Балалар әдебиеті және уақыты тынысы
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы жанындағы Балалар әдебиеті кеңесінің кезекті отырысы өтті.
Алқа отырысын ашқан Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының жанынан құрылған Балалар әдебиеті кеңесінің төрағасы, филология ғылымының докторы, жазушы Нұрдәулет Ақыш өз сөзінде аяқталып келе жатқан биылғы жылы жоспар бойынша жасалған іс-шараларға тоқталып, балалар әдебиеті кеңесінің жұмысын салыстырмалы түрде жақсы деп бағалады. «Проза жанрының көптің ырқына көне бермейтін күрделі саласы – балалар әдебиеті. Осы ретте оның көрнекті өкілдерінің шығармашылығын зерттеу, насихаттау, оқырман назарына ұсыну тұрғысында өзімізге алған бірқатар міндеттемелер межесінен көріне алдық. Мақалалар жазылып, орталық басылымдарда жарық көрді, баяндамалар дайындалып, дәрістер оқылды. Әркім өзіне бекітіліп берілген мектептер, кітапханалар мен жоғары оқу орындары бойынша, ағымдағы жұмысты ойдағыдай жүргізе білді. Кеңес қоғамдық негізде жұмыс істейді. Сондықтан көп шаруаға мүмкіндік жете бермейтіні рас. Дегенмен заманға бейімделіп, балалар әдебиетінің жұмысын жандандырсақ деген оймен кеңес мүшелігіне жастарды тартып, жұмыс жасаудамыз. Бүгінде қатарымыз Мейіржан Жылқыбай, Жаңагүл Сәметова, Елдос Тоқтарбай секілді білімді де білікті шығармашыл жастармен толығып жатыр», – дей келіп, Нұрдәулет Ақыш сөз кезегін жаңа толқынға берді.
Балалар әдебиетінің бүгінгі оқырманы – еліміздің болашағы, ертеңгінің кісісі. Осы ретте «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, жазушы Елдос Тоқтарбай отаншыл ұрпақ тәрбиелеудегі әдебиеттің рөлін, кітап оқу мәдениетін заман талабына сай көтеру мақсатындағы жаңа толқын идеясын ортаға салып, оны жүзеге асыру жобасымен таныстырды.