Қаламгерлердің қамқоршысы
Иә, бүгінгі күні өмірдің жетінші асуына ат басын тіреп отырған Шаған бауырды Ертістің Семей өңірінің ғана емес, жалпы еліміздің зиялы қауым өкілдері ұлыларды ұлықтаумен шектелмей, сонымен бірге қаламгерлерге қамқорлық танытып келе жатқан Атымтайдай жомарт ретінде таниды десек, артық айтқан сөз емес. Ол –мемлекеттік қызметте, білім, кәсіпкерлік саласында ізі қалған азамат. Десе де әдебиет пен өнер адамдарына, жалпы жоқ-жітіктерге қол ұшын беріп, қамқорлық таныту оның қанында бар абзал қасиет пе дейміз. «Жақсының жақсылығын айт…» демекші, біз соны әдебиетшілердің басылымы арқылы оқырман қауымға жеткізгенді жөн көргенбіз. Ал осы орайда, ең алдымен, Шағанның арғы бабалары туралы қысқаша болса да сөз қозғай кеткеніміз жөн болар.
Көзі қарақты оқырман хакім Абайдың арғы бабасы Олжай екенін, ал оның үш Олжай атанып кеткенін, яғни Айдос, Қайдос, Жандос атты үш ұлы болғанын, Айдостың бәйбішесі ел анасы атанған Айпараның Ырғызбай, Торғай, Топай, Көтібақ сынды ұлдарына берген бағасын жақсы біледі. Міне, Шаған осы Топай бабаның тікелей ұрпағы болып табылады. Ал мұның арғы бабасы Құтжан Абайдың көзін көрген адам.Сол Құтжанның өсіп өнген ұрпағы кейінде бір қауым елге айналған.
Абайлық айтулы ақын Төлеген Жанғалиевтің Шаған бауырының алпысжылдық мерейтойына орай жазған өлеңінде мынадай бір шумақ бар:
«Бабаң сенің Тобықтының Құтжаны,
Бар ұрпақтың баға жетпес сырттаны.
Зар илеген туған жерге жете алмай,
Зар заманның басқан кезде қыспағы!»
Ал ол сөздің мәнісі мынада, яғни соғысқа дейінгі қиын-қыстау заманда Түрікменстан жағында әскери қызметте болған Тәшпиқ әкесі Құтжанды сол жаққа ала барады. Бірақ осы елде өмірден озған қарт адамды елге алып келудің еш реті болмай, Құтжан бабаға топырақ сол жақтан бұйырады.
Бүгінгі кейіпкеріміз Шаған – Құтжанның ұлы Жұмақсан ақсақалдың ұлы Манап ағаның баласы.
Осы орайда бір айтпағымыз сол, қазірде толысып, жетілген бұл Шағанның өмір жолы тақтайдай тегіс болмаған, яғни ол мектептен кейін Қарағандының Мемлекеттік университетінің физика факультетінде оқып жүргенде, жасы елуден енді асқан әкесі Манап өмірден аттанып кете барады. Жығылғанға жұдырық дегендей, келер жылы анасы оқыс оқиғаға тап болып өмірден озады. Солайша, бес ұл, үш қыз аңырап қала береді. Сол тұста әкелерінің жылына аналарының қырқы сәйкес келгенін айтсаңызшы! Бұл кезде кенже қарындастары Раушан әлі мектепке бара қоймаған-ды. Отбасының үлкені Әспен енді ғана шаңырақ көтерген. Сонда туыстар тарапынан кейінгі жас балаларды балалар үйіне тапсыру туралы сөз де қозғалмай қалмаған. Бұған ағасы Әспен мен жеңгесі Перизат еш келіспеген. Сөйтіп, «орнында бар оңалар» дегендей, бұлардың бәрі сол асыл аға-жеңгелерінің арқасында өмірден өз орындарын тапқан.
«Болашақ мамандығың физик екен, ал ақын-жазушылармен қалай қиысып, жақындасып жүрсің?» –дейміз ғой Шағанға бүгінде. «Физики – лирики» деген қанатты сөзді сіз білуге тиіссіз», – деп күле сөйлеген ол, одан әріде орынды сөзімен оны бекіте түскен. – Әкем жарықтық ескі де есті әңгімеге жүйрік, жақсы әнге құмар еді. Бала кезімде мені алдына отырғызып алып, атпен талай жерге баратынбыз. Содан жол қысқартып Абай, Шәкәрім өлеңдерін жатқа соғады. Енді бір сәт Шәкәрімнің шерлі өмірінен сыр шертеді. Содан кейін әнге кезек келеді. Соның бәрі балалық қиялымды аспандатып, жанымды жадырататын. Кейінде ақын болмасам да, ақындарға жақын болатыным сол себептен шығар. Сосын, әнші болмасам да, жиын-тойда әу дейтінім бар енді.
Жоғары оқу орнын бітірген соң Шағанның қызықты да, қиын өмір жолы басталып кетеді. Өзі оқып бітірген оқу орнында, оған қоса Қарағанды политехника институтында ұстаздық жолы сәтімен басталады. Сол шақта Семейдің технологиялық институтынан шақырту келеді. Оған себепші болған өзі де осында ұстаз болып еңбек етіп жатқан кластас досы, қазірде Астанадағы Еуразия университетінің тізгінін ұстап отырған Ерлан Сыдықов еді. Мұның отбасылық жағдайын білетін ол, Шағанды туыстарының жанында болсын деген ғой.
Шаған осында біраз еңбек еткен соң, Ленинградтағы жоғары оқу орындарының біріне аспирант болып қабылданады. Осы тұста партия тарап, Кеңес Одағының шаңырағы шайқала бастайды. Соған орай ғылымның өрісі тарылып, алдағы болашағы бұлыңғырлана түседі. Соның бәрін ескерген бұл енді мемлекеттік қызметке бет бұрады. Бұл саладағы қызметі Облыстық атқару комитетінің еңбек бөліміндегі бюро директоры болып тағайындалуымен басталады. Ал заман ыңғайына орай бұл бюро жабылып қалғанда, енді кәсіппен айналысқанды жөн көреді. Сөйтіп, Барнаулдағы «Алтай-Кабул» фирмасының Семейдегі өкілдігінің тізгінін қолына алады. Сонда шетелдік тарауларды өткеріп сатумен шектеліп қалмай, енді заңды лицензия ала отырып, қазақтың құйрықты қойын ұшақпен Біріккен Араб Әмірліктері жағына тасымалдаумен айналысады. Бір абзалы сол, қолға оратыла бастаған қаржыны қалтаға баса бермей, сонау тоқсаныншы жылдардағы қиын кезде демеушілікпен айналысуды бастап кетеді. Бірінші кезекте, алма-кезек келіп жататын ұлылар тойына қол ұшын беруден танған емес.
«Сол тоқсаныншы жылдардың басындағы қиын кезде Шаған Манапұлы «Қызыл Ай» қоғамының Семей облыстық бөлімшесіндегі қарттарға қамқорлық танытып, етпен қамтамасыз еткенін еш ұмытуға болмайды», – деп еске алады осы бөлімшенің сол кездегі басшысы Еркін Қожахметов мырза. Шағанның республикалық «Қызыл Ай» қоғамының Құрмет белгісімен марапатталатыны да осы кез.
Одан кейінгі жерде «Ілияс-К» шаруа қожалығын ашып алған соң, екінші тынысы ашыла түскен. «Ақсұңқар жемін шашып жейді» демекші, бұдан кейінгі жерде Шағанның ақын-жазушы, өнер адамдарына қол ұшын беруден тосылып қалған жері жоқ. Ал оған мысал керек болса айтайық. Мәселен, Жәнібек Кәрменов, Тұрсын Жұртбай, Баян Сағымбаева,Төлеген Жанғалиев, Тыныштықбек Әбдікәкімов, Мұратбек Оспанов, Сайлау Төлеуов, Тұрсынғазы Рахимов сынды қаламгер-әншілердің кітаптарын шығару, мерейтойларын өткізуге атсалысу, не соның біріне қаржылай көмек жасау, екінші біріне астына ат мінгізіп, иығына шапан жауып жіберу мұның дағдылы ісіне айналған. Абай аудандық газеті жабылуға айналғанда, оны бұл қиындықтан құтқарып қалған да осы – Шаған. Бастауында Әуезовтің өзі тұрған Қарауылдағы Абай орта мектебінде шығып жатқан «Абай ұрпақтары» журналында жарияланған әдеби дүниелерді жеке кітап етіп шығарып берген де Шаған екенін білеміз. Абай мектебі демекші, оның өзі білім алған білім ордасына бір кабинетті жасақтап бергені және бар.
Соңғы жиырма жыл көлемінде Абай ауданының орталығы Қарауылда қарадан шығып хан атанған Құнанбай қажы, Кеңгірбай би, Мамай, Тоқтамыс батырлардың ескерткіштері орнатылып, мұндағы елдің рухани тұрғыдан еңсесі көтеріліп қалғаны рас. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз солардың бірінен қалыс қалған емес. Бұған қоса, ол қазақ-қалмақ соғысында айбынды Абылай ханның қасынан табылып, бас қолбасшы болған Қабанбайдай дарабоз батырдың құрметіне Семейде тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан дәстүрлі турнирдің тұрақты демеушісі екенін айтпасқа болмайды. Ал Құнанбай қажы демекші, өткен жылы Абайдай алыпты дүниеге әкелген бабаның 220 жылдығы қарсаңында, Семейдегі Шәкәрім атындағы Мемлекеттік университетінде халықаралық конференция өткізілген болатын. Сол алқалы жиында белгілі ғалым Ислам Жеменейдің «Абай мектебі және Шығыс тарихы мен әдебиетіндегі сана-сезім жетекшілері» деп аталатын төрт тілде шыққан кітабының тұсауы кесілген-ді. Ал оның бастапқы тарауы хакім ақынның әкесі, өз заманында халықтың данасы да, панасы да бола білген Құнанбай қажыға арналған болатын. Осындай қомақты қаржыны қажет ететін бұл игілікті іске демеуші болған тағы да біздің Шаған бауырымыз. Оның жылдан- жылға жалғасқан демеушілік сипатындағы бұл қайырымдылық шаралары ел тарапынан елеусіз қалып отырған жоқ. Соның айғағындай Шаған Жұмақсанов Абай ауданының Құрметті азаматы.
Айтпақшы, Шағанның сонау тоқсаныншы жылдардың соңына қарай Астанадағы халықаралық аэропортта іс басқармасының басшысы болып қызмет еткені де бар. Ал кейінде ол сол шақтағы қала әкімі Мәркен Шәйжүнісовтің шақыруымен елге оралып, Семейде жаңадан ашылған мемлекеттік «Қазына» мекемесін артық-кемі жоқ он екі жыл басқарады. Ал одан кейінгі жерде қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы, қалалық әкімшіліктің аппарат жетекшісі болып қызмет атқарады.
«Сол шақтағы қала әкімі Айбек Кәрімов пен аппарат жетекшісі Шаған Жұмақсановтың өзара ақылдаса келіп, жергілікті үш-төрт журналисті баспанамен қамтамасыз еткенін ұмытпаймыз», – дейді байырғы «Семей таңы» басылымының басшысы Риза Молдашева қарындасымыз.
2015 жылы Шаған мырза Семейдегі байырғы оқу орны – көлік колледжіне директор болып тағайындалады. Бұл шақта аталған оқу орнының кетеуі кетіп-ақ тұрған еді. Осында басшы болып қызмет еткен төрт жыл ішінде ол артында ізі қалды дейтіндей біраз шаруаны атқарып үлгерді. Сол еңбегі де атаусыз қалмай Қазақстан Республикасының құрметті қызметкері атанады. Ал заңды демалысқа шыққан соң да үйінде қарап жатпай, Семей қаласы билер кеңесінің төрағасы қызметін дөңгелетіп жүргізе білді. Әлі де қоғамнан сырт қалмаған. Соның бәрі ескерілгендіктен болар ол биылғы Республика күнінде мемлекет басшысының Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталып отыр.
Сөз соңында Шағанның Құдай қосқан қосағы Дана Бақтыбайқызының Орынбордың қазағы, өсіп-өнген текті әулеттен шыққанын, негізгі мамандығы мәдениеттанушы, философия ғылымының кандидаты екенін, қазір де әл-Фараби атындағы ұлттық университетте қызмет етіп келе жатқанын, орыс арасында өсіп, орыс мектебінде оқығанына қарамастан, аталған оқу орнында лекцияны екі тілде қатар оқитынын атап айтсақ, артық бола қоймас деп ойлаймыз. Бүгінде бұлар екі ұл, екі қызды өсіріп, жеткізіп отыр. Олар да – ата-аналары секілді білімді де, тәрбиелі жандар.
Дәулет Сейсенұлы,
жазушы-журналист,
Халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығының иегері