Ұйғыр әдебиеті: өркендеу мен өсу жолында
Армысыздар, құрметті қауым!
Тәуелсіз Қазақстандағы ұйғыр әдебиеті – өзіне сай даму үдерісіне ие, көркем және эстетикалық талғамымен бірге, мемлекетіміз бен қоғамымыздың тарихи тәжірибесі һәм ұйғыр халқының бай әдеби, тарихи-мәдени дәстүрлері негізінде ежелгі замандардан бастап қалыптасып, дамыған әдебиет.
2022 жылы Қазақстан әдебиеті шеңберінде ұйғыр әдебиетінде де біраз шығармалар жазылып, бірнеше кітаптар жарық көрді.
Бұл жылы әдебиетіміздің ақсақалы, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Ахметжан Аширидің «Жер академигі» атты роман-эссесі оқырманмен қауышты. Бұл кітап – физика-математика пәндерінің докторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, агроном, топырақтанушы, агробиолог, агрохимик, табиғаттанушы, дихан Кәрим Қурванұлы Худайбердиев туралы жазылған. Автор бұл кітабында айтқандай: «Өмір ұлық, дән де ұлық, баршадан адам ұлық!». Жазушы бұл шығармасы арқылы еңбек адамының жеткен жетістіктерін, Тәуелсіз Қазақстандағы бірнеше салалардың өрлеу дәуірін ақиқатқа негіздеп, сипаттап берген. Қаламгер ғалымның бүкіл дүниелік маңызға ие жаңалық ашушы, өнертапқыш, зерттеуші екенін кеңінен дәріптеп, жас ұрпақты жігерлендіретін, алға жетелейтін рухтағы шығарма жаратқан.
Проза жанрындағы тағы да бір жақсы кітап – өзі Жазушылар Одағының мүшесі болмаса да, жазғандары үлкен бәйгелерге лайық, көп жылдардан бері қалам тербеп келе жатқан, талантты жазушы Ахметжан Срапиловтың «Пуған (Азап)» атты повесть және әңгімелер жинағы. Жинақтан орын алған шығармаларда тұрмыс ақиқаттары, сан түрлі тағдырлар, қаһармандардың мінез-құлқы мен ерекшеліктері шынайы сипаттаумен, қызықты сюжет бағыттары арқылы әсерлі әңгімеленеді. Автордың барша шығармалары қисынды, тіршілік ақиқаты мен болмыс көріністері жарқын баяндалған, толықтырулары орынды, пішіні жағымды. Шығармалардың тілі күшті-қуатты, сезімтал, бейнелі.
Прозада оқырманның назарына ұсынылған кітаптардың бірі – Вильям Молотовтың «Мусапир (Мүсәпір)» повесть және әңгімелер жинағы. Повестте дәл осы замандағы діннің әр түрлі тармақтарын ұстанып, дұрыс жолдардан адасқан қандас-туыс, отандастарымыздың қайғылы тағдыры, ауыр азап-қасыреттері бейнеленеді. Автор бұл көкейтесті мәселенің тек қана Қазақстанда ғана емес, әлемнің басқа да мемлекеттерінде орын алған үлкен проблемалардың бірі екенін әңгімелейді. Повесть қаһарманы жасөспірім Ислам дінінің «теріс» мазһаптарының азабын тартса да, діннің таза, дұрыс ағымын іздейді және иілмес сеніммен оны терең үйренуге ұмтылады.
Поэзияда да көзге көрінердей, тілге аларлық кітаптар жарық көрді. Жасы сексенге келсе де, өнімді еңбек етіп келе жатқан танымал ақын Илахун Жалелдің «Мирас (Мұра)» атты жинағы баспадан шықты. Кітапта ақынның өмір тәжірибесі негізінде адамдар арасындағы қарым-қатынастар, өмір мәні, тіршілікте басынан өткен шытырман оқиғалар философиялық және зерттеушілік көзқарастар арқылы суреттеледі.
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Жәмшит Розахуновтың «Яшанған яшниң төһписи (Қартайған жастың үлесі)» атты өлеңдер жинағының өрімі бөлек. Ақын тек қана өзіне тән дауысы, философиялық ой-санасымен жаратқан, әрқайсысы бір ерекше жұмбақ әлемге ұқсайтын өлең-ғазалдар, сонеттер, бес жүзге (!) жақын рубайлары және көлемді монологтар орын алған бұл жинақ – оқырман қауымның назарына ұсынылған табылмайтын қазына десек болады. Өлең жазудың Батыс және Шығыс әдіс-жолдарын биік дәрежеде меңгерген қаламгер, әр түрлі қалыптағы, мазмұндағы ерекше туындыларды дүниеге келтірген. Әрі қысқа, әрі нұсқа сөздерінде мол мағына бар өлеңдер әр қандай адамды тебірентіп, ойға салады, жанкүйерлердің көңіліне қонып, поэзияның тылсым дүниесіне сапар шектіреді.
Поэзия жанрын байытқан кітаптардың тағы бірі – талантты ақын, Илия Бәхтия атындағы сыйлықтың иегері Нурәхмәт Әхмәтовтың «Қәлбим қетидики арманлар» (Жанымның тереңіндегі армандар) жинағы. Ақынның өлеңдерінде өзіне сай лирикалық дауыс ерекше, не айтса да, көптің мұңын, көптің жайын айтады. Ол адамгершілік қасиеттерді дәріптеп, туған елін, ұлтын сүюге шақырады. Ақын жүрегін алаңдатып, мазалаған ойларын, өмірге құштарлығын бейнелеген өлең жолдары жүрегіңізге қонады.
Ақын, журналист Иминжан Тохтияровтың «Тенигән арман (Адасқан арман)» атты таңдамалы туындылары жинағының 1-томы баспадан шықты. Жинаққа ақынның әр жылдары жазылған таңдамалы өлең, ғазалдары кіргізілген. Қаламгердің 60 жылдық мерейтойына арнайы шығарылған жинақтың таныстыру шарасы Еңбекшіқазақ аудан әкімшілігінің қолдаумен өткізілді.
Балалар әдебиетінде де жаңалықтар баршылық. Жазушы Авут Мәсімов аудармаға көңіл бөліп, балаларға арналған «Чөчәкләр елигә сәяһәт» (Ертегілер еліне саяхат) кітабын сыйлады. Жинаққа әлем халықтары ауыз әдебиетінен алынған 16 ұлттың ертегілері енгізілген. Бұл – жазушының еліміздегі «Балалар әдебиеті жылы» ішіндегі кішкентай достарға арналған бесінші кітабы. Қаламгер жас ұрпаққа да қолынан келген көмегін көрсетіп келеді.
Драматургия саласында да жаңалықтар аз емес. Көптеген жылдар бойы драматургияда қалам тербеп келе жатқан Ахметжан Аширидің дүние жүзілік ЮНЕСКО ұйымының мәдени мұралар тізіміне енгізілген ұйғыр халқының рухани қазынасы аталған «Он екі мұқамының» алтауы Қ.Қожамияров атындағы республикалық мемлекеттік академиялық музыкалық комедия театрында қойылды. Әдетте, мұқамдар өз тәртіп-қағидасымен ойналатын кең музыкалық туынды болса да, бұл жолғы қойылымда мұқамдардың келіп шығу тарихы, сол замандардағы әлеуметтік ахуал, саяси оқиғалар бейнеленді. Классик тұлғалар Навои, Лутфи, Машрап, Қаландар, Сәккакий, Билал Назым туындыларына негізделген теңдесі жоқ мұқамдар жаңаша рең алып, көпшілік көңілінен шықты. Бұқаралық ақпарат құралдарында жазушы Сәуле Досжан, танымал театр маманы, өнертанушы ғалым Анар Еркебай, жас әдебиетші Мөлдір Райымбековалардың мұқамдар туралы мақалалары жарияланды. Осы жылы жазушының 2017 жылы Еуразия Жазушылар бірлестігі драматургия саласы бойынша ұйымдастырған Қорқыт ата атындағы халықаралық байқауында 48 мемлекеттің арасында бірінші орынға ие болған «Чарбағ» драмасы Ұйғыр театрында қойылды. Пьесада «Чарбағ» деп аталатын ауылдың қайғылы тарихы және өмірінің соңына дейін сол ауылдың жалғыз тұрғыны болған Нұр ана жайында баяндалады. Туған ауылына, туған жеріне шексіз махаббатпен жанын атаған Нұр ананың бейнесі, жас ұрпақтың отансүйгіш рухын, туған жеріне болған мейірімін, сүйіспеншілігін оятады.
Сахнада қойылған туындылардың тағы бірі – 2015 жылы Түркияның Анкара қаласында өткен драматургтардың халықаралық байқауында «Махмут Қашқари» драмасымен лауреат аталған көрнекті режиссер-драматург Акрам Ахметовтің қаламынан шыққан «Һәқ егиләр, сунмас (Ақиқат иілер, сынбас)» драмасы – бүгінгі күннің көріністері, қоғамдағы кейбір жаман қасиеттерді әшкерелейтін, адалдық үшін аяғына дейін күресетін, бар күш-қайратын ақиқат үшін сарп еткен адамдар тағдыры туралы жазылған туынды.
Драматургияда балалар қойылымдарындағы бостықты ішінара толтырған туындылардың бірі – танымал балалар жазушысы Авут Мәсімовтің «Өмүр ширниси (Өмір шырыны)» пьесасы жас жеткіншектерге жақсылық пен жамандықтың, адалдық пен арамдықтың, ізгілік пен зұлымдықтың не екендігін түсінуге көмектесті.
Ұйғыр әдебиетіне емес, жалпы Шығыс әдебиетіне арналған, терең мазмұн-мәнге ие, ерекше құнды кітаптардың бірі – кең ауқымды білім иесі Мәһәммәтимин Обулқасімовтың (Алмасбек) «Әдәбий ойлар изтираплири (Әдеби ойлар толқулары)» атты ғылыми-талдау мақалалар жинағы. Бұл еңбек – кемел білімге ие қаламгердің исі түркі халықтарына ортақ перзенттері Фараби, Баласағұн, Навои секілді классиктеріміз, Абай, Шәкәрім секілді ғұламалардың өмірі мен шығармашылығы туралы мақалалары және әдебиет айналасындағы ой-пікір жинақталған, тәуелсіз көзқарастағы пәлсәпа өрнегімен өрнектелген құнды кітап.
2022 жылы Сұлтан Жамалдың «Жәһәннәмдин жәһәннәмгичә (Жаһаннамнан жаһаннамға)» романы, ақын Тасболат Наметовтың «Тил тумар (Тіл тұмар)» жинағы, Раһилам Музаппарованың «Әждатлар макани Ават (Ата-бабалар мекені Ават)» өлеңдер жинағы, ғалым, жазушы Хамит Хамраев жинаған «Йәттә уйғур шаири (Жеті ұйғыр ақыны)» кітаптары әртүрлі баспалардан жарық көрді.
Ұйғыр әдебиетінің болашақ үміттері – жас қаламгерлер де өсіп келе жатқаны қуантады. Үстіміздегі жылы жас қаламгерлер Шахризада Сұлтанжанованың «Шеирлирим–шатлиғим (Өлеңдерім–шаттығым)» және Гүлминям Басиетованың «Һекайәңни өзәң язисән (Әңгімеңді өзің жазасың)» жинақтары жарық көрді.
Қазіргі уақытта Шаирәм Баратова, Абдулжан Азнибақиев, Гүлназ Сәйдуллаева, Альбина Аметова, Сабирәм Әнвәрова, Шөһрәт Илиев, Тәғдир Октябров, Қолдаш Шәмшидинов, Аида Ахметова, Дилинур Өмәрова қатарлы қалам иелерінің қаламдары ұшталып келеді.
Қорытындылап айтқанда, 2022 жыл Қазақстандағы Ұйғыр әдебиеті үшін сәтті болды, бірсыпыра кітаптар оқырмандардың қолына тиіп, назарларын аударды.
Сөз соңында айтатыным, ұзын жылдардан келе жатқан «ескі жара», ұйғыр жазушыларының туындыларын мемлекет тапсырыс есебінен шығару мәселесі Одақтың тікелей атсалысуымен шешілсе деген ұсынысым бар. Әдебиет пен мәдениеттің қара шаңырағы болған, киелі мекен – Жазушылар одағының жұмыстарына игілік тілейміз!
Вильям Молотов,
ақын