САРЫАРҚА ТӨРІНДЕГІ САЛИҚАЛЫ БАСҚОСУ
Ширек ғасыр ішінде Қазақстан ғаламдық мәселелерді талқылайтын түрлі конференциялар мен форумдардың алаңына айналып үлгергені рас. Сағым ойнаған Сарыарқа төрі бүгінде тәуелсіз мемлекетіміздің астанасы ғана емес, әлемдік деңгейдегі түрлі тақырыптар талқыға түсетін үлкен орталық.
Үстіміздегі жылдың 25-26 мамыры аралығында Астанада өткен еліміздің экономикалық және саяси өміріндегі маңызды оқиға – Астана экономикалық форумы бұл жолы «Жаңа экономикалық жағдай: әртараптандыру, инновациялар және білім экономикасы» тақырыбы аясында ұйымдастырылды. Форумға сарапшылық қоғамдастықтың танымал өкілдері, саясаткерлер, бизнесмендер, ірі қаржы құрылымдарының басшылары, атап айтқанда: Дүниежүзілік сауда ұйымының бас директоры Р.Азеведо, Еуропа қайта құру және даму банкінің президенті С.Чакрабарти, интернет коммерциясы саласындағы AliBaba Group қытай компаниясының негізін қалаушы Д.Ма, Колумбия университеті Жер институтының директоры және британдық The Economist журналының тұжырымы бойынша ең ықпалды әлемдік үш экономистің бірі Д.Сакс, Массачусетс технология институтының экономика профессоры, Джон Бейтс Кларк медалінің 2005 жылғы иегері Д.Аджемоглу және Нобель сыйлығының лауреаттары: Т.Сарджент, К.Писсаридес және Э.Прескотт, т.б. қатысып, сөз сөйледі.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен биыл тоғызыншы рет өткізіліп отырған форумда жылдағы дәстүр бойынша әлемдік экономиканы дамытудың жолдары мен үлгілері бағдарланып, ғаламдық дағдарыспен күресу үдерістері талқыланды.
«Осы форумға қатысу үшін уақыттарыңызды бөліп, қонақжай қазақ жеріне ат басын тірегендеріңіз үшін алғыс білдіремін», – деп бастады өз сөзін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев форумның пленарлық отырысында.
«Жаһандану табиғи және бұлжымас үдеріске айналды. Тұрақсыздық, соғыс пен күйзеліс болған жағдайда елдің әл-ауқатын қамтамасыз ету қиын екенін Еуропалық одақтағы босқындарға қатысты дағдарыс іс жүзінде көрсетіп берді. Мен бізге басқа жолды – экономикалық өсім әр елдің дамуына және тұрғындарының әл-ауқатының артуына тиімді трансформацияланатын «инклюзивті жаһандану» жолын таңдау қажет деп есептеймін. Әлемдік экономиканың осындай өсімі ғана тұрақты бола алады және біз соған ұмтылуға тиіспіз. Бұл жаһандық деңгейде бірлескен күш-жігерді және ұлттық экономикалар деңгейінде іс-қимылдарды үйлестіруді талап ететін трансформацияланудың ұзақ, күрделі және ауыртпалықты жолы», – деп сөз сабақтаған Елбасы Қазақстанның жас мемлекет екенін, үстіміздегі жылы Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын атап өтетінімізді айтты. Ширек ғасыр бедерінде картада жоқ мемлекеттен табысы орташа деңгейлі, әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына енген елге айналу жолында әкімшіл-әміршіл басқарудағы мешеу қалған экономикадан ашық нарықтық экономикаға өтуге толық қол жеткізе алғанымызды атап өтті.
«Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның ІЖӨ-сі (ішкі жалпы өнім) доллармен есептегенде 20 есе, орташа еңбекақы 17 есе өсті. Шамамен 2 миллион жұмыс орны құрылды. Кедейшілік деңгейі қысқарды. Егер 90-шы жылдардың басында Қазақстанда әрбір үшінші адам кедейшілік тұрмыс кешсе, бүгінде кедейшілік деңгейі 3%-дан да төмен.
Бүгінде барлық ел қиындықтарды басынан өткеруде және ұлттық эгоизмге ерік бермей, әлем алдында тұрған сын-қатерлерді еңсеруде бірлесіп жол таба білу маңызды. Халықаралық диалогтың G-7, G-20 секілді түрлі пішімдері бар. Қазақстанда қолданылып келе жатқан, 140 елден 30 мыңнан астам сарапшының басын біріктіретін «G-Global» виртуалды интерактивті алаңын белсенді пайдалануды ұсынамын», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы сөзін қорытындылай келе.
Дүниежүзілік сауда ұйымының бас директоры Роберто Азеведо өз кезегінде: «Қазіргі кезең жаһандық экономиканың эвалюциялану дәуірінің басталған тұсы. Екі мың жылдай бұрын халықаралық сауданың ролін атқарған көне Жібек жолы Қазақстан аумағын басып өтетін. Бүгінгі күні қайта қалпына келе бастаған сол жолдың жаңа белдеулері айқындалу үстінде. Ол бұрынғысынша Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Демек, осы арқылы біз тәуелсіз Қазақстанның халықаралық сауда-экономикалық қатынастарға мейлінше кірігетіндігін көреміз. Өткен 2015 жылы Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына 162-ші мүше мемлекет болып қосылды», – деп ой толғады.
Еуропа Қайта құру және Даму банкінің президенті Сума Чакрабарти Қазақстанның жаңа экономикалық жағдай кеңістігіне шығуға мүмкіндігі бар екендігін, елде жүргізіліп жатқан құрылымдық реформаның серпінділігін сақтауға қолдау білдіретіндігін жеткізді. «Бұл ретте экономиканы әртараптандыру мәселесінің маңызы зор. Ол экономиканы орнықты етіп, дағдарыс тудыратын сілкіністерден қорғайтын болады»,– дей келе, Еуропа Қайта құру және Даму банкінің білім экономикасын қаржыландыра бастағандығына ширек ғасыр уақыт болғандығын, осы мәселеге көңіл бөліп жатқан Қазақстанның дұрыс бағытты ұстанғандығын атап өтті.
Екі күнге жалғасқан Астана экономикалық форумы аясында «Астана» халықаралық қаржы орталығының әкімшілігі» АҚ пен «Thomson Reuters» арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Меморандум АХҚО-ның негізгі стратегиялық бағыттарын: капитал нарығын, активтерді басқару, жеке тұлғалардың әл-ауқатын басқару және исламдық қаржыландыру мен қаржы технологияларын дамыту мүддесіне сәйкес ақпарат пен тәжірибе алмасу арқылы іскер серіктестікті дамыту үшін ынтымақтастықты нығайту мақсатын көздейді.