МАМАНИЯ МЕКТЕБІНІҢ ТҮЛЕГІ Алаш қайраткері, педагог, ақын Біләл Сүлейұлының туғанына 130 жыл
23.09.2023
546
0

Біләл Сүлейұлы 1910-1911 жылдары Мамания мектебінде оқыған. Бұл жылдары оның жас шамасы 17-18 жаста болатын. Бала жасынан талапты, алғыр болып өскен шәкірт ең алғаш өз әкесі Сүлейден тәлім алып, қара таныған.

Студент Біләл Сүлейұлы, 1912 жыл

Мамания – Жетісу өңірінде ашылған алғашқы мектеп. Тұрысбек, Сейітбаттал және Есенқұл Мамановтардың демеуімен ашылған жеке медресе-мектеп. 1899 жылы негізі қаланған оқу ордасы 1908 жылға дейін медресе, кейінірек үш сыныптық бастауыш мектеп болған. 1908 жылдан бастап Есенқұл қажының ұйымдастыруымен 8 сыныптық мектепке айналған. Дәулетімен ұлтына қызмет еткен Мамановтар әулетінің Қарағаш қаласындағы мектеп-медресесіне ХХ ғасырдың бастапқы жылдарында Уфа, Орынбор, Омбы, Санкт-Петербор, Каир сияқты үлкен шаһардағы алдыңғы қатарлы оқу орындарын тауысқан азаматтар жұмысқа шақырылып, сабақ берген.
Біләл Сүлейұлы осы мектепке қа­был­данған жылдары оқытушылық-пе­даго­гикалық құрамда атақты заңгер, үлкен оқымысты, 1894-1909 жылдары империяның құзырындағы мемлекеттік қызметте болған Барлыбек Сырттанұлы, Нажар Әбішев, Ахметкерей Ғабитов, Мұхаметқали Есенгелдин, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Мұстақым Малдыбаев сынды тағы басқа танымал ағартушылар дәріс оқып, шәкірт тәрбиелеген. Осы жылдары Барлыбек Сырттанұлы «Орыс тілі», «Орыс әдебиеті», «Құқық», «Заң тарихы» пәнінен, Мұстақым Малдыбаев «Есеп», «Физика», «Пайғамбарлар тарихы», «Фиқһ», «Ислам тарихы», «Ана тілі» пәнінен, Мұқаметқали Есенгелдин «Тарих», «Жағырапия» пәнінен, Ахметкерей Ғабитов «Бастауыш білім», «Дүние тарихы» пәнінен, Ғабдолғазиз Мұсағалиев «Араб тілі», «Түрік тілі», «Дін тарихы», «Ана тілі» пәндерінен сабақ берген.
Мамания мектебінде оқыған Есенқұл қажының баласы, көрнекті лингвист-ғалым Ыбырайым Мамановтың естелі­гінде: «… Мамания мектебінде 1909-1912 жылдары шәкірт саны 200 болыпты. Түркия, Қазан, Уфа, Семей, Орынбор тағы басқа әр жақтан келген 16-17 мұға­лім 4-5 жылға келісімшарт жасап, дәріс берген. Мектептің мұғалімдері осы аймақ­тың оқу-білімге сусап отырған жастарына өздерінің ұстаздық парызын ақтауда күш-қуатын, ақыл-парасатын аяған жоқ.
Аздаған уақыттың ішінде мектептің абырой-атағы бүкіл өңірге жайылды. Бұл – шәкірттерге білім берген ұстаздардың жемісі еді. «Ұстаздар мектептің қалыптасуына, оқу-тәрбие жұмыстарының сапалы және жүйелі жүруіне, рухани баюына негіз салды» делінген. Осы деректі негізге алсақ, аталмыш білім ордасында сол заманның озық ойлы, прогрессивті мұғалімдері қызмет етіп, Ақсу, Қапал, Арасан атырабын қоныстанған жұртқа білім-ғылым дәнегін сепкен.
Тағы бір дерекке зер салсақ, «Жетісудағы 8 жылдық дүниетаным мектебінде 11 пән жүйелі оқытылған. Мысалы, мынадай пәндер оқытылыпты: 1) Қазақ тілі (Оқу, жазу) – 1 сыныптан, 2) Есеп (Математика) – 1 сыныптан, 3) Иман-шарб – 2 сыныптан, 4) Құран – 2 сыныптан, 5) Орыс тілі – 3 сыныптан, 6) Пайғамбарлар тарихы – тек 3 сыныпта ғана оқытылған, 7) Жағырапия – 3 сыныптан, 8) Зоология – 4 сыныптан, 9) Ислам діні тарихы – 4 сыныптан, 10) Татар тарихы – 5 сыныптан, 11) Хадис (Пайғамбар өсиеті) – 5 сыныптан. Осы пәндердің сыртында баланың жас ерекшелігіне, қабілетіне қарай қосымша «логика», «еңбек», «іс тігу», «бұйым жасау», «қолөнер», «түркі тарихы», «әдебиет тарихы», т.с.с. пәндер де оқытылған. Сонымен қатар Мамания мектеп-гимназиясының жанындағы мешіт молда-ұстаздары Хасен, Қожах­мет интернат-пансионат оқушыларына түстен кейін қисса-дастан, Қ.Ясауидің хикметтерін, «Сияр шәріп», «Қисса-сул-әнбия» тағы басқа діни әдебиеттерді оқытып, ер балалардың діни сауатын төл құндылықтарымызбен арттырған екен. Хасен ұстаз Бұқарадағы атақты Мир-араб мектеп-медресесін озық тәмамдаған кісі» делінеді.
Мамания мектебіндегі ұстаздардың көбі өркениет ошағы болған үлкен шаһарда оқыған аса мәдениетті кісілер еді. Сөздің реті келгенде Алаш мектебіне айналған ырысты шаңырақтағы мұғалім­дер туралы айтайық. Мысалы, Барлыбек Сырттанұлы 1886-1890 жылы Петербордағы Императорлық университетте оқығанда Абдолла Теміров, Бақытжан Қаратаев, Жанша Сердалин, Бақтыкерей Құлманұлы бастаған замандас қазақ жастарымен бірге «Жерлестер» ұйымын құрған. Ұйым мүшелері патшалық астанасындағы түрлі әдеби кештер мен саяси жиындарға, демонстрациялық басқосуға қатысып, белсенділік танытқан. Барлыбек Сырттанұлы студент кезінде әдеби кітаптарды көп оқыған. Стипендиясына үнемі кітап сатып алып отырған. Оқу бітіріп, қолына дипломын алып, туған жеріне келгенде өзімен бірге екі мың кітап ала келген екен. Анығында, Барлыбек – қазақ тарихындағы жеке кітапханасын жасақтаған оқымыстылардың бірегейі. Барлыбек А.Пушкин, Л.Толстой, И.Кры­лов, И.Тургенев сынды орыс клас­сик­тарының кітаптарын сүйіп оқыған.
Орыс, түрік, татар, араб, парсы, испан, француз, неміс сынды сегіз тілді еркін меңгерген, Мысырдағы заң факультетінің студенті болған Ғабдолғазиз Мұсағалиұлы – қазақ қаракөздерінің арасынан алғаш болып әл-Азһарда білім алған тұлға.

Жетісудан шыққан зиялылар Отырғандар (солдан оңға қарай): Біләл Сүлейұлы, белгісіз, Бибінұр Есенқұлқызы, Фатима Ғабитова, Аманша Жансүгірова. Тұрғандар: Әлібек Қалымбекұлы, Ілияс Жансүгірұлы, Керімқұл Есболатұлы, Әукен Мұқашұлы. Алматы, 1925 жыл.

Қияндағы Мысыр, ежелгі араб мәдениеті мен әдебиетінің ордасы болған шаһарда оқуға ынтық талапты жас өзінің қайрат-қажырын тек ізденіске жұмсаған. Тарих ғылымына аңсары ауған. Мысырдың бай кітапханаларын сүзіп, халифат дәуіріндегі ескі қолжазба мұралармен танысқан. Шығыс елдері мен түркі халықтарының ежелгі тарихына, этнографиясына, әдебиетіне қатысты деректерді жинаған. Кейіннен сол Мысырда жүріп оқыған еңбектерін қазақ оқырмандарына ұсынған болатын.
1907-1908 жылы университет студенті араб тілді әдебиеттегі «Гүлжиһан» деген әйгілі дастанды жаттап алған. Оны тек жаттап қана қоймай, нәзира үлгісімен қазақ тіліне аударған-ды. Тарихи дерекке сүйенсек, «Гүлжиһан» 685 жылы Сирияның Дамаск қаласында жазылған лироэпостық шығарма-тұғын. Мысыр университетін бітіргеннен кейін қыпшақ нәсілді ер жер-жиһанды толық аралап көрмек үшін саяхат жасаған екен. Үнді мұхиты арқылы кемемен Африка, Азияны аралапты. 1909-1910 жылдары Түркия, Үндістан, Пәкістан, Индонезия, Жапония елдеріне саяхат жасап, жол бойы көрген-білгенін хатқа түсіріп, сол жерді қоныстанған ұлт пен ұлыстың тұрмыс-тіршілігі, салт-санасы туралы сапарнамалық очерк те жазған. Ғылыми-танымдық бағыттағы «Мысыр» сапарнамалық мақаласы «Айқап» журналының 1914 жылғы №24 санына жарияланған болатын.
Жиһанкез Ғабдол 1910 жылдың көктемінде Ыстамбұл шәріндегі мешіттердің бірінде екі қазақ баласын кездестіріпті. Бұлар – сол заманда аты да, атағы да шартарапқа кеңінен жайылған Маманов-Тұрысбеков әулетінің ұрпағы Есенқұл қажы мен оның көпес досы екен. Түркия арқылы үшінші рет үлкен қажылық сапарға бара жатқан Есенқұл қажы Ғабдолғазиздің терең біліміне сүйсініп, оны өзі ашқан Жетісудағы Мамания мектебіне оқытушылық қызметке шақырыпты. Ауқатты байдың ұсыныс-тілегін қабыл алған Ғабдол күз айында Жетісу топырағында кездеспек ниетін білдіріп, қажыны үлкен жолға шығарып салған екен-мыс.
1910 жылдың күзінде уәделі сөзі бойынша Жетісуға келіп қоныстанған. Әуелде мұғалім болып, ер балаларға «Жағырапия», «Мұсылман тарихы», «Мұсылмандық шарты», «Дүние тарихы», «Жаратылыс тарихы» пәндерінен дәріс оқыса, 1911 жылдың қарашасынан бастап аталмыш мектептің мүдірі (директоры) қызметіне тағайындалған-ды.
Мамания мектебінің жанынан әнші Майра Уәлиқызы көркемөнерпаздар үйірмесін ашып, ән, театр, би бағытында жұмыстар жүргізіпті. Міржақып Дулатұлының «Бақытсыз Жамалы», Көлбай Тоғысұлының «Надандық құрбаны», халық мұрасындағы «Біржан мен Сара айтысы» Майра мен Біләл Сүлейұлының ұйымдастыруымен спектакль ретінде қойылған. Міне, сонда дала халқы театр деген түсінікті сезініп, ашық аспан астындағы сахнаны өз көзімен көріп, қуанған екен. Осы оқиға туралы сол жылдары аталған мектепте оқыған Ыбырайым Маманов (кейіннен филология ғылымдарының кандидаты, профессор атанған үлкен лингвист-ғалым, 1928-1932 және 1950-1956 жылдары сотталған азамат) жылы естелік жазған-ды. Ыбырайым атамыздың жазуы бойынша, спектакль қойылымдарында бозбала Ілияс Жансүгірұлы, Сапа Алдабергенқызы ойнаған.
Жетісудағы «Алаш» мектебінде оқыған балалардың артықшылығы сол – олар бозөкпе кездерінен-ақ ұлттың құндылығы мен әдет-ғұрпын, салт-санасын, діни ұстанымын терең меңгеріп, дүние ілімін адалынан ырзық-несібе табу үшін үйренген. Есенқұл қажы Маманұлы мектепті үздік бітірген оқушыларды қолдап, Уфа, Орынбор, Қазан, Семей қалаларындағы оқу орнына түсіп, әрі қарай білімдерін жалғастыруға қаржылай стипендия тағайындапты. Біләл Сүлейұлы, Әубәкір Жайшыбайұлы, Мейірман Ермектасұлы, Бейсенбай Кедесұлы, Ыбырайым Маманұлы сынды алыптар осы мектеп арқылы білімнің шырағын жаққан-ды. Мектеп бітірген шәкірттерге әсем өрнектелген, баспаханада басылған афарин (бестік), имтинз (төрттік), мақбул (үштік) деген бағалар қойылған куәлік беріпті.
Біләл Сүлейұлы оқыған жылдары Ілияс Жансүгірұлы, Әубәкір
Жайшы­беков, Мейірман Ермектасов, Әбусағит Құрманбеков, Ералы Байарыстановтар ілгерінді-кейінді оқыған болатын.
Есенқұл қажы талапты баланың көзі­нен жалын ұшқынын байқап, қаржылай қолдап, Уфадағы «Ғалия» жоғары мектеп-медресесіне оқуға жіберген.

Р.S. 22 қыркүйек күні Ақсу ауданында «Ұлт мұратын ұлықтаған тұлға» атты облыстық ғылыми-танымдық конференция өтеді.

Елдос ТОҚТАРБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір