Қаламгерлердің білім күніне тартуы
09.09.2025
183
0

1 қыркүйек — Білім күніне орай, еліміздің түкпір-түкпіріндегі қаламгерлер қауымы білім ошақтарына арнайылап барып, мектеп табалдырығын аттап жатқан бүлдіршіндерге білім жолында сәт сапар тілеп, сый-сыяпаттарын, оқу құралдарын табыстады.

Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Қалибекұлы №206 мектепке барып, оқушыларға ақ тілегін арнап, мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндерге дәптер, қаламсап және кітаптар сыйлады.
-Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Мереке Құлкеновтың бастамасымен қолға алынған іс-шара бүкіл ел көлемінде жүзеге асып жатыр. Бұл — жеткіншектерімізге азды-көпті тарту болғанымен, елдің келешегінен күткен үлкен үміт, зор құрмет. Ертеңіміз нұрлы, балаларымыз бақытты, зиялы азаматтар болып өссін!,-деді Ғ.Қалибекұлы.
Бұдан бөлек, Балалар мен жасөспірімдер әдебиеті жанрлық кеңесінің мүшелері Болат Үсенбаев, Ділдәр Мамырбаева, Елдос Тоқтарбай, Әлібек Байболдар Мұқағали Мақатаев атындағы №140 мектеп-гимназиясына барып, мектеп табалдырығын тұңғыш аттағалы тұрған бүлдіршіндерге бата беріп, сый-сияпаттарын табыстады.
Айта кетейік, бұл игі бастама Қазақстан Жазушылар одағы өкілдіктерінің қолдауымен еліміздің бірқатар өңірінде жүзеге асты.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір