КҮРСІНГЕНІ ШЕРІНІҢ НЕТКЕН АУЫР…
24.12.2022
1139
0

Алпамыс ФАЙЗОЛЛА

Тұранның
соңғы шерісі
(баллада)

Ішіндегі сыздайды қанды кегі,
Қанды кегі жыртқыштың жанды жері.
Киесіндей даланың ең ақырғы,
Жалғыз жортып келеді соңғы шері.

Бұл – Тұранның ақырғы жолбарысы,
Күрсінеді Балқаштың ну қамысы.
Тұздай құрып тұқымы, жалғыз қалып,
Өртенеді запыран удан іші.

Бұрынғыдай ол енді жырғамайды,
Тым көңілсіз күй торлап тұр маңайды.
Өткір қайғы өзінің тырнағындай,
Жолбарыстың жүрегін тырналайды.

Түз тағысы мұншалық сорлағаны-ай,
Тұс-тұсынан қусырып, торға қамай –
Жат өлкелік басқыншы келімсектер,
Өз жерінде қырып сап қорлағаны-ай!

Зарар бермей, соқпайды текке дауыл,
Жыртқыш үшін оранды өртке дәуір.
Өн бойына намыс пен қайрат тұнған,
Күрсінгені шерінің неткен ауыр!

Айға жетіп, ұшқандай ғарышқа нақ,
Жерің үшін айқасу – соғыс ғажап.
Тапты ақыры ең соңғы жолбарысты,
Аңдыған жау – бір жасақ орыс-казак.

Зәрені алған кім шыдар сұсқа мына?!
Жүзінде бар Арқаның қыс-қары да.
Адырнаға айналып ыза-кегі,
Шері-жебе атылды дұшпанына.

Ата жауы келген-ді бағын байлап,
Қырды оларды ішінде жалын қайнап.
Орып түсті бірінің кеңірдегін,
Басын жұлып, бірінің қолын шайнап.

Қатуланды туған жер, Ана-мекен,
Келімсекті жатсынды дала бөтен.
Тоғыз оқпен өлтірді жолбарысты,
Тоғыз жаны ерлердің болады екен!

Басын оққа сескенбей байлады да,
Жыр-дастанның айналды қайнарына.
Өлді соңғы Тұранның жолбарысы,
Өлді солай даланың айбары да!
Сені жоқтап, қаншама жанған ішім,
Рухым – өзің, сен – және
ар-намысым.
Аю әбден қазақты басынды ғой,
Мекеніңе қайта орал, Жолбарысым!..

Түс-патшалық
(Арыстанбаб пен Отырар әміршісі туралы баллада)

Жамандап, жан баласын дат­тамаған,
Жүрегін қарайтып, кек сақтамаған.
Тақуа адам еді Арыстанбаб,
Алланың ақ жолынан ат­тамаған.

Еске алсам, тарихтағы өрт-құйынды,
Өзекке қорғасындай дерт құйылды…
Сопыны Отырардың әміршісі,
«Алдыма әкеліңдер!» деп бұйырды.

Дүние тақуаға тар ма мүлде?
Діндардың көзін алдар бар ма бүлде?!
Бақиды еске салар көр қазып ап,
Ұйықтап жатыр еді сол қабірде.

Сопының түгі де жоқ, жұрты – бағы,
Ісінде бір ғажайып сыр тұнады.
Нөкерлер аш бөрідей жалаңдаған,
Оят­ты найзасымен түртіп оны.

«Не үшін оят­тыңдар?!» деп сұрады,
Әулие жоқ байлығы, жоқ тұрағы.
Тып-тыныш жатыр еді айдын сынды,
Неліктен тентек дауыл соқтығады?!

Жауапсыз қалдырды ғой сауалды да,
Данасын сыйламаған надан мына.
Сарбаздар сирек туар інжу-жанды,
Сүйрелеп алып келді хан алдына.

Сопыны шығу оңай асу көріп,
Жібітпек болған еді шашу беріп.
Мәнісін сұрады хан,
Арыстанбабтың
Жүзінен жауар бұлт­тай ашу көріп:

«Алтын мен күміс өңшең маңайыңда,
Тұмар қып бір асыл тас тағайын ба?
Аспандай
Күзгі
Неге
Түнересің –
Тұрсаң да, билеушінің сарайында?».

Жүрегі әсем, құдды – гүл, көбелек,
Сөйледі сопы сонда нұр себелеп:
«Ұқпаймын, неге оят­ты
нөкерлерің?!
Түс көріп жатыр едім бір керемет».
«Түсімде патша екенмін,
Бақ – ескегім,
Кемеде өмір дейтін жарасты елім.
Бәрі де ғайып болды оянған соң –
Сарайым, патшалығым һәм әскерім!».

Астарын хан сопының түсінбеді,
Ақтарды келекесін ішіндегі.
Әмірші қарқ-қарқ күліп, былай деді:
«Патшалық – елес қой жай түсіңдегі».

«Жоғалар түсім елес – оянған соң,
«Түс пен өң, – деді сопы, – сай аңғарсаң.
Сенің де патшалығың түс емес пе,
Жоғалар ажал сәті таянған соң?!».

«Сарайдан тәкаппарлық желі еседі,
Адамның беймәлім ғой келешегі.
Әмірші, олай болса, түс-патшалық
Мұншалық мастандырды неге сені?!».

* * *
Егіндей қаулап өсіп, нақыл бітік,
Арыстанбаб хикметінен татырды құт.
Бұл өмір өзен болса, тәуліктерді –
Тоқтаусыз иірім-уақыт жатыр жұтып.

Алдамшы сағымындай сары адырдың,
Елесін көрем кейде бала күннің…
Бұл ғұмыр ғарыш болса, тәуліктерді,
Жұтуда уақыт дейтін қара құрдым.

Елімнің арқау етіп арман-мұңын,
Ақынмын бұрынғының жалғар жырын.
Туар ма Арыстанбабтай бір әулие,
Ұқтырар бұл ғұмырдың жалғандығын.

Көкжал-дауыл
(Кенесары ханға)

Қорлыққа, азапқа да төзіп ауыр,
Болғанда, жұрт ызалы, мезі бауыр.
Қашырған құтын жаудың он жыл бойы,
Кене хан – өзі көкжал, өзі дауыл.

Найзағай ойнағандай жауын күні,
Кеудесін тілгіледі ауыр мұңы.
Бұғауға көнбегені – көкжалдығы,
Кең жерге сыймағаны – дауылдығы!

Кене хан жүзі айбарлы, суық өңі,
Күреске белді бекем буып еді.
Айбынды Ақ Орданың шаңырағын,
Көтерген ең ақырғы уық еді!

Арқардай таудың қия тасында өрген,
Өрлігі батырларға жасын берген.
Айқасып, елдің басын қосу үшін,
Кене хан ақыры өзі басын берген.
Екпіні тау селіндей гүрілдеген,
Жаһанға даңқы жетіп, дүрілдеген.
Хан Кене соғып өткен көкжал-дауыл,
Естісе, есімін жау дірілдеген.

Даналық дариясы
(Абайға)

Ойлыға қауіпті бір жар-құз – жалған,
Күткен-ді Абайды да қар, мұз алдан.
Ақылдың асқарына шыққанымен,
Сананың биігінде жалғыз қалған.

Абайды ұқпағанмен, ез, оспадар,
Қазақта өлеңінен сөз аспаған.
Қараңғы жұрт­тың көзін ашамын деп,
Күйіктен өмір-бақи көз ашпаған.

Күздегі жер жүзіндей сәні кеткен,
Халқының жайы ішін жалын еткен.
Ғылымның алау, өртін жандырам деп,
Отына күйініштің жанып өткен.

Мұңды жыр төгілгенде,
күн шыққаннан,
Үн қосқан өлеңіне сыңсып бар маң.
Ілімнің тереңіне сүңгігенмен,
Қазағы сөзін ұқпай, тұншыққан жан.

Жаһанға түбі бірақ таралып нұр,
Жолына сәуле шашты сан алыптың.
Ақынның жүрегінен шыққан бұлақ,
Айналды дариясына даналықтың.

Ахаңның
ақсұңқары

Арайлаған, қазақтың, ақшыл таңы,
Ұлтын өрге сүйреген бақ-сұлтаны.
Кеудесінде Ахаңның тірлік кешкен,
Бар болатын киелі Ақсұңқары.

Сол Ақсұңқар –
Дауыл мен құйынына
Замананың тап болды
Қиынына.
Ахаң өзі жаламен атылған соң,
Әуезовтің қонды кеп иығына.

Күйдіргенде, халқымды заман-аптап,
Үзбеген-ді үмітін бабам, аппақ.
Көшерінде бақиға Мұхаң
Құсты
Кет­ті келер ұрпаққа аманат­тап.

Ахмет – асқар, көз тіктім қиясына,
Мұхтар – мұхит, сүңгідім сиясына.
«Алаш рухы» деген сол
Ақсұңқарды,
Жүрегімнің қондырдым ұясына!..

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір