ДЕТЕКТИВ ЖАНРЫН ЖАҢҒЫРТУ – ИГІ ІС
Баршамызға белгілі, өткен 2023 жылы еліміздің әйгілі жазушысы, қазақ детективінің негізін салушы Кемел Тоқаевтың туғанына 100 жыл толуын атап өтті. Кемел Тоқаев атындағы Қор детектив жанрында жазылған ең үздік көркем шығарма конкурсын өткізіп, бірінші орынға 10 миллион теңге жүлде тағайындады. Сол кезде көптеген жазушылар, соның ішінде, Жазушылар Одағының басшылығы аталмыш жанрдың жай-күйіне назар аударып, қызығушылық танытты. Сөйтіп, Қазақстанда детектив сияқты көркем әдебиет жанры әлсіз дамығаны анықталды.
Сонымен бір мезгілде, әлеуметтану, құқықтану, криминалистика салаларындағы соңғы зерттеулер детективті жанрдың қоғамдық өмірдің осы салаларына оң ықпалын тигізетінін, азаматтардың құқықтық тәрбиесін қалыптастырып, құқықтық білімдерінің аясын кеңейтетінін көрсетеді.
РФ ІІМ аналитикалық бөлімшелері жасаған тұжырымға сай, орталық телевизия арналарынан «Бандитский Петербург», «Бригада», «Ликвидация» сияқты криминалдық тақырыптағы кеңінен белгілі фильмдер көрсетілген кезеңдерде қылмыстық жағдай көріністері жалпы азая түскен. Әрине, дәл сол фильмдер психологиялық тұрғыдан толық қалыптаспаған жасөспірімдерді әлдебір заңға қайшы, құқық бұзу әрекеттерін жасауға итермелеу факторына айналған жағдайлар да орын алған. Дегенмен, ондай жағдайлар некен-саяқ, әрі оларды қоғамға ықпал ететін негізгі факторлармен еш салыстыруға келмейді. Психологтардың айтуынша, ұрыс-төбелес, қанды оқиғалар, дау-жанжал, әр түрлі қылмыс көріністері бар, бірақ ақыр соңында заңдылық, әділдік, адамгершілік үстемдік алып, жақсылық жеңетін бұндай фильмдердің игі әсері сол – олар жеке басындағы, сондай-ақ, жалпы қоғамдағы қандай да бір келеңсіздіктерден шаршаған қатардағы, әдепкі азаматтың бойын буған жағымсыз сезімдерін сейілтіп, психикасындағы ширығысты тарқатуға септеседі.
Осы айтылғанға қарай, үстіміздегі жылдың басында Қазақстан Республикасы Жазушылар одағының жанынан Детективті жанр бойынша кеңес құрылып, оған 10 адам мүше болды. Кеңес Төрағасы болып ЖО мүшесі Темірболат Ахметов, Орынбасары ЖО мүшесі Садықова Айнагүл сайланды.
Аталмыш Кеңес алдына мынандай міндеттер қойылды:
— детектив жанрын дамыту және насихаттау;
— осы жанрда жазатын жас және жаңа жаза бастаған авторларға ақыл-кеңес түрінде көмек беру;
— қолжазбаларды, жарияланған шығармаларды, киносценарийлерді рецензиялау;
— кітаптар басып шығаруға, туындыларды бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға, шығармашылық ой, идеяларды іске асыруға септесу;
— осы жанрда жазылған шығармалар авторын іріктеп, түрлі сыйлықтарға, марапаттарға, атақтарға, сондай-ақ, ҚЖО-на мүшелікке ұсыну;
— құқық қорғау органдарымен, әлеуетті құрылымдармен, Кемел Тоқаев атындағы қормен шығармашылық ынтымақтастық құру.
Детектив жанрының бастауында тұрған Кемел Тоқаев, Дмитрий Снегин, Қалмұқан Исабаев, Амантай Байтанаев сынды қарымды қаламгерлер десек, одан кейін де бұл саланың дамуына атсалысқандар қатары көбейе түсті. Мысалы, 2023 жылғы қазан айында «Егемен Қазақстан» газетінде Жүсіпбек Қорғасбектің жазушылар Заманбек Әбдешов пен Асқар Алтаймен жүргізген сұхбатында аталмыш жанрда қалам тартқан жазушылар ретінде тағы Ғабиден Құлахмет, Қабден Сауыркенов, Талаптан Ахметжан, Әлібек Файзуллаев, Зияш Телеуова, Александра Марининаның есімдері аталған еді.
Сол көшті тоқтатпай, жалғастырған һәм жалғастырып келе жатқан қаламгерлер әлі де баршылық.
Солардың қатарында Болат Бодаубай, Шәкен Күмісбайұлы, Темірболат Ахметов, Қалаубай Бағдат Ерболғанұлы, Асхат Өмірбаев, Өріс Яшкүрқызы, Абай Аймағамбетов, Самал Зікірия, Алдажар Әбілов, Әмірбек Шаймағамбетов, Тұрақ Адисұлы, Шойбек Орынбай, Момбек Әбдіәкімұлы, Қойшығара Салғараұлы, Есбол Нұрахмет, Жадыра Шамұратова, Нұрлыбек Саматұлы, Лазарева Людмила, Әнуар Қошқарбаев, Варвара Головкина, Ирина Уральская (Димитренко), Сая Исса (Исабай), Дихан Баймұхамбетов, Мұхтар Анарбекұлы, Алпысбай Хонж, Бекболат Сарбасов, Екатерина Паевская, Ернұр Әзімбаев, Айдарбек Байділдә, Марина Нұрымжанова, Дастан Жұмағалиев, Әзиза Асқарова, Айнұр Сембаева, Хадиша Абдрахманова, Қаныбек Әбдуов, Нұрбол Әлдібаев, Дидар Қосылбеков, Айгүл Кемелбаева, Тұрақ Ахетов, Бақыт Жалиева, Нұрлан Шынтаев, Алдажар Әбілов, Асхат Өмірбаев, Мұхадас Балажанов, Алдажар Әбілов, Орынбек Асылбаев, тағы басқалар бар. Әрине, бұл аталғандардың арасында айтылған жанрға шын беріліп, елеулі еңбек сіңіргендер де, бірлі-жарым шығармаларымен көрінгендер де бар.
2023-2024 жылдары кітап, жинақ болып басылған, газет-журнал беттерінде жарық көрген я өндірісте жатқан шығармалар турасында жиналған азды-көпті мәлімет төмендегідей.
ЖО мүшесі, жазушы Қалаубай Бағдат Ерболғанұлының Алматы қаласындағы «Нұрлы әлем» баспасынан шыққан 208 беттік жинағына «Қиямет-қайым тағдырлар» атты детектив-триптихі мен «Куәсі жоқ қылмыс» атты әңгімесі енген.
Петропавл қаласында тұратын әріптесіміз әдебиет зерттеуші, публицист, жазушы, журналист Жарасбай Қабдоллаұлы басқа жанрлармен қатар, детектив жанрында да жемісті шығармашылықпен айналысқан. Мысалы, ол кісінің «Көмескі із» деп аталатын кітабы құқық қорғау органдары қызметкерлерінің шытырман оқиғалары туралы баяндайды. Бұл орайда, жазушының «Көмескі із», «Кәсіпкердің өлімі», «Көгілдір мазда», «Мезгілсіз атылған мылтық», «Ала биенің әлегі», «Қақпан», «Бір қап ақша», «Ережесіз шайқас» сияқты қалың жұртшылық сүйіп оқитын шығармалар авторы биыл жетпіске толады. Соған орай баспаға дайындалып жатқан шығармалардың бес томдығының бір томы толық детектив жанрында жазылған шығармаларына арналған.
Детектив жанрында жазылған «Банкирдің өлімі», «Махаббаттың ажалы», балалар мен жасөспірімдерге арналған «АБКА тобы ашқан қылмыс», «Құлаған үйдің құпиясы» атты шығармаларымен бұрыннан танылған ақтөбелік жазушы Зияш Телеуованың «Көл жағалауындағы көмбе» атты балаларға арналған 192 беттік хикаяты «Балалар әдебиеті» баспасынан шықты.
Журналист, жазушы Қойшығара Салғараұлының «Тоғысқан тағдырлар» атты повестер мен әңгімелер жинағы «Мазмұндама» баспасынан шықты.
Жазушы Темірболат Ахметовтың «Барыс детективті агенттігі» циклынан «Шахиняның жұмбағы» «Жұлдыз» әдеби журналында, «Старушки-веселушки» әңгімесі «Простор» әдеби-көркем журналында, «Смертельная опека» әңгімесі «Литературная Алма-Ата» әдеби-көркем альманахында, «Месть цыганки» әңгімесі «Fant_O’Clock» қазақстандық ғылыми фантастика мен шытырман оқиғалар альманахында жарық көрді.
Жас жазушы Абай Аймағамбетовтың «Бұрылысқа жарты қадам қалғанда» атты романы «Мазмұндама» баспасынан шықты.
Жазушы Есбол Нұрахметтің «Аңғардан табылған мүрде» атты кітабы «Фолиант» баспасынан жарық көрді (2024).
Жазушы Жадыра Шамұратованың «Фолиант» баспасынан шыққан «Сандық» атты жинағына әңгімелері мен новеллалары, хикаяты енген.
Жазушы Варвара Головкинаның «Случай в деревне» атты повесі 2023 жылы «Метаморфозы» журналында жарияланып, арнайы дипломға ие болды. Баса айта кетері, бұл повесть жалғасын тауып, қазір соның желісімен түсірілетін фильм сценарийі жазылып жатыр.
«Юридическая газетаның» биылғы наурыз айында жазушы Жалмұхамбет Әсетұлының «Моя ласковая и нежная сестра» және «Кошмары ночной улицы» атты екі әңгімесі жарияланды.
Сонымен бірге, қоғамдық маңызы зор детектив жанрын дамыту мақсатында түрлі байқаулар да ұйымдастырылады. Солардың бірі ҚР ІІМ «СЕРТ» атты республикалық детективті туындылар байқауы 2018 жылы басталғаны белгілі. Осы байқауда қаламгерлер Сая Исса (Исабай), Дихан Баймұхамбетов «Строгий режим», Анарбек Мұхтар «Шымкенттегі шырғалаң», Алпысбай Хонж «Екеудің көлеңкесі», Бекболат Сарбасов «Мажоры», Екатерина Паевская «Адьюторы», Жадыра Шамұратова «Болмаған той», Ернұр Әзімбаев «Чикаго» шығармаларымен жүлдегер атанды.
«Кемел Тоқаев» қайырымдылық қорының бастамасымен жазушы, қазақ детектив жанрының негізін қалаушы Кемел Тоқаевтың 100 жылдығына арналған «Кемел қаламгер» атты республикалық шығармашылық байқауының өткенінен де хабардармыз. Байқаудың «Проза» аталымы бойынша «Бұрылысқа жарты қадам қалғанда» романымен Абай Аймағамбет бас жүлде, «Шекер мен Заһар» хикаятымен Самал Шаймерденова I-орын, «Кешігіп ашылған қылмыстар» деректі повесімен Нұрлыбек Саматұлы II-орын, «Жұмадағы жұмбақ өлім» әңгімесімен Заря Жұманова «Проза» аталымының ІІІ-орын иегері атанды. Сондай-ақ, осы байқаудың «детектив эссе» аталымында Бақытжан Қанапиянов «Где-то там, за Иртышом» эссе-повесі І-орынды иеленді.
Сол сияқты, бұл істі алға жылжытуға бұқаралық ақпарат құралдарының да қосқан үлесі айтарлықтай.
Мәселен, 2008 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде жазушы-журналист Рахметәлі Асылбектің «Қазақ детективі қай деңгейде?» деген мақаласы, 2012 жылы «Абай» порталында әдебиет сыншысы Әмірхан Балқыбектің «Детектив жанры неге кенже қалып отыр?» мақаласы, 2016 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде Әйгерім Абдырайымның «Қазақ детективінің дегбірі қашып тұр ма?» мақаласы, 2018 жылы «Массагет» сайтында Ж.Жұмағұловтың «Детектив жанры неге кенже қалып отыр?» мақаласы, 2018 жылы «Әдебиет порталында» Бауыржан Берікұлының «Детектив жанры қазақ әдебиетіне керек пе?» атты мақаласында детектив жанрының дамуы, насихатталуы, т.б. мәселелері көтерілді.
Одан бөлек, жекелеген тұлғалардың да еселі еңбегін атап өткен ләзім. Олар – полиция саласына қарасты ұйымдарда, мекемелерде, құқық қорғау органдарында, әлеуетті құрылымдарда, ҰҚК-де, басқа да орындарда түрлі дәрежелі қызметтерді атқарған және атқарып жатқан абыройлы азаматтар. Олардың есімдерін тізіп айтуға мүмкіндік жоқ. Дегенмен үлгі болсын деген ниетпен солардың бірі жөнінде қысқаша айтып өткіміз келеді.
Қызылорда қаласындағы полиция саласында көптеген жылдар жауапты қызметтерді атқарған, полиция полковнигі Әмірбек Шаймағамбетов – қазақ әдебиетіндегі (жиырма бірінші жылғы жүлдегері) детектив жанрының өркендеуіне үлес қосып жүрген азаматтардың бірі. «Заң» газеті жылма-жыл ұйымдастыратын детектив жанрындағы шығармалар байқауының 2021-жылғы жүлдегері болған Әмірбек Бердібекұлы 2022-жылы осы байқауға Қызылорда облысының әкімдігі демеушілік қылып, марапаттау шарасын жасауына ықпал етті. 2023 жылы Талдықорған қаласында өткен байқаудың марапаттау шарасында «Детектив жанрындағы полицияның ролі» деген тақырыпта баяндама жасады.
Осындай азаматтардың арасында көрген-білгенін өздері де детектив жанрындағы қызықты туындыларға айналдырып, я болмаса, жазушы, журналист қаламгерлерге материал ретінде ұсынып жүргені және алдағы уақытта ұсына алатыны қаншама?! Сондай игі іске септігін тигізер аға-апаларымызды жазушылармен, жоғарыда айтылған жаңа құрылған Детектив жанры бойынша кеңеспен ынтымақтастыққа шақырамыз.
Құрметті қаламгерлер, қоғам жанашырларын қазақ әдебиетінің мәртебелі жанрларының қатарындағы детектив жанрының өркендеп, өріс алуына, сан жағынан да, сапа жағынан да өсуіне атсалысуға баршаңызды шақырамыз!
Айнагүл ІЛИЯСҚЫЗЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
ПІКІРЛЕР1