Детектив – күрделі, кірпияз жанр
16.09.2025
372
2

Әлқисса немесе одақтың оң қадамы

Осыдан дәл екі жыл бұрын, еліміздің жазушылар қауымы Одақтың Пленумында белгілі жазушы, журналист, ұлт жанашыры, қоғам қайраткері Мереке Құлкеновті бірауы­здан Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы етіп сайлады. Осы аз ғана уақыт аралығында басқару және ұйымдастыру ісінде зор тәжірибесі бар Мереке Әбдешұлы одақ жұмысына жаңа тыныс, соны леп әкелді десек, еш қателеспейміз. Атап айтқанда, Қазақстан Мәдениет және ақпарат министрлігімен стратегиялық әріптестік орнату жөнінде келісімге қол қойылып, Жазушылар одағы үш жаңа жобаны іске асыруға кірісті. Аталған жобалардың мақсаты, бағыты мен міндеті, атқарылып жатқан қыруар шаруа туралы айтылып та, жазылып та жатыр. Оларға тоқталып, қайталаудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Сондықтан негізгі мақсатым – аталмыш одақтың жанынан құрылған, елімізде детектив жанрына тұңғыш қалам тартқан майдангер жазушы, Кеңес Одағының батыры Кемел Тоқаев салған сара жолды әрі қарай дамыту, өркендету мақсатында, Жазушылар одағы жанынан құрылған Детектив жанры кеңесінің жұмысына қысқаша тоқталып, оқырманды хабардар ету. Республикамыздың әр аймағындағы детектив жанрына қалам тартып жүрген жиырмаға жуық жазушы осы кеңестің мүшелері. Кеңесті танымал детектив жазушысы, Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің доғарыстағы (отставкадағы) полковнигі Темірболат Ахметов басқарады. Әлеуметтік желіде арнайы ашылған өзіміздің чатымыз да бар. Аймақтардағы детектив жанры кеңесінің мүшелерімен хабарласып, шығармашылық жаңалықтарымен бөлісіп отырамыз. Биыл екі рет Жазушылар одағында бас қосып, кеңесіп, ақылдасып, тәжірибе бөлістік. Ағымдағы жылдың 23 шілдесі күні мұхиттың арғы жағы – Америкадан келген детектив жазушысы, бауырымыз Азат Баттақовпен кездесу өткіздік. Әрине, бұл бас қосуда АҚШ-та тұратын қазақ қаламгерлері, олардың шығармашылық жағдайы ту­ралы сұрақтар қойып, тиісті жауабын алдық. Детектив жанры тақырыбында ой бөлісіп, тәжірибе алмастық. «Қуыс үйден құр шықпа» демекші, Азат бауырыма өзімнің «Таңдамалылар» атты детектив жанрындағы кітабыма қолтаңба қойып, сыйға тарттым. Ең бастысы, Азат Баттақұлы осы сапарда Қазақстан Жазушылар одағына мүшелікке қабылданып, зор қуаныш, мол олжамен аттанды.
Өзім де сол күні Одақтан үлкен олжа иелендім. Ол ақтөбелік танымал жазушы-журналист Зияш Телеуованың «Бас» атты детектив роман-триллерінің қолыма тиюі еді. Романның аннотациясының өзінен-ақ оның қызықты, шырғалаңы да мол, тартымды дүние екенін аңғардым. Өз басым кейінгі жылдары детектив жанрына қалам тартып жүргеннен білетінім, осы күрделі жанрға рецензия жазған жазушы немесе оқырманның еңбегін оқымаппын, кездестірген де емеспін. Сондықтан «Бас» романына рецензия жазуға бел будым. Ол үшін, алдымен, детектив авторымен онлайн түрде шағын сұхбат жүргізуге бекіндім…

Тума талант иесі…

– Зияш ханым, осы жанрда өнімді еңбек етіп келе жатқан қаламгер екенсіз. Детектив жанрында жазуыңызға не себеп болды және өзіңіздің мамандығыңызға қатысы бар ма?
– Мамандығым – мұғалім. Оралдағы А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институтына түсіп тұрғанымда, облыстық газетке тілшілік қызметке шақырылдым. Ол кезде әйел затынан журналистер аз және романтика іздеген жаспын ғой, редактордың қолқа салуын қабыл алып, оқуды сырттай оқуға мәжбүр болдым. Сонымен өмір бойы аудандық, облыстық, республикалық және құқықтық басылымдарда еңбек еттім. Ара-арасында аудармашы болып жұмыс жасадым. Осы шығармашылық саладағы еңбек детектив жанрына қалам тартуда пайдасы тиді. Ал саналы ғұмырын құқық қорғау саласына жұмсап, подполковник дәрежесінде зейнет демалысына шыққан өмірлік серігім Өмірғали Телеуовтың Ішкі істер министрлігінің оперативтік лауазымдарында қызмет етуі әдебиеттің детектив жанрын еркін меңгеруіме септігін тигізді.
– Алғаш жазған детектив еңбегіңіз балалар тақырыбына арналған екен. Ол ой не себептен, қалай туындады?
– Бірде жұмыстан соң кітап дүкеніне кірсем, бір топ баланың мұқабасы көз тартатын кітапқа толы сөрелерге қызыға қарап: «Біздің жазушылар осындай кітаптарды неге жазбайды екен? Мыналар орысша, біз түсінбейміз ғой», – дегендерін құлағым шалды. Сол жерде маған, шынымен, біз неге жазбаймыз, шетел жазушыларының миы біздікінен артық емес шығар деген ой келді. Сол ойдың жетегімен жергілікті «Эврика» газетінің криминалистік бетін оқып отырып, алаяқтардың бір қарияның пәтерін тартып алу үшін бопсалағандары туралы мақаланы оқыдым. Міне, соның желісімен, балаларға арналған алғашқы «АБКА-тобы ашқан қылмыс» атты кітабымды жазып бітіріп, оны арқалап Алматыға аттандым. Басылымдарды жағалай жүріп, қолдағы еңбегімді ұсынсам, барлығы қаржыға тіреледі екен. Көшеде қаңғалақтап келе жатып, маңдайшасына «Жеті Жарғы» деп жазылған ғимаратқа көзім түсіп, ішке кірдім. Директоры әйел адам екен. Ұлты ұйғыр-ау деймін, әйтеуір қазақ емес. Бірақ қазақшаға судай. Мені мұқият тыңдап, флешкімді алып қалды. Ол келесі күні «сіздің кітабыңызды басып береміз» дегенде, қуанышым қойныма сыймай, жылап жібердім. Кітап екі мың данамен шығып, тез тарап кетті…
– Иә, Зияш ханым, сіздің ең бірінші кітабыңыз балаларға арналғанымен, жалпы оқырмандарға арнаған детективтеріңіз солардың салмағын басып кеткен тәрізді.
– Дұрыс айтасыз, менің балаларға арна­ған кітаптарым, қазірше айтқанда «хит» бол­ды десем, асыра айтқаным емес. Сұраныс көп болды. Артынша, 2013 жылы «Жазушы» баспасынан мемлекеттік тапсырыспен шыққан екі романым – «Банкирдің өлімі» мен «Махаббаттың ажалы» таразы басын басып кетті ме, балаларға көңіл бөле алмай қалдым. Алайда кішкентай оқырмандарымды біржолата ұмытқан жоқпын, «Құлаған үйдің құпиясы» деген шытырман оқиғаға толы кітабым «Фолиант» баспасынан 2019 жылы 5000 данамен шықты. Шынында, нарық заманында бұл кітаптың бестселлер дәрежесінде көп тиражбен шығуы балалар үшін де, мен үшін де сәттілік еді. 2023 жылы «Балалар әдебиеті» баспасынан «Көл жағалауындағы көмбе» атты кітабым жарық көрді.
– Екі бағытта жазу сізге қиын емес пе?
– Әрине, қиын. Бірақ кішкене оқырмандарымның детективке деген қызығушылығы мен сұранысы мені бейтарап қалдырмайды. Қазір де бір кітап жазып жатырмын.
– Осы кезге дейін шығарған кітаптарыңыздың ішінде өзіңізге ең қатты ұнайтыны бар ма, болса қай кітап?
– Қазақта «Іштен шыққан шұбар жылан» деген сөз бар ғой, ешқайсысын бөле-жармаймын. Дегенмен, «Дәуір» баспасынан 2021 жылы шыққан «Тірі өлік» деп аталатын кітабымның басқалардан шоқтығы биік сияқты. Ол кітап 2023 жылдың қортындысында белгілі журналист, талантты жазушы Мағира Қожахметованың жылы лебізіне ие болды. Ол баға маған ғана емес, әдебиетке сығалап, сыналап еніп келе жатқан жаңа, детектив жанрына берілген оң баға десем, артық айтқандық болмас…
– Зияш, әлгінде аударма саласы туралы айтып қалдыңыз…
– Иә, аударманы шығару үшін емес, өзім үйрену үшін аударатынмын. Дегенмен, аударманың шығармашылық адамына пайдасы орасан. Агата Кристидің «Жеті цифрблат құпиясы» кітабын аудардым, шынымды айтсам, ол кітап орысшаға жеңіл-желпі аударылған, өзіме ұнамады. Бұл кітап та «Фолиант» баспасынан шықты. Алай­да кітап жастардың тілімен сөйлеген, сол ға­сырдың «алтын жастарына» арналған екен. Қазіргі біздегі бай балаларының өміріне өте ұқсас, сол үшін қызықтым. Бірақ оқырмандар жақсы қабылдады. Одан соң «Ночная тьма» атты романын аудардым. Ол архивімде. Жорж Сименоннің «Комиссар Мегрэнің ұрысын» аударсам, менен бұрын аударылып қойыпты. Негізі, аударманың жарыққа шығуы немесе шықпауы маңызды емес, аударма жанры жазушыға көп нәрсе үйретеді.
– Сіз заманауи жазушы ретінде әдебие­тімізге тың ізденіс, соны жаңалық әкелу арқылы ерекше көрінетін сияқтысыз…
– Біздің әдебиетте детектив жазудың өзі жаңалық болса, мен сериалды кітаптар шығарудың үлгісін жасадым. Менің кейіп­керлерім келесі оқиғаларда жалғасып отырады. Мұны біздің әдебиеттегі үлкен жаңалық деуге болатын шығар.
– Қалай ойлайсыз, біраз кітап шығарыпсыз, еңбегіңіз бағаланып келе ме?
– Меніңше, жазушының еңбегі ішіндегісін сыртқа шығарып, соған көңілі толып рақаттанып отырғанда, бір өтеледі. Кітабы оқырманын тапқанда екінші рет өтеледі. Ал өзегіңді жарып шыққан дүниеңе өтемақы сұрағандай, омырауыңа тағатын орден мен медаль дәмету пендешілік қой. Менде де сол пендешілік бар шығар. Біреулер алып жатады. Көз болған соң көресің. Бірақ соған оншалықты қызықпаймын. Қызыл-жасыл дүние кімнен болса да қалып жатқан соң ба екен. Жалпы, дымым жоқ деп ауызды қу шөппен сүртуге болмас. Бұйырғанын алып жатырмыз…
– Зияш ханым, қызықты да тартымды сұхбатыңызға көп рахмет. Қасиетті қаламыңыз одан әрі ұшталып, рухани еңбектеріңіз оқырмандарды қуанта берсін…
– Ғабеке, сізге де алтын уақытыңызды бөліп сұхбат жүргізгеніңіз және менің роман-триллеріме рецензия жазбақ ойыңыз үшін үлкен алғысымды білдіремін.

Детектив – күрделі, кірпияз жанр

Жақында Қазақстан Жазушылар одағында өткен бір жиын соңында үлкен бір олжа – «Бас» атты роман-триллер қолыма түсті. Авторы – ақтөбелік елге танымал жазушы Зияш Телеуова. Өзім де қолыма қасиетті қалам ұстаған жазушы болғандықтан, әріптесімнің қол жеткізген жетістіктерінен мағлұматым мол еді. Мәселен, көп жылдан бері «Еуразия шығармашылық гильдиясы» қоғамының мүшесі ретінде «Ашық Еуразия» байқауларына қатысып, бірнеше рет әлемдік сертификатқа ие болған ол 2023 жылы республикалық «Айбоз» қаламгерлер байқауының «Үздік проза» номинациясында жүлдегер атанып, Қазақстан Жазушылар одағының сертификатын иеленсе, 2024 жылы ІІМ-нің «Серт» байқауында да (детектив жанры) үздіктер қатарынан көрінді. Зияш ханым көркем шығарма ғана емес, журналистика саласындағы еңбегі еленіп, Кеңестер кезінде «КСРО Баспасөз қызметінің үздігі» төс белгісіне ие болған. Еліміз егемендік алған тұста «Қазақстан Республикасының Құрметті журналисі», «ҚР Мәдениет саласының үздігі» атағын иеленген. Сонымен қатар Зияш ханымның елімізде кенже қалып отырған сериялы детектив кітаптарын шығару үрдісінің «алғашқы қарлығашы» атануы – біздер, әріптестері үшін ғана емес, оқырман қауым үшін де үлкен қуаныш…
Әлқисса, енді Зияш Телеуованың «Бас» роман-триллеріне рецензия – сараптамаға көшейін. Триллердің қысқаша фабуласы: Роман тоқсаныншы жылдардың басында шағын шаһардағы жантүршігерлік қылмыстың желісіне құрылған. Оқиға тергеуші мен кесілген бастың диалогы және қойын дәптердегі жазба арқылы баяндалады. Тағдыр талқысына ұшыраған екі жас – Ғалым мен Мөлдірдің асыл сезімдері өлім мен өмір ортасына қағылған мықты сынадай шынайылығымен ерекшеленеді. Енді тереңірек талдауға көшейік…
Кекке оранған өрт…
«Тәуелсіз мемлекет болдық» деп, бөркімізді аспанға атып жүргенімізде, өтпелі кезеңнің өлермен тұсынан алдырмай-жұлдырмай, аттап өте алмай қалған осы тұсты өз кейіпкерінің тағдырымен ұштастырған Зияш жазушының шығармасынан үзінді арқылы көз алдымызға елестетейік: «Күнделікті күнкөрісінен айырылған қала халқы босып жүр. Екі қолға бір күрек таппай қиналғандар көшеге сыймайды. Сол кездегі жастар тоғанға жиналған су сияқты еді. Қайда ағарын, қайда бас бұрарын білмей, буырқанды. Ұрыс жоқ, соғыс жоқ, ел аман, жұрт тыныш уақытта «балапан басына, тұрымтай тұсына» заманы осы болды (9 — бет).
Иә, «жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» демекші, бар аймақ көтерем болған ат құсап тұралап, завод-фабрикалар мен ірі кәсіпорындардың, жайнап тұрған колхоз-совхоздардың ту-талақайы шығып, бар байлық билік басындағы пысықайлар мен «дөкей көкелердің» меншігіне айналып шыға келді. «Аспаннан шұға жауса да, құл байғұсқа ұлтарақтық киіз бұйырмайды» деген рас екен. Осы игіліктің барлығын өз қолдарымен жасаған қарапайым халыққа түк бұйырмай, «сақал сипап» қалды. Осы өліара шақта мектепті енді ғана бітірген бозбала Ғалым Байсаловтың әке -шешесімен қоса баспанасынан айрылып қалуы кітапта былай суреттеледі: «Жұмыстан келсем, көршілерім: «Сенің үйіңе әкімшіліктен бір топ адам келді. Үйің сүргіге (сносқа) жатады екен», – деп жеткізді. Осы арадағы кейіпкердің жанайқай толғанысы: «Әке-шешем өз қолдарымен тұрғызған жалғыз баспанамнан айырылып қалам деген ой үш ұйықтасам, түсіме кірмеген нәрсе. Менің жасым он сегізге толмағандықтан, марқұм ата-анам үйді менің атыма рәсімдеп үлгермеген, өсиет хат та қалдырмаған екен. Қос өкпемді қолыма алып әкімшілікке жеттім. «Үйдің иесі жоқ, өзі ескі, сносқа жатады» тұрғын үй мәселесі жөніндегі арнайы комиссияның шешімі солай», – деп маңайлатпады (12- бет).
Міне, «даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» дегендей, өмірге енді ғана қадам басқан жастың бары да нары – баспанасынан айрылуы өмірден түңілуінің басты себебі. «Басқа түссе, баспақшыл» деп оған да көнбіс болып, жас-жастың тілегі бір дегендей, жұмыс орнынан жүрегіне серік тауып, алғашқы махаббатқа мас болып, қайғы-қасіретін ұмыта бастағанда, тағдырдың екінші соққысына ұшырап, зорлықпен сүйгенінен айрылады. Осы араны оқысаң, төбе құйқаң шымырлайды. Мұндай бірінен соң бірі төпелеген зорлық-зомбылыққа Ғалымның жүйкесі шыдас бермей, қара шаңырағының орнына көзге күйік болып, таудай етіп тұрғызылған екі қабат коттеджді ашумен өртеп жібереді. Осы қылмысы үшін мойнына он жыл мерзім жүктеп алады.
Иә, «дөкейдің арты диірмен тартады» демекші, ата-анадан қалған бар байлығы – қара шаңырағынан айырылып, адасқан қаздай далада қалған Ғалым не істерін, кімнен араша сұрарын білмей, жаутаң қағып, аласұрады. Автор жас жігіттің осы қабырға қайыстырар қасіретін былай жеткізеді: «Ата-анам, мұғалімдер айтқан мейірімді адамдар қайда?! Біз өмір сүріп отырған қоғамда әділдік, шындық деген құндылықтар жоқ екен. Қорғансыз жетімнің сөзін ешкім естір де, ескерер де емес… Үйіме оралсам, құдайым­-ау, үйімнің орнында үйінді топырақ. Өмірге келгеніме өкіндім… Менің бүкіл болашақ өмірім сол үйінді астында қалғандай, қаңғалақтап қалдым (23- бет)…

Тергеушінің жанталасы…

Детектив жанрына ә дегеннен роман жазумен келіп, оқырмандарын елең еткізген қаламы қарымды журналист-жазушы Зияш Телеуованың әдебиетімізде кенжелеп қалған жанрға аз уақытта қомақты үлес қосуы, әрине, арнайы зерттеп-зерделеуді қажет етеді. Бұл тұрғыда автордың
«Алқа» баспасынан шыққан роман-триллерінің кейбір ерекшелігіне тоқталып өткім келеді. Жалпы, біздің әдебиетіміз кейіпкерлерге бай. Сан қилы мамандық иелері жазушылар қаламынан тыс қалған емес. Солай десек те, көбіне қоғамның көлеңкелі жақтарында жүретін, қылмыспен бетпе-бет келетін погон таққандардың күнделікті қызметін, тыныс-тіршілігін суреттейтін, мінез-құлқын сомдайтын туындылар сау­сақпен санарлықтай екені рас. Осындай кем-кетігімізді толтыра келген «Бас» романының жарыққа шығуы – осы жанрдағы үлкен жетістік, автордың өзіндік ізденісінің жемісі болғанына куә болып отырмыз десек, артық айтқандық болмас.
Куәгер іздеп, жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген тергеушінің бар ынта-шынтасы «бастың иесі кім, оны осылай айуан­дықпен өлтірген жауыз кім?» деген сауалдың төңірегінде өрбиді. Сондай толғаныспен жүріп, айналасында болып жатқан күнделікті тіршілікке, қызметтегі қарбаласқа өзіндік ұстанымымен баға беріп отырады.
Тергеуші қолындағы де-факті – басты сүйрелеп, қайда қоярын білмей (әлдекімдердің қолдағы жалғыз дәлелді ұрлап әкетуінен қорқып) жүргенде, аудандық милиция бөлімінің ұжымы жоғары жақтан келетін мәртебелі қонақтарды күтіп алу дайындығына кірісіп кетеді. Осы жүгіріс, сүргелең шебер суреттеледі. Онда сарказм да, күйініш сезім де бар. Оқырман детективті оқып отырып, өмірдің айна-қатесіз шынайы көріністеріне, шікірейген шенеуніктердің жоғары лауазымдыларды қарсы алудағы көзбояушылық іс-әрекеттеріне куә болып, миығынан күліп отырады. Себебі – шығарма шындықтың айнасы. Жазушының сол сәтті жеріне жеткізіп суреттеп беруінен бір реттік қонақ үшін тазарып шыға келетін мекемелердің ауласы мен шенеуніктердің жалпақтаған жағымпаздық әрекеттеріне куә боласыз…
Жалпы, детектив деген не? Бұл сұрағымызға Зияш ханымның аталмыш романын оқи отырып, жауап алғандай боламыз. Осы тұрғыдан оның кітабының қан-тамырында өмір болмыстарын шынайы суреттеу детальдері артып жығылады. Бізге керегі де осы емес пе?! Куәгерлердің кесілген басты тануға келгендегі пенделік үрейге берілуі өте нанымды баяндалуымен, қаламгердің қылмыспен күресу, оларды аша білуі – ішкі істер органдарының тыныс-тіршілігін жақсы білетіндігімен таңғалдырады.
Сонымен қатар бір елең еткізері, тергеуші кесілген бастың өмірбаянын жиып-теріп, оның образын жасап шығарады. Ол қылмысты ашып қана қоймай, өзінің кейіпкеріне айналған кесілген бастың жазықсыз жапа шеккен жан екенін дәлелдеп шығады. Соның нәтижесінде өмірі трагедиямен аяқталған жас жігіттің әділетсіздікке жем болған қарапайым көп жастың бір екеніне көзіңіз жетеді.
Жалпы, Зияш диалог арқылы кейіпкерлер образын сомдаудың хас шебері. Соның айғағындай мына бір диалогына көз жүгіртіңіз: «Әйелі есік ашып, аңқып тұрған арақ иісінен жиіркеніп, мұрнын басты.
– Түу… сонша ішкенің не?
– Көшедегі ит-құспен ішкен жоқпын ғой.
– Кіммен ішсең де бәрібір емес пе? Тойып алыпсың…
Жоқ…жоға… шырағым, аса мәртебелі қонақтармен іштім. Ондай қонақтармен табақтас болу, рөмке соғыстыру әркімнің маңдайына жазылмаған екен. Солай десті аналар…
Әйелі күлді:
– Айтпа, сен ғұламасың ғой..
– Сен менің ақымақ басымды айтып тұрмысың. Ақымақ болмасам, пысықайлар салып жатқан екі этажды коттедж салып бермеймін бе, тақияңа шетелдік машина тар келе ме?
– О… басталды, мен сенен соны сұрадым ба?
– Сен де ақымақсың.
– Ұйықташы енді.
– Жоқ, ұйықтамаймын! Мен өз басымды айтып тұрған жоқпын. Ана кесілген бас туралы айтып тұрмын…
– Менің сейфімде бас, қойнымда бомба – флешке. Қалай ұйықтаймын? Сен болсаң ұйықтар ма едің?..
– Ой, Алла-ай, қайдағы бас, қайдағы бомба? Сонша есіңнен танғанша ішіп нең бар еді…
– Оңбағандар, қарақшылар, ақша үшін әке-шешесін, Отанын сататын опасыздар. Басқа обал, жап-жас жігіт…
Ол күбірлеп барып қор ете түсті…»
Тергеуші мен әйелі екеуінің арасындағы осы диалогтен ерлі-зайыптылардың қулық-сұмдықтан аулақ, қарапайым жандар екенін бірден аңғарамыз. Сондай-ақ отставкадағы генералмен арадағы диалогке назар аударайық:
«Райс сәл қобалжып, кібіртіктей сөйледі:
– Сіз сияқты мен де екі ғасырдың жемісін де, жеңілісін де көрдім. Мен де көбі неге олай, неге бұлай деген сауалдарға жауап іздеп, қиналдым. Мысалы, қазір жол оқиғасы бұрынғы кездердегіден екі есе, үш есе өсті. Бұл жоқшылықтан болып жатыр ма? Жол-көлік оқиғасына себепкерлер қымбат көліктің рөлінде отырғандар. Тоқшылықтың топалаңы.
– Ал мен бұл сауалыңыздың жауабын тауып берем, – деп кәрі тарлан жөткірінді. – Ол – өзімшілдік! Екі жүргізуші жолға таласып, бір-біріне жол бермейді. Сосын өзімшілдік екеуінің де түбіне жетеді. Кімді соттайсыз? Кім кінәлі? Өзімшілдік! Соны соттайсыз! Соттаңыз! Мысалы тұрмыстық қылмыс. Ері мен әйелі төбелесіп, ері әйелін өлтіріп алады немесе әйелі ерін өлтіріп қояды. Қазір мұндайлар көп. Тағы да кім кінәлі? Ері әйелін тыңдамайды, әйелі ерін тыңдамайды. Ақыры ұрыстың аяғы төбелеске ұласады. Төбелестің аяғы өлімге ұласады. Кім кінәлі? Өзімшілдік! Өркөкіректік! Ал сіздер болсаңыздар, тергеу жүргізіп, куәгер іздеп, жауап алып, сараптамаға салып әуре боласыздар. Ақыры тірі қалған кінәлі болып шығады. Кінә тәрбиеде ме, тәрбие­де. Ресейдің Қазан қаласында мектептің бұрынғы шәкірті жазықсыз оқушыларды атып, жайратып тастаған жоқ па?! Бұрын оны осы мектепте оқып жүрген кезде, мұғалімдер шеттетіпті-міс. Ау, сол мұғалімдерді өзі тауып алып, содан өшін алмай ма, жазықсыз жандарда несі бар? Себебі оның өн бойын өзімшілдік уы жайлап алған. Айтпақшы, қазіргілерді бюрократ дейді, бюрократ емес, олар өзімшіл. Өзінен басқаны ойламайды. Көрмейді. Естімейді…»
Иә, кезінде «көкжал» атанған атақты генерал Райс пен тергеушінің диалогы оқырманға «кейінгі ұрпаққа сендер жеткізіңдер» деп, өсиет етіп айтқандай сезіледі…
Міне, сөз зергері – Зияш ханымның жүрегінен шыққан жанайқайы осы. Бүгінгі қоғамның хал-ахуалы. Соны киелі сөз өнері арқылы жеріне жеткізе суреттей білу қабілеті сіздің де жүрегіңізді шым еткізіп, жанарыңызға ыстық жас үйіреді. Жан дүниеңізді зар илетеді.
Мен сыншы да, әдеби зерттеуші де емеспін. Бірақ детектив жанрына көптен қалам тартып жүрген жазушы ретінде замандасым, әріптесім Зияштың шығармасына өз хал-қадірімше шолу жасадым. Қазіргі таңда кірпияз да күрделі детектив жанры төрт аяғынан тең басып кетті деуге ерте шығар. Дегенімен, ауыз толтырып айтарлық, сусынды қандыра оқуға тұрарлық дүниелердің бар екенін мойындап, қажетті жерінде қолдап отырғанымыз жөн-ақ.

Ғабдул-Сәбит ЮСУПОВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Кемел Тоқаев атындағы детектив жанры
байқауларының жүлдегері

ПІКІРЛЕР2
Аноним 19.09.2025 | 00:59

Зияштың кітабын баспалар тегін шығарып бере ме екен, сол жағын айтыңқыраса қайтеді. Ештеңе түсінбей қалдық

Аноним 19.09.2025 | 16:53

Детектив қой!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір