ҰЙҒЫР ОТБАСЫНЫҢ ҚАЗАҚ АТАСЫ
15.08.2023
378
0

– Ата келді!
– Ата келді!
Үйге асығыс кірген ұлым мен қызымның қуанышында шек жоқ. Себебі бүгін олар үшін мереке. Қолдарына атасы ұстатқан «сыйлықтарын» алып, дүкенге қарай жүгіреді. Ал ата болса, артынан «Алатын нәрселеріңнің жақсысын алыңдар! Жетпей қалса, тағы да беремін» деп қалады. Сосын дорбасынан «базарлығын» шығарып: «Азамат, (қазақ таныстарымның көбі мені солай атайды) бұл саған. Бұны ұйғырдың лағманынан соң ішейік» – деп, қымыз толы шөлмегін қолыма ұстатады. Жасы биыл сексенге келген Беркімбай атаның жиі-жиі отбасымызды сондай сағынып келетін әдеті бар. Өзімен, құдды, ата-баладай сөйлесеміз. Кейде қысылып, «Ата, жас болған соң сізді біз барып көруіміз керек еді» деп айтсақ, «Сендердің уақыт­тарың жоқ, түсінемін. Күш-қуат­тың барында істеп алған дұрыс. Бірақ тіршілік деп, қазақ аталарыңды ұмытып қалмаңдар. Өзімнің де сендерді көргім келіп қалды» деген жауабын естиміз.
Беркімбай Саханұлы – өмірін ғылым-білімге арнаған кісі. Оның бұл салаға арнаған кітаптары да бар. Әйелім – Румиләм екеуміздің баспа үйлерімен тығыз байланысымыз болғандықтан, бұл ағамыз біреулер арқылы бізді іздеп тауыпты. Содан бері жиі араласамыз.
Бүгін ғылым сондай дамыған заман. Бет-әлпеті, мінез-құлқы, ақыл-парасаты тура өзіңе ұқсайтын, екінші адамды дүниеге әкелуге де мүмкіншілігі бар дейді. Табиғат қолайсыздығына да, жер шарындағы адам төзгісіз жағдайға да төзімді адам жарату енді арман-қиял еместігі айтылып жүр. Генетика бойынша осындай кісіні таңдандыратын жаңалықтардың болып жатқанынан хабарымыз бар. Солардың бірі – клондау. Беркімбай атаны дәл осы клондау маманы десек те болады. Оның зерт­теулері үй жануарлары арасында жүргізілген. Кеңес дәуірінде мал шаруашылығын дамытумен айналысатын бірнеше ғылыми-зерт­теу институт­тары болған. Беркімбай Саханұлы Қазақстан Ғылым академиясының Эксперименталды Биология институтында зерт­теумен айналысып, ғылыми қызметкер және бұл институтің ғылыми хатшысы сияқты қызмет­тер атқарған.
– Еліміздің табиғи жағдайы мал шаруашылығын өркендетуге қолайлы. Егемендік алған жылдары ғылыми-зерт­теу институт­тары жабылып қалмағанда, қазір шетелден келетін нәсілді малдарды өзіміз жетілдірген болар едік, деген ойлар да мазалайды. Себебі әлемдік деңгейде болмаса да, ғылыми-техникалық базамыз бен ол саланың мамандары жеткілікті еді.
Малдың жаңа түрін алу – оңай шаруа емес. Кейбір зерт­теулерге 20,30 жыл оданда көп уақыт кететін. Соншама еңбек, талпыныс, қалыптасқан зерт­теу жүйесін сақтап қалуға мемлекет­тік дәрежеде мән бермегенімізге жүрегімде өкініш ұялайды. Егемендік алған алғашқы жылдарда ұлт­тық экономикамыздың басты қозғауыш күші ретінде ауыл шаруашылығына, әсіресе мал шарушылығына баса назар аударуымыз керек еді, – деп күрсінеді ақсақал.
Жыл басында Президент жанындағы ғылым-білім және технологиялар туралы Ұлт­тық кеңес жиналысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:
– …Адамзат тарихындағы жетістіктің барлығы – білімнің жемісі. Әсіресе қазіргі озық технология дәуірінде ғылымсыз алға басу мүмкін емес… Сондықтан мен ғылымды дамыту ісіне айрықша мән беріп отырмын…
Өкінішке қарай, елімізде ұзақ жыл бойы оған баса назар аударылған жоқ. Соған байланысты шешімін таппай жатқан мәселелер аз емес. Тіпті, бұл сала арт­та қалды деуге болады. Біз өркениет­ті ел боламыз десек, осы олқылықтың орнын толтыруымыз керек, – деген еді.
Әңгіме барысында Беркімбай Саханұлы төмендегілерді айтқан еді: «1962-жылы ашылған Қазақстан Ғылым академиясының Эксперименталды Биология институтына академик Фазыл Мұхамедғалиұлы жетекшілік ет­ті. Институт­та цитология, гистология, эмбриология биохимия, биофизика, түр арқылы бұдандастыру, генетика, цитагенетика, морфология зертханалары болатын. Мен 1970-жылы биохимия зертханасына аспирант болып қабылдандым.
Институт­тағы ғылыми зерт­теулердің бағыты мал шаруашылығындағы, мал сапасын арт­тыру, тұқым қуалайтын өзгертілетін заңдылықтарды зертеу, өнім сапасына әсер ететін жолдарды анықтау жолында ерекше еңбек ет­ті. Жабайы және үй жануарларын будандастыру арқылы жер жағдайына төзімді мол өнім беретін мал нәсілін алу жолында зерт­теулер жүргізілді. Мысалы, біздің тау-тасқа төзімді қой түрі керек болды. Институтағы зерт­теулер нәтижесінде, жабайы арқарды қойға будандастыру жолымен «арқар меринос» қой нәсілі алынды. Жабайы қабан мен үй шошқасын будандастыру арқылы Қазақстанның ауа райына төзімді шошқаның «Семиреченская порода» деген түрі пайда болды. Ет пен жүнді әдет­тегі қойлардан көп беретін «Кроссбред» нәсілді қой түрі де біздің ғылыми қызметкерлердің зерт­теуінің нәтижесі еді.
Гонодотропты гармон препарат­тары малдың көп төл алудың биологиялық әсері хаққында зерт­теулер де жүргізілді. Бір бас малдан екі-үш немесе одан да көп төл алудың ғылыми негіздері де дайындалды. Қойдың түрлі тұқымдары эмбриогенезінің заңдылықтарын да ғалымдарымыз терең үйренген еді.
Институт­та 5 ғылым докторы, А.Есенжолов, А.Жандеркин сияқты Кеңес Одағының Мемлекет­тік сыйлығының иегерлері, 33 ғылым кандидат­тары, барлығы 73-тен аса ғылыми қызметкер еңбек ет­ті.
«Мен бұнда 1970-жылдан бастап, жабылғанға дейін істедім. Менің ғылыми жұмысым – аналық және аталық клеткалардың морфологиясын, физиологиясын, биохимиясын зерт­теу еді. Әсіресе аналық клетканың цитологиясын, гистологиясын, биохимиясын зерт­тедім. Биология ғылымының кандидаты атандым. Аталық және аналық эмбриондарды пробиркаларда өсіріп, клондар (қозылар) алынды. Егемендік алған соң, жеке себептермен ғылыми-зерт­теу институт­тары жабылып қалды» – деп ақсақал жастық дәуірін еске алды.
Айтпақшы, ғалымды 90-жылдары шетелге шақырған екен. Бірақ ол бай тұрмысқа ұмытылмай, «Көппен көрген ұлы той» деп, отанында қалды.
90-жылдардағы экономикалық тоқырау ғылым-білім мен шығармашылық адамдарын тентіретіп қойғаны есімізде. Социализм идеологтарының бірі – Карл Маркс сөзімен айтқанда, «Тұрмыс ақылды билеген» жылдар еді, яғни қоғамның нарық заманына өткен алғашқы кезеңі болатын. Таланттылардың көбі отбасыларын асырау үшін, базар жағалап кет­ті. Қағаз-қалам, кітапқа жақын жүргендіктен, базар төңірегінде газет-журнал сатумен айналысқан Беркімбай ата: – Адал еңбекті бәрінен жоғары қойған және үнемі кітап, баспасөзді оқып тұратындардың бірі болған мен үшін бұл кәсіп қолайлы еді. Шәй-тұзға бес-он теңге табумен бірге, басылымдарды үздіксіз оқып тұратынмын – деп күліп қойды.
Сол жылдардағы жұмыссыздықты, тұрмыс қиыншылығын кейіпкеріміз осы жолмен жеңген екен. Газет-журнал саудасынан түскен әрбір тиынды жинап, қызына «Шұғыла» кинотеатрының маңайынан «Хрущевкадан» пәтер алып берген. Балалары адал еңбекпен келетін табыстың қадір-қымбатын сезініп өсті. Ата жолымен жүріп, ғылым, білім қуған қыздарына берілген тәрбиеде атаның үлесі бар екенін құдаларының әрдайым айтатыны да содан.
Беркімбай ата Бақытгүл апамен бес перзент тауып, оларды қоғамға лайықты тұлға етіп өсірді. Олардан көрген 11 немере, 17 шөбересі және жас ұрпақ бабаларын білсін деген ниет­те «Бабалардың ізімен. Ата текті тану» сериясымен он том кітап жазып шықты.
Беркімбай атамен әңгімелесудің өзі бір өзгеше әсер қалдырады. Соғыс кезіне тұспа-тұс келген балалығы және жастықтың қызық оқиғаларын тыңдаушыны таңдандыратын дәрежеде сөйлеп береді. Қалаға білім іздеп келген жылдары орысша білмегендіктен дүкенге барып, нан ала алмай қайтқан кез­дері де болған екен. Бір ауыз орысшасы жоқ, қалаға келген жас жігіт, уақыт өтіп, Қазан қаласында орыс тілінде кандидат­тық диссертация қорғады. Сол кез­де Кеңес Одағына танымал ғалымдар «Работа Саханова ювелирная работа» деп пікір білдірген. Кеңес Одағы дәрежесінде абыройлы бір ғылыми-зерт­теу институтының құжат­тарын орыс тілінде рәсімдейтін ғылыми хатшы болады.
Заман қанша өзгерсе де, жүрегіндегі әдеп-мораль принциптерінен еш айнымайтын, жан бағу жолында қиянатқа бармаған, адал еңбек, мехнат­ты ту еткен, отбасы алдындағы парызын биік тұтқан нағыз азамат ретінде қалады. Халқымыздың сүйікті ақыны Абдуғопур Қутлуқ өлең жолдарында жырлаған «Ғалым болу оңай шығар, бәлкім, адам болу қиын дейді» деген ой-пікірді дәлелдегендей, адамилығын сақтап қалған.
Бір ұйғыр отбасы үшін өз атасындай болып кеткен Беркімбай Саханұлы сынды тұлғалар өмірімізге мазмұн беріп, олардың қажырлы еңбегі, ерік-жігері бізге ғибрат болып қалады.

Азнат ТАЛИПОВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір