ҰЙҒЫР ӘДЕБИЕТІНІҢ ДАМУ САТЫЛАРЫ
Қазақстандағы Ұлт әдебиеттерінің арасында Ұйғыр әдебиетінің орны өз алдына бір төбе. Ұйғыр жазушылары өздерінің ана тілінде жазып жатқан төл шығармаларында өз халқымыздың ұлттық ерекшеліктерін көрнекі етіп суреттейді. Сондай-ақ, өткен тарихымыз бен осы заманғы қарапайым еңбек адамдарының тұрмыс-тіршілігі, халықтар достығы тақырыбы да әдеби шығармаларда көрініс табуда.
Тельман НУРАХУНОВ,
ақын, жазушы
2015 жылы Ұйғыр жазушылары айтарлықтай белсенділік танытып кете алмаса да, біршама көңіл қуантатын озық еңбектер жарияланды. Атап айтсақ, Илахун Жалиловтың «Күлкә карвини» (күлкі керуені) сатиралық жинағы, Хуршидә Илахунның «Жутум ана анам пурайду» (Туған жерде анамның иісі бар), Әкрам Садировтың «һаят жилвиси» өлеңдер жинағы. Тарихы еңбектерімен танылған Мәһәммәтимин Обулқасимовтың «Әдәбий ойлар изтирипи» атты 6 томдығы оқырман қолына тиді.
Аталған еңбектер қай жанрда жазылғанына қарамастан оқырмандар жылы қабылдады. Хуршидә Илахун мен Әкрам Садиров шығармалары өткен өмір мен бүгінгі өмірді таразыға сала отырып саралайды. Ақын әрі драматург Илахун Жалилов проза жанры бойынша да өнімді еңбек етіп жүр. Оның «Назугум» пьесасы ұйғыр театрында сахналанды. Ұйғыр әдебиеті сын-сықақ, сатира жанрында өзінен бұрынғы сатира сарбаздары Нәсирдин Мәнсуров, Илия Бәхтиялардың жолын жалғаған И.Жалилов «Күлкә карвини» атты сатиралық шығармасын ұсыну арқылы замандастарымыздың жағымсыз мінездерін нысанаға алып өткір қаламымен түйреп өтеді.
Ақын Мәһәммәтимин Обулқасимовтың соңғы 3 томдығының алғашқысы өлеңдер, ғазалдар, рубайылар болса, келесі томын қазақтың ұлы ақындары хакім Абай мен Шәкәрімнің шығармаларына арнапты. Онан кейінгі томында шығыс ұйғыр поэзиясындағы ежелгі рубайыларға заманауи реңк беріп келген ақындар Һебибулла Юнусов, Мөмүн Һәмраев, Жәмшит Розахунов, Мәһәмәтжан Ясенов, Аблиз Һезимов, Савут Искәндәровтардың өмірлері мен шығармалары сөз болады. Жан-жақты қамтып өнер адамдарының өнегесін көркемдік тұрғыдан сомдайды.
Соңғы кезде Ұйғыр әдебиетінің қатарына қосылып жатқан талантты жастар өз шығармашылығы арқылы оқырмандар назарын аударуда. Сол талантты шоғырдың қатарында Вильям Молотов, Шаирәм Баратова, Молутжан Тохтахунов, Зоһра Исидуллаева секілді жастарымыздың өз алдына шығармаларын баспадан шығарып, батыл қадам жасап, оқырмандарына ұсынғаны бізді қуантады.
Көрнекті жазушымыз, драматург, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткер Әхмәтжан Һаширидің «Ақ жайық» журналында «Нур ана» повесі орыс тілінде жарық көрді (тәржімалаған Вильям Садиқов). Онан өзге «Әлем әдебиеті» журналында «Нұр ана» повесі, «Ескерткіш», «Гүл-гүл», «Палкөз» әңгімелері қазақ тілінде жарық көрді. Бұл әңгімелерді аударған қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері, белгілі жазушылар Қабдеш Жүмаділов, Нұрқасым Қазыбеков, Дидахмет Әшімханов. Сондай-ақ, драматургтің қазақ пен ұйғыр өміріне арналған достық тақырыбына құрылған «Ялғуз яалпуз» пьесасы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналып, бұл күндері Алматы облысына қоныстанған ауылдарда көрермендерге қойылуда.
Ұйғыр драматургия саласы ауыз толтырып айтатындай ілгерілеуге қол жеткізіп отыр. Өткен жылы Түркия Республикасының астанасы Анкара қаласында өткен Түрік тілді ұлттардың драматургия байқауында 108 шығарманың ішінде конкурсқа түсіп, озық еңбектің бірі саналды.Түрік әдебиетінің классик драматургі Халдун Танердің 100 жылдық мерейтойы қарсаңында өткен халықаралық байқауда қазақстандық ұйғыр драматург Әкрәм Әхмәтовтың «Махмут Қәшқәрий» атты пьесасы 2-ші орын алып, сыйлыққа ие болды. Балалар жазушысы Авут Мәсимовтың «Шерин Һаят» пьесасы да әдеби кеңестің талқысынан өтіп, театр репертуарына қосылды.
Тельман Нурахуновтың «Шер» әңгімесі жазушы Дәкен Ахметовтың аудармасымен «Жұлдыз» журналында жарияланды. «Аружан» журналында Гүлбәһрәм Хошаеваның «Сенсіз атқан таңдарым», «Менің тәтті түстерім» секілді әңгімелері жарық көрді. Ал, республикалық «Жұлдыз» журналында Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, академик Уәлихан Қалижановтың «Қазақстандағы ұйғыр әдебиеті» деген көлемді зерттеу еңбегі басылды. Автор ұйғыр әдебиетінің тарихи дамуына тоқталып, Кеңес Одағы кезіндегі деңгейімен бүгінгі таңдағы жаңа дәуірлік сипаттарына назар аудара отырып, дамуымен беталысына тұшымды пікір білдіреді.
«Қазақстандағы ұйғыр әдебиеті» деген атпен аталған институттың ғылыми кеңесі шығарған арнайы зерттеу монографиясы да кітап болып жарық көріп, айналымға шығарылды. Монографияда академик Шериаздан Елеукеновтың, профессор Нұрдәулет Ақыштың, профессор Гүлжаһан Орданың, Абайтану бөлімінің жетекшісі Серікқазы Қорабайдың, сондай-ақ, өзге де бір топ ғалымдар мен қаламгерлердің ұйғыр әдебиеті туралы сын-зерттеулері жинақталған. Осы аталған еңбектердің қатарында басылып шыққан институттың бас маманы, филология ғылымдарының докторы, Ресей қоғамдық ғылымдар академиясының тілші-ғалымы Алимжан Тиливалдидің «Уйгурская поэзия независимого Казахстана» атты монографиясы да қомақты еңбек.
Жазушы-драматург, әдебиетіміздің ақсақалы Әхмәтжан Һаширидің, Шайим Шаваевтың, ақын Хуршидә Илахунованың, жазушы Авут Мәсимовтың, ақын Пәтигул Мәхсәтованың және өзге де көптеген ұйғыр қаламгерлерінің шығармаларын қазақ тіліне аударып жүрген қаламдас бауырымыз Дәулетбек Байтұрсынұлын ерекше атап өтудің артықтығы болмас деп ойлаймыз. Соның айғағы ретінде Д.Байтұрсынұлының аудармасымен Пәтигул Мәхсәтованың «Өзіңе сенем» кітабының қазақ тілінде жарық көруін айтар едік.
Орайы келгенде айтар тағы бір мәселе – ұйғыр ақын-жазушыларын зерттеп жүрген, әдеби айналымға қосып, жүйелі пікір білдіріп жатқан ғалымдарға, қазақ тіліне аударып басылымдарда жариялап келе жатқан аудармашыларға шын ниетімізбен рахмет айтамыз.
Соңғы жылдарда әдебиет майданында өнімді шығармашылықпен шұғылданып келе жатқан көрнекті жазушыларымыздың бірі, бірқанша ірі, салмақты романдарды өмірге әкелген Алимжан Бавдинов дер едік. Оның «Мәһбус» (Қылмыскер) романы «Узник» деген атпен орыс тіліне аударылып, оқырман қауымның қолына тиді. Роман бас кейіпкердің туған жер, ата қонысын тастап, шетелге кету барысындағы басынан өткізген қиын-қыстау азапты өмір жолына құрылған. Тағдырлы кейіпкердің «тар жол, тайғақ кешулері» оқырманды бейжай қалдырмайды.
Осы заманғы ұйғыр әдебиетінің дамуына ана тілімізде жарық көріп келе жатқан төл басылымымыз «Ұйғур авази», «Азия бүгүн» газеттері де әдебиетімізге тыныстас болып келеді.Бұл газеттерде ақын-жазушыларымыздың әңгіме-өлеңдері, сын-зерттеулері, теориялық әдеби талдаулары, арнайы әзірленген әдеби беттер беріліп келеді. Шетел әдебиеті мен туысқан ұлт өкілдерінің шығармалары да аударылып берілуде. Онан өзге балалар әдебиеті тұрақты түрде беттен орын алып, оқушылардың көркемдік талғамын жетілдіруге қызмет етіп келеді. Осылайша дәуірлік, қоғамдық мәселелерді қаузаған газеттен әдеби еңбектерде қағыс қалмай, оқырманға рухани бұлақтарды сыйлап келеді. Бұл бірінші кезекте, газет журналистерінің жастарымызға көңіл бөлетінін білдірсе, онан ары ана тілімізбен ұрпақтардың тығыз қарым-қатынасына деген жанашырлығының нәтижесі деп есептейміз.
Жоғарыда атап өтілген авторлар тілге алынған шығармалар қазірге қолымызға түскендері. Осының өзінен ұйғыр әдебиетінің бүгінгі дамуын, өсуін тура жолмен көркейіп келе жатқанын бағамдауға болады.