Күрмеуі мол күрделі тақырып
Жақында Атырау қаласында Жазушылар одағының көшпелі пленумы өтті. Көшпелі пленумда қазақ әдебиетіндегі жұмысшы бейнесін сомдаған, өндіріс тақырыбын арқау еткен қадау-қадау көркем шығармалар жайында да сөз болды.
Қазақ әдебиетіндегі өндіріс тақырыбының көтерілгеніне де, жазылғанына да жүз жылдың көлемі болыпты. Осыдан бір ғасыр бұрын әдебиет алыптары, туған әдебиетіміздің тұғырын көтерген, кеңестік кезеңдегі әдебиетімізге өлшеусіз үлес қосқан Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Саттар Ерубаев, Ілияс Есенберлин, Зейін Шашкин, Шерхан Мұртаза сынды көрнекті қаламгерлеріміздің өзі осынау күрделі тақырыпта қалам тербеген екен.
Еңбек адамының бейнесін сомдау, солардың жас ұрпаққа үлгі болатындай күрделі тұлғасын бар болмысымен суреттеу, көрсету тұтас буын қазақ қаламгерлерінің басты мақсаты болған. Сонау өткен ғасырдың 20–30-жылдарының өзінде өндіріс тақырыбына С.Сейфуллиннің «Жер қазғандар», І.Жансүгіровтің «Жолдастар», С.Ерубаевтың «Менің құрдастарым» сияқты алғашқы тәжірибе есепті тұңғыш дүниелері жазылыпты.
Кейінгі онжылдықтарда, әсіресе 50–60-жылдары осынау тақырыптағы сүбелі, сүйекті туындылар өмірге келе бастады. М.Әуезовтің «Өскен өркен», Ғ.Мүсіреповтің «Оянған өлке», оның жалғасы «Жат қолында», Ғ.Мұстафиннің «Қарағанды», «Миллионер», З.Шашкиннің «Теміртау», сонан соң бірінен кейін бірі Ғ.Слановтың, Т.Ахтановтың, І.Есенберлиннің, З.Қабдоловтың, Ш.Мұртазаның т.б. қаламгерлердің еңбек, өндіріс тақырыбындағы романдары жарық көріп жатты.
Қалың қазақ оқырманы, әсіресе қатардағы шопан, қайталанбас Қоспан бейнесін сомдаған «Боран», кенші образын сомдаған «Қара маржан», мұнайшыны сомдаған «Маңғыстау майданы», «Жалын» романдарын ізін суытпай оқыды. Әдебиет сыны да қызу талқылап, талдап, таразылап, жақсы бағасын берді. Бұл тұста өндіріс тақырыбы өнімді жазылды. Осынау тықырыптағы өтімді, оқылатын шығармалар да көбірек жарық көрді.
Жанрлық, формалық, тілдік, стильдік тың ізденістердің де көрінетін тұсы осы жылдар еді. Тахауи Ахтанов, Шерхан Мұртаза, Ахат Жақсыбаев, Роллан Сейсенбаев, Сәтімжан Санбаевтың тосын сюжеттік желілері, күтпеген тұстан көрінетін көркемдік шешімдері, ойға, кейіпкер толғанысына немесе түгелдей диалогке, монологке құрылатын жазушылық қолтаңба тақырыпты құнарландыра түсті. Көркемдік деңгейі, стильдік-тілдік ізденістері әркелкі, әр бағыттағы бұл шығармалардың ортақ белгісі – сол тұстағы заман, сол күндердің өзекті мәселелерін көтергенінде жатыр. Осы шығармалардың ішінде сөз болатын оқиғалар ағымы, өмір көріністері, адамдар тағдыры да сол кезеңнің шындығынан туындап жатты.
Қоғам тіршілігі барлық көрінісімен адамдар арасындағы қарым-қатынас арқылы, солардың өмір-тағдыры арнасында ашылады. Осы тұрғыдан шолып айтар болсақ, І.Есенберлиннің «Маңғыстау майданы», Ш.Мұртазаның «Қара маржан», М.Сәрсекеевтің «Жаңғырық», А.Жақсыбаевтың «Егес», «Бөгет», М.Әбдіқалықовтың «Жердің асты жеті қат», Ә.Әзиевтің «Жез таулар», М.Сқақбаевтың «Шілде басталғанда», С.Сматаевтың «Алау», А.Жұмаділдиннің «Құт құбыры», Қ.Зәкеновтің «Жанартау», Т.Сүлейменовтің «Күн сынығы», Ө.Ахметовтің «Алтын арқау», «Заңғар» роман, повестерінде сол кезеңдегі өндірістің тыныс-тіршілігі жан-жақты көрінеді.
Анықталған, дараланған орталық кейіпкер, сом тұлға, қала берді, бас қаһарман мәселесі – әрбір шығарманың алдында тұрған көркемдік мұраты десек, сол мәселені шешуде осы шығармалар қазақ прозасына, туған әдебиетімізге өз үлесін қоса алды ма?
Бұл жерде тағы да қайталап айтар болсақ, алдымен, 70–80-жылдары жарық көрген бірнеше роман-повесть ойға оралады. Мысалы, осы орайда бірінші кезекте З.Қабдоловтың «Біз жанбасақ…» дилогиясы, Ш.Мұртазаның «Қара маржан», І.Есенберлиннің «Маңғыстау майданы», М.Сәрсекеевтің «Жаңғырық», А.Жақсыбаевтың «Бөгет», «Егес», Р.Сейсенбаевтың «Өмір сүргің келсе», «Шайтанның тағы» романдарын атауға болады. Аталған туындылардағы жас инженерлер Қабен Оразов, Нариман Данаев, Таңат Таубаев, Батырбек, Бекен Ысқақов және ағайынды мұнайшылар Халел мен Жалел бейнелері азаматтық белсенділігімен, биік адамгершілік мұрат-мақсаттарымен өз оқырмандарын баураған-ды. Бұл романдардағы мұнайшы Сардар Сұлтанов пен кенші Ақан қарттың, экскаваторшы Арынғазының соқталы тұлғаларын да қатардағы, еңбек адамының бейнесін бедерлеудің ұнамды үлгілері ретінде атап өтуге болады.
Шерхан Мұртазаның «Қара маржан» романы бір қарағанда, өндіріс өміріндегі оқиғаларға арналғандай көрінеді. Ал шығарманы тереңдей оқи бастағанда жазушының түпкі мақсаты – адамның адамгершілік қасиеттеріне талдау жасау, сол арқылы адам бойындағы жақсылық пен жамандықтың арасын ажырату екеніне көзің жетеді. Романның бас кейіпкерлері – Нариман Данаев пен Жарас Хамзин. Негізгі сюжеттік арқау, қосалқы оқиғалар желісі де осы екі кейіпкердің айналасында өрбиді. Жазушы шығармасында тікелей өндіріс мәселелерінен гөрі, осы өндірісте еңбек етіп жатқан инженер-техниктердің, қарапайым еңбек адамдарының өмірлік, тұрмыстық жағдайларына көбірек ден қойғаны қуантады. Яғни өндіріс мәселелеріне байланысты немесе соның тікелей әсерінен туындайтын адамдар арасындағы моральдық-әдептік байланыстарға, солардың шығу себеп-салдарына, яғни әлеуметтік-рухани табиғатына зерттеушілік көзбен қарап, байыпты баға береді, байсалды талдау жасайды.
Түйіндей айтқанда, 70–80-жылдардағы қазақ прозасына қарап отырсақ, әдебиеттегі жұмысшы бейнесі немесе қалың өндірістің ортасында табан ақы, маңдай термен ел несібесіне ерен еңбегімен олжа салып жүрген сандаған өндіріс мамандарының тыныс-тіршілігі бейнеленген шығармалардың мол шоғыры туған әдебиетіміздің даму, өркендеу үдерісінде, тарихында үлкен белес ретінде қалды. Сол тұста жарық көрген, қазақ қаламгерлерінің қаламынан туған жүзден астам повестеріміз бен романдарымыз осынау тақырыпта құнарлы дәстүр қалыптастырды. Демек, әдебиетімізде жұмысшы, өндіріс тақырыбы, жалпақ тілмен айтсақ, еңбек тақырыбы – жүріп өткен ұзақ жолы бар, әрқилы көркемдік ізденістердің басын тоғыстырған тарихы бар, жетістігі мен кемшілігі де жетерлік, ең бастысы, бүгінгі заманның, қазіргі уақыттың барлық өзгерістері мен жаңалықтарын қамтып, тереңін қазып жазуға, көрсетуге болатын тақырыптардың бірі болып отыр.
Заман талабы да осы міндетті бүгінгі күн тәртібіне шығарды. Жиырма бірінші ғасырда да адал еңбек, жасампаз еңбек, еңбектің адамы – қатардағы мұнайшы, малшы, егіншіден бастап, заманауи технологияны меңгерген жоғары білімді, кәсіби инженер-программашыға дейін толыққанды шығарма кейіпкері болып сөйлеп, бүгінгі жас оқырманның да досына, сырласына, мұңдасына айналуы қажет. Уақыт сұранысы да, қоғам сұранысы да – осы.
Тек қана тақырыпты бетке ұстап, желеулетіп, жасық, сүреңсіз, құнарсыз дүниелерге жол беріп алмасақ болды. Шығарманың көркемдік сапасын, көркемдік қуатын бірінші орынға қойсақ, бұл туындыларды да қазақ оқырманы оң қабылдайтынына күмәніміз жоқ.
Қансейіт ӘБДЕЗҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағы
Басқармасының хатшысы, ф.ғ.д.,
профессор