ДЕТЕКТИВ ЖАНРЫНЫҢ ДАРАБОЗЫНА АРНАЛҒАН КЕЛЕЛІ ЖИЫН
09.10.2023
459
2

Қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін қалап, тыңға түрен салған жазушы – Кемел Тоқаевтың туғанына 100 жыл толуына орай Алматы қаласындағы Достық үйінде «Қазақ детектив жанрының дарабозы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Бөлек тұрпатты шығармаларымен руханияттың алтын қорын толтырған қалам иесіне арналған алқалы басқосудың тізгіні Қазақстан Жазушылар одағының басқарма Төрағасы Мереке Құлкеновте болды. Алғашқы сөз кезегін алған Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзін оқыды. Әрі «2023 жылғы 29 қыркүйекте «Ар-Рияд-2023» халықаралық кітап көрмесі аясында Қазақстанның Елшілігі Сауд Арабиясы Корольдігі Мәдениет министрлігінің Әдебиет, баспа және аудармалар комитетімен және Әдеби өнер агенттігімен, сондай-ақ «Обейкан» баспасымен бірлесіп Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Әке туралы ой-толғау» кітабының араб тіліндегі нұсқасының тұсаукесерін өткізді. Іс-шара белгілі қазақ жазушысы, отандық әдебиеттегі детективтік жанрдың негізін қалаушы Кемел Тоқаевтың 100 жылдығына орай ұйымдастырылды.
Айта кету керек, «Әке туралы ой-толғау» кітабының аудармасын бұдан бұрын І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясын араб тіліне аударған белгілі аудармашы доктор Мұхаммед Рияд жүзеге асырды. Ар-Рияд халықаралық кітап көрмесі 1976 жылдан бастап жыл сайын өткізіліп келеді және Таяу Шығыстағы ең ірі кітап көрмелерінің бірі болып саналады. Биыл 28 қыркүйек – 8 қазан аралығында өтіп жатқан кітап көрмесіне араб әлемінен, Азия, Америка, Еуропа және Африканың 32 елінен 1800-ден астам аймақтық, әлемдік баспалар қатысуда, ал күн сайын келушілердің саны 100 мың адамнан асады», – дей келіп, шараға қатысушыларға сәттілік тіледі.
ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев, әл-Фараби атындағы атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаев , Өзбекстан Жазушылар одағының мүшесі Минхожиддин Ходжиматов, Қырғыз Республикасы Жазушылар одағының Төрағасы Нұрлан Қалыбеков, Ресей ғылымдарының еңбек сіңірген қайраткері, детектив жанрының белгілі жазушысы Дмитрий Шестаков, көрнек­ті қазақ қаламгерлері Дулат Исабеков, Нұрлан Оразалин, Ахметжан Ашири, Жаңғара Дәдебаев, Қансейіт Әбдезұлы, Құлбек Ергөбек, Көсемәлі Сәттібайұлы, Әміре Әрен тағы басқа зиялы қауым өкілдері Кемел Тоқаевтың өмірі мен шығармашылығы хақында ой толғап, тың деректерге толы баяндамаларын оқыды. Сонымен қатар Нұрғали Нүсіпжанов, Еркін Шүкімән, Нұркен Әшіров, Талғат Әбуғазы сынды белгілі өнер қайраткерлері мен күйшілер ән шырқап, күй шертіп, мәні зор, мазмұны терең жиынның көркін асыра түсті.
«Кемел Тоқаев шығармашылығы әлі де терең зерттеуді, зерделеуді қажет ететіні сөзсіз. Шығармалары ұрпақ алмасқан сайын қайыра басылып келе жатқан жазушының қаламынан туған туындылар алдағы уақытта да әдебиет зерттеуші ғалымдардың ғылыми жұмыстарына негіз бола бермек. Кемел Тоқаев негізін қалаған қазақ детектив жанрының әрі қарай дамуына жол ашу, осы жанрда қалам тартып жүрген әріптестерімізге жағдай жасау басты назарымызда болуға тиіс. Осыған орай Қазақстан Жазушылар одағы детектив және шытырман оқиғалар кеңесін құрып, оның жаңа бағдарламаларын жасайды. Бұл бастаманы Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы тиісті мекемелермен бірге атқаруды өз міндетіне алады», – деген Мереке Құлкенов келелі жиын соңында көрші елдерден келген қонақтардың иығына шапан жауып, барша қазақ қаламгерлерінің атынан алғыс айтты.
«Сөз кезегі келгенде қазақ детективінің тұңғышы Кемел Тоқаевтың ең алғашқы еңбек жолын Жамбыл облыстық «Сталиндік жол» (бүгінгі «Ақ жол») газетінен басталғанын айттым. Кемең 1948 жылы, 25 жасында, ҚК Орталық Комитетінің жолдамасымен Жамбыл қаласына журналистік жұмысқа келіп, 1949 жылға дейін осында еңбек еткен. Сол кезде «Жас гвардия», «Алыстағы қалыңдық» және «Сібір жері туралы аңыз» деп аталатын үш көркем фильмге кинорецензия жазды. Мені қызықтырғаны да осы болды. Өйткені ауыл шаруашылығы туралы хабарды әркім жаза береді. Ал кинорецензия – күрделі тақырып. Өкінішке қарай, Кемең бір жылға жетер-жетпес уақытта денсаулығына байланысты Алматыға оралып, «Лениншіл жас» газетіне қызметке тұрады. Кемең өмірбаянындағы Жамбыл өңірінен басталған жол тарихтан да, Википедия энциклопедиясынан да өшпеуі керек», – дейді белгілі жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы аталған басқосу жайлы тарқата келіп.
Қайткенде де, әдебиетті өркендету, аударма аясын кеңейтіп, зерттеу, зерделеу жұмыстарын тереңдету жайындағы ұсыныстар ортаға салынған конференцияның сөз өнері үшін маңыздылығы айрықша болды.

М.РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІРЛЕР2
Аноним 11.10.2023 | 13:21

Қазақ Ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаев басқалардан бұрын келіпті дейді. Жансейіт Түймебаев кеше Назарбаевқа жағымпазданып еді, бүгін Тоқаевқа жағымпаздана бастапты.

Аноним 11.10.2023 | 17:15

Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ-да президенттің әкесі Кемел Тоқаевқа арналған арнайы аудитория ашты. Осы уақытқа дейін дәл мұншалық еленбей келген жазушыны аяқ астынан дәріптегені қызық боп жатыр. Әлде, Жансейіт Түймебаев ректорлық қызметінен кетпеу үшін жанталаса ма екен? Өйткені мұның алдында «ҚазҰУ-дың ректоры ауысады» деген сыбыстар болған.
Азаттық радиосының журналистері ректорға “бұл аудитория Кемел Тоқаев президенттің әкесі болғаны үшін ашылды ма, бұл жеке басқа табыну емес пе”, дегендей сұрақ қойып жіберді. Төтесінен қойылған сұрақ Жансейіт Түймебаевтің жанына қатты тиіп кетсе керек, ашынған ол журналистің өзіне шап берді. Тілшіге «мақсатыңыз қандай» деп бас салғаны тіпті ерсі болды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір