Әйгілі эпик ақын, композитор Иса Байзақовтың туғанына 125 жыл
Иса БАЙЗАҚОВ
Желдірме
(Бірінші нұсқасы)
Ал алқа, келді кезің жайнайтұғын,
Бұлбұлдай бақшадағы сайрайтұғын.
Өнердің қиясына шыққан сайын,
Болаттай тастан табан таймайтұғын.
Жөнелдім желдірмемен желдей есіп,
Қырандай аспандағы талмайтұғын!
Тізейін өлеңімді меруерттей,
Есінен жұртшылықтың қалмайтұғын.
Дабылы дауылпаздай шарықтаған,
Екпіні самолеттей заулайтұғын.
Талапты жастарымыз үйреніп ал,
Ән еді желдірме атты самғайтұғын.
Құлаштап өлеңіммен шарықтаймын,
Қарыштап шапқан сайын жалықпаймын.
Гүлденген күннен-күнге Отанымның,
Өскенін айтқан сайын анықтаймын.
Шаттықтың желдірмесі, міне, қандай,
Құйылған үсті-үстіне үні талмай.
Талапты өнерпазы заманымның,
Тасқыны өрге жүзген дәл осылай.
ҚҰРАЛАЙ СҰЛУ
(дастаннан үзінді)
VIII
Келер түн ың-шың дыбыс тағы да өлді,
Ұйқысыз біз күзеттік қалың елді.
Жәйшағыр деген ханның тұлпарымен,
Торғайкөкті Құралай алып келді.
Тасалап түн қолтығын кеттік жүріп,
Арқаның жөні осы деп желі құрып.
Жансыз түнде тұлпардың дүбірімен,
Тас құлағын салғандай бұғып тұрып.
Екі жастың тілегін тілегендей,
Жер үстіне қараңғы тұр жығылып.
Аңқау дала аңырап айналадан,
Таулар да бас иеді тәжім қылып.
Сылдыраған бұлақтың даусы да өшіп,
Дүбірдің екпініне тұр тығылып.
Қатты жүрген жүйріктің екпінімен,
Бетті сүйіп желпіп тұр жел де күліп.
Үміт қуған жүректің тиышы кетіп,
Дем ала алмай келеді жан тұншығып.
Талай алқап қарсыдан өрлеп асып,
Талай биік таулардан кеттік шығып.
«Таң сызылып пердесі көтерілді,
Сәулемен қараңғылық итерілді,
Өлкеден қараңғылық үн шығарып,
Түрлі күй, мың дыбыспен жан тірілді.
Жас кетті киіктей ат атылдырған,
Жұпарлы далаға бой жатылдырған.
Жарқырап күн де шықты, жарық жетті,
Патшасы бар әлемнің әділ тұрған.
Анасы махаббаттың жер құлпырды,
Нұр төгіп жер-жаһанға күн құлпырды,
Теңбіл аспан тесіле қарағандай,
Далада тағыға еріп кім құлпырды?
Жұмбағын сол күндердін жұтып өткен,
Құлдары махаббаттың жас құлпырды.
Адам деп соны да мен ойлармын ба,
Түсініп тыңдамаса мұндай сырды…
Жәйшағыр қане жүр деп елең етед,
Торғайкөк шұлғып тастап,сып-сып етед.
Киінген асыл киім жас Құралай,
Қадаған бриллианттай жалт-жұлт етед.
Мөлдіреп екі көзі қарақаттай,
Нұрланған екі беті жарқ-жүрқ етед.
Тұлпардың жалы су-су, тақым ду-ду,
Сүйріктей сұлу қолын ербендетед.
Арудың аппақ тәні қажыды-ау деп,
Менің де айтқан сайын мазам кетед.
Сардала сағым ойнап сақ-сақ күлді,
Таулар да көк садағын мойнына ілді.
Басына бір биіктің шыққан кезде,
Құралай қуғыншыны қарап білді.
Алыстан шұбатылып ұшқан тозаң,
Кешікпей жақындасып бізге келді.
Сейқыннан басқалардың көбі түгел,
Есебі жүзден аса көзге ілінді.
Жөнелттім Торғайкөкпен Құралайды,
Бұл жаудан енді аяну жарамайды.
Сейқынның үлкен ұлы Дауыл батыр,
Көлденең мені жан деп қарамайды.
«Әуелі сол сайтанды шаншайын» деп,
Жөнелді қуып Дауыл Құралайды.
Жәйшағыр астымдағы құстай ұшты,
Ұмтылдым төтесінен біліп жайды.
Шашағы найзасының желк-желк етіп,
Айбалта, қылыш, қанжар жарқ-жұрқ етіп,
Тістеніп көзі жайнап о да ұмтылды,
Айқасып найза салдым, қуып жетіп.
Қырандай көз айырмай Дауыл қақты,
Көк найзам күл-күл болды күміс сапты,
Ол салды айбалтамен, мен сермедім,
Сынығын найзасының аспанға атты.
Суытпай қорамсақтан салып өттім,
Арам тән аударылып сеспей қатты.
Баяғы қарақасқа атты қара қалмақ,
Тез жетіп, менен бұрын ұстады атты.
Шапқанша садағыммен тартып кеттім,
Төбедей төңкеріліп о да жатты.
Тайсалды кейінгілер бір-бірлеуге,
Жан шіркін жаман итке қандай тәтті.
Садақпен суылдатып оқ жаудырдым,
Ажалдың айғағы боп қандар ақты.
Жанымның жаралары жазылғандай,
Аз да болса айызым тыным тапты.
Ажалдың күйін шертіп содан былай,
Шу мен шаң өлкені алды қулай-қулай,
Жаралы жан, жансыз тән даланы алып,
Он сан адам қырылды өлімге улай.
Қиянатшыл өмірдің таласы үшін,
Сорлы адамзат қырылды-ау талай-талай.
Ер ашынса еңбегі еш бола ма,
Бір өзім көпке тұрдым жан аямай.
Басшыдан қырық шақтысын құлатқан соң,
Қалғаны тоз-тоз болды шыдай алмай.
Тізе қосып бірлесіп шаппаған соң,
Қасқырға сыртын тосқан болды қойдай.
Быт-шыт боп жеңілгені тұра қашты,
Ыңырсыған өліктер қалды солай.
Қанымда кешілместей кегім қалған,
Тапқандай, тыныс алдым көңілім жай.
Бір тауда қарауылдап құт дегенмін,
Іздедім серігімді содан былай…
Бағана жау жеткенде жас Құралай,
Атылған алдындағы тауға қарай.
Келденнің бекін деген шатқалында,
Соғыстың соңын күтті жылай-жылай.
Құйындай ығы-жығы жауды көріп,
Тілейді, сақтай көр деп, жасаған-ай!
Өңіне үміт үзген қауіп кіріп,
Атынан жерге түсті шыдай алмай.
Не болмақ, менің күнім Келден өлсе,
Мәңгілік тағдыр ойнап уын берсе,
Хандардың енді бетін қайтіп көрем,
Мені де күң қылатын кезек келсе.
Тұтқынға жастай түскен алтын анам,
Қайтпекпін маған соның жолын берсе,
Анамның аманатын іске асырмай,
Арыма не демекпін әсіресе.
Сүйгенім көптен жалғыз арманда өліп,
Алмақ па ханның қолы мені жеңіп…
Қуарып екі беттің қаны қашып,
Жығылды тасты қүшып жылап келіп.
Тұлпар тұр, тас қойнында жатты сұлу,
Үмітсіз түнғиыққа батты сұлу.
Үмітін ақыл қалып, сезім билеп,
Бір оңай істің жөнін тапты сұлу.
Тез тұрып алмас қанжар қолына алды,
Аяр жан сорлы жаста қанша қалды.
Алмастың суық жүзі ой түсіріп,
Кідіріп бір минөтке сынға салды.
Мен өлем, Келден қайтед тірі қалса,
Өлтірмей қалмақ ұстап байлап алса.
Өлмейін сүйгенімнің ісін білмей,
Кім білед, бағым жанар тірі қалса.
Соны ойлап шықты сұлу тасқа өрмелеп,
Ажалға ашық күші болды себеп.
Жау қашқан, Келден тосқан жерге қарай,
Дірілдеп көз жіберді сұлу жүдеп.
Жау жеңіліп майданда Келден қалған,
Жәйшағыр ор қояндай ойнақ салған.
Керек-керек қаруды жиып алып,
Жүгіртіп келеді екен тауға таман.
Кенеттен өңі кірді жас баладай,
Жүгірді түсе сала атқа қарай.
Қарсы шауып шатқалдан шыға келіп,
Жолықты Келденімен жас Құралай…
Мақтанып қуандырдым қысып, сүйіп,
Қатарласып бетіме беті тиіп.
Сылқылдап жетім сұлу сүйдіргенде,
Жаны қүрғыр жай таппай кетті күйіп.
IX
Күні-түні Бетпақтың шөлін басып,
Алабынан адастық арман асып.
Кез болдық қалың қамыс бір қопаға,
Шаңқай түстің кезінде қалжырасып.
Мен айттым тынығуды ат шалдырып,
Құралай ұнатпады түйсін кіріп.
– Ұры-қары, зияны бар жер шығар,
Түспе! – деп, безектеді тілек қылып.
Көнбедім, дем алсын деп тілегіне,
Түсінбей түйсін кірген жүрегіне.
Күлместей күлмей өткен сорлымын ғой,
Арманда әлі өкінем керегі не?
Аунатып тұлпарлардың ерін алдық,
Тамақ ішіп, жайланып тынышталдық.
Әуе жерге түскендей ыстық күшті,
Салқындап шомылуға көлге бардық.
Бір суда жас Құралай жалғыз қалды,
Қалжырадық, ыстықтан бас айналды,
Құралай ұялам деп шешінуге,
Шомыл деп менен бөлек тілей қалды.
Тілегін бермейтұғын шамам бар ма,
Жас жүрек құл емес пе сүйген жарға.
Түспе! – деді, қопаға мен түспедім,
Ылғи ғана мен жеңсем жөн бола ма?
Иіліп ой ойлаған қамыс, қоға,
Сыбдырсыз мұңайғандай төмен бұға.
Аспанның тақталаңған бұлттары,
Суретін түсіріп тұр мөлдір суға.
Жалаңаш сұлу тұрды күмән алып,
Қанды көл, қопа басты шыр айналып,
Күмістей аппақ тәнге күн шағылды,
Білек, балтыр қояндай жұмырланып.
Астында қара шаштың көз жаудырап,
Еркелейді, өзіне-өзі құмарланып.
Екі алма аналықта алдиярлап,
Күліп тұр жас балаша, шамдай жанып.
Жамбыдай тән үстіне әліп тартып,
Мықынсыз сұлу суға кетті батып.
Қанатымен қағынған аққуға ұқсап,
Шомылды сумен ойнап шапылдатып.
Астында шам, үстінде құндыз жүзіп,
Ақ қайрандай денесін қимылдатып.
Шошытты Құралайды суда ойнаған,
Әлде не жан, қамысты сылдыратып.
Кешікпей қайтып келіп тұрағыма,
Қарадым, жарымды іздеп жан-жағыма.
Бұл неге кешікті деп іздегенше,
Шыңғырған дауыс келді құлағыма.
Тұла бойым шымырлап мұздап кетті,
Не пәле ұшырады деп қарағыма.
Жүгірдім өзім тастап кеткен жерге,
Оғын сала әзірлеп садағыма.
Дамылсыз дыбыс күттім демім санап,
Әлсіздеу ішін тартты тағы жылап,
Қоян алған бүркіттей шөге түсіп,
Құралайды жолбарыс жатыр талап.
Тұра ұмтылдым, садақпен қалдым тартып,
Жолбарыс та жығылды сеспей қатып.
Қуанышым, қуатым, жан серігім,
Сұм ажалға кез болды түзде жатып.
Қайғы басты қараңғылық қамағандай,
Қоштасып копа бірге жылағандай,
Жаралы тәнін құшып Құралайдың,
Сорлы жан, мен күңірендім содан былай.
Айырылдым өмірімнің жарығынан,
Алып келіп, қопаға тілін алмай.
Жасымнан көргенімнің бәрі қайғы,
Жас жанды аямаған жасаған-ай!..
Несіне сенен қалып тірі жүрем,
Мені де алсын сенімен, тірі қоймай.
Өлейін деп қолға алдым қанжарымды,
Құралай ыңырсыды қозғала алмай.
Жібек шаштың астында қанданған бет,
Жарадан қан саулады, дірілдеп ет.
Күңіреніп басында Келден отыр,
Құралай көзін ашты екі-үш рет.
Сөйледі жүзіне өлім нұры кіріп,
– Құшағын жайып тұр ғой анам келіп,
Қиянатпен тууыма себеп болған,
Жауыз Сейқын жоқ болды бір көрініп…
– Жан анам, барайын ба? Барайын деп,
Риза бол балаңа деп, қойды күліп.
Аздан соң Келденіне арыз айтып,
Есіл қыршын жан беріп, кетті үзіліп…
Құралай бұл сөзді айтқан сонда маған,
– Сүйіктім, тілегіңе жетпей қалған,
Мен өлсем де мақсатқа жетіп өлдім,
Анам сөзін орындадым мойныма алған.
Сен де жет тілегіңе әуелдегі,
Шерін жаз жүрегіңнің жараланған,
Мен өлді деп сен өлме, өмір тіле,
Дұшпаныңнан кегіңді ал назаланған.
Басында қабыл болды біздің тілек,
Өлсем де сол ісімді қылам тірек.
Өмір сүріп, өркендеп, ұрпақ өсір,
Соны сенен тілейді сүйген жүрек.
Жас шығармай мөлдіреп екі көзі,
Осы еді Құралайдың айтқан сөзі.
Уәде деп зарланып серт айтқанда,
Куә болып үн қосқан жердің жүзі.
Сұлудың Құралайдай сол болды ісі,
Жеткендей ұмытуға кімнің күші,
Монтайым, қартайғанша қасіретім сол,
Арман ба, емес пе арман, маған осы?
Осыны айтып кеңкілдеп Келден жылап,
Алдын жуды сақалдан жас домалап.
Бұл арман Монтекемнің күйін шертіп,
Мұңдасты екі кәрі бірдей жылап.
– Дариға-ай, талай жаудан кегімді алдым,
Соғысты бұл алапта талай салдым.
Үш-ақ күн өмір сүрдім үш мыңжылдық,
Не керек жазылмайтын дертте қалдым.
Деп Келден тамам қылды барлық сөзін,
Қартайтқан бұл қайғымен бейшара өзін.
Жазалы кім, жазасызды күйдірген кім?
Тексерші өткендердің әрбір ізін.