Тынысы бөлек дара тұлға
30.05.2025
168
0

Ақындық ізденісі, романтикалық ой-қиял парасаты өткен мен болашаққа, бүгінгінің күнгейі мен теріске­йіне алма кезек ат басын тіреп, әлем кеңістігінің барлық аясына шарықтаған Омарғазы Айтанұлының поэзиясына қалай баға беру керек деген мәселеге жеңіл- желпі қарауға болмайды.

 Ол – қазақ сахарасының барлық бояуы мен үнін, лебі мен жұпарын, қоңыр әуен, қоңыр саз, сиқырлы өміршең суретін, өзіміздің ұлт­тық идеология арнамызда дамытып, күллі адам баласына ортақ рухи игілік шалқарына есе қосып келе жатқан ақын. Қай дәуірде, қандай формада жаратылса да, шынайы көркем туындының өзегі, жаны тағы да соның ұлт­тық қасиеті болып есептеледі. Өзінің ұлт­тық қасиетін, ұлт­тық мәйегін сақтай алған туындылар ғана рухани құбылыс ретінде өз құдіретін әйгілейді. Ұлт­тық қасиет дейтініміз де жайдақ сөз, жалаң ұран емес, ол – нағыз рух, болмыс, салт-сана, дәстүр, мінез-құлық секілді сан салалы дүниелердің бір тамырдан нәр жиып, бір бұтақтан жеміс беруі деген сөз, нағыз талант­ты ақындар өздерінің тұңғиық рухын, ішкі жан дүниесін, ақыл-парасат жүйесін көркем тіл арқылы кестелеп, өз ұлтының рухи өмір таңбасын ойып шығарады. Омыкең поэзиясына үңілу үшін, ең алдымен, осы түйіндер ой-пікір жүргізуіміздің алғышарты етілуге тиісті болса керек.
Сонау 1955 жылғы «Шыңжаң әде­биет искусствосының» (Қазіргі «Шұғыла» журналының) №6 санындағы «Естіртсем өзімше үнімді» деген бір өлеңін Омыкең:
Лирика таңы ат­ты,
Оқыдым Абай, Пушкинді.
Ұмытпан сондай сағат­ты,
Жібермен босқа еш күнді, – деп бастапты да олардың жырларына шын ділмен түшіркенетінін, олар жаратқан образдардың өлмей, мәңгі тірі жүргенін, соларша теңеу тауып, соларша өлең жазуды армандайтынын айта келіп:
Жасасам әт­тең өзімнің,
«Қаламқас», «Онегинімді»
Жанымен жылы сезімнің,
Естіртсем өзімше үнімді, –
деп аяқтатыпты.
Дәстүрлі өлең формасымен жазылған қарапайым осы қысқа өлеңнен ақынның поэзия сапарына ат­танар алдындағы бекімін аңғарғандай боласыз. Оның кімдерге еліктеп, кім болғысы келетінін емеуірінен ұғасыз, жас ақынның Абайдың Қаламқасындай, Пушкиннің Онегиніндей образдар жасап, ақындық сезімінің жанға жылы сезімімен, күллі ғаламға Абайша, Пушкинше өз үнін естіртуді армандайтынын білесіз. Осы өлеңінің жаряланғанына, міне, биыл тұп-тура қырық бір жыл болыпты.
Омыкең өткен жылы радионың бір тілшісімен әңгімелескенде: «Ке­йінгі он жыл – менің түлеу дәуірім», – деген еді. Омыкеңнің олай деуінің де жөні бар еді, бәлкім, бұл Омыкеңнің ке­йінгі он жылда кең тынысты прозалық шығармалармен көбірек айналысқанын меңзеп айт­қаны да болар. Меніңше, ке­йінгі он жылды Омыкеңнің екінші рет түлеу дәуірі деу орынды болар еді. Өз басым Омыкеңді қырық жылдың алдында-ақ түлеген ақын деп білемін.
Кез келген қалам иесінің жасампаздық өмірі оның өзі жасап отырған қоғамдық ортамен, дәуірмен, уақытпен тығыз байланысты, етене өтеді. Дәуір мен уақыт шындығы қаламгердің әдебиет майданына келуіне, жасампаздық стилін қалыптастыруына тікелей әсер етеді. Ал талант­ты қаламгерлер терең ойлы, салмақты да сабырлы, шынайы көркем тәсілдерді толық меңгеріп, өзінің алымы мен арынын, эстетикалық құдіретін, рухани байлығын байқата бастаған күннен тартып, өзін әдебиет әлеміне әкелген дәуір мен уақытқа ықпал жасайды, өз жасампаздық жаңалықтарымен қоғамның рухани тіршілігіне әсер етеді, әлеумет­тік орта мен адамдар қарым-қатынасындағы ішкі ирімдерді көркем бейнелей отырып, сол уақыт­тың, сол тұстың шындығын ашады, сол уақыт­тың шындығын пайдалана отырып, болашақ ұрпақпен тіл табысуға ұмтылады. Сол тұстағы әрі содан былайғы әлеумет­тік ой-парасат­тың кемелденуіне мүмкіндік іздейді. Рухани өмірдің толысуына көмектеседі. Омыкеңді мен осындай бір биіктен көріп түсінемін.
Омыкеңді «Қырық жылдың алдында- ақ түлеген ақын еді» деген тұжырымыма орай, енді мен Қазақ­станның белді ақыны, көрнекті жазушысы Мұзафар Әлімбаевтың «Ақын Омарғазы Айтанұлының поэзиясы» ат­ты мақаласының негізгі түйіндерін айта кетпекпін.
Ақын Мұзафар былай деп жазыпты:
«Иә, ол сонау 1957 жылдың сары күзі еді. Отыз-отызбестегі өрен жастар, жас ақындар жалаң қаққан жас бөрідей кезіміз … Жаңа бір атау сөзді құлағымыз шалса да елең ете қаламыз, газет-журналдардан тосын тынысты, оқыс ойлы бір өлең оқысақ та бір жасап қаламыз, ол – ол ма, редакцияға келген хат­тар ішінде жылтыраған моншақтай бір түйірі көзімізге түссе де, бірімізге біріміз тамсана айтып, әңгіме етеміз.
Ойда жоқ оқыста бір бума поэма қолымызға түссін! Қолжазба күйінде, көркем әдебиет баспасына сонау Қытайдан келіпті. Кезекке тұрып бірімізден-біріміз қағып алып оқимыз. Бір күні әлгі қолжазба менің де портфеліме сүңгіді, үйге келген соң оқуға кірістім. «Менің шығысым» ат­ты публицистикалық дастан екен, – дей келіп, ақын сөзін былай жалғапты, – шынымды айтсам, мен лепті поэзияның, өктем дауысты поэзияның ауылынан алыс қонған адаммын ғой … Менің ақындығым майда қоңыр, әндерге көбірек ұқсайтын болар … Соның өзінде де соныны сонылаған автордың сөз сілтесі, серпіні мені еліктет­ті, еліктірді, сол күнгі түйген ойымның негізгі өзегі: Қазақ поэзиясына төлтума дастандары өзгелерге атымен ұқсамайтын, тынысы мен тумасы бөлек ақын келген екен, үйреншікті өлшемге, яғни қазақтың қара өлең шеңберіне сыймай бұлқынған, екі иығымен кезек өсіп-іреп өзіне жол ашқан бір бұла күш көзге елестеді…»
Ақын Мұзафар тағы былай дейді: «Омарғазы Айтанұлының «Менің шығысым», «Табиғат философиясы» ат­ты туындылары кезінде ұстаздық рөл атқара дүниеге келген дастандар болды … Тағы да қайталап айтайын: Табиғат жаратылысы басқарақ, ақындығы мен стилі бөлек ақынға, өзімнен іштей жақындық таппасам да, сөз зергерлігіне көп тұста көңілім көншитіндіктен сыйлай қараймын. Ондай құрметке өлең иесі татиды да…»
Көріп отырсыздар, кезінде «Қазақтың қара өлең шеңберіне сыймай бұлқынған, екі иғымен кезек өсіп-іреп өзіне жол ашқан бұла күш» осы – Омарғазы Айтанұлы еді. «Менің шығысым», «Найзағай», «Табиғат философиясы» қатарлы «Ұстаздық рөл атқара дүниеге келген» дастандардың авторы да осы Омарғазы Айтанұлы еді.
1991 жылғы тамыз айында ақынның «Табиғат философиясын» жариялаған Қазақ­станның «Шалқар» газеті өзінің редакция сөзін былай жазыпты: «Сонау 1957 жылы Қазақ­станның ақындарын Шынжаң қазақтары арасынан шыққан талант­ты жас Омарғазы Айтанұлының шығармашылығы елең еткізген, қазақ мемлекет­тік көркем әдебиет баспасына келіп түскен оның үш поэмасын оқыған қаламдастар сөз саптау мәнері, үн ырғағы өзгеше, философиялық ойлары қуат­ты, ерекше түр мен үлгіде жазатын талант келгеніне тамсана қуанған еді. Содан бері отыз төрт жыл өтсе де, оның шығармаларымен танысқан ақындар Омарғазы атын ұмытпай, барған-келгендерден сұрастырып, ақындығы жөнінде әсерлі әңгімелейді.
Расында, біз Омыкеңді еліміз қазақтарының жаңа заман әдебиетінде өзінің жасампаздық ізденісімен, мол тәжірибесімен, шашасына шаң жұқтырмайтын өзіндік даралығымен, исі адам баласына жағымды мінез-құлқымен, ағалық, ұстаздық үлгі-өнегесімен танылған дарынды ақын деп танимыз, тануға хақылымыз да!
Әрине, «Омарғазы поэзиясының қалыптасып, бүгінгідей жұлдызы жарқырап, кемелді өреге көтерілуін оңай-оспақ пайымдаулармен түсіндіру де мүмкін болмаса керек.
Бұл арада, ең алдымен, Омарғазы не үшін Омарғазы жолын ұстанды?» деген сұрақ қойылуы мүмкін ғой.
Бұндағы ішкі себепті ақынның өзінен естіңіздер:
– Мен, – дейді Омыкең, – өзіме келгенде форманы форма үшін демеймін, форманы мазмұн белгілейді … Өлеңді осылай жазып, менің осы өреге жетуім тума таланттылығымнан емес … замана рухы маған солай жазуға, солай ізденуге жебеу болған. Ақын өзінің «Табиғат философиясында:
Ескі өлең ұйқастарына жаңа өлең
сыймайды,
Өлең жолдары күреспен өседі.
Табиғат мазмұны мұнда жиналып,
Ақын қиналып, тағы бір формаға көшеді», – деп поэзияның із түспеген соны бір жайлауына көшетінін әрі көшіп бара жатқанын салтанатпен жариялайды.
Сөйтіп, Омыкеңнің поэзиясы дүниеге өз дүбірімен қоса, ел-жұрт­ты шулата, дүрліктіре келді. Кезінде мен деген бір талай оқымыстыларымыз да, әдебиетші қау­ымымыз да Омыкең поэзиясына үрке қараған еді. Арғысын айтпасақ та, 1987 жылғы Күйтің қаласында өткізілген қазақ поэзиясы жайындағы жиын мен 1991 жылғы Текесте өткен қаламгерлер жиынында да Омыкең поэзиясы жайында ұқсамаған талас-тартыстар, жатсынулар болғанын естіп те, оқып та жүрміз. Бірақ қырық жылдан бері Омыкең алған бетінен қайтпады, толқын жарып, дауылға қарсы желкен жайып, алға заулай берді.
Өзгелерден өнеге алу, үйрену, ақын болу турасында Омыкең былай тұлғалайды:
«Ақын болу үшін ылғи поэзиядан үйрену керек пе? Олай емес. Ақын болу үшін прозаның алыптары Лев Толстой мен Бальзактан үйренсе, тіпті жақсы. Менің өлеңдерімнің ке­йін поэзиядан алшақтап (ақын бұл арада форманы көзде ұстап отыр), прозаға ұқсап кетіп жүруінің өзі – прозалық шығармаларды көп оқығандығым. Философтардың сондағы ой тереңдіктерін өлеңге алып келдім, шетел ақындарының өлеңдерін ғана емес, шетелдің прозалық шығармаларындағы ойларды да өз өлеңдеріме алып келдім. Бірақ менің өлеңдерімнің біразынан көшірілме сияқты көлеңке болып қалатын жолдарды кезіктіре алмаймыз. Менің үйренуім табиғи болды. Оны әкеліп, өзіміздің халықтық әдебиетке тоғыт­тым».
Жиып айт­қанда, Омыкеңнің исі адамзатқа ортақ озық идеяларды жырлаған философиялық ақын дәрежесіне көтерлуін, оның өз халқының судай тұнық, сүт­тей ақ, кіршіксіз, мөлдір таза мәдениетінің мәйекті нәрінен сусындап өсуінен, өзінен бұрынғы және осы дәуірдегі дүние поэзиясының гуманистік философиялық сарындарын, өнегелі бағыт­тарын өз санасына сіңіруінен олардан үлгі алуынан бөле қарауға болмайды.

Сәли СӘДУАҚАСҰЛЫ,
Қазақ­стан Жазушылар одағының мүшесі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір