«Әуелі адам болу керек…»
29.12.2024
334
1

Балалық шақ

1940 жылдары Әбіш Кекілбайұлының туған ауылы – Оңдыдан жүз шақырым жердегі Таушықта көмір кені табылған соң, Әбекеңнің ата-анасы кеншілер арасына көшіп кетеді. Дәл сол тұста соғыс басталады. Майданға алынғанда ол кісі барлаушылар ротасына барады. Үш рет жараланып, үшінші рет басынан оқ тиіп, елге қайтарылатын шешім қабылданады. Госпитальда жатқанда Сталинград шайқасы басталады. Аяғынан жүріп-тұра алатындар майданға жіберіледі. Сол күнгі соғыста оққа ұшады.
Бұл жағдайды Әбіш ағаға 1970 жылы елге барғанында, әкесінің майдандас досы Қайыр Құлбасов айтып берді. Ол кісі әкесінің нағашысы еді. Қайыр аға жараланып, елге қайтады. «Қатын-баласын жылатып қайтемін. Одан да үміт­терін үзбей жүре тұрсын» деп ойлапты. Әбекең ержетіп, үлкен азамат болған соң майдан шындығын айтып берді.
Сол Таушық деген жерде отырғанында, Астраханға де­йін келген неміс ұшағы теңізден өтіп, шахтерлер поселкесіне бомба тастайды. Бұл 7 қараша еді. Шеру тарқаған бойда, айналаны соқыр тұман басып кетіп, ұшқыштардың шахта эстакадасына тастаған бомбасы кірпіш зауытына ауысып түсті. Түскен жері ойылып, астында су жайылған кішкене көл болды. Әбекеңдер бала күнінде сол көлге талай шомылған.
1949 жылы Таушықтағы көмір шахтасы жабылды. Донбастан келген көміршілер өз отанына кет­ті. Әбіш ағаның отбасы Оңдыға қоныс аударды. Қоңторғай тірлік, жадап-жүдеген ауыл. Күн сайын жылап-сықтау…
«…Мектептің артындағы қара бұжыр үйге Аққаймақ күнде ымырт жабыла оралады. Терістіктен шығып алып, ұсақ қылауды үйіре ұйытқып тұрған кешкі жел инедей қадалып, бет шымылдатып барады. Жапа-жалғыз жылтыраған сығырайма терезеден сәл әрі ассаң – есік. Аязға ісініп долырып тұрған қараға­й есік ашқан-жапқаныңда бетіңнен қауып, баж-баж етеді. Табалдырықтан ат­тай бере-ақ қою түнекке сүңгіп кетесің. Оң жағың ала бөтен мұздап сала береді. Ол – төбесін, бұрыш-бұрышын қырау жайлаған тезек үй. Есігі жоқ. Терезе орнына тас қалап тастаған. Онысы да шұрқ тесік. Жел азынайды да тұрады. Қыз ол жаққа бет­темейді. Әрі қараңғы, әрі суық қара үңгір кісіні жұтып қоярдай. Зәрең кетеді. Аққаймақ шұғыл солға бұрылып, үйінің есігін іздеп, қабырғаны сипалай беріп еді, тас қараңғы ауыз үйдің түп жағынан әлдене жеңін қармай алды. Қыздың өн бойы мұздап қоя берді. Қолына іліккен таспа бауды жалма-жан жұлқып қалды. Анасы қорыққанын бірден біле қойды. Майданға биялай тоқып жіберуге түбіт иіріп отыр екен, ұршығын тастай сала қызына ұмтылды. Қапелімде жүрегін баса алмай, көкірегін ұстап қалт тұрып қалған Аққаймаққа шошына қарады.
– Не болды жаным?
– Мына жерде… ауыз үйде…
Сенекте ешкім көрінбейді. Есіктің топсасы кетіп, қанша тартып жапсаң да, қиыспай саңылау қалатын. Содан ұйт­қып қар кіріп, табалдырық алды ағарып көрінеді. Онда да кірген Аққаймақтың ізі ғана жатыр. Жаңылсын ауызүйдің түп жағына үңіліп еді, тірі жанның сесі жоқ. Тек үйдің төбесіне жеткізе сықап толтырылған дүзген.
– Жаным, жеңіңе дүзгеннің шырпысы тиген ғой, – деді Жаңылсын…»
Бұл – Әбіш Кекілбайұлының 1966 жылы жарық көрген «Бір шөкім бұлт» повесінен үзінді. Мұнда азын-аулақ ойдан қосылған тұстары болмаса, негізінен, өмірден алынған шындық бар.
Жоғарыда мектеп үйі сурет­теледі. Осыған қарап-ақ, сонау соғыс жылдарындағы жағдайды, ауылдың ауыр тұрмысын көруге болады.

Нұртас Оңдасынов шарапаты

Ол күнде кітап жоқ еді. Ұшып бара жатқан газет­ті қуып оқимын деп күлкіге ұшыраған. Сауат ашуы былай болды. Анасы шахтада көмір қазады. Айына бір рет аудан орталығына барып жәрдем алатын. Қызыл әскер отбасының мүшесі болып бала Әбекең де барады. Сондай бір жолы қайтып келе жатып, үңірейген үлкен үйдің тұсынан өткен. Құлазып бос қалыпты. Интернат екен. Балалары демалысқа кеткенде, дәптерлері шашылып қалыпты. Біреуін тауып әкелді. Маржандай тізілген әдемі жазу. Қарындашпен салған әдемі сызбалар. Есінен шығар емес. Ұмытпаса, 9-сыныптың тригонометриясы болуы керек. Соған үңіліп әріп таныды, еліктеп майда жазып үйренді. Мектепке бармай тұрып-ақ, қағаз көрсе құр жібермейтін. Мектеп табалдырығын ат­тағанда, бастауыш сыныптар ғана бар еді. Бірінші, екінші, үшінші сынып бір бөлмеде оқитын. Қай сыныптың сабағын сұрағанда да қолын алдымен, Әбіш аға көтеретін.
Үшінші сыныпта жүргенінде үлкен апасы ұзатылды. Кешқұрым балалармен бірге қат­ты ұйықтап қалыпты. Таңертең тұрса, апасы жоқ, орнын сипап қалды. Кешке де­йін күт­ті, келмеді. Сонда отыра қалып өлең жазды, туған әпкесіне деген сағыныштан туған жолдар еді. Ол өлеңді өзінен басқа ешкім оқыған жоқ, Әбекеңнің өзі де ұмытып қалыпты.
Ол кез­дегі мұғалімдердің абырой-беделі зор еді. «Мұғалім келе жатыр» десе, қандай қақаған суықта да бастарындағы бас киімдерін жұлып алатын. Қашан өтіп кеткенше, қайта кимейтін.
Бір қызығы, мектепте жүргенде Әбекең сабақ таңдаған жоқ. Қай пәнді де қат­ты қадірлейтін. Мектепте оқыған пәндер бойынша маман болуды армандаған емес.
Бір кез­де ауылға бейтаныс кісілер келіп, жөн сұрады. Айдаладағы малшы ауылда қайдан орысша білетін адам болсын. Азғантай білетін орысшасымен терлеп-тепшіп жауап берді. Ол – Иван Иванович Бок дейтін академик екен. Қаныш Сәтбаевтың тапсырмасымен Маңғыстауды зерт­теп жатқандарға келіпті. Әбекеңді қасына ертіп алды. Содан бастап экспедиция көрсе жүгіретін болды. Біресе геолог, біресе археолог болуды армандады. Бұйырғаны – филология. Бұлай болуына тосын оқиға себепші болды. Әбекеңдер мектеп бітірген жылы малшылыққа алып қалмақшы болып жатқанда, облысқа Нұртас Оңдасынов басшы болып келді. «Маңғыстауда малшы жетеді, балаларды жолынан қалдырмаңдар, оқысын!» – депті. Алматыға жетіп, университетке соңғы күні құжат тапсырып үлгерді.

Әдебиетке құштарлық

Балалық шағын сағынбайтын адам бола ма? Жоқтық көре жүріп, арманшыл бала болды. Сол арман жерге тастамады. 8-сыныпта жүріп, бір қазақ жазушысын оқығаны жадында. Ол алдында ғана өзі оқыған украин жазушысын еске салды. Екі кітап бірін-бірі қайталайды екен. Осы кітаптар жайлы жазған мақаласын газет­тен оқыған жұрт Әбекеңді үлкен кісі деп қалыпты. Екі жылдан ке­йін Алматыға келгенде, алдынан сол оқиға шықты. Жұрт қайран қалды. Әдебиетке келуіне сол жағдай әсер ет­ті.
Кітап арманшылдыққа баурайды
– XXI ғасыр ғылым мен технологияның, электрониканың ғасыры болып тұр. Компьютерге «байланған» балаларымыз да, үлкендеріміз де көркем әдебиет­ті онша көп оқымайтын болды. Неге деп ойлайсыз?
– Компьютер – өмір талабы. Оған жетік болып өскенге не жетсін, – деді Әбекең біздің қойған сауалымызға. – Алайда компьютерге сеніп, кітап оқымау өте зиян. Әуелі адам болу керек. Сосын, маман болу керек. Адамға адам болуды үйрететін – кітап. Дегдарлыққа әдебиет­тен басқа еш нәрсе де үйретпейді. Ең алдымен, арманшылдыққа баурайтын кітаптар керек.

Толымбек ӘБДІРАЙЫМ
Халықаралық «Алаш»
әдеби сыйлығының лауреаты

ПІКІРЛЕР1
Аноним 29.12.2024 | 15:43

Мына суреттегі Әбіш Кекілбаев, Иманғали Тасмағамбетов, Нұрлан Оразалин — Назарбаевтың жағымпаздары ғой. Соның арқасында қарындары тоқ болды. Назарбаевтың қолын сүйгенін айтсаңшы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір