Көңіл төріндегі ілтипат
05.03.2024
248
0

Менің қандастарым – ұйғырлар осыдан тура 140 жылдан астам уақыт бұрын Шығыс Түркістанда қытай басқыншыларынан қуғын-сүргін көріп, тағдырдың жазуымен іргелес қазақ жеріне қоныс аударған екен. Кеңпейіл қазақ халқы сол кезде-ақ бізге жанашырлық ниетін танытып, достық құшағын жайған болатын.

Содан бері ұйғыр халқы түрлі кезеңдерді жергілікті қазақ елімен бірге өткеруде. Осы дархан көңілді халықпен қойы қоралас, ауылы аралас болып, тату-тәтті тіршілік жасап келеді. Өткен ғасырдың басындағы қоғамдық-сая­си төңкерісті, одан кейін ел басына зұлмат қырғын әкелген Екінші дүниежүзілік соғысты, халық шаруашылығын қалпына келтіру жылдарындағы ауыр азаптарды да қазақ халқымен бірге көтерді. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның тыныштығы мен берекесін сақтау жолында да ұйғыр халқы қазақ жұртына әрдайым тілеулес.
Осы ғасырдан астам уақыт аралығында Қазақ- стандағы өзге де этностар сияқты ұйғыр халқы да өсті, өркендеді. Өз тілін, салт-дәстүрлерін, мәдениетін кедергісіз дамытуда. Қазір Қазақстанда Ұйғыр халық театры жұмыс істеп тұр. Қазақстандағы, Өзбек­стандағы, Қырғызстандағы ұйғырларға тарайтын «Ұйғыр авази» атты халықаралық газетіміз бар. Ұйғыр ақындары мен жазушылары өздерінің шығармаларын баспадан кітап етіп бастырып, емін-еркін оқырмандарына таратып отыр. Қаншама талантты қандастарымыз мемлекеттік жоғарғы атақтар мен сыйлықтарға ие болды. Тек біздің Панфилов ауданының өзінде ғана екі бірдей ардақты анамыз — Мариям Ниязова мен Адалят Зайнавдинова өмір бойы жүгері өсіріп, еселі еңбегінің жемісін көріп, Социалистік Еңбек Ері атанды. Қаламгер Зия Сәмәди Қазақстанның Халық жазушысы, Ахмет Шамиев пен Рошангүл Илахунова Халық артисі, Жамалдин Босақов, Құрбан, Тұрған Тохтамов сынды жазушыларымыз бен Хелил Хамраев, Суыт Маматқұлов сынды ақындарымыз Қазақстан әдебиетінің көрнекті өкілдері атанды.
Ұйғырлар тығыз қоныстанған Алматы, Жетісу облыстарында оқушы балаларымызға таза ұйғыр тілінде білім беретін мектептеріміз орналасқан. Қазақстандағы университеттерде ұйғыр тілінде білім беретін факультеттер жастарымызға жоғары білім алуға мүмкіндік туғызып отыр. Республикалық, облыстық және аудандық деңгейде жұмыс істейтін Ұйғыр мәдениет орталықтары ұлтымыздың тілін, салт-дәстүрлерін жаңғыртумен қатар, ел ішіндегі татулық пен бірлікті сақтау бағытындағы қоғамдық-саяси жұмыстарға да барынша белсенділікпен атсалысуда.
Ұлт басына қатер төнген қиын-қыстау кезеңде пана болған қазақ халқына ризашылығымыз шексіз. Алғыс айту мерекесінде барша қандастарымның атынан қазақ халқына шынайы алғысымды жеткізгім келеді.

Рехимжан
ТОХТАХУНОВ,
«Панфилов ауданының
Құрметті азаматы»

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір