ЖАС ҚАЛАМГЕРЛЕРДІҢ ЖАҢА ТЫНЫСЫ
09.09.2025
463
1

«Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі»
жобасы қорытындыланды

Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің стратегиялық әріптестікті іске асыруға бағытталған «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы», «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі», сондай-ақ «ТМД елдерінің архивтеріндегі қазақстандық жазушыларға қатысты зерттеу жұмыстарын жүргізу» сынды үш ірі жоба биыл да жалғасын табуда.
Осы жобалардың ішінде Әдеби шеберлік мектебі — ерекше мәнге ие. Бұл мектептің басты мақсаты — жас әдебиетшілердің шығармашылық әлеуетін ашу, шеберлігін шыңдау, кәсіби бағыт-бағдар беру. Жоба ұйымдастырушылары бұл мектеп арқылы тек жазу техникасын ғана емес, әдебиетке деген терең көзқарас пен жауапкершілікті де үйреткісі келеді.
2024 жылғы Шеберлік мектебі табысты және нәтижелі өткен болатын. Олай дейтініміз, былтырғы Шеберлік мектебіне қатысқан бірқатар жас ақын биыл «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасына қатысуға жолдама алды. Бұған қоса, сол мектептен білім жетілдіріп, көзге түскен талантты жас ақын-жазушулардың бірнешеуі Қазақ­стан Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданды. Бұл – бірінші жылғы әдеби шеберлік мектебінің нәтижелілігінің нақты дәлелі десек те болады.
Биылғы «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі» курсы 18–28 тамыз күндері өтті. Оған өтінім бергендердің арасынан еліміздің 20 өңірінен дарынды жас қаламгерлер іріктеліп алынды. Одан бөлек бірнеше еркін қатысушы да лекцияларға қатысып, дәріскерлердің сабақтарын тыңдауға мүмкіндік алды.
Бұл жобаның сәтті жүзеге асуына шетелдік және отандық қаламгерлер үлес қосты. Поляк ақыны, әдебиеттанушы, өнертанушы, Польша Республикасының Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, баспагер Малгожата Мартлевска, қырғыз ақыны, Қырғыз Республикасы Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Қырғыз Республикасы үкіметінің Жастар сыйлығының лауреаты Нұрлан Қалыбеков, Өзбекстан Жазушылар одағының мүшесі, философ, түркітанушы, Филология ғылымдары бойынша философия докторы, А.Навои ат. Ташкент мемлекеттік өзбек тілі мен әдебиеті университеті әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар кафедрасының доценті, фольклор мен мифология саласының маманы өзбек­стандық Анвар Боранов, әзербайжандық ақын, эссеист, аудармашы Салим Бабуллаоглы Қазақстанға Алматы қаласына арнайы шеберлік мектебі үшін келіп, бірнеше күн бойы жас қаламгерлерге дәріс оқыды.
Мартлевска өз дәрістерінде әдебиеттің әлемдік мәдениет тарихындағы рөліне тоқталып, жазушының қоғамдағы мәртебесі туралы кеңінен сөз етті. Сонымен қатар. «Ақын мен жазушының айырмасы» тақырыбындағы арнайы дәрісінде жазу машығы, әлемдік тәжірибе, баспа мәселелеріне тоқталып, жас қаламгерлерге ақын,  аудармашы, баспагер ретіндегі кеңестерін берді. Бұған қоса, «Қазіргі технологиялардың әдебиетшілерге төндіретін қаупі» дәрісі қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Жас қаламгерлер өз пікірлерін талқыға салып, жаңа заман әдебиетінің бағыт-бағдары, әдебиеттің болашағы және оның технологиялармен «ымыраға келуі» жайлы сөз қозғады.
Анвар Боранов «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебіне» қатысушыларға «Түркі халықтарының фольклоры. Алтайтану» тақырыбында танымдық дәріс оқыды. Бұл дәріс түркілік рухани бірлік, мәдени сабақтастық, әдебиеттегі мифопоэтикалық құрылымдар туралы ой қозғап, тыңдаушыларға мол әсер сыйлады. Аталмыш дәріс — тек академиялық мазмұндағы баяндама ғана емес, ұлттың рухани кодын әдебиет арқылы ұғынуға арналған ашық диалог алаңы болды. Дәрістің басты мақсаты — жас қаламгерлерге түркі халықтарының фольклорлық мұрасын жүйелі түрде таныстыру, сондай-ақ Алтайтану ғылымының аясында ұлттық болмыстың терең қабаттарына үңілу. Ғалым өз сөзінде: «Фольклор — тек ескі аңыз не өткен күннің мұрасы емес. Ол – халықтың дүниетанымы, мінезі, тарихи жады. Түркі халықтарының фольклоры — мыңдаған жылдық тарихтан сыр шертетін, халықтың рухани жадын сақтап келе жатқан ауқымды жүйе. Ал Алтайтану — осы түркілік рухани кеңістіктің түп-тамырын зерттейтін пәнаралық ғылым саласы», – деп атап өтті. Зерттеуші өз дәрісінде осы екі бағытты байланыстыра отырып, әдебиет пен тарихтың түйіскен тұстарын аша білді.
Салим Бабуллаоглы жас әдебиетшілерге арналған шеберлік мектебінің қатысушылары үшін «Өлең құрылысын талдау» тақырыбында танымдық дәріс өткізді. Дәріс барысында ақын қазіргі поэзиядағы құрылымдық ерекшеліктер, өлеңнің ішкі ырғағы, метафора мен бейнелеу құралдарының қолданылу тәсілдері туралы кеңінен әңгімелеп берді. Сонымен қатар жас ақындардың туындыларына нақты мысалдар келтіре отырып, құрылымдық тұрғыда талдау жасалды. Дәріс барысында қатысушылар сұрақ қойып, пікір алмасуға мүмкіндік алды. Салим Бабуллаоглы – тек шығармашылығымен ғана емес, сондай-ақ поэзия мен аударма саласындағы ғылыми-зерттеу еңбектерімен де кеңінен танымал қаламгер. Оның дәрісі жас қаламгерлер үшін тың ой, жаңа бағыт және шабыт көзі болды.
Дәріс барысында Нұрлан Қалыбеков поэзиядағы ішкі үйлесім, сезім мен форманың үндестігі, ақынның ішкі дауысы және өлең құрылымындағы рөлдері туралы кеңінен айтып берді. Ол поэзияны тек сөздердің жиынтығы емес, адамның жан дүниесінен шыққан терең сезімнің көрінісі екенін ерекше атап өтті. «Нағыз поэзия – бұл үнсіз жүректің шынайы дауысы. Ақын үшін ең бастысы – ішкі әлеміне адал болу және сол шынайылықты оқырманға жеткізе білу», – деді ол дәріс барысында. Сондай-ақ дәріс барысында жас ақындардың бірнеше өлеңі оқылып, авторлық талқылау өткізілді. Нұрлан Қалыбеков әрбір өлеңге жеке тоқталып, көркемдік құрылымы, тақырыптық тұтастығы мен тілдік ерекшеліктеріне терең кәсіби талдау жасады. Ол жас ақындардың шығармашылығындағы күшті тұстар мен әлі де жетілдіруді қажет ететін бағыттарды айтты. Жас қаламгерлер ақынның пікірлерін ерекше ықыласпен тыңдап, өз туындыларына жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік алды. Дәріс – шығармашылықпен айналысатын жастар үшін мотивация ғана емес, поэзияны терең түсінуге жол ашқан тағылымды сәтке айналды.
Бұған қоса, жас қаламгерлерге қазақ әдебиетінің танымал қаламгерлері де дәріс берді. Олардың қатарында: Сұлтанәлі Балғабаев, Бексұлтан Нұржекеұлы, Мырзан Кенжебай, Болат Үсенбаев, Жұмабай Құлиев, Көсемәлі Сәттібайұлы, Нұрлан Қами, Асылбек Ықсан, Әмірхан Меңдеке, Жүсіпбек Қорғасбек, Маралтай Райымбекұлы, Ерлан Жүніс сынды белгілі қаламгерлер бар.
Биылғы әдеби шеберлік мектебінде алғаш рет еліміздің 5 ғылыми-зерттеу инс­титуты шақырылды. Бұл институттардың аталған міндетті атқарудағы еңбегі ерен болды. А.Байтұрсынұлы ат. Тіл білімі инс­титуты, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер институты, Р.Б.Сүлейменов ат. Шығыстану институты, Тарих институты, Философия, саясаттану және дінтану институты өкілдері жас қаламгерлерге әдебиеттен өзге салалар, ғылым, дін, өзге де бағыттарда білім берді. Бұл жастарға тек көркем шығармашылық емес, әдебиеттану мен ғылым арасындағы байланысты да тереңірек түсінуге мүмкіндік берді десек әбден болады.

Қазақстан Жазушылар одағының баспасөз қызметі

Дарынды жастармен ой бөлістім

Қазақстан Жазушылар одағы кейінгі жылдары әдебиетіміздің бүгіні мен болашағына оң ықпал жасайтын түрлі бастамаларды қолға алып, сәтті жүзеге асыруда. Солардың бірі – Одақтың жанынан «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебінің» ашылуы. Биылғы жылы осы курсқа дәріс оқитындардың қатарында өзім де болдым. Шынымды айтсам, бұл мен үшін жақсы жаңалық қана емес, ойландыратын да жағдай болды. Әдеби шығармашылық мектепке келген жастарға дәріс оқисыз деген хабар алғанда көңілімнің түкпірінде «Қазіргі жастарға қайтіп, не деп дәріс оқимын, оқысам, олар менің айтқанымды дұрыс қабылдай ма?» деген күдік пайда болды.
Осы тұста мені таңқалдырған бір жағ­дай­ды ерекше атап айтқым келеді. Қазіргі жас ақын-жазушылар бұдан елу жылдың аржа­ғын­дағы бізден мүлдем басқаша екен. Біздің жас кезіміздегідей алып-ұшып жұлқынып, шабыттанғанда аспанға самғап, ортаға шыққанда бет қаратпай жанып-өртеніп тұрған ешқайсы жоқ. Бәрі шетінен сабырлы, салмақты, не айтса да өз ойларын бос қызыл сөзге салынбай, нақты, дәл жеткізе біледі. Дәріс кезінде де ешқандай сыр білдірмей, «бұл кісінің айтар ойы не екен, ең алдымен соны түсініп алайық» дегендей байыппен, мұқият тыңдайды. Ақындардың да ешқайсы өздерінің «классик» екендерін дәлелдеп әуреленген жоқ. Мен өзіме бекітілген драматургиямен ғана шектелмей, жалпы әдебиетіміздің қазіргі жағдайы мен болашағы туралы да біраз ой-пікірлерімді ортаға салып үлгердім. Қазіргі жастардың өз бойындағы дарын-қабілетті дер кезінде танып, жетілдірудің жолдары туралы да сөз қозғадым. Қазақстан Жазушылар ода­ғының қолға алуымен дүниеге келген «Жазушылардың әдеби шеберлік мек­тебі» алдағы уақытта қазіргіден де биік бе­лес­терге көтеріліп, жас жазушыларды қанат­тандыруда жаңа табыстарға жете беруіне ардагер қаламгерлердің бірі ретінде шын жүректен тілектестік білдіремін!

Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ,
Т.Жүргенов атындағы Қазақ
Ұлт­тық өнер академиясының профессоры,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Жобалар әрі қарай да жалғасын табуы керек

Қазақстанға келу, ұлы даланың көркем табиғатымен, ашық-жарқын, қонақжай халқымен танысу маған үлкен күш-қуат сыйлады. Абай Құнанбаевтың, Олжас Сүлейменовтің елі поэзияда баяғыдан озық екені даусыз. Мен мұны қазақтың бірнеше ақынын өз тіліме аударғандықтан айтып отырмын. «Әдеби шеберлік мектебі», меніңше, өз мақсатына жетті, өз миссиясын толық орындады. Өйткені отандық қаламгерлермен қоса, шетелдік қаламгерлерге дәріс оқыту, бұған қоса жас қаламгерлердің өзінің ішкі дайындықтарының күшті болуы – жоба сәтті өтуіне үлкен септігін тигізді. Сондықтан мұндай жобалар әрі қарай да жалғасын табуы керек деп есептеймін.

Малгожата МАРТЛЕВСКА,
Ақын, Польша Республикасының мәдениет қайраткері

«Шәкірттерімнің» бәріне дән ризамын

«Әдеби шеберлік мектебіндегі» қазақтың жас ақын-жазушыларының бүгінгі пікірталасын естісе, Хан Ганның өзі аң-таң болатын шығар. Шеберлік мектебіндегі бірнеше күндік дәрісімде «cоңғы түйенің жүгі ауыр» деп, Оңтүстік Корея елінен шыққан жазушы әйел, Нобель сыйлығының ыстық-суығы әлі басыла қоймаған лауреаты Хан Ганның «Еттен жеріген әйел» атты романын талдап, таразылауды соңғы күнге қойғам. Соным дұрыс болыпты. Дәріс тыңдаушы жастар пікірталас кезінде жарыса сұрақ қойып, жамыраса сөз сұрап, өте белсенділік танытты. Байқағаным, талабы таудай жастар жас өскіндей жамырай өсіп келеді. Көбісі поэзия пырағының жалына жармасқандар. Проза абаданы болуды армандайтындар да бар. Бірақ прозашылар жарқылдап жыр оқыған ақындар сияқты әңгімелерін оқып отыра алмайды. Сондықтан бұл жолы бір топ ақындарға қол соғып, «бәрекелді» дедім. Жігіттер жырда ғана емес, парасатты сөз айтуда да пікірталастарын тыңдата біледі екен. Қысқасы, бір-екі күн сөзіме құлақ қойған «шәкірттерімнің» бәріне дән ризамын.

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
жазушы, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

ПІКІРЛЕР1
Аноним 19.09.2025 | 10:01

Министрлік кітаптарын шығарып жатыр ма ???????????

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір