ОРАЛ ТӨРІНДЕГІ ТҰҒЫРЛЫ ТЕАТР
Батыс Қазақстан – талай аты аңызға айналған даңқты тұлғалардың елі. Орал қаласы ел шетінде орналасқанымен, мәдениеттен ешқашан да шет қалып көрген емес. Қазақстандағы алғашқы кітапхана, театр, музыкалық училище, вокзал, қалалық парк Оралда ашылды. Орал әйгілі ақын А.С.Пушкин аяқ басқан Қазақстандағы жалғыз қала екен. Сондай-ақ бұл шаһарда татар әдебиетінің классигі Ғ.Тоқайдың балалық шағы өткен, жазушы осында қаламын ұштаған. Т.Жароков, Ә.Сәрсенбаев, Ж.Молдағалиев, Қ.Мырза Әлі, Қ.Жұмағалиев, А.Бақтыгереева сынды қазақтың ғажайып қаламгерлері мен М.Мерәліұлы, Ғ.Құрманғалиев, Е.Хасанғалиев, Ш.Қажғалиев, Д.Қажымов сынды сазгерлердің таланты Ақжайық топырағынан сусындаған. Орал қаласының өмірі ел тарихымен тығыз байланысып жатыр.
Орал қазақ театрын – «Тәуелсіздік тудырған театр» деп айтуға толық негіз бар. Өйткені Қазақстан өлкелік партия комитетінің «Ұлт өнерін дамыту шаралары жайында» қаулысынан кейін 1934 жылы Орал қаласында облыстық қазақ драма театры құрылып, қазақтың тұңғыш кәсіпқой театр режиссері Жұмат Шанин мен әйелі Жәмбике Шанина, әйгілі ақын Қасым Аманжолов, Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген артистері, мәдениет қызметкерлері – Шәкір Оразғалиев, Түмия Оразғалиева, Хамит Демеуов, Тілек Ерғалиев, Рахила Ақжарова, Әбуғали Көптілеуов, т.б. өнер майталмандары қызмет еткенімен, 1949 жылы «Оралда көрермен жоқ» деген желеумен театр Атырауға көшірілген болатын. Тек тәуелсіздік таңы атқан соң ғана қазақ театрының шымылдығы қайта түріліп, көрермен көзайымына айналды. Алғашқы премьерасы ретінде 1993 жылдың 16 желтоқсанында М.Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясы көрерменге ұсынылды. Ал өнер ордасының алғашқы бас режиссері – Ж.Есенбеков, қоюшы-режиссері Е.Жылқышинов болды. Алғашқы жетістіктердің бірі – С.Асылбековтің «Бір түнгі оқиға» (реж. М.Ахманов) қойылымы 1998 жылы Тараз қаласында өткен республикалық театр фестивалінде бас жүлде иеленді. 2002 жылы театр Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев тұсауын кескен жаңа ғимаратқа көшті. 2018 жылы 21 маусым күнгі БҚО әкімдігінің қаулысымен 24 тамыз күні Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрына КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Ленин», «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы», «Отан» ордендерінің иегері, профессор Хадиша Бөкееваның есімі берілді.
Театр ұлттық сахна өнерінің майталмандары салған сара жолды жалғай отырып, шығармашылық жаңа белестер мен ізденістерге ұмтылып келеді. Өнердің қара шаңырағына айналған театрдың жетістіктері жетерлік. Шетел асып, ел мерейін үстем еткен театр өзге мемлекеттерде өткен театр фестивальдерінен жүлдесіз қайтқан емес. Оған дәлел, 2015 ж. Қырымның Керчь қаласында өткен «Боспорские Агоны» антикалық ХVІІ халықаралық театрлар фестиваліне Еврипидтің «Троя арулары» (реж. Қ.Қасымов) қойылымымен қатысып, бас жүлдені және «Ең үздік режиссерлық жұмыс» (Қ.Қасымов), «Ең үздік әйел бейнесі» (Б.Исалиева) номинацияларын жеңіп алды.
2016 ж. Македония мемлекетінде өткен «Стоби-16» антикалық қойылымдар фестиваліне Еврипидтің «Троя арулары» қойылымымен қатысып, «Гран-при», «Үздік режиссура» (Қ.Қасымов), «Үздік әйел бейнесі» (Б.Исалиева) жүлделеріне ие болды. Македония мемлекетінің Велес қаласында өткен «Стоби-2017» халықаралық театрлар фестиваліне Х.Мюллердің «Филоктет-Медея» қойылымымен қатысып, бас жүлдені, «Ең үздік ер адам бейнесі» (С.Түменов), «Ең үздік әйел адам бейнесі» (Н.Жұбатова) аталымдарын ұтса, Каир қаласы, VІ халықаралық театрлар фестивалінде Иран-Ғайыптың «Қорқыт» (реж. Қ.Қасымов) қойылымымен қатысып, қазылар алқасы мен көрерменнің жоғарғы бағасын алды. Қырғызстанның астанасы Бішкек қаласында өткен халықаралық театр фестиваліне У.Шекспирдің «Ромео және Джульетта» (реж. Қ.Қасымов) қойылымымен қатысып, қазылар алқасы мен көрерменнің жоғарғы бағасына ие болды. Сонымен қатар 2019 ж. Қырғызстанның Ош қаласында өткен VII халықаралық «ART-ORDO – 2019» театр фестиваліне Ш.Айтматовтың «Арманым – Әселім» спектаклімен қатысып, спектакльдің режиссеріне «Алтын Жетіген» (реж. Т.Теменов) мүсіншесі берілді. «Үздік әйел образы» (Н.Шадыева) бойынша екінші пландағы үздік рөл номинациясымен, ТURKSOY халықаралық мәдениет орталығының арнайы жүлдесімен, Ош шахары мэрінің «Алғыс хатымен», «Ел алғысы» дипломымен, министр А.К.Жаманқұловтың арнайы сыйлығымен марапатталды. Театрымыз елімізде өткен түрлі театр фестивальдерінен де қалыс қалған емес. М.Өтемісұлының 200 жылдығына арналған ХІ республикалық театр фестивалінде Иран-Ғайыптың «Махамбет» (реж. М.Ахманов) қойылымымен қатысып, бірінші орынға ие болса, ХVІ республикалық театрлар фестивалінде А.Камюдің «Калигула» (реж. М.Томанов) трагедиясымен қатысып «Ең үздік ер бейнесі» (Қ.Амандықов), «Режиссер дебютант» (реж.М.Томанов) номинацияларымен марапатталды. 2023 ж. Ақтөбе қаласында өткен Т.Жүргеновтің 125 жылдығына арналған VI Халықаралық «BALAUSA» экспериментальды спектакльдер фестиваліне театрымыз Р.Мұқанованың «Қаралы сұлу» қойылымымен қатысып, қойылым режиссері әрі театрымыздың бас режиссері А.Шарипов Қазақстанның Халық артисі, режиссер, драматург, ұстаз Қадыр Жетпісбаев атындағы арнайы жүлдені иеленді.
Қостанай қаласында өткен республикалық театрлар фестивалінде Театр тарихында бұрын-соңды болмаған жайт Г.Гориннің «Атың өшсін, Герострат!» (реж.М.Томанов) қойылымы жеті бірдей жүлдемен: «Ең үздік әлемдік классика аудармасы үшін» (Қ.Төлеуішев), «Ең үздік режиссер жұмысы үшін» (М.Томанов), «Ең үздік ер адам бейнесі үшін» (М.Бектенов, Б.Өтеғалиев), «Ең үздік әйел бейнесі үшін» (Т.Мутигуллина), «Екінші пландағы үздік эпизодтық рөл үшін» (Т.Жігеров) аталымдарымен марапатталды. Атырау қаласында өткен Рахымжан Отарбаев драматургиясынан ІV республикалық театр форум фестивалінде Р.Отарбаевтың «Хан Жәңгір» қойылымымен қатысып, жүлделі III орын, ал спектакльдегі Император рөлі үшін Сердеш Қажымұратов «Көрермен көзайымы» номинациясын ұтты. М.Өтемісұлының 220 жылдығына арналған I республикалық театрлар фестиваліне театрымыз А.Бақтыгереева мен М.Омарованың «Жұбан» поэтикалық драмасын ұсынды. Нәтижесінде, ұлттық рухымыз бен тарихымызды дәріптейтін «Жұбан» поэтикалық драмасына I орын бұйырып, 4 бірдей жүлдеге лайық деп танылды. Жұбанның анасы Зеріп рөлі үшін «Парасат» орденінің иегері, актриса Н.Жұбатова «Үздік әйел адам бейнесі» атанса, қойылымның режиссері Гауһар Адай «Үздік режиссер», бала Жұбан рөлі үшін театр актері Р.Таймас «Екінші пландағы ер адам бейнесі» жүлдесімен марапатталды.
Театрымызда 2022 жылы облыстық қазақ драма театрының 30 жылдығы және Хадиша Бөкееваның туғанына 105 жыл толуына орай І Республикалық моноспектакльдер фестивалі өткізілгені де сәулелі сәттердің бірегейі десек болады. Қазақстанда тұңғыш рет өткен фестивальге Алматы, Астана, Шымкент, Атырау, Қарағанды, Өскемен, Павлодар, Семей, Ақтөбе қалаларындағы театр ұжымдары қатысты. Фестиваль қорытындысында «Үздік сценография» аталымын У.Шекспирдің «Король Лир» (реж. Ә.Ақанов) трагедиясымен Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театры, «Үздік әйел адам бейнесі» аталымын Ж.Ануй «Медея» трагедиясында (реж. Қ.Қасымов) Медеяны сомдаған Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының актрисасы Б.Қожамұратова, «Үздік ер адам бейнесі» аталымын У.Шекспирдің «Гамлетінде» (реж. М.Хабибуллин) Гамлетті сомдаған Ақтөбе қаласындағы Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының актеры Б.Телеуғалиев, «Үздік режиссура» аталымын Ш.Айтматовтың «Ана мен Ала» драмасын сахналаған Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының режиссеры А.Салбан қанжығасына байласа, «Театрдың 30 жылдығының арнайы жүлдесі» Ш.Айтматовтың «Ізде» сюрреализмін ел назарына ұсынған (реж. Г.Адай) Абай облысы «Дариға-ай» Семей жастар театрына табысталды. Жеңімпаз-жүлдегерлерге дипломдар мен сыйлықтар табыс етілді.
Құрылғанына 30 жылдан асқан Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының әр жеңісі тұтас шығармашылық ұжымның қол жеткізген соны жетістіктері болып есептеледі. Бүгінде театр ұжымында 120-дан астам адам қызмет етеді, оның 50-ге жуығы – артистер. Қалғаны – әкімдік, шығармашылық құрамның жетекші қызметкерлері мен техникалық құрам жұмыскерлері.
Тікелей театр арқылы көрермен өнердің шыңына көтеріліп, асыл мақсаттарына бағдар алады. Театр арқылы ғана көрерменді қуантып, жұбатып, шабыттандырып, қияларға жетелей аламыз. Хадиша театры рухани дамуда шаршамайтындардың темірқазығына айналсын!
Әлия ШАҚУОВА,
театртанушы,
Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ
драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі