Қазақтың келіні қандай болуы керек?!
12.03.2024
711
0

Жарық дүниеге Жаратқанның бұйрығымен қыз болып келген жаратылыс иелерінің барлығы бой жетіп, кезі келгенде оң босағадағы орнын ақ шымылдықтың ар жағындағы жаңа өмірге айырбастауы, солайша бір үйдің, бір әулет­тің келіні атануы заңдылық. Бірақ екінің бірі «бүкіл ұлт­тың келіні» деген абыройлы атаққа қол жеткізе бермейді. Басқа ұлт­тарды айтпағанда, қазақтай келіннің ақ босаға ат­таған күнінен бастап, аяқ алысын сынап, қадамы құт­ты келінді күтетін халық кемде-кем, тіпті жоқ шығар…
Қазақ қызына қырық үйден, қала берді, есіктегі күңнен де тыйым салып отырған. Осының барлығы не үшін? Онысын халқымыз «ұл тәрбиелей отырып – жерді, қыз тәрбиелей отырып елді қорғаймыз» деп түсіндіреді. Міне, бір сөзбен-ақ қадап айт­қан. Ендеше, қазақта келін болу – тек өз ұрпағының ғана емес, тұтас ұлт ұрпағының жауапкершілігін мойынға жүктеу деген сөз. 

Кешегі қазақ келіндерінің кемеңгерлігі

Тарихқа үңілсек, өзінің ақыл­ымен, данышпандығымен өз ошағының ғана емес, ел-жұртының абыройын қорғап қалған келіндер тапқырлығы жайлы әлі күнге аңыз болып айтылатын әңгімелер қаншама?!. Соның бірі – ат тергеу хақында. Ертеректе бір қарияның балаларының аты Қамысбай, Қасқырбай, Қойбай, Өзенбай, Қайрақбай, Пышақбай, Баубек, Балтабай екен.
Балтабайы үйге келін түсіріп, сол жаңа түскен жас келінді сынамақ болған атасы өзеннің ар жағынан сасқалақтап жүгіріп келіп: «Судың ар жағында, қамыстың бер жағында қойды қасқыр жеп жатыр. Жылдам ауылға хабар бер. Балтабай пышақ қайрап әкеліп, адал бауыздап алсын. Мен қасқырды қуып кет­тім», – депті. Мұнысы – «қысылтаяң шақта келінім көргенсіздік танытып, өзінің қайын аға, қайын атасының атын атап қояр ма екен» деген ойы ғой. Сөйтсе, келіншек не істепті десеңші, шапшаң төбеге жүгіріп шығып, күйеуіне: «Шапқы-ау, Шапқы, шапшаң кел. Сарқыраманың ар жағында, сылдыраманың бер жағында маңыраманы ұлыма жеп жатыр. Атам жанаманы білеуітке жанып әкелсін дейді. Өзі ұлыманы қуып кет­ті», – депті.
Осы секілді ертеректе болған тағы бір оқиға: «Бір байдың ерке де есер жалғыз баласы біреудің жанынан артық көріп, бағалайтын жүйрік атын рұқсатсыз мініп кеткен екен. Оның әлімжет­тік жасап, өз байлығын місе тұтпай, өзгенің тәуірін иемденгеніне ыза болған ат иесі әлгі әумесердің отауына қарай ашулана бет­тейді. Қанша ұрда-жық болса да, ат иесінен именіп, айбатынан қорыққан бай баласы қат­ты сасқаны соншалық, тысқа шығып, істеген қылығы үшін жауап берудің орнына, көзі алақ-жұлақ етіп, үнсіз бүрісіпті. Күйеуінің сасқалақтағанын көрген байдың келіні сол кез­де сыртқа шығады да, ызаға булығып, алдындағысын жайпап кетердей болып келе жатқан ат иесінің алдынан шығып, тізесін бүге иіліп, сәлем салады. Қанша айбат көрсетіп, терісіне сыймай ашуланып келген адам болса да, мына көрініске таңғалып, кібіртіктеп қалады, әрі ашуын тежеп, сабырлы қалыпқа түсіп, келінге батасын береді. Өзін сыйлап, иіліп сәлем салған келіннің ізет­тілігі оны осындай күйге түсіріпті. Бай да ұлының айыбын жуып, тұлпарын ғана қайтарып қоймай, ат иесіне шапан жауып, ат мінгізген екен». (А.Болатханқызы. «Айқын», 2012 ж.). Бұдан нені байқаймыз? Екі үйдің арасында ұрыс-керіс, жанжалдың болмауына келіннің иіліп, бір ғана сәлем салғаны себеп болған.

Бүгінгі қазақ келіні қандай?

Батырлық және лиро-эпостық жырлар мен қанат­ты сөз, шешендік толғаулар, қай-қайсысын парақтап отырсақ та, ақылды жар, сұлу да сенімді қалыңдық, байсалды да мейірімді ана-әжелердің біразын көрер едік. Мысалы: Құртқа, Назым, Торғын, Қарашаш, тіпті бері келе Баян сұлу, Қыз Жібек, Ақтоқты, Құралай сұлу, әйтпесе, ұлт анасындай болған Абайдың анасы Ұлжан мен әжесі Зере, Шоқанның Айғаным әжесі секілді қазақ әйелдер галереясын тізбектеп шығудың өзінен көп нәрсені аңғаруға болады. Иә, біз батыл анадан, батыр анадан туғанбыз, біз ақын анадан, ақылды анадан туғанбыз. Біз – анамыздың жанарындағы күн нұрынан, кеудесіндегі жүрек жылуынан жаралғандармыз. Ал бірақ қазір осыны қазақ қызы сезіне ме? Қазір біз кімбіз? Қазақтың қызы, қазақтың қарындасы, қазақтың жары,қазақтың келіні, қазақтың анасы, болашақ қазақтың әжесі осы өмірлік рөлдердің бәрін орындай алып жүрміз бе, әлде тек қыз, әйел, ана ғана болып жүрміз бе? Кімнің жарымыз? Кімнің анасымыз? Алғаш ақ босағаны ат­тағанда біз тек бір үйдің емес, ұлт­тың ұйытқысы екенімізді, қазақтың келіні екенімізді сезінеміз бе?
Қарап тұрсақ, осы жолда қазір де бізге үлгі боларлық аналар, әйелдер аз емес. Соның көш басында күллі қазақ келіндерінің символына айналған Батыр атамыз, қаһарман тұлға Бауыржан Момышұлының келіні – жазушы Зейнеп Ахметова апамыз тұрса, Алаштың зиялы азаматы Иманғалидай ұлды дүниеге алып келген Ділдә Тасмағамбеткелінінің даналығы жайлы да ел-жұрт аз айтпайды. Билік басында жүрген ханымдардың арасынан отбасын, оның ішінде, өзінің келіндік парызын да мүлтіксіз атқарып, енесінің бабын тауып жүргендердің қатарында Данагүл Темірсұлтанованы атауға болады. Ол – Райымбек Сейтметовтей ардақты тұлғаның келіні. Бұл – тек біздің сырт­тай қарағанда, көзімізге түскені, ал мұндай үлгі тұтар келіндердің қазақта көп екендігіне күмән жоқ. Алайда бүгінде қазақтың ат тергеу, иіліп сәлем салу деген салт­тары қолданыстан қалып бара жатқан секілді. Тіпті қонақ келгенде табақты қалай дұрыс тарту керек, ата-енеге шайды қалай ұсыну керек деген қазақтың тек өзіне ғана тән салт-дәстүрі әр отбасында әдемі жарасымын тауып жүр ме?
ТҮЙІН: Осы орайда бір ұсыныс: қазіргі кез­де қыз балаға ақ босаға ат­таған соң, қайын жұртқа қалай сіңіп, төркінімен қандай қарым-қатынаста болуды, үй шаруасын қалай жақсы атқару жайын, қарапайым ғана шай құю, ет­ті қонаққа кәделеп ұсыну секілді тыңғылықты үйрететін келіндер курсы, тіпті Келіндер институтын ашуды қолға алу керек секілді.

Мәриям ӘБСАТ­ТАР

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір