САРАЙШЫҚ ТӨРІНДЕГІ САЛМАҚТЫ СӨЗ
20.03.2024
228
0

– Бүгін тағы бір тарихи өлке – Атырау облысына келіп отырмыз. Үшінші отырыстың Жайық жағасында өтіп жатқаны тегін емес. Әйгілі Сарайшық қаласы осы жерге тиіп тұр. Бұл шаһар Ұлық ұлыстың, Қазақ хандығының маңызды әкімшілік және сауда орталығы болғаны тарихтан белгілі. Ұлы «Жібек жолының» бойында тұрған қала бір кез­дері айрықша геостратегиялық рөл атқарған. Батыс пен Шығыстың экономикалық, саяси, мәдени қарым-қатынасына ерекше ықпал еткен. Атақты хандарымыз осы жерге ордасын тігіп, ел билеген. Бірқатары Сарайшықта мәңгілік мекенін тапқан. Тарихшылардың пайымдауынша, Қазақ хандығын қуат­ты мемлекетке айналдырған Қасым хан осында жерленген. Бір сөзбен айтсақ, Сарайшық – төл шежіремізде айрықша орны бар киелі шаһар.

Мемлекет басшысының Ұлт­тық құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзі осылай басталды. Құрылтай десе, кеудесінде рух сәулесі бар жанның сана саңылауынан кәрі көз тарихтың, ұлт тарихының небір ғажайыптары тізбектеле өтер еді… Парақ аударған ғасырлардың алқынысы естіліп, дегдар дүниенің дөңгелегі кері қарай шыр айнала жөнелер еді… Шыңғыс заманынан дәуірлеген Жошы ұлысына, қазақтың қаһарман хандарынан Алашорданың азамат ұлдарына де­йінгі аралықтағы ұлт тағдырын шешкен ұлы жиындар бағзыдан осылай аталған екен. Құрылтай!.. Түпкі идеясы – бірлік, жүгі ауыр, жауапкершілігі ерен мәслихат…
Аса әрі дендемей-ақ, туған халқымыздың тарихына көз жүгірткен сәт­те құрылтай атаулының ұлт тағдырын шешуде орасан үлесі болғанын көрер едік. Тіпті біздің мемлекет­тігіміздің алтын бастауы – Алтын Орда қағанатының дербес мемлекет атануы Талас құрылтайынан бастау алғанының өзі неге тұрады?.. Хан Шыңғыс ұлыстарының 1269 жылы өткен соңғы құрылтайы… Байтағымыздың тұс-тұсынан байрақ көтерген бабаларымыздың қан кешу жылдарда басын қосқан Қарақұм мен Ордабасы құрылтайлары… Жошы бабамыз таққа отырған қастерлі Ұлытауда қалың қазақ Хан Кенені ақ киізге көтерді. Араға сексен жылға жуық уақыт салып Орынборда бірінші Қазақ құрылтайы өт­ті. Дәл осы құрылтайда Алаш партиясы құрылып еді-ау.
Иә, тарихта кез­дейсоқ жағдайлар кезігіп жатқанымен, үзілмейтін, өзегін жоғалтпайтын қасиет­ті шынжырлар болады. Ел Президентінің Жаңа Қазақстанның бірінші құрылтайын ұлт ұясы Ұлытау­да өткізуінің әзелгі мәні де осында еді.
Атырауда өткен алқалы жиында айтылған өзекті ойлардың барлығы да ел бірлігі ат­ты қастерлі ұғымның айналасына тоғысты. Президент­тің: «Қазір ертеде өткен оқиғаларға, белгілі бір тұлғаларға қатысты талқылау көбейіп барады. Қаламгерлеріміз, тіпті Шыңғыс ханның тегі кім деп, айтысып-тартысып жататын болды. Кеңес заманындағы тұлғаларды, әсіресе Алаш көсемдері мен Кеңес қайраткерлерін салыстырып, бір-біріне қарсы қояды. Дәл осындай сөз тартыстарының ақиқатына жету қиын, жеткеннің өзінде ел ішіне іріткі салатын мұндай дау-дамайдың еш қажеті жоқ. Әр дәуірдің өз ерекшелігі бар. Әрбір тұлға өзінің көзқарасына, дүниетанымына қарай және өз қоғамының мүддесіне сәйкес елге қызмет ет­ті. Олар, яғни сол заманның қайраткерлері бір кез­дері ұстанған бағытына бола дауласса, ендігі ұрпақ кімнің ісі дұрыс, кімдікі бұрыс деп даурығып жүр. Жалпы, бұрынғы және қазіргі тарихтың түрлі кезеңдерін, тұлғаларын бір-біріне қарсы қоюға болмайды. Түптеп келгенде, мұның бәрі – біздің тарихымыз. Бұл – халқымыздың жүріп өткен жолы», – деген тұжырымы көп нәрсені аңғартады.
Көңілге қуаныш ұялатқан тағы бір тұс ана тіліміздің мәселесі, қазақтілді кітаптардың санын көбейту, Елордада тәулік бойы жұмыс істейтін кітапхананың ашылатыны туралы жағымды жаңалықтар болды. Ақпарат­тық технологияның тек пайдалы тұсын ғана пайдаға асыру, жас ұрпақтың кітап оқуға қызығушылығын ояту керегін тілге тиек еткен Мемлекет басшысы «Креативті индустрияның» дамуын мемлекет­тік тілдің өркендеуінен бөліп-жарып қарамайтынын айқын аңғарт­ты.
– Халқымыздың дүниетанымында қара киініп жүру деген атымен болмаған. Бұл – еліктеушіліктен, әсіредіншілдіктен туған үрдіс. Біз салт-дәстүрімізден ажырамауымыз керек. Радикалды неофит­тер халқымыздың салтында жоқ киім үлгілері арқылы да жат діни идеалдарды қоғамға таңуға тырысып жүр. Бұл біздің дәстүрлі ұғымдарымыз бен құндылықтарымызға жасалып жатқан ашық шабуыл екені анық, – деген Президент өзгелер бізді киімімізден тануы қажеті туралы ой қозғады. Құрылтай қарсаңында жасалып, жалпы жұртшылыққа жария болған Наурыз тұжырымдамасында 17 наурыздың «ұлт­тық киім күні» деп белгіленгені белгілі. Мемлекет басшысы, сондай-ақ қыз алып қашу, көп әйел алу, лудомания, нашақорлық, ысырапшылдық, тұрмыстық зорлық-зомбылық, байбалам секілді адамның жеке бас құқығын шектейтін, қоғам санасын, ұлт саулығын улайтын келеңсіз ғұрыптар мен қатерлі әдет­терді сынға алды.
Келер жылы ІІ дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл толады. Адамзатқа салған жарасы әлі толық жазылмаған алапат соғыстың лаңы шарпымаған отбасы жоқтың қасы. Қазақ жауынгерлерінің ерлік дастаны, олардың рухына деген құрмет мәңгі толастамақ емес. Осы тұрғыда Президент өз көзқарасын білдіре келіп:
– Елімізде әскери және күштік құрылым қызметкерлеріне арналған «Айбын» ордені бар. Осы мәртебелі орденнің түрлі дәрежесін Сағадат Нұрмағамбетовтің, Бауыржан Момышұлының және Рақымжан Қошқарбаевтың есімімен атаған жөн деп санаймын. Бұл тарихи әділдікті қалпына келтіру жолындағы маңызды қадам болмақ, – деп ерлер рухына құрметін білдірді.
Мемлекет басшысы сөзін ұлт тірегіне айналуға тиіс құндылықтарды атап, оларға түсінік беруімен аяқтады. Олар – Тәуел­сіздік және отаншылдық, бірлік және ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң және тәртіп, жасампаздық және жаңашылдық. Атырауда өткен құрылтайдың үшінші отырысында ұлт­тың үш тағаны «Адал адам – адал еңбек – адал табыс» болса, қағидасы – әділдік, тірегі – жауапкершілік, мақсаты – өрлеу боп қорытындыланды.
Биылғы құрылтайдың және бір ерекшелігі ұлт­тың басты жиындарының біріне аймақ басшысы мен атыраулық зиялы қауым өкілдерінің қатысуы болды. Мемлекет басшысы сөз соңында Атырау еліне айрықша сөз арнап, өндірісті өңірдің экологиялық жағдайы, қоқыс полигоны, өңірде онкология орталығын салу туралы көкейкесті мәселелерді өз назарында ұстайтынын жеткізді.
Әлқисса, Қазақ хандығын қуат­ты мемлекетке айналдырған айбарлы Қасым ханның асыл сүйегін тербеткен киелі Сарайшық жатқан айбынды Атырауда өткен Ұлт­тық құрылтайды қорытқан Президент келесі құрылтай отырысының жер шоқтығы Көкшетауда өтетінін хабарлады. Жақсылыққа сенгеннің жанын жадыратып, рухани кеңістігімізді толқыт­ты. Ар, адалдық, адамдық – әділет­ті қоғамның ұстындары. Ер ниеті, ел пиғылы түзу болғай!..

Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА,
Атырау қаласы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір