Даму бағдары – қуатты өңірлер
03.08.2024
58
0

Жылдың төрт маусымы өз сәнімен ауысып тұратын кең байтақ еліміздің барлық аймағының біркелкі дамып, өркендеуіне жағдай жасау, осы тұрғыда жұмыс күштерін орналастыруды реттеу мақсатында 2015 жылдан бастап, халық тығыз орналасқан оңтүстіктегі артық еңбек күшін солтүстікке көшіру бағдарламасы қолға алынды.

Салалық ведомствоның мәліметтеріне сәйкес, соңғы он жылда еліміздің солтүстік, орталық және шығыс өңірлерінен 230 мың адам көшіп кеткен. Сарапшылар 2030 жылға қарай осы өңірлердегі еңбекке қабілетті халық саны 168 мың адамға қысқаруы мүмкін дегенді айтады. Ал Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, оңтүстік өңірлерде бала туу көрсеткішінің, ауылдар мен моноқалалардан көшетіндердің көбеюі есебінен халық саны тұрақты өсу үстінде. Осыған орай халықты ұтымды қоныстандыру, өңіраралық сәйкессіздікке жол бермеу, жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру мақсатында мемлекет жоғарыда аталған бағдарлама, сондай-ақ «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының аясында азаматтарды халық тығыз орналасқан өңірлерден жұмыс қолы жеткіліксіз аймақтарға ерікті түрде көшіру жөніндегі шараларды іске асыруда. Көшу үшін материалдық көмек беріледі, тұрғын үйді жалға алуға субсидиялар бөлінеді, жұмыспен қамту және кәсіпкерлік бастаманы дамыту шаралары жасалады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 1 шілдедегі жағдай бойынша ерікті қоныс аудару аясында жұмыс күші артық өңірлерден кадр жетіспеу­шілігі байқалған аймақтарға 4 869 азамат, оның ішінде, 1 891 қандас және 2 978 адам өз еркімен көшіп келген. Қоныс аударушыларға тиісті мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіліп, олар денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, білім беру және өнеркәсіп салаларына жұмысқа орналасқан. Жоспар бойынша биыл жылдың соңына дейін 9 483 адам жаңа қонысқа орналастырылмақ.
Жетісу өңірінен қоныс аударғандардың бірі – Көпбаевтар отбасы. «Өңірлік қоныс аудару квотасына біз биыл қосылдық. Талдықорған қаласынан Абай облысының Аягөз қаласына көшіп келдік», – дейді І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін «Қаржы және несие» мамандығы бойынша бітірген Рауан Көпбаев.
Жаңа жерде ол мемлекеттік мекемеге бас бухгалтер болып жұмысқа орналасыпты. Рауанның жұбайы «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқудан өтіп, өзінің бизнес-жобасын сәтті қорғаған. Сөйтіп, Көпбаевтар отбасы 1 476 800 теңге көлемінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған грант иегері атанады. «Біз көптен бері бөдене өсіру кәсібін ашуды ойластырып жүргенбіз, енді, міне, өз ісімізді жүргізудің орайы туып отыр», – деген ол мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау шараларына ризашылығын білдірді.
Айта кетейік, ерікті қоныс аудару аясында отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде көшуге арналған бір реттік субсидия, отбасы мүшелерінің саны мен елді мекенге байланысты 15-тен 30 АЕК-ке дейінгі мөлшерде бір жыл ішінде тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге ай сайынғы субсидия, қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жолдама, жұмысқа орналасуға немесе кәсіпкерлік бастаманы дамытуға жәрдемдесу, экономикалық ұтқырлық сертификаттарын беру сияқты мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі.

Дәрия БЕКЕТҚЫЗЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір