АУЫР ЖАНРДЫҢ  АХУАЛЫ
03.06.2016
2594
0

233065_665972928_IMG_0760Нұрдәулет АҚЫШ,
жазушы

 

Межелі уақыттың маңайында жарық көрген прозалық кітаптардың ішінде менің қолыма түскендерінен ең алдымен тарихи тақырыпқа арналған шығармаларды атаған жөн бе деп тұрмын. Олар – Қ.Жұмаділовтің «Академиктің көз жасы», Б.Ұзақбаевтың «Сартай батыр», Ж.Ахмадидың «Ақ қылыш», Д.Қаңбақовтың  «Қазақ ханы Абылай» романдары мен Е.Тоқтасын­ұлының «Сахара үні» атты хикаясы. Ал Т.Тілеуханның «Ең ғажайып хикая», Т.Төлепбайұлының «Шыр­ғалаң» романдары, Б.Жақы­баев­тың «Қош бол, Махаббат», Н.Қапал­бек­ұлының «Өкілдер», С.Асылбекұлының «Рәбиғаның махаббаты», С.Ибраимның «Ататоры», Н.Рахаев­тың «Апамсыз өткен алты күн» жинақтары Кеңес дәуірінің шындықтарын көрсетуге арналыпты. С.Досжанның «Өгей жүрек», Н.Қамидың «Қар адамы» жинақтарындағы хикая-әңгімелері Кеңес дәуірімен бірге Тәуелсіздік кезеңіндегі оқиғаларды қамтыған екен. Ж.Қайранбайдың «Тұлпарлар дүбірі» жинағының көркем кеңістігі негізінен көршілес Қытай жерінің аумағы болып табылады.

Сонда бірыңғай тек Тәуелсіздік ал­ған­нан кейінгі жылдардың сыр-сипатын ашу­ға арналған шығармалар деп Б.Қа­лау­байдың «Жоғалған адам» хикаясы мен Ә.Уә­лиханұлының «Құлдар патшалығы», А.Жұбаныштың «Жаңбыр жауса екен» жи­нақтарына енген әңгімелерді атай аламыз.

Әжептәуір әсерлі көрінетін көптеген шы­ғармалардың шиін шығарып, шырайын солғындататын тіл мәселесі болып та­былатыны бұрыннан айтылып келеді. Кей­бір қаламгерлеріміз әдеби норманы бе­лінен басып жазғанды былай қойып, ауы­зекі сөйлеу нормасына да мән беріп жату­ға да ықылассыз. Оқыған кітап­та­ры­мызда салақ құрылған, мағыналарын тү­сініп алуы қиын сөйлемдердің кездесіп жатуы соның салдарынан демеске, амал жоқ. Тіпті халық аузында қалыптасып кет­кен фразеологиялық тіркестер мен ма­қал-мәтелдерді бұзып жазу мысалдары ке­зі­гіп қалады. Енді осы пікірді дәлел­дей­тін жекелеген мысалдарға жеңіл ғана көз жүгіртіп өтейікші.

«Жуас қой жүндеуге жақсы» (Т.Төлеп­бай­ұлы, «Шырғалаң») дейді. Қазақ «Жуас түйе жүндеуге жақсы» деп сөйлемеуші ме еді. Осы автордың келесі сөйлемі былай бо­лып келеді: «Бірде жазған кім болды екен деп қайран қалғандай таң қалады». Осы мысалдағы «…қайран қалғандай таң қа­лады» деген тіркесті түсініп алула­рыңыз­ды өтінемін.

«Ол жер бұға алмаймын, сұлтан» (Е.Тоқ­тасынұлы, «Сахара үні») «Сартайдың бай­қағаны, бұған, жауды жеңген намыс қым­баттығын түсінді» (Б.Ұзақбаев, «Сартай ба­тыр»).

Осы екі сөйлемнің де кінәраты неде де­сеңіз, кәдімгі септік жалғауларының дұ­рыс жалғанбауына байланысты туындап тұр.

«Бүкірек төре руынан шықса да, билік­ке таласып, сыр берген батыр емес» («Сартай батыр»). Бұл сөйлемнің мағынасынан туатын сұрақ – «Төре» деген ру бар ма?

Сартай батыр бүгінгі тілмен, оның ішін­де ғылыми тілмен сөйлеп, Грекия мен Пер­сия тарихын еске түсіріп, өзінің уа­қыт­тан озған интеллектуал екенін көрсетіп жа­тады. Роман оқиғасының Жоңғар шап­қыншылығы заманында болып жатқанын ес­керсек, бұл қалай деген күмәннің төбе көр­сетері сөзсіз.

Д.Қаңбақовтың «Қазақ ханы Абы­лайын­да» Жошы әулетінің заманында бол­маған елді мекендердің де аттары аталып, тарихи-реалистік романда анах­ро­низм­­ге орын берілген. Сондай-ақ, Жәнібек хан­ның есік алдындағы тепсеңге шығып алып, жай көзбенен-ақ қазақ жерінің жартысын шолып өтуі реалистік суреттеуге қаншалықты сыйымды? Оқиға Абылай за­манында болып жатса, осындағы Жәні­бек хан қай Жәнібек? Есімханның баласы деп аталатын Жәнібек пе, әлде басқа ма?

Б.Жақыбаевтың «Қош бол, Махаб­ба­тын­­дағы» шашыраңқылау шық­қан құр­малас сөйлемдер әлі де етек-жеңін жинап, ши­рата түсуді қажетсініп тұр.

Жалпы, осындай мысалдарды ары қа­рай мұрнынан тізіп келтіре беру шарт емес, оның қазір қажеті де жоқ. Біздікі тек көр­кем әдеби тілімізді қолдануға қатысты кей­бір проблемалардың типтік сипатқа ие бо­лып кеткенін, бүгінгі таңда да дұрыс ше­ші­мін таба алмай жатқанын көрсету ғана.

Қабдеш Жұмаділовтің өткен жылы жа­рық көрген «Академиктің көз жасы» ат­ты прозалық жинағы бірнеше хикаяттары мен әңгімелердің басын топтастырған екен. Деректі проза жанрына жататын­дық­тан, кітапқа аты берілген шығармаға тоқ­талу міндетімізге кірмеді. Есесіне, болмыс-біті­мі көркем прозаның жүгін толығымен кө­т­еріп тұрған «Найман-ана ескерткіші» хи­каяты жанрлық тұрғыдан талдауға әбден тұрарлық болып шықты. Екі параллельмен дамитын шағын сюжеттер тізбегі көркем уақыттың екі түрлі кезеңін құрай­ды. Оның біріншісінде бүгінгі заманның оқиғалары дамыса, екіншісі сонау ХIV-XV ғасырларда өмір сүрген тарихи тұл­ғаларды көз алдымызға алып келеді.

Жазушы Айжарық пен мүсінші Ба­рақ­тың шығармашылық бірлестігі Найман-ана­ға ескерткіш қою жұмыстары төңіре­гін­де өрби отырып, бүгінгі таңдағы әкім­­­қаралардың рухани тұрғыдан тым жадау ойлайтындығын, қандай жағдайда да ең алдымен өздерінің қара бастарының мүддесіне орай қимылдайтындығын, соның салдарынан ел, халық, ұлт мүддесі деген қасиетті түсініктердің артқа сырғып қала беретіндігін көрсетеді. Найман-ананың кім екендігін мүсіншіге түсіндіру үшін жазушының ескі тарихи кезеңдерге бар­лау жасап отыруы – формалық ізденіс­тің кезекті көрінісі. Тарихи оқиғалар осы­нау параллельдік баяндаулар арқылы кө­рініс тауып жатады.

Қ.Жұмаділовтің аталған кітабына ен­ген «Көкжал» хикаятының әңгімелейтіні – атақты Оспан батырдың басынан кеш­кендері жайында. Осынау тарихи тұлғаға байланысты жазылған басқа да шығар­ма­лардан бұл хикаят несімен ерекшелене ала­ды дегенге келсек, бұған өз тарапымыздан былайша жауап берер едік.

Біріншіден, хикаят көркемдік шешім тұр­ғысынан тақырыптас шығармаларды қайталамайды деп айта аламыз.

Екіншіден, шығармаға арқау болған оқиғалар – батырдың  дәм-тұзының таусы­лар тұстағы соңғы күндеріне тұспа-тұс ке­леді.

Үшіншіден, «Көкжалдың» мазмұнында бас қаһарманның ғана емес, қазақ хал­қы­ның тарихындағы жекелеген трагедиялық беттер де қоса ашылып жатады. Соның бірі – азаттық үшін арпалысып, үлкен мақсат үс­тін­де жүрген көтерілісшілердің рулық тар­­тыс­тың әрі рулық амбицияның кесір­і­нен кейде өзара қырқысып қалатын­ды­ғы.

Жалпы, соңғы жылдары тарихи туындыларымызда осындай бір үрдістің орын ала бастағаны ойландырады. Әбдісаттар Оспановтың Жанқожа батыр жайындағы «Наркескен» романында Қыр Шектісі жә­не Сыр Шектісі болып бөлінетін Шекті руы­ның адамдары бір-бірімен өштесіп жү­реді.

Осындай жағдайлардың тарихи және өмір­лік шындыққа қаншалықты сыйымды екендігін анықтау, бәлкім, тарихшылар мен психолог мамандардың еншісінде шы­ғар.

Жалпы, «Көкжал» шығармасындағы Оспан батырдың дұшпан қолына тұтқынға түскен сын сағаттарының өзінде ажалға ал­дын ала дайындалуы, өлімді де тік тұ­рып қарсы алуы – бойды шымырлататын хас қаһармандықтың үлгісі. Қытай тәрізді алып империяның қанқұйлы қанауына қар­сыласып, азаттық үшін арпалысып өт­кен ұлт батырының айбынды бейнесі іші­нара шегіністер арқылы толығып, шы­ғарманың аяғына дейін қырлана түсіп оты­рады.

Есқара Тоқтасынұлының «Сахара үні» атты прозалық жинағына енген осы аттас хикая да тарихи тақырыпқа, анығырақ айт­қанда, Кенесарының кәрі Қаратау айма­ғында болған күндеріне арналыпты. Жазушы оқиғаның көркем уақытын «Бұл – мың сегіз жүз отыз жетінші жылдың жа­зы еді» деп тіпті нақтылай түседі. Атақ­ты тұлғаның хикаяттағы бейнесі Ерқайып, Құрымбай датқа, Жолан қарақшы, Құсбегі тәрізді персонаждардың көзқарасы ар­қы­лы қабылданып, оның бұл өңірге келуіне қатысты жағдаяттар солардың та­ным-түсініктеріне орай берілген. Сон­дық­тан да болар, бұл хикаядағы Кенесары көз ал­дыңызға бұған дейінгі деректер мен көр­кем нұсқаларда айтылып келгендей, өзі­нің жауынгерлік рухының қуаттылығымен әрі қатыгездігімен аты шыққан қатал қолбасы ретінде емес, ол жан дүниесі тебірене кетуге жақын сезімтал да философ сипатында елес беріп өтеді.

Тарихи тақырыпқа арналған шығар­малардың бірі – Бегімбай Ұзақбаевтың «Сартай батыр» романы. Романның оқиға же­лісімен оқырмандар «Жаужүрек мың бала» көркем фильмі  арқылы жақсы таныс. Оқи­ғалар ортасынан табылатын бас кейіп­кер Жоңғар мен Хиуа шапқын­шы­лықтарына қарсы соғыстарда өзінің қаһар­мандығымен және ұйым­дас­тыру­шы­лық қабілетімен көзге түседі. Әдетте қа­лыптасқан тәжірибе бойынша көркем фильм оқырмандар арасында кеңінен танымал болған шығарманың негізінде, со­ның сюжетінің желісімен түсіріліп жату­шы еді ғой. Ал бұл жолғы шығармашылық байланыстың сипаты керісінше. Шығар­ма­да авторлық баяндаулар арқылы бұрын көп айтыла бермейтін тарихи деректер кел­тірілген. Оқиғаның негізгі фабуласы не­гізгі қаһарманның төңірегінде дамып отыра­тындықтан, шашыраңқылық жағы ша­ғындау. Сондықтан аталған роман оқыр­манын онша шаршата қоймас деп үміт­тенеміз…

Жоңғар шапқыншылығы жылдарын­дағы қазақ жұртының басынан өткерген қиындықтары жайында сыр шертетін ке­лесі бір тарихи роман – Жанат Ахмадидың «Ақ қылышы». Тарихи кезеңде суреттеумен бірге шығарманың мақсаты – оның бас кейіпкері, тарихи тұлға Қызай ананың қазақ қоғамында алған орнын көрсетуге арналған деуге болады. Қазақ елінің сая­си-қоғамдық өміріндегі әйелдердің қандай орын алғандығы осы бейне арқылы аны­ғы­рақ елестейді. Қызай ана аталған Күн­бике «Ақ қылыш» романында тек май­дан­ның алғы шебінде көрінген батыр әйел ғана емес, шешендігімен, алғырлығымен тән­ті еткен, бір отбасының ғана емес, руға ай­налып кеткен үлкен әулеттің де анасы. Жазу­шы бұл кітабында да құнарлы да құй­қалы сөз тіркестерімен, нақышты нақыл­дар­мен бүгінгі қара сөзіміздің эстетикалық ке­регесін кеңейте түскен.

Осы арада бір айта кететін нәрсе – атал­­­ған тарихи романдардың әрқайсысын­да жекелеген деректер, көптеген мағлұмат­тар да келтіріліп отырады. Осындай циф­р­­лар мен фактілерді көлденең тарту шығарманың танымдық  сипатын күшейте түсері де анық. Сонымен бірге, кейбіреулері осыдан көп жылдар бұрын жазылған тақы­рыптас туындыларда айтылып кеткен­дік­тен, ол деректердің бәрін жаңалық деу қиын. Тағы бір мәселе – бір тарихи кезеңді қай­талап жазатын шығармалардағы де­рек­тердің арасында жекелеген қай­шы­лық­тардың кездесіп қалатындығы, кейде кә­сіби тарихшыларымыз айта бермейтін жағдаяттардың көркем шығармаларда қалам ұшына ілініп жататындығы. Ендеше сол қайшылықтардың аражігін, ақ-қа­расын ажыратып беру, көркем туындыларда келтірілген тың деректерге түсініктер беріп отыруы кәдімгі кәсіби тарихшы­лар­дың еншісінде деп білуіміз керек.

Осы арада аттап өтуге болмайтын бір кі­тап – өткен жылы «Ан-Арыс» баспасы шы­ғарған «Алаш тарихының ақиқаты» ат­ты жинақ.

Төлек Тілеухановтың «Ең ғажайып хи­кая» романының бас кейіпкері Баршын – өткен ғасырдың жиырмасыншы-оты­зын­­шы жылдарындағы қазақ жерінде қара бо­рандай ұйытқып өткен кәмпеске, оты­рық­шылық  және саяси қуғын-сүргін тә­різ­­ді нәубет кезеңінің құрбаны. Өмірге еркелеп келіп, шалқақтап жүрген байдың қызы бір-ақ күнде бар дәулетінен айрылып, ше­шесімен бірге жер аударылып кете береді. Романның негізгі фабуласы осы қу­ғын уақытында бас кейіпкер мен шеше­сінің ба­сынан кешкен ауыртпашы­лықтары төңі­регінде құрылған. Бір ауыз сөзбен айт­қанда, романның прологында көрінетін ауыл шетінде жалғыз тұратын қубас кем­пірдің өмір тарихы. Нақ осыған ұқсас сю­жеттер қазақ прозасында бұрын жазыл­ма­ған, оқиғасы тың деп тұжырым жасай ал­маймыз. Қазақ халқының басындағы осынау нәубет кезеңін өзек еткен прозалық шығармалардың жекелеген сюжеттері мен эпизодтары тағы алдымыздан шыққандай болады.

Базархан Жақыбаевтың «Қош бол, Ма­хаббат» хикаясының негізгі оқиғасы бас кейіп­кер Берікболдың сүйіспеншілік се­зі­мі­нің динамикасына құрылған. Автор­дың оқиғаны өрбітуі, психологиялық тар­­тыстарды жеке-жеке жетектеп отыруы оқырманды жалықтырмайды. Кейіпкерлер арасындағы бір-біріне кедергі келтірмейтін ықыласты қарым-қатынастың өзінен де болмашы қайшылықтар туындап, кейде әжеп­тәуір әсерлі тартыстарға ұласып жа­та­ды.

Жазушылардың назар аудармайтын та­ғы бір осал тұсы – өмір шындығын көр­кемдік  шындыққа айналдыру барысын­дағы шы­ғармашылық үдерістің табиғатын мең­геру. Былайша айтқанда, өмірлік ма­териал­ды көркемдік талаптар тұрғысы­нан тара­зылай отырып, іріктеп алу.  Осы та­­лап­­тар­дың үдесінен шыға алмай, болған жағ­дайды болған күйінде натуралистік қа­лыпта жа­зып шығумен шектелу – ортақ кем­ші­лік­тердің бірі.

Оқуға түсу үшін алыс ауылдан келген аби­туриенттің үлкен қалада бастан кешетін қызықтарына байланысты сюжеттер бә­рімізге де таныс шығар. Өткен жылғы про­­залық  дүниелердің кейбірінде осындай сю­жеттің негізгі фабуласы тағы қайта­лан­ған екен. Бірсыдырғы тәуір жазыл­ғанына қарамастан, Б.Жақыбаевтың, С.Досжан­ның хикаяттарындағы осындай жекелеген оқиға желілері бұрынғы кезең­дерде жазыл­ған шығармалардың мазмұнын шиыр­ла­ған­ды былай қойып, тіпті бір-бірін өзара қай­талап та кетеді. Олардың  да айтатында­ры сол – бір-бірін ұнатқан жас­тардың қа­­лаға келген алғашқы айларын­дағы бас­тан кешіргендері. Таныс бейнелер, таныс си­туация­лар, таныс оқиғалар. Өмір шын­дығын көркемдік талаптар тұрғысы­нан іріктеу керек деген қағиданы еріксіз еске түсі­ретін жағдайлар. Тілі жатық, сөйлем­дері орнықты хикаяттардың осылайша таптаурын соқпақтың сорабында сюжет құрауы ізденіс тапшылығынан туындаса керек.

Тақырыбы басқа болғанымен, осындай көркемдік екшеулер жетіспеуі Нұрғали Ра­хаев туындыларында да ұшырасып қа­ла­ды. Сонымен бұл бағыттағы ортақ кем­ші­лік – өмірлік шындықты көркем шын­дық­қа айналдыру барысындағы нәзік те күр­делі шығармашылық үдерістерді өз дең­гейінде игере алмау, болған жайларды бол­ғандай етіп, айтып берумен шектелу.

Өткен жылы жылқы жануарды кейіп­кер етіп алған екі кітап дүниеге келіпті. Олар – Жұмабай Қайранбайдың «Тұл­пар­дың  дүбірі» және Самат Ибраимның «Ататоры» жинақтары. Бүгінгі таңға дейін қазақ прозасында бұл тақырыпқа арналған талай туынды жазылды. Былайша айтқан­да, жылқы тақырыбы қазақ прозасында ұңғыл-шұңғылына дейін жазылған, иі қан­ған тақырып. Бірақ Жұмабай Қай­ран­бай­дың аталған кітабын оқып шыққаннан кейін, «Бұл жылқы жайындағы айтар әң­гі­меміміз әлі таусылып бітпеген екен-ау» деген ой көлденеңдейді. Тағдыр талқысы­мен қайта-қайта сатыла берсе де, өзінің ту­ған сонау қияндағы мекеніне жол тауып, қайта айналып келе беретін Күреңжорға, жылқының асыл қасиетін паш ететін басқа да жылқылар – оқырман есінде сақ­та­лып қалатындай ұтымды образдар. Жазу­шының бұл кітабы өз оқырмандарын та­ба алады деген сенімдеміз.

Самат Ибраимның «Ататоры» атты әң­гімесі де жылқы жайында. Жаугершілік заманда дұшпандардың қолына түсіп қалған Құттығай батырдың дүлдүлі елін аңсап, қашып жүріп, қазаға ұшырайды. Тұлпардың ең соңғы талпынысы оқырман жүрегін еріксіз дір еткізіп, осы бір қасиетті жануардың табиғатын тағы бір қырынан аша түседі.

Жоғарыда тізімде аталып кеткен кі­таптарымыздың бірсыпырасы Кеңестік дәуірдің шындықтарын көрсетуге ар­нал­ған дедік қой. Жинақтағы туындылардың басым бөлігі осы кезең суреттерін бейнелеуге құрылған. Жалпы алғанда «Ататоры» жинағына енген туындылардың мазмұны оқырманның қабылдауына қиындық келтірмейді, түрлі ойларға жетелеп қана қоймай, эстетикалық жағынан жағымды әсерге бөлей алатын деңгейде. Бұл про­за­лық туындыларда әңгіменің өзегіне ай­налған негізгі екі көркемдік нысанды бө­ліп қарастырған қисынды сияқты. Оның біріншісі – қазақ халқының белгілі бір то­бы қоныс қылып, жайлап отырған бұй­рат-бұйрат шағыл құмды өлкелер болса, екіншісі – сол еспе құмды кеше жүріп, тіршілік кешіп жатқан жаны жайсаң қара­пайым адамдар. Жазушы қаламының осы жолғы ерекшелігі – аталған екі көркемдік атрибутты бір-бірімен үйлестіре, жанастыра суреттей отырып, құм қазақтарының жанды образын сомдай алуында.

Кеңес дәуірінің кезекті бір шындығын Нағашыбек Қапалбекұлының «Өкілдер» және Серік Асылбекұлының «Ақ қарға» хикаяларының мазмұнынан аңғарамыз. Бірінші жинақтағы авторлық идея шаруа­шылықтардағы науқандық жұмыстарға байланысты аудан орталығынан ауыл-ауылға өкіл болып барған қызметкер жі­гіт­тің көзбен көріп, қолмен ұстаған жағ­дайлары, көңілге түйгендерінен құралады. Оқиғаны өрбітіп, жоқ жерден тартысты ситуациялардың туындап кетуінің себебі – аудандық партия комитеті берген тапсырмаларды шынайы ықыласпен орын­дауға құлшына кіріскен кейіпкердің алдынан күтпеген тосын жағдаяттардың шыға беруі. Шығармада ептеп жолсапарлық сарын болғанымен, сюжетінің дамуы, тартыстардың ширығуы, сөзбен салынған суреттер оқырманды еріксіз соңынан ілестіріп алып кететіндей деңгейде.

«Өкілдердің» де, «Ақ қарғаның» да мег­зейтіні – бертініректе «сыбайлас жем­қорлық» деп аталып кеткен жағымсыз құ­былыстың Кеңес заманында да қоғам­дық өмірдің бір құбылысына айналып кеткендігі. Заманында ол жайында ашық айтылған жоқ, бірақ автордың ишаралауынша, коррупция мен мафия деген нәр­селер Кеңес дәуірінде де гүлденіп, белгілі бір деңгейге жеткен екен.

Серік Асылбекұлының «Ақ қарға» пове­сіндегі негізгі идея шындықты айтып, ақиқат үшін күрескен адамның қоғамда өз орнын табуы қиын, тіпті мүмкін емес деген түйінге саяды. Осындай ойға еріксіз же­­телеп әкелетін – ауыл-аймақтағы өзі куә болып жүрген кемшіліктерді «Коммунизм шұғыласы» деп аталатын аудандық газетке жазып жүріп, ақыры сол сынал­ғандардың кәріне ұшырап, таяқ жейтін, онымен де қоймай, кек алам деп жүріп, түрмеге түсіп қалатын Жаңабектің тағ­дыры. Оқиға Кеңес дәуірінде өткенімен, бү­гін­гі тәуелсіз еліміздің шындығынан алыс жатыр деп айта алмасақ керек.

Көркем шығарманың мазмұнына ар­қау болатын сюжеттік желіні бас-аяғын шұ­балтпай, шымыр құра білуге бола­тын­дығы және кейіпкердің болмыс-бітімін даралай сомдау шын жазушының қолынан келетіндігі «Ақ қарға» хикаясының үлгі­сі­нен анық байқалады. Тіпті эпизодтық пер­сонаждардың да сөз саптаулары бір-бірін қайталай бермейді. Демек, шындап көңіл бөлген жағдайда көркемдіктің осы бір талаптарын игеруге болатындығы кү­мәнсіз деген сөз. Бірақ аталған басқа ав­тор­лардың  ішінде бұл мәселеге немқұрай­лы қарайтындар баршылық екен.

«Шал» повесінде Нұрлан Қамиұлы Ота­н соғысында неміс фашистеріне тұт­қынға түсіп қалғаны үшін елге оралғаннан кейін сотталып, Сібірге айдалған бұрынғы солдаттың тауқыметті тағдыры арқылы Кеңес дәуіріндегі әділетсіздік құбылыс­тар­дың сипатына тоқталғысы келген. Өмірінің соңына қарай ортасынан бөлініп, ғұмырын көбінесе жалғызбастылықпен өткізіп жатқан шалдың тағдыры аянышты. Оны мұндай мүшкіл күйге түсірген жағ­дай – Кеңес дәуіріндегі саясаттың не­гізгі ұстанымы болған тоталитарлық ре­жим­нің қатал қыспағы.

Кейіпкердің ішкі қоясын, жан дүниесін мейлінше ақтара әңгімелейтін шығар­ма­лар­дың қатарын Нұрлан Қамидың «Темір­қа­зық» повесі толықтыра алады. Тауқы­метті тұрмысты басынан өткеріп жүрген бас кейіпкер Әсем бейнесінен типтік оқи­ғалардың сұлбасы қылаңдайды. «Те­мір­қазық» повесінің компо­зиция­сын­дағы бір кемшілік – шығармалар көлемінің елеулі бөлігін баяндаулардың алып кететіндігі. Жазушы кейіпкер тағдырын оқиғалар ар­қылы ұзартпай, бірден төтелей баяндап беру­ді мақұл көретін сияқты. Сөйтіп, шы­ғар­ма көлемін осындай әдіспен ұлғайтып алмауды көздеген. Бірақ құрғақ баяндау­дың кейде көркемдік талаптарымен қоңсы қона бермейтінін қаперге алып отырса, ар­тық болмас еді.

Тынымбай Төлепбайұлының «Шыр­ғалаң» атты романы кеңестік замандағы өнеркәсіп орындарында жұмыс істеп жүр­ген техникалық қызметкерлердің ұжым­дық өмірі жайында әңгімелейді екен. Егер Кеңес дәуірінде жарық көрсе, бұл шығарма өндірістік романның үлгісі ретінде ауызға ілігіп, тіпті қаны жерге тамбай кетуі де мүм­кін еді. Өйткені, осы фонның аясында сөз болатын жағдайлар – өндірістегі
кадрлык қиындықтар, өндірістік қарым-қа­ты­настар, жеке адамның ұжым алдын­дағы жауапкершілігі, еңбек орнындағы интер­националистік қағидаттар сияқты Кеңес өкіметі кезеңінде өзекті болып табылатын мәселелер.

Кеңес дәуірінің келбетіне көз жүгір­ті­кісі келген оқырман бұл туындыдан сол кез­дегі өмір шындығына біршама қа­ныға алары анық. Жоғарыда ай­тыл­ғандардан бас­қа кеңестік идеология жы­­лы жауып қою­ға тырысатын ұрлық-қар­лық, ішімдік ішу, соның салдарынан орын алып жататын түрлі аморальдық жағдайлар роман­да­ғы талай эпизодтардың жүгі.

Бағдат Қалаубайдың «Жоғалған адамы» таза детективтік пландағы хикаят. Оқыр­манның көз алдынан өтіп жататын оқи­ғалар мен эпизодтар орта буын оқыр­мандарға жақсы таныс: еліміз тәуелсіз алғаннан кейінгі нарықты экономикаға өту кезеңіндегі бизнеспен шұғылдануға кіріскен адамдар, пайда табу жолындағы түсініксіз сапырылысқан оқиғалар тізбегі, соның арасында шығарманың фонын күңгірттеп жіберетін кісі өлімі. Оқиғалары осы жанрда өмірге келген көптеген шы­ғармалардың сюжеттерінде кездесетін таныс схематизмнің шеңберінен табылып та жатады. Дегенмен, автордың өзінше ізденіс танытқан тұстары да жоқ емес. Жаһан оқырманына есімі мәшһүр Агата Кристидің романдарынан бастап көптеген бестселлерлік шығармалардың сюжеті кісі өлтірушінің кім екенін табу жолындағы іздеу жұмыстарынан құралатыны мәлім. Ал Бағдат Қалаубай хикаятының бір ерек­шелігі – кісі өлтірушінің кім екенін оқи­ғаның бастапқы кезеңінде-ақ оқырман алдында жайып салуы. Оқырманның ендігі күтетіні – сол өлтіруші табыла ма, та­былса, қалай табылады деген сауалдар­дың шешімі.

Дархан Бейсенбектің «Қылтұсау» ро­ма­нының кейіпкерлері Америкада тұратын қа­зақ ұлтының шашырандылары. Жаһан­дану тынысы айқын бұл шығармадан бү­гінгі ғасырдың жастарын көреміз. Бірақ оқи­ғасы шымыр, психологиялық-мора­ль­дық қақтығыстар айқын ағарылатын ша­ғын роман белгілі бір оқырмандар арасында өзінің көркемдік міндетін біршама тәуір атқара алатын шығар деп үміттенеміз. Же­тіспей жатқаны – ұлттық характерлердің бұлдырлығы, жекелеген сөйлем құрудағы олақтықтар.

Әлібек Уәлиханұлының «Құлдар пат­ша­лығы» әңгімелер жинағынан бүгінгі жас прозашыларымыздың көбінінің қала­мына тән жинақылықты, нақтылықты жә­не заман тынысын дәл жеткізуге деген құл­шынысты тани аламыз. Қысқа оқиға­лар, қысқа сөйлемдер, ықшам детальдар. Әлі­бек аталған жинағы көркемдік тұрғы­дан өз мақсатын бірсыпыра орындай алған деп білуіміз керек. Әр әңгімесін астарлы идеямен әрлеуге тырысуының өзі жас автор­дың әдебиетті жақсы түсіне алатынын аңғартпай ма? Мысалы, «Демокра­тия­ның көлеңкесі» атты әңгімесінде автор қазақтардың демократия жетістіктерін дұрыс пайдалана алмай, өзімен қатар жүрген басқа ұлттардан қалып қойғанды­ғын қысқа мысқылмен шымшылап өтіп­ті.

«Жаңбыр жауса екен» – жас автор Ай­гүл Жұбаныштың тұңғыш кітабы екен. Осы жанрға келуге тәуекел еткен басқа да әріптестеріне тән үрдіспен әр әңгімесін ық­шамдап қана жазуды машық еткісі келетін ыңғайы байқалады. Сол қысқа­лық­тың ішіне көркемдік құралдарының біразын сыйғызып жіберуге талпыныс жа­сауы бұл жас қаламгердің келешегіне оқырманның үмітпен қарауына себепкер. Көңілге қонатыны – әр әңгіменің белгілі бір ойға құрылуы, ештеңені бүлдіріп, бы­лықтырмайтын, әдеби нормаға жауап бере ала­тын деңгейдегі ықшам сөйлемдер, фор­малық ізденіске ұмтылу арқылы алдыңғы үлгілерді қайталамауға тырысушылық.

Сонымен өткен жылдары жарық көр­ген кітаптардың ішінен көркем прозаға тән ұнасымды қырларымен әжептәуір әде­мі әсер қалдырған дүниелердің де бар екен­дігіне көз жеткізе алдық. Сонымен бір­ге, аты-жөндері жалпы оқырман қауым­ға жете таныс емес жекелеген жазушы­лардың да қаламдарынан қызғылықты сюжеттер, бейнелі сөздер, берекелі сөйлемдер туындап жататынына көз жұма қарауға болмайды. Әдеби сынға анда-санда ат басын ті­рей­тін сыншыларымыз да осындай елеусіз авторлардың елеулі жетістіктерін ескерсе дейміз.

Сонымен аталған прозалық туындыларды қысқаша сараптай келгенде, өзекті болып табылатын негізгі типтік пробле­ма­тикалық мәселелерді қайтадан бір шолып өтейік.

Ең бірінші көңіл бөлетін жағдай – тіл мә­селесіндегі кедір-бұдырлар. Баянда­ма­ның бас жағында келтірілген нақты мысалдар негізінде белгілі бір қорытынды жасауға болады деп ойлаймыз.

Екінші бір олқылық – өмірлік мате­риал­дарды іріктеп, көркемдік шындыққа ай­нал­дыру барысында жүзеге асуы тиіс шы­­ғармашылық ізденістердің тапшы­лығы.

Үшіншіден, айтамын деп ниет қылған негізгі оқиғаны аяғына дейін иін қандырып алып шығудың орнына кейде көлденең жағ­дайларды, ұсақ-түйек мәселелерді тер­мелеп, шұбалаңқылыққа ұрыну.

Төртіншіден, характер даралаудағы диа­логтардың, полилогтар мен монолог­тар­дың көркемдік мүмкіндіктерін дұрыс пайдалана алмаушылық. Аталған туынды­лардың басым бөлігінде кейіпкерлер ав­тор­дың сөз саптауымен сөйлеп, автордың мәнерімен ойлап жатады. Осы арада тәуел­сіздік жылдары жиі сыналып кеткен Сәбит Мұқанов прозасы еске түседі. Ол кісі диалогтарды мінез-құлық  даралаудың ұтым­ды құралы ретінде пайдалана білудің хас шебері болатын.

Назар аударатын келесі бір жағдай – бү­гінгі күннің тақырыбына қалам тарту жа­ғы, уақыттың  ділгір шындықтарын көр­кем­дікпен кестелеп жеткізу мәселесі. Қа­зіргі кезеңді көркем прозаға сұранып тұр­ған өмірлік материалдар асып-төгіліп жа­тыр деуге болады. Бірақ қолымызға ти­ген прозалық шығармалардың арасында нақ өзіміз тыныстап отырған бүгінгі күн­нің образы өте аз, барларының өзі бірыңғай жас қалам иелеріне ғана тән екен.

Бір сөзбен айтқанда, осындай мә­се­лелердің бар екендігін қаперлеріңізге қай­талап сала отырып, сөзімізді аяқтайық.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір