ЖАҢА СЕРПІН
17.09.2024
132
0

«Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі» жобасы жалғаса ма?  

Жазушылар одағы үшін жемісті кезең басталғандай. Шығармашылық ұйым жұмысы жаңаша серпінмен жалғасып отыр. Мемлекет тарапынан жасалып отырған қолдаудың да оң нәтижесі көрінгендей. Оның бір мысалы, Қазақстан Жазушылар одағы мен Мәдениет және ақпарат министрлігі арасында стратегиялық әріптестік негізінде жүзеге асқан үш ірі жобаның атқарылу барысынан көрінеді.

Атап айтқанда, жақында «Жазушы­лардың әдеби шеберлік мектебі», «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» және «ТМД елдері архивтеріндегі қазақстандық жазушылардың зерттеу жұмыстары» атты жобалар сәтімен жүзеге асып, аяқталды деуге болады. Әсіресе жас қаламгерлерді қолдау бағытында ауыз толтырып айтарлықтай атқарылды. Міне, күні кеше ғана «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі» өз жұмысын қорытындылады. Ал әдеби шеберлік мектебінен дәріс алған 20 жас қаламгерге арнайы сертификат табысталды. Шығармашылық одақ тарихындағы жаңа кезең дегенде, дәл осы атқарылған істі айтуға болады.
Біз бүгін осы жобаның ұйымдастырылуына жауапты болған белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып мырзамен сұхбаттасып, жаңа жоба жайында, қазіргі жастар әдебиеті турасында әңгімелескен едік.

– Бауыржан аға, «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі» аяқталды. Бұған дейін айтып та, жазып та жүрдік, бұл жоба тың бастама болды. Жас қаламгерлер үшін үлкен әдеби бетбұрыс кезеңі басталғандай. Осы істің басы-қасында жүрген адам ретінде, жоба жайында толығырақ айтып берсеңіз?
– Иә, жоба туралы бәріңіз құлағдар болып отырдыңыздар ғой, сонда да істің неден басталғанын айта кетейін. Биыл Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті «Мәдениет және өнер саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыру, қазақ­стандық мәдени мұраны сақтау, зерттеу және танымал ету, архив ісін жүзеге асырудың тиімділігін арттыру» бағытында мемлекеттік тапсырыс жариялаған болатын. Осы стратегиялық әріптестікті іске асыру бойынша жарияланған конкурста Қазақстан Жазушылар одағы бірнеше бағыт бойын­ша жеңімпаз болды. Оның ішінде, үш бағытты бөліп айтуға болады. Соның бірі «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі» еді. Міне, осы жоба бойынша жүзеге асуы тиіс жұмыстарды қортындылап отырған жайымыз бар.

– Иә, жоба жұмысына куә болдық. Алматы төріне аймақтардан 20 жас ақын-жазушы жиналды. Әдеби дәрістер оқылды. Енді бұл бізге көрінген, білінген бергі жағы ғой, ал жұмыстың негізі салмағын, қызығы мен шыжығы дегендей, сіздер сезінген боларсыздар. Жалпы, жобаны бастау, негізін жасау, үміткерлерді анықтау қалай жүрді?
– Бұл өзі тың бастама болғасын қалай құлшынғанымызды өзімізде байқамай қалыпыз ғой… Енді ретімен айтып берейін. Жалпы, аталған жобалар басшымыз, Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкеновтың идеясы бойынша жасалып, ұсынылған үлкен бастама болғандықтан жұмыла кірісіп кеттік. Жобаның талаптары бойынша еліміздің барлық аумағында тұратын, 18–35 жасқа дейінгі жас қаламгерлер өтінім берді. Осы жерде өтінім берушінің Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі болуы міндетті емес екенін көрсеттік. Ал жобаны іске асыру үшін дәріс оқитын, шеберлік сыныбын өткізетін шетелдік және отандық танымал қаламгерлерден тұратын «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебін» құрдық. Ол құрамда – халықаралық беделді әдеби сыйлық иегерлері, Қазақстанның халық жазушылары, танымал ақын-жазушылар, жетекші әдебиеттанушы ғалымдар, әдебиеттің баспа ісіне қатысы бар кәсіби мамандар бар. Бұдан кейін Қазақстан Жазушылар одағы жанында құрылған арнайы комиссия талапкерлердің шығармашылық өмірбаянын саралау арқылы жобаға қатысушылардың тізімін бекітті. Онда еліміздің 17 облысы мен 3 ірі қаласын түгел қамтуға тырыстық. Сонымен, өткізген шығармашылық өмірбаяндарды саралап және Қазақстан Жазушылар одағының жергілікті өкілдерімен ақылдаса отырып, 20 үміткер іріктеліп алынды.

– Рас, Жазушылар одағы ғимаратына дәріс тыңдауға келген жастар жиналып, жаңа серпін жүргендей болды. Бұл жастардың алды әдеби ортада танылып қалған қаламгерлер екен, арасында жаңа есімдер де кездесті. Оқырманға түсінікті болу үшін жастардың әрқайсына тоқтала кетсеңіз екен?
– Өздеріңіз көргендей, байқауда жеңімпаз атанған жас қаламгерлер Қазақстан Жазушылар одағының жанындағы «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебіне» он күндік оқуға келді. Оқудың бағыттары: шетелдік және ұлттық әдебиеттің бастауы, бүгіні мен болашағы, шығармашылық бағыт-бағдар, жазушы зертханасы, тағы басқа тақырыпты қамтыды. Жалпы, жобаның мақсаты – жас қаламгерлерді қолдау, бүгінгі әдеби процеспен таныстыру, шеберлік дәрістерін тыңдату, жаңа шығармалардың жазылуына ықпал ету ғой. Сол үшін жастарға сенім артуымыз маңызды. «Мен жастарға сенемін» деп Мағжан айт­қандай, жиналған жастардың әрқайсысы кіл мықты екен. Маңғыстау облысына келген Еділбек Дүйсенді олай емес деп айта аласың ба? Абай облысынан келген жас пері Бауыржан Игілік ше? Ұлытаудан келген Абай Ораз, Солтүстік Қазақстан облысынан келген Самрат Құскенов, атыраулық Бақыткүл Сәрмекова, алматылық Айбын Ахмадиев, қызылордалық Нұрсұлтан Мықтыбаев, шымкенттік Амангелді Рахметовтер де кіл мықты. Тізімді жалғастырсам, Қуат Дәуренұлы (Шымкент қаласы), Елана Амангелді (Түркістан облысы), Дәурен Бақытқажы (Павлодар облысы), Эрик Нарын (Астана қаласы), Рамазан Бауыржанұлы (Ақмола облысы), Санжар Келеке (Алматы облысы), Батырлан Сағынтаев (Қостанай облысы), Меңдібек Лұқпанов (Батыс Қазақстан облысы), Нұрдәулет Қабасов (Ақтөбе облысы), Мұхтар Күмісбек (Жетісу облысы), Естай Жаңабай (Шығыс Қазақстан облысы), Адия Бақытжанқызы (Жамбыл облысы) сияқты жастарға сүйсіндік. Бұл жастардың барлығы – қазақ әдебиетінің жарқын болашағы.

– Оған дау бар ма, Бауыржан аға. Енді әңгіме ауанын осы жастар не оқыды, не үйренді, кімнен үйренді деген бағытқа бұрсақ?
– Жалпы бұл шеберлік мектебінің ең ұтымды жері, осы дәрістерде. Әдебиеттің білгірлерінен сабақ алу дегенің көп буынға арман болып келген жоқ па, біз осы мақсатты орындай алғанымызға қуанып отырмыз. Енді кімдер дәріс оқыды дегенге келейік. Оқытушылардың әрқайсысы әдебиеттің әртүрлі жанрлары туралы, бүгінгі әдеби процесс, шетелдегі әдебиеттің дамуы, қазақ әдебиетінің шет тілдеріне аударылу мәселелері, классик жазушыларымыздың шығармашылық лабораториясы туралы әңгімеледі. Мысалы, Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері, «Нобель» сыйлығының номинанты Дулат Исабеков өз дәрістерінде өзінің шығармашылық лабораториясы, қазіргі қазақ прозасы мен драматургиясы туралы жан-жақты сөз қозғады. Оқырманға танымал «Гау­һартас», «Дермене», «Әпке», «Қарғын», «Бөрте» шығармаларының жазылу тарихы, шет тілдеріне аударылу мәселелерін сөз етті. Ал Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы, Президент сыйлығының лауреаты Мереке Әбдешұлы одақтың 90 жылдық тарихы мен қазақ әдебиетінің әр жылдардағы бел-белестері туралы әңгімеледі. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Жанғара Дәдебаев өз дәрістерінде әдеби шеберлік және тарих шындығы тақырыптарында ой қозғады. Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын, аудармашы Бақытжан Қанапиянов «Көркем аударманың проб­лемалары» атты  лекциялар циклін оқыды. Ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, филология ғылымдарының кандидаты, поэзия әдеби кеңесінің төрағасы Әділғазы Қайырбековтің дәрістерінде «Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ поэзиясы» сөз болды. Көрнекті жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, одақ хатшысы Жүсіпбек Қорғасбек лекцияларының жалпы бағыты, әдебиетті нарыққа шығару болып белгіленді. Жазушы, драматург Асылбек Ихсановтың драматургия саласы бойынша лекцияларында бейнелеу өнері және театр мәселелері қамтылды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті, филология ғылымдарының кандидаты Ләйла Мұсалының лекцияларында әдеби жанрлар, өлең мәтіні, әңгіме мәтіні, драмалық мәтіндердің түпнұсқасы мен тәржімасы қатар беріліп, салыстырмалы талдаулар жасалды. Ақын, композитор, Ph(D) Бекжан Әшірбаевтың дәрістерінде қазіргі қазақ поэзиясы, ән мәтіндерінің проблемалары кең көлемде талданып, жас қаламгерлердің шығармалары талқыланды. Зерттеуші, әдебиеттанушы, аудармашы Айнагүл Садықованың дәрістерінде қазіргі кездегі әдеби агенттің рөлі, қазіргі қазақ әдебиетіндегі нон-фикшн жанрлар туралы тартымды әңгімеленді.
Осы жерде бұл жобаға шетелден де оқытушылар тартылып, тәжірибе алмасқанымызды айта кетейін. Бұл қатарда Түркиядан келген жазушы, аудармашы, профессор, доктор Екрем Аян, қырғыз бауырымыз, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, халықаралық Шыңғыс Айтматов академиясының президенті Абдылдажан Ақматалиев, АҚШ-тағы Колумбия университеті Шығыс институты ауқымды классрум жобасының аймақтық директоры Рафис Абазов, көрнекті орыс жазушысы, бірнеше Халықаралық сыйлықтардың лауреаты Гузель Яхина бар.

– Бәрекелді! Жалпы, біткен іс туралы көп айтуға болады ғой, әлі де бұл тақырыпқа оралатын боламыз, бұйырса. Осы жерде бір сұрақ тұр: жоба жалғаса ма деген?
– Басты сұрақ осы деп ойламын өзім де. Тағы да қайталап айтайын, мұндай шеберлік мектебі Қазақстан Жазушылар одағының тарихында тұңғыш рет ашылып отыр. Бұл – үш жылға созылатын жоба. «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебіне» келер жылдары басқа талантты жастар тартылады. Оларды таңдап, іріктеу Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы арнайы комиссияның құзырында. Жыл сайын дәріс беретін оқытушылар құрамына өзгерістер енгізілуі мүмкін. Бірте-бірте тәжірибе жинақтап, Қазақстан Жазушылар одағы жанынан «Әдебиет академиясын» ашуға мүмкіндіктер береді…
– Иә, ауқымды жоба басталды, іске сәт дейміз. Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір