Сайтандарға сатпағын.

Кешір мені, кең әлемнің патшасы,
Күнәм үшін жылармын.
Үгітілген асқақ-асқақ таулардың,
соңғы ақыны шығармын.

* * *
Әлемді сүйдім, әріңе сенің қаныққан,
Бәрін де сүйдім,
Бәрінен, сосын, жалыққам.
Бір-бірімізді білмей кетерміз біз осы,
Көрмей кетерміз жарық таң.

Күншіл де шығар,
Міншіл де шығар бұл шағым.
Алдап жүр бізді,
Алдап жүр бізді бір сағым.
Қалғып келем де, құлаймын сенің қойныңа,
Ей, қара түн, қараң құрсағың.

Сезімдей кейде,
Сенімге лайық болмаған,
Кінәлайды кеп,
Кінә артқысы кеп ол маған.
Дұрыс та шығар өз шешіміңді өзгертпеу,
Дұрыс та шығар өз жүрегіңді қорламау.

Батырлығым ба,
Батылдығым ба батпаған,
Өмір деп кейде, өлермендей боп шат­танам.
Сүюден ғана сұрақ іздейді көп ақыл,
Ақымақтығыңды ақтама!

Сүйіктілерім!
Сүйе білгендер бәрінен биік білемін.
Жолдарды кейде өзгерту керек сияқты,
Мен осы жолмен тағы да жүріп келемін.
Мен осы жолы тағы да күйіп келемін.

Білмеймін қайдан,
Тағатым күшім,
Қауыз дүние қанатып ішін.
А, Құдай бізге ару сүйдірген,
Әлемді қайта жарату үшін.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір