«Судья үшін ең алдымен мінез керек»
28.04.2024
92
0

Кез келген демократиялық қоғамда заң шығарушы, атқарушы және сот билігі үстемдік құрады дейтін болсақ, шалыс басқанды берекеге шақырып, жаңылыс басқанды жауапқа тартып отыратын сот билігі – әділеттің жарқын көрінісі екені рас. Осы орайда бүгінгі еліміздегі аталған саланың жай-күйі жайында жұртшылық көкейінде жүрген сауалдың бірқатарын Алматы қалалық сотының судьясы Сәбетхан Сәкеновке қойған едік.

– Сәбетхан Сәкенұлы, еліміздегі үшінші биліктің хал-ахуалы жайлы өз ойыңызбен бөлісуге келісім бергеніңіз үшін алғысымызды білдіреміз. Әңгімемізді жалпы еліміздегі сот билігінің пәрмені қаншалықты деген сұрақтан бастасақ?
– Беріден қайырар болсақ, бүгінде сот билігінің беделі көңіл көншітеді деп айта алмаймын. Жай ғана, биліктің үш тармағы отырған ғимараттарды салыстырып көріңізші. Алматыдағы әкімшілік үйі мен соттар орналасқан ғимараттарды байқап жүрсіз ғой. Ал демократиясы дамыған мемлекеттердегі, мысалы АҚШ пен Италиядағы сот ғимараттары мен біздегі жағдай жер мен көктей. Одан кейін, әлеу­меттік қамтамасыз ету жағынан жалақы мәселесінде де сот билігін төмендету байқалады. Данышпан Абайдың өзі: «бірінші Алланы, екінші адамзатты, ал үшінші әділетті сүй» деген жоқ па. Ал әділетті атқаратын ең алдымен сот екенін ешкім жоққа шығара алмас. Сондықтан мемлекетте әділдік үстемдік құрсын десек, ең алдымен сот жүйесін жөнге қоюымыз керек. Демек, бүгіндері еліміздегі сот билігі атқарушы билікке тәуелділіктен құтыла алмай отыр деп айтуға негіз бар.
– Қандайда бір іс бойынша үкім шығару кезінде атқарушы биліктің ықпалы сезіле ме?
– Жалпы сот жұмысын алатын болсақ, атқарушы биліктің ықпалы басым деп ешкім айта алмас. Әрине, бес саусақ бірдей болмайтыны сияқты, жекелеген судьяларға мүдделі адамдар шығып, тілектерін айтуы мүмкін. Алайда бұл жап­пай құбылыс емес. Бізде заңды шығып жатқан үкімдер жеткілікті.
– Бұл сөзіңізге мақұл дейік. Соттар үкім шығарғаннан кейін көп ұзамай бостандыққа шығып жатқан қылмыскерлер туралы не дейміз? Халық соны көріп-біліп отыр. Сондықтан соттың әділдігіне деген сенімдеріне селкеу түсе бастаған…
– Өкінішке қарай, біз де осындай жайларға куә болып келеміз. Менің ойымша, бұл – жазалау ісіне саясаттың немесе ақшаның араласуынан болып жатқан әрекеттер. Әрине, біздің жағдайда қауіпсіздік комитетінің немесе прокуратура қызметкерлері, көп жағдайда басшылық тарапынан өтініш-нұсаулар айтылмайды деп үзілді-кесілді айтуға болмайды. Мақсат – осындай жайларды мейлінше азайтуға әрекет жасау.
– Елімізде сот үкімі үнемі әділетті шығарылады дегенге өзіңіз сенесіз бе? «Айран ішкен құтылып, шелек жалағандар тұтылып» жатқан жайлар қаншама. Мемлекет қаржысын миллиард­тап жымқырғандар жай ғана ескерту алып, тиынмен ұсталғандар сандаған жылды арқалап кетіп жатқанын қалай түсіндіресіз? «Жасаған қылмысына өкініпті» деген бір ауыз сөзбен мемлекетке опасыздық жасағандар жазадан құтылуда. Сонда бұл қай әділеттілік?
– Бұған қарсы дау айту қиын. Иә, біздің заңнамамызда «Жасаған қылмысына өкініпті» деген түсініктің бар екені рас. Алайда ол көбіне болымсыз қылмыс жасағандар үшін қолданылса керек-ті. Мысалы, айыбын толықтай мойындаған, бала-шағасы бар, бұрын теріс қылықтарымен көзге түспеген, абайсызда қылмыс жасағандардың жазасын жеңілдетіп тағайындауға болады. Алайда біздің кейбір судьялар мұны ауыр баппен айыпталушыларға қатысты да қолданып жүр. Не айтары бар. Адам факторы деген осы шығар.
Әлихан Бөкейханұлының: «Адамның еліне қызмет етуі – оның білімінен емес, мінезінен» деген сөзі бар. Әділетті үкім шығару үшін тек заңды жақсы білуі, кәсіптік шеберлігі аздық етеді. Бұл жерде судья үшін ең алдымен мінез керек дер едім.
Сонымен қатар бұл жерде әр судьяның кәсіби біліктілігі мен дайындығына, тергеу барысында жиналған деректер мен дәйектерді сарапқа салып, дұрыс баға беруіне көп нәрсе байланысты. Мысалы, жуырда ғана мен әйел зорлау әрекеті бойынша аудандық соттың үкімімен 15 және 5 жылға бас бостандығынан айы­рылған екі азаматты ақтайтын шешім шығардым. Екі жағдайда да әйелдердің қомақты қаржы алу мақсатында ақшасы бар азаматтармен өз еріктерімен әуейі болғаны айқын көрініп отыр. Тіпті біреуі, моральдық шығын ретінде айыпталушыдан 100 млн теңге беруді талап еткен. Біздің тәжірибеде адам өлтіргені үшін де ондай қаржы өндірілмейді. Ал іс қағаздарында жәбірленушілердің сөздерінен өзге зорлау фактілерін айқындайтын бірде-бір дәлел жоқ. Өкінішке қарай, еліміздегі заңдардың шалалығынан жазықсыз азаматтар жауапқа тартылып кетіп жатқан жайлар кездесіп қалады.
Азаматтық істерде жауаптасушы екі жақ өзара келісімге келе отырып, белгілі бір мәміле жасауға құқылы болса, қылмыстық істе айыптаушы нақты дәлелдермен жауапкердің қылмысын мойнына қойып беруге міндетті. Олай болмаған жағдайда айыптау үкімі шығарылмайды.
–Билігі және қаражаты бар адамдар мен қарапайым қарашаға қатысты шығарылып жатқан сот үкімдері жалпы халықтың наразылығын туғызып, әділетке деген сенімін азайтуда. Бүгіндері әр кеш сайын телесериал сияқты күтіп жүретін Бишімбаев ісін алып қарайықшы. Ауыр қылмысы үшін ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылған министр бір жыл өтпей жатып президенттің рақымшылығымен бостандыққа шығады. Одан кейінгі әрекеті әлгіндей. Сонда сот шешімін атқарушы билік өкілі өзгерте салса, оның қай жері әділетті және мұндай фактілер тек бұл емес…
– Өкінішке қарай бізде 30 жыл бойы әділеттің ең жоғарғы инстанциясы бір адам болып келді емес пе. Қажет десе орайын келтіріп отырғызады. Қателігін мойындап кешірім сұраса, босатып қоя береді. Мұның бәрін көзіміз көрді. Бишімбаев ісі – осының нақты дәлелі.
– Бишімбаевтың сотын осынша шоуға айналдырудың қажеті қанша? Адам өлтіру фактісі айқын. Қылмыскердің аты-жөні белгілі. Жай ғана үкім шығара салса болмас па еді?
– Бұл жерде айыпталушының қылмыскер екенін сот шешімі шыққаннан кейін ғана айтуға құқымыз бар. Кез келген іс бойынша үкім шықпай тұрып адамды қылмыскер деп атауға тиым салынған. Ал Бишімбаевтың ісін жалпы жұртшылыққа жария болатындай етіп ашық жүргізу елімізде бірінші рет орын алып отыр. Демек, ол бойынша кез келген журналист, блогер, жай ғана қатысушы өз ойын айтуға құқылы. Тек бұл жерде сот пен айыптаушы тараптың әрекетіне теріс баға беріп, жұртты жаңылдыруға, ар-намысына тиюге тыйым салынған. Олай болған жағдайда дереу жауапқа тартылуы мүмкін. Мұндай шулы істер әлемдік тәжірибеде бар нәрсе. Мүмкін болашақта қоғамда осындай сот­тарға қатысты мәдениет те қалыптасар. Ал әзірге көріп отырғанымыз осы жай. Дегенмен, бұдан аса бір қауіп көрудің де қажеті жоқ деп есептеймін. Бәрін уақыттың өзі екшеп береді.
– Сіз елімізде алқабилер сотын енгізуді қолдамайтыныңызды ашық айтып келесіз. Әлемдік тәжірибеде қолданып жүрген бұл тәсіл сізге несімен жақпайды?
– Иә, дәл қазір Қазақстан жағдайында бұл жүйе өзін-өзі ақтамайды деп есептеймін. Алқабилерді іріктеп, олардың жұмыс уақытын қаржыландыруға кететін қомақты қаражат мәселесі – өз алдына бөлек әңгіме. Мәселе, алқа мүшелерінің кәсіби заңгер болмағандықтан сот процесін дұрыс түсінбейтінін, көбіне-көп аяушылық сезімге, эмоцияға беріліп, нағыз қылмыскерлерді ақтап жіберетінін көріп келеміз. Оларға сырт­тан жасалатын қысымның бар екенін, алқа мүшелерін толықтай қорғауға ала алмайтынымызды қоссақ, оның тиімдігі аз екенін аңғарар едік. Мысалы, Ақмола облысында ауыр қылмыс жасаған азаматты алқабилер ақтап жібергеннен кейін іс Қарағанды қаласының сотына қайта жіберіліп, алқабилер тағы екі мәрте ақтап шығарған. Енді бұл іс төртінші рет сотқа жіберіліп отыр. Ол жерден де лайықты жазасын алады деуге сену қиын. Өйткені айыпталушы тарап тағы да алқабилер сотын талап етуде. Кеңесетін бөлмеге кірген 10 алқаби мүшесінің көбі кінәлі емес деп шешсе, сот соны қабылдауға міндетті. Мұндай жағдайлар ел көлемінде жетіп артылады. Сондықтан алдымен алқабилер институтын қалыптастыратындай мәдениетке жетіп алуымыз керек. Өркениеті өркендеген АҚШ-қа барғанымызда елімізде алқабилер сотын енгізіп жатырмыз деп мақтанғанымыз бар. Сонда ол жақтың судьялары: «Бекер жасаған екенсіңдер. Біз осы жүйеден құтылудың амалын тап­пай келеміз. Бізде қалыптасқан жүйені өзгерту, заңдарды қайта жазу – өте қиын әрі күрделі шаруа…» – дегені есімде. Ал біз болсақ, өзгенің ескісін қабылдауға келгенде алдымызға жан салмаймыз.
– Қазір әлемдегі үрдіске ереміз деп гендерлік саясатты елімізге дендеп ендірудеміз. Бұл әйелдердің құқығын қорғайды дегенімізбен, бала тәрбиесіне, отбасы берекесіне игі ықпалын тигізеді деп сенесіз бе?
– Иә, ішіп алып әйелдеріне қол көтеретіндер, үйдегілерге әлімжеттік жасайтындар бар екені рас. Ондайларды дер кезінде жауапқа тартып отыру қажет деп есептеймін. Бірақ әйел мен балаларды қорғаймыз деп ата-бабаларымыз ғасырлар бойы қалыптастырған салт-дәстүрімізден, береке-бірлігімізден айырылып қаламыз ба деп қорқамын. Қазақта «Басқа пәле тілден» деген тәмсіл бар. «Екі елі аузыңа бес елі қақпақ» дегенді де айтқан қазақ. Ер адамдар ұрсысып тұра алмайтын болғандықтан шапалаққа жүгінетіні де жасырын емес. Ендігі уақытта тәйтік қатынына «тәйт» деп айта алмайтын ерлер, сәл кикілжің шықса күйеуін қаматып тастайтын әйел­дер қаптамасына кім кепіл?! Түрмеге отырып келгеннен кейін әйел мен ерінің арасында махаббат оты қайта тұтанып, тату-тәтті тірлік кешетін болады деп айта аламыз ба? Осының барлығы отбасы институтының әлсіреп, айырылысудың еселеп артуына апармай ма? Ал бала тәрбиелеудегі әкенің рөлін қайда қоямыз? Қаматып тастай ма деп әйеліне бір ауыз сөз айта алмайтын әкеден балалары имене ме, сыйлай ма?! Сұрақ көп, жауап жоқ… Бұл жерде ерлі-зайыптылардың арасындағы жібектей нәзік қарым-қатынасты заңның күшімен қалыпқа саламыз деу бос әурешілік пе деймін.
Қит етсе Еуропаны үлгіге алатынымыз бар. Оларда осындай еркіндіктің ақыры бір жыныстылар арасындағы қарым-қатынас – әйел мен әйел, ер мен ерлер арасындағы некеге алып келді емес пе. Бұл дегеніңіз дінді былай қойғанда, жаратылыс заңына кереғарлық екенін несіне жасырамыз. Енді дамыған батыста еркектерді қорғайтын заңдар қабылданып жатыр деп естиміз. Егер, бұл мәселеге жауапсыз қарап, дәстүр-салтымыздан ажырайтын болсақ, біздің де барар жеріміз сол болмақ. Сондықтан отбасы мәселесіне келгенде аса сақ болу керек дер едім!
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір