ОТАНДЫҚ ДРАМАТУРГИЯДАН ЗАМАН ТЫНЫСЫ СЕЗІЛЕДІ
Театрға, оның драматургиясына азық болар өмірдің алға тартқан өзекті тақырыптары мен сахнаға сұранып тұрған кейіпкерлер галереясы өткен 2024 жылы көп болды.
Өткен жыл, осылайша, Қазақстанның әлеуметтік, экономикалық және саяси дамуындағы жаңа белестерді көрсетіп, ел тарихында маңызды жылдардың бірі ретінде есте қалды. Қазақстан үшін экономикалық өсімнің, саяси тұрақтылықтың және мәдени жаңғырудың жылы болды. Елде жүзеге асырылған реформалар мен шаралар мемлекеттің дамуындағы жаңа кезеңнің бастамасы ретінде тарихта қалады. Қазақстан халқының бірлігі мен ынтымағы елдің болашағын жарқын етуге септігін тигізері анық.
«Қазақ театры, оның драматургиясы қалай күн кешуде?» деген және өзге де тақырыптар қаншалықты шығармашылық тұлғалар мен шығармашылық ұжымның еңбегіне арқау болды? Осы тұрғыдан қарастырар болсақ, театрдың, драматургияның еліміздің қоғамдық-саяси өмірінен алшақтау өмір сүріп жатқанын көреміз. Өткір тақырыптар тез арада сахнаға шығып ,көрермендер арасында қызу пікірталас тудырып жатқан жоқ. Театрлар да бұл тақырыптарды дер кезінде көрермен назарына ұсынуға асығатын емес.
2024 жылдың қараша айында «Қазақ әдебиеті» газетінде «Бүгінгі қазақ театрының жай-күйі» атты мақаламыз жарияланды. Біз онда бүгінгі театр төңірегіндегі заң қабылдануы, басқару ісі, музыкалық театрдың хал-күйі сынды маңызды деген бірнеше мәселені көтере келе, театрдағы драматургия жайына да арнайы тоқталғанбыз. Онда біз: «Театр мен автор арасындағы тартыс, түсініспеушілік, бірі екіншісін жоққа шығару секілді түрлі бағытта жарияланған материалдар театрдың қасиетін кемітумен бірге жаңаша қабылдаудың да бастау көзі десек, қателеспейміз. Автордың құқығы тапталмайтындай, автор өзінің интеллектуалдық еңбегіне сай қаламақы алатындай ізденістерге жол ашылуы керек. Ол – театр мен автордың арасындағы кедергіні жоюға, еркін байланыс орнатуға және бірі екіншісіне тартылатындай, бірі екіншісінсіз күн көре алмайтындай жұмыс кестесін жасау» керегін қазір де қайталап айтамыз.
Қазіргі таңда театр режиссерінің жұмысы орта есеппен 5-8 миллион теңгеге бағаланады. Ал ол қоятын пьеса авторы – драматургтің интеллектуалдық еңбегін 100-300 мың теңгеге, жастау, есім-сойы белгісіздеу жас автор болса, су тегін алудан тайынбайды. Сондықтан біз тағы қайталап айтамыз, драматургтеріміз құқықтық тұрғыда қорғауды қажет етеді. Айта-айта әбден жауыр болған ҚР Авторлар қоғамының жұмысын, драматург-авторлардың жұмысына байланысты құқықтық қатынасын заманға сай реттеу республика көлемінде жолға қоюды керек етеді. Бірер күн бұрын Қазақстанның авторлар қоғамына байланысты ҚР Парламент депутаты Б.Базарбектің Әділет министрі Е.Сәрсенбаевқа қойған сұрақтарынан миллиард теңгенің ҚАҚ басшыларының қалтасында қалғанын мәселе етіп көтергенін бәріміз білеміз. Бұл – біздің авторлардың, соның ішінде, театрмен, шығармашылық ұжымдармен байланысты драматургтердің толық шешімін таппаған негізгі мәселесі.
Театр мен драматургтің шығармашылық байланысын жақындататын, шығармашылыққа жетелейтін жаңа пьесаға арнайы конкурстар жиі жарияланады. Байқауда жеңімпаз атанған пьесаларды сахналау үрдісі де қолға алынып тиісті құжатта көрсетілсе, нұр үстіне – нұр болмақ. Поэзия мен проза секілді кітап болып басылып шығумен аяқталмайтын драматургияның ұзақ жолы, сахнаға арналған көркем шығарма ретінде театрмен қарым-қатынаста жалғастығы одан әрі қарқын алуы керек. Әзірге бұл мәселе шешімін тапқан жоқ.
Кітап 2024 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» бағдарламасы бойынша 1000 дана таралыммен шығатын жоба қаламгер-драматургтерімізге жақсы қолдау көрсетуде. ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасына 2023–2024 жылдары келіп түскен драматургия, пьеса жазылған кітаптар тізімін қарастыра отырып, 2024 жылғы жыл қорытындысы аясында шығарылған 3 автордың және «Абай жолы кітапханасы» бастамасымен шыққан 1 драмалық шығармалар жинағын атап өтеміз. Олар: Ш.Мұртаза. Бесеудің хаты (пьеса / Шерхан Мұртаза. – Алматы: Мазмұндама, 2024. – 208 б. ; 20 см. – 2000 дана. – ISBN 978-601-7688-21-9 (мұқ.), С.Балғабаевтың «Мәңгілік өмір – махаббат». (-Алматы: ЖК «Сакенова», 2024. — 288 бет.),
А.Ихсанның «Зор Білгамеш һәм Қорқыт ата» драмалық шығармалар / Асылбек Ихсан. (– Алматы : Керемет медиа, 2024. – 328 б. ; 21 см. – 1000 дана. – ISBN 978-601-81154-8-6 (мұқ.) және Д.Сейсенұлының «Тұғыры биік тұлғалар»: көркем очерк, танымдық сипаттары әдеби миниатюралар мен драматургиялық шығармалары (-Астана: Фолиант, 2024. — 296 б. «-Абай жолы» кітапханасы сериясымен) шығармалары.
Өткен ғасырдың сексенінші жылдарынан бастап драматургиямен түбегейлі айналыса бастаған Сұлтанәлі Балғабаевтың қаламынан шыққан «Қыз жиырмаға толғанда», «Ең әдемі келіншек», «Ғашықсыз ғасыр», «Біз де ғашық болғанбыз», «Сағыныш пен елес» және басқа да отызға жуық драмалық шығармалары түгелдей қазақ театрының сахнасына қойылған. Бұл пьесалар Алматының М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық театрынан бастап, Ғабит Мүсірепов атындағы Балалар мен жасөспірімдер театрында, Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Ұлттық музыкалық драма театрында және республикамыздағы өзге де театрлардың бәрінде сан рет сахналанды. Автордың пьесалары орыс, өзбек, қарақалпақ, қырғыз, ұйғыр театрларының көрермендерімен де жүздесті. Осының нәтижесінде, С.Балғабаев еліміздегі пьесалары ең жиі қойылып, көрерменді көп жинаған және өзіндік үні, ерекше қолтаңбасы бар драматургтердің бірі ретінде танылды.
С.Балғабаевтың «Мәңгілік өмір – махаббат» атты қазіргі жаңа жинағына «Қыл үстіндегі ғұмыр», «Өтірік айтпайтын адам», «Енелер мен келіндер», «Қызылорданың қыздары», «Сағындым сені..», «Қазақша күрес, қандайсың?!», «Құдағилар хикаясы» және басқа да бұрын ешқандай кітапқа кірмеген он бір пьесасы топтастырылған екен. Бұл пьесалардың да басым бөлігі әртүрлі театрларда сахналанған, әлі де сахналанып келеді. Аталған жинақ театр жұртшылығының, режиссерлер мен актерлердің көңілінен шығатын, халық театрларының да репертуарына қажет жақсы дүние болатынына сенім мол.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы-дараматург Асылбек Ихсанның «Зор Білгамеш һәм Қорқыт ата: драмалық шығармалар» (–Алматы: Керемет медиа, 2024. – 328 б.; 21 см.) жинағы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» бағдарламасы бойынша 1000 данамен шығыпты. Жинаққа әр кездері жазылып сахнаға қойылғаны бар, жаңадан жазылғаны бар, 9 пьеса енген. Солардың ішінде, «Соңғы мамонт», «Хақ жолы», «Дон Кихот», «Қайраңдағы кемелер» және басқа пьесалары көршілес елдердің сахнасында қойылған.
Драматургтің «Зор Білгамеш һәм Қорқыт ата» драмасы авторлық ой-толғам мен біраз еңбектенген жұмысының жемісі болған. Қазақ өнері мен мәдениетінің, руханиятының бастау көзі мен пәлсапалық ұстанымдарын есте жоқ ескі заманмен байланыстырады. Бұдан бес мың жыл бұрын өркениеттің ошағы болған Шумерлер тұрмысында қолданыста болған өмірлік мәні бар ұстанымдарды ортақ түркі әлемінің мәдениетімен ұштастырады. Әлемге танымал «Гильгамеш» поэмасының кейіпкері Энкидуды драматург күй атасы Қорқыт атамен, оның дүниетанымымен байланыстыра отырып, түбі бір түркі әлемінің ортақ философиясын негізгі мәселенің мәніне айналдырған.
Пьесаның көркемдік тұтастығына байланысты бірер ескертпеміз бар. Шығарманың бірінші бөлігінде іс-әрекетке бастайтын диалогтардан туындайтын әрекеттен гөрі тарихи орта мен аңыздық тұлғалардың сипаттамасын беретін авторлық ремаркаға көбірек орын бергені аңғарылады. Жекелеген кейіпкерлердің мінез-құлқы мен іс-әрекетін даралап, психологиялық астарын ашып беруде нақты детальдар жетіспейді. Бұл жерде авторлық трактовка бойынша, Зор Білгамеш пен Қорқыт жай адамдар емес, мың жылда бір туатын елден ерек кейіпкерлер болғандықтан осындай кілтипан пайда болған шығар деген тұжырым жасалды.
Ертіс, Семей өңірін Алаштың астанасы, еліміздің рухани-мәдени орталығы деп әспеттеп жатуымыз тегіннен-тегін емес. Талай өнер саңлақтарының Семейден қанаттанып, үлкен өнер сапарына аттанғаны өз алдына жеке тақырып. Автор осы өңірдің талантты өнер және мәдениет қайраткерлері жазған журналистік жазбаларды, әңгіме, хикаяттарды пьесаға айналдыруы – заңдылық. Бұл – көп авторлардың басында бар жайт. Белгілі журналист-жазушы, Құрмет ордені мен Халықаралык «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Дәулет Сейсенұлының «Тұғыры биік тұлғалар»: көркем очерк, танымдық сипаттағы әдеби миниатюралар мен драматургиялық шығармалар (-Астана : Фолиант, 2024. — 296 б. -«Абай жолы» кітапханасы) жинағына автордың туған өңірінің танымал тұлғалары арқау болған.
Д.Сейсенұлының «Маэстро» атты 2 бөлімді, 6 көріністі драмасы белгілі скрипкашы Әйткеш Толғанбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған. Әйткештің 12–14 жас аралығындағы, 20–30 жас аралығындағы, 70-тен асқан шағындағы өмірлік 3 кезеңі көрінетін пьесада еліміздің талай танымал тұлғалары кейіпкер болған. Олар – белгілі композитор, дирижер, ғалым Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамиди, Әйткеннін ұстазы И.Лесман мен Ғазиза Жұбанова, тұтқындар мен лагерь қызметкерлері.
Автордың «Махаббат вальсі» атты екі бөлімді, 6 көріністі драмасы белгілі композитор Бекен Жамақаевтың шығармашылығына арналған. Мұнда да белгілі өнер саңлақтары – актер, Қазақстанның халык артисі Әбілқасым Жаңбырбаев, классик жазушы, академик Мұхтар Әуезов, белгілі композитор Шәмші Қалдаяқов, белгілі ақын Нұтфолла Шәкеновтер әрекет етеді.
Автордың «Жәнібек ән салады…» екі бөлімді драма-реквиемі де Жәнібектің бала, бозбала шақтарын, 30–40 жас аралығындағы кезеңдерін, отбасын, әншінің шығармашылық ортасын қамтиды. Туынды желісі Кәмен Оразалин, Сапарғали Бегалин сынды жазушылардың, Жүсіпбек Елебеков, Қайрат Байбосынов, Ақселеу Сейдімбеков, Тұрсын Жұртбай сынды тұлғалардың қатысуымен өтеді.
Қаламгер бұл жинағында ұлылар елінен шыққан айтулы тұлғалардың өмірдегі және өнердегі жолын, яғни қиын да қызықты шығармашылық ізденістері мен сол ізгі мақсатқа қол жеткізу жолындағы айшықты мезеттерін кестелеген. Пьеса тілі көркем, кейіпкерлер шұрайлы сөздерімен көрікті ой өрбітеді. Кейінгі толқын өкілдері, жалпы зиялы қауымға арналған бұл кітап өз оқырманын табады деп сенеміз.
Осы жинақтар кітап шығару ісінде драматургия саласындағы авторлардың назардан тыс қалып жатпағанын көрсетеді. Өмірден өтіп кеткен классик авторларымыз бен замандас драматургтердің пьесалары жеке жинақ болып шығып жатыр. ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасына 2023–2024 жылдары келіп түскен драматургия, пьеса жазылған кітаптар тізімінде 10 автордың кітабы тұр. Десек те, бұл кітаптар қайда кетіп жатыр? Арнайы ЖОО кітапханаларына неге түспеген? Ұлттық кітапхана мен Бегалин атындағы кітапханаларына сұрау салғанда бұл тізім толық түспеген, түссе де Ұлттық кітапханада ғана ЖОО кітапханаларына олар түспейді, демек, тек министрліктің есеп беруі үшін және Кітап палатасының тізіміне енгізу үшін жасалынатын болғаны ма? Неге ол кітаптар жайлы ештеңе білмейді? Бізді осы мәселе толғандырады. Театрлар ол пьесаларды мүлде алмайды. Шыққанын білмейді де. Осы және өзге де кітаптардың, соның ішінде, драмалық жинақтардың өзінің тиесілі мекенжайына толық жетуін дұрыстап жолға қоюды қарастырса екен дейміз.
Республика кеңістігінде есепті жылы драматургия саласы бойынша бірнеше ірілі-ұсақты конкурстар өтті. Олар: «Ұлы дала» республикалық әдеби байқауы, «Құлагер» республикалық байқауы, белгілі айтыскер, көрнекті ақын Есенқұл Жақыпбектің 70 жылдық мерейтойына арналған драматургиялық байқау, «Drama.kz – 2024» жаңа драма фестивалі, «Драмарафон» байқауы, Президенттік арнаулы әдеби сыйлығы және т.б.
Осы және өзге де драматургияға арналған конкурстарда біздің назарымызға түскен жеңімпаз авторларды да атап өткен дұрыс болар. Жолтай Алмашұлы Алмашев «Құлагер» республикалық байқауының драма саласы бойынша «Күш атасы» пьесасымен жүлдегер атанды. Мадина Омарова Есенқұл Жақыпбектің туғанына 70 жыл толуына орай ұйымдастырылған драматургиялық байқауда бас жүлдені иеленсе, Олжас Зейнола осы драматургиялық байқаудың (ІІ орын) лауреаты атанды. Жәнібек Әлікен Қазақстан Театр қайраткерлері одағының ұйғарымы бойынша 2024 жылдың үздік драматургі атанып, «Еңлікгүл» сыйлығының иегері болды. Сондай-ақ Әлібек Байбол «Драмарафон» байқауында 1 орын иеленсе, Нұрислам Әбділ Ақмола облыстық «Құлагер» әдеби сыйлығына «Қарыз» комедиясымен ие болды. Ақжан Аманжол «Ұлы дала» республикалық әдеби байқауының драматургия номинациясы бойынша 3-орын жүлдегері атанды. Рахат Әлішер Президенттік арнаулы әдеби сыйлығының драматургия номинациясы бойынша лауреаты және «Ұлы дала» республикалық әдеби байқауының драматургия номинациясы бойынша жүлдегері болды.
Отандық жас авторлардың пьесалары негізінде қойылған спектакльдер жайына келер болсақ, алдымен, ҚЖО мүшелерінің және мүшелікке өтпеген авторлардың пьесаларына тоқталамыз. Олар: жазушы-драматург Мадина Омарованың бірнеше пьесасы негізінде қойылған спектакльдер: «Шанель №5» деректі драмасы Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрының сахнасында (реж. Бақытбек Темірбеков), «Асыл арман» спектаклі Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласындағы «Атамекен» өнер орталығында (реж. Г.Адай), «Әділет» психологиялық драмасы Әуезов театрының кіші залында Камералық спектакльдер апталығы аясында (реж. Жансерік Серікбай), Ф.Зеллердің «Әке» лирикалық драмасының аудармасы «Жас сахна» театрының сахнасында қойылды.
Айдана Аламанның «Жалқау бала» пьесасы Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында, «Хорун хашим» пьесасы Қ.Қожамияров атындағы академиялық Ұйғыр музыкалық театрында сахналанды.
Ольга Малышеваның «Дилфизо и Донада» спектаклі «Наскальный кит» театрында (Қарағанды. Реж. Елена Кочугова), «Раечка» спектаклі Ғабит Мүсірепов атындағы Балалар және жасөспірімдер театрында (реж. Карина Бесолти), «Невозможно уехать из Караганды», «Ильхом» театры (Ташкент), «Сириус», «Ильхом» театры (Ташкент. Реж. Наталья Ли), «Сириус»: Драма.KZ фестивалінде (реж. Елена Вовнова) «FREE HUGS» Трансформа кеңістігінде оқылымы болды.
Әлібек Байболдың «Таптым-ау сені» лирикалық драмасы Б.Римова театрында, «Жеті ойыншықтың жеңісі» ертегісі Ж.Аймауытов атындағы Қазақ музыкалық драма театрында, «Чемпион» драмасы Алматы қуыршақ театрында (реж. О.Ақжарқын-Сәрсенбек) қойылды. Аудармаларынан: «Кекis» драмасы «Жас сахна» театрында, «Ауыл әңгімелері» Р.Сейтметов атындағы Түркістан облыстық театрында (реж. Ф.Қанафин), «Бет off Face» драмасы (реж. Д.Базарқұлов), Р.Кунидің «Туған күн» комедиясы (реж. Б.Ұзақов), Н.Саймонның «Әумесерлер» комедиясы Шымкент комедия театрында (реж. Ф.Қанафин) көрерменге жол тартты. Осы және өзге де көптеген отандық авторларымыздың пьесалары негізінде қойылған спектакльдерден қоғам мен адамдар алдына қойылатын өмірдің мәңгілік сұрақтары мен оларға берілетін жауаптарын көреміз.
Ойымызды қорыта келгенде айтарымыз, қазақ драматургиясына жаңа буын жас драматургтер тобы келіп өздерінің қолтаңбасымен таныла бастады. Қазақ драматургиясының дамуы, сахнаға арнап жазылған пьесалардың уақытпен бірге алға жылжуы сезіледі. Жастардың жазған шығармаларына деген театрлар тарапынан қызығушылық артып келеді. Театрлар арнайы тапсырыспен драматургтерге пьеса жаздыруды үрдіске айналдыра бастады. Сахналық туындылар қанша көп жазылып жатқанымен, әлі де бірдеңе жетпей жатқан секілді. Ол – жастар шығармашылығына кедергі болмайтын, оларды еселеп еңбектенуге құлшыныс тудыратын, театр мен драматургтер арасын алшақтатпай, керісінше, жақындатуға, бірге еңбектенуге бастайтын, бұрыннан бері айтып келе жатқан, бүгін де айтылған өзекті мәселелердің оң шешім табуы. Келесі жыл қорытындысында жағымды жаңалықтар көп болсын.
Аманкелді МҰҚАН