СУРЕТШІНІҢ САН ҚЫРЛЫ ТҰЛҒАСЫН ТАНЫТҚАН БАСҚОСУ
12.03.2024
112
0

Қазақ бейнелеу өнерінің іргетасын қалап, өзінің туындылары арқылы кең-байтақ Қазақстанды аралатып шыққандай әсер қалдыра білген, өнер шыңындағы ұлы тұлға – Әбілхан Қастеевтің туғанына биыл 120 жыл толды. Мерейтой қарсаңында Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының кітапханасы және «Өнертану» факультеті «Бейнелеу өнерінің тарихы мен теориясы» кафедрасының ұйымдастыруымен «Тарихтың бірегей мұрасы» атты дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстелге қатысқан мамандар шебер суреткердің ғұмыры мен шығармашылығы жайында ыстық естеліктер мен тың зерттеулерді барынша қамтуға тырысты. Лейла Абдығаниқызының модераторлығымен жүргізілген дөңгелек үстелге Әбілхан Қастеевтің қызы, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Гүлдария Әбілханқызы, Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайындағы «Қазақстан бейнелеу өнер бөлімінің» жетекшісі Гүлнұр Алпысбайқызы, өзге де мамандар мен академия студенттері қатысты.
Әбілхан Қастеев – қазақтың маңдайы­на біткен жарық жұлдыз, ал шығармашылығы – сарқылмас байлық, таусылмайтын кен. Жалшы Әбілханнан бастап «Қазақ бейнелеу өнерінің атасы» атанғанға дейінгі тума таланттың өмірі мен өнер жолы талқыланған басқосуда Гүлдария Әбілханқызы: «Әулетімізде тоғыз баламыз. Әкеміз сондай жуас адам еді, ұрысқанын да, қол көтергенін де көрмегенбіз. Орыс мектебі бізге ата-анамызға «сен» деп сөйлеуді үйретті. Бірақ дастарқан басында отырғанда әкеміз жай ғана үнмен үлкендерді әрда­й­ым құрметтеп, оларға «сіз» деп сөйлеу керегін айтатын. Әкеміздің мұражай үйі жасалғанда өзім басы-қасында жүрдім. Сол кездегі мені таңдай қақтырған дүние – талант. Мысалы, «Биік таулы Медеу мұзайдыны» туындысында адамдарды, мұз үстіндегі спортшыларды табиғат сұлулығымен қалай үйлестіріп келтірген десеңіздерші?! Сурет салудан бөлек, әкем гүл отырғызғанды, алма ағаштарын баптауды жақсы көретін. Бір сөзбен айтқанда, әкем керемет кісі болды», – деп ыстық естелігін сағынышпен жеткізді.
Әбілхан Қастеев атындағы өнер мұражайы еліміздің бейнелеу өнері саласында жетекші әрі көркем мәдени-ағартушылық орталық екені белгілі. Гүлнұр Алпысбайқызы: «Жақында музейімізде суретшінің 120 жылдығына орай арнайы көрме ұйымдастырылды. Көрмеге суретшінің 300-ге жуық жұмысын қойдық. Қордан алынған құнды суреттерге қарап, табиғат әлеміне сапар шеккендей болдым. Суреттер қатарында 270-тен аса акварельдік жұмыс ұсынылды. 1927 жылы суретші бейнелеу өнеріне қадам басты. Оның ең алғашқы туындылары қойылған көрмеге барша халықты шақырамын. Өйткені жұрт бұл көрме арқылы жиырмасыншы ғасырда қазақ жерінде болған тарихи кезеңдерге шолу жасай алады. Мына қызықты қараңыз, Әбілхан Қастеев екі мәрте депутат болған екен. Бірақ суретшінің қарапайымдығы бұл мәліметті көлеңкеде қалдыра берген», – деп тың ақпараттармен бөлісті. Дөңгелек үстел барысында академия студенттері де ерекше белсенділік танытты. Анығырақ айтқанда, Жамбыл Жабаевтың «Төгейін жырды халқыма» әні орындалып, Әбілхан Қастеевтің «Сатып алынған қалыңдық» және «Қызды зорлап алып қашу» атты туындылары жан-жақты таныстырылды. Бұл екі туынды арқылы суретшінің сол замандағы ең ауқымды мәселе – әйел теңсіздігін көтергенін байқадық. Ғабит Мүсірепов, Жүсіпбек Аймауытовтар әйел теңсіздігін ашудағы кейіпкерлер тағдырын сөз бояуымен өрнектесе, Әбілхан Қастеев сурет арқылы бейнелеген.
Шара соңында Бауыржан Байділда айтқандай, мұндай жиындардың ұйымдастырылуы – халық үшін құнды дүние. Жастар да мұндай жиындарда көптеп жүрсе, өмірде де, өнерде де өз өрнектерін адаспай табатыны анық.

Дана САДЫРҚАН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір