УАҚЫТ СҰРАНЫСЫ
Әлемдік тәжірибені зерделеп қарасақ, адам жанының қорегі, әрі рухани байлығының көзі – көркем шығармалардың халыққа жетуіне өз септігін тигізген қызмет түрі – тұңғыш әдеби агент он тоғызыншы ғасырда, яғни алғаш рет, 141 жыл бұрын Англияда өз жұмысын бастаған екен. Кітап оқуды бұл күндері әлемге жасап отырған осы бір әдеби агенттіктің атқарып отырған қызметі шынында да күннен күнге өркен жайып келеді.
Сондықтан да әлем әдебиетшілері өз еңбектерін адам баласына ұсына отырып, махаббат пен жауыздық, жақсылық пен жамандық, ақ пен қара, адалдық пен арамдық, ең бастысы,имандылық пен азғындық бойларын билеген түрлі адам бейнелерін үлкен дарындылықпен суреттей отырып, қоғамды дүр сілкіндірген кейіпкерлердің әрекеттерін баяндай келе, туындыларын ғасырлар бойы үздіксіз ұсынып, адам жанын ізгілендіруге, өмірге құштарлықтарын арттырып, дұрыс көзқарас қалыптастыруға, жалпы, хайуанға айналмай, ғұмырларының ақырына дейін адам болып қалуына үлес қосып келеді.
Еліміздегі ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған, әдебиетті насихаттайтын түрлі жобалардың аясында, осы мәселенің шешімі ретінде атқарылған жұмыстардың нәтижелері оң әсерін тигізе бастағанына қуанамыз. Егемендігіміз қаламгерлерімізге жаңаша серпіліс әкелгені, жаңа есімдер әдебиетке жаңалық болып қосылғаны ақиқат. Мемлекеттің егемендікке қол жеткізген жылдар шеруіне қарасақ, қаламгерлер шығармаларынан, оларға деген қамқорлықтың аз-көптігіне қарамастан, ащы өмір шындықтары – кеңес өкіметі уақытындағы өмірдің сарқыншағы болған жалған ұраншылдық науқаннан әлі де арыла алмай келе жатқанымыз жақсы көрініс тапқан. Жазушы мен оқырман арасындағы байланыстың сиреуі –қаламгерлердің шабытына да кері әсерін тигізіп жатқаны да өтірік емес. Қазіргі баспадан шығатын аз басылымды кітаптарының оқырман қолына тиері беймәлім жағдайлар көңілге кірбің түсіріп жүрген жәйі тағы бар. Жақсылықтан үмітті пенде ретінде, жазушы қолынан қаламын түсірмей, оқырманға шығармаларын ұсынуды мақсат етіп, жүрегіндегі зіл-батпан салмақты туындыларына салады. Осы әрекетін тоқтатпай, қанша еңбектенсе де, бүгінгі қаламгер шоу-бизнестегі танымалдылықта жас әншімен салыстырылатыны әрі аянышты, әрі күлкілі. Солай десек те, аты белгілі, заты мәлім, керемет талқыға түскен шығармалардың иелері өздерінше әрекет жасап, өз қаржысына кітабын бастырып немесе мемлекеттен бөлінетін қаржыны қолында ұстап отырғандарға жалтақтап, қайтсем жарыққа шығарам деп тырмысып-ақ жүр. Кітабының насихаты аз, оқырманмен ой бөлісуі мүлдем үрдістен шыққан жазушының сатқан кітабы пайдаға кенелткенін табуыңыз қиын-ақ. ХХІ ғасырда ақпарат таратудың ең бір инновациялық кезеңінде отырып, еліміздегі қаламгерлердің арасында, жалпы алғанда әдеби агенттік қызметінің маңыздылығына көздері жетсе де, сол қызметке деген сұраныстың өзін тек шет елде шығармасының шыққанымен ғана місе тұтып жүрген ақын-жазушыларымыз тағы бар.
Отыз жылдық ұстаздық тәжірибемнің арқасында, еліміздегі ең бір өзекті мәселеміз – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтудегі қазақ әдебиетінің ерекше ролі, елімізде және шет елдерде насихатталуы төңірегінде ойларыммен түрлі жиындарда, бас қосуларда және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы әрдайым бөлісіп келемін. Ұлттық мемлекеттің әлемдік аренада шығар шыңы тек спорт, өнер, мәдениеті ғана емес, ұлттың болмысы әдебиеті арқылы да көрінетіні сөзсіз.
Аузымызды құр шөппен сүрте бермейік, қаламгерлеріміздің шығармалары еліміздегі және алыс-жақын шетелдерде түрлі бәйгелерде үздік туындылар ретінде табылып, көрмелерде, жәрмеңкелерде жақсы насихатталып, басқа тілдерге көбірек аударыла бастағаны да қазақ әдебиетінің жаңадан бір көтерілген белесі ретінде қарастыру керек. Десек те, әлемге аты танымал, қазақтың ұлы ақыны, ағартушысы, ойшылы, данышпан хакім Абайдың шығармаларының әлемге таралып, насихатталуындағы әлі де болса кемшін соғып жатқанжайттарды ескеріп және бүгінгі күні таныстыруға лайықты қазақтың інжу-маржандарының әлемдік нарықта ойып өз орнын алуға жұмыс өз деңгейінде жүргізілмеуімен қатар, елімізде әдебиетті зерттейтін, дамытатын, насихаттайтын, жүйелі түрде мемлекеттік бағдарлама аясында қамқорлықты шама-шарқынша алып отырған құзырлы ұжымдар мен бірлестіктердің мүмкіндіктерінің толыққанды оң нәтижеге әкеле алмай отырғаны да шындық.
Қазақстандық бірінші әдеби агенттікті іске қосу бір күнде ойға келіп, ашыла салған жоқ. Соңғы 2-3 жыл ішінде әдебиетті бизнес көзіне айналдырған әлемдік алпауыт мемлекеттердің осы күнге дейінгі жетістіктеріне көз жүгіртіп, алдыңғы 20 үздік компаниялардың тәжірибесіне баса назар аудардым. Тіпті кейбірімен байланысып, тәжірибе алмасу ниетімді жеткізгенде, олардың біздің ұлттық әдебиетімізге деген қызығушылықтарын байқадым. Бизнес сауаттылығымды көтеру мақсатымен, халықаралық бизнес тренингтерге, семинарларға белсенді қатыса бастадым. Ұстаз әрі кәсіпкер ретіндегі жинақтаған тәжірибем көпке білім нәрімен сусындауға мүмкіндік берсе де, республикалық деңгейдегі түрлі жобаларға басшылық жасап, елімізде бизнесті дамытуға үлесімді қосып келгенім және жылдар бойғы жинақтаған азды-көпті білімімнің әдеби агенттікті ашу ісіне жеткілікті еместігін алғашқы жасаған сәтсіз қадамдарым-ақ көрсетті.Еңбектің жемісі оңай келмесі анық екенін білсем де, идеямды іске асыру үшін, көптеген қазақ азаматтарымен кездесіп, ақыл-кеңестерін зерделеп, пікірлеріне құлақ түріп, өзімше бір қорытындыға келуіме менің қолға алған жобама күмәнмен қарап, сенімсіздік танытқандардың әжуалы кекесіндері көңіліме келсе де, керісінше моралдық тұрғыда қолдау көрсеткен, ақыл қосқан нағыз ұлтжанды қазақтардың сенімдері дем берді. Маған сенім артуы – мен үшін үлкен жауапкершілік.
Осы жобаға атсалысатын мамандарды жинақтау ісі де оңай емес, әрине. Үлкен жобаларды басқарған азаматтар, жас болса да, бизнесте азды-көпті тәжірибелері қалыптасқан Ержан Сагидуллин және қазақтың көрнекті қаламгері, ұлы ақын Сырбай Мәуленовтың немересі – Алдан Мауленовтің қазақстандық бірінші әдеби агенттіктің топ-менеджерлері қатарынан табылуы – мен үшін үлкен жеңіс. Жобаның дұрыс жүруіне ерекше үлес қосатын эксперттер құрамында болуға келісімдерін берген көрнекті қаламгерлер, ғалымдардың атсалысуы да болашаққа деген сенімділігімізді одан әрі күшейтеді. Белгілі себептермен эксперттерімнің аты-жөндерін атамауды жөн көріп отырмын. Осы мүмкіндікті пайдаланып, жобаның тағдырына бей-жай қарамай, барынша қолдау көрсеткен, атсалысып жатқан барлық ұлтжанды азаматтарға үлкен алғысымды білдіргім келеді.
Компанияның миссиясы – қазақ қаламгерлерін халықаралық деңгейде насихаттау. Мақсатымыз – кітапты коммерциаландыру ісін халықаралық стандартқа сәйкес жүргізу. Осы мақсатқа жету үшін «Bestseller KZ» Қазақстандық бірінші әдеби агенттігі төмендегі міндеттерді белгіледі:
Әдеби өнімнің сапасын жақсартып, жазу шеберлігін арттыруға біздің кәсіби редакторлар, аудармашылар, суретші-иллюстраторлар, дизайнерлер және беделді сыншылардан тұратын білікті тобымыздың ықпал етуі; Қазақ авторларының шығармаларының әлемдік деңгейде, оның ішінде халықаралық көрмелерге, кітап жәрмеңкелеріне, конференцияларға, теледидар жобаларына қатысу және БАҚ құралдарын пайдалану арқылы алға жылжуы және дамуы; Мобилді қосымшалар, ғаламторлық ресурстар, аудио және видео сияқты қазіргі заманғы инновациялық технологияларды қолдану; Білім беру мекемелерін, сондай-ақ , қылмыс жасаған адамдарды түзеу мекемелерін сапалы, әрі баламалы әдеби өнімдермен қамтамасыз ету; Ел ішіндегі немесе одан тысқары жерлердегі оқырман аудиториясын кеңейту мақсатында, әдеби өнімдерді қазақ, орыс, ағылшын, қытай, испан, түрік, неміс, француз, жапон, араб және т.б. тілдерге аударып, біріктіру арқылы мемлекеттік тіл туралы саясатты жүзеге асыру және тілдерді дамыту бағдарламасының орындалуына үлес қосу; Қазақстан мен шет елдер арасында мәдени көпір орнатуға ықпал ету; Әлемдік баспалармен және әдеби агенттермен қарым-қатынас орнату.
Халықтың әлеуметтік осал тобы үшін сапалы әдеби өнімдердің қолжетімді болуы, әдеби агенттіктің әлеуметтік жобаларды іске асырудағы маңызды да әрі басты бағыттарының бірі болып табылады.
Компания ресми тіркеуден өткеннен бері, белгілі критерийлер негізінде іріктелген, бізге сенім артқан алғашқы авторларымызбен кездесіп, өзара келісімге келіп, жұмыстарымызды жүргізудеміз. Үлкен табандылықты, орасан күш-жігерді талап ететін осы жобаның іске асуы – қазақ брэнді болуға бірінші кезекте лайықты деп табылған шығармаларды әлем назарына жоғары деңгейде, заманауи озық технологиялардың үрдістерін қолдана отырып ұсыну жолында кездесетін түрлі асулардан асу, биіктерді бағындырумен тығыз байланысты.
Әдебиет сияқты маңыздылығы орасан зор саланың дамуына атсалысу – қоғамның жан-жақтылық және адамгершілік тұрғысынан өсіп-өркендеуіне, өскелең ұрпақтардың ағартушылық жағынан дұрыс қалыптасуына және әлем халықтары арасындағы толеранттылық сезімдерінің оянуына ықпал етеді.
Қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін мемлекет тарапынан және бизнесте үлкен табысқа қол жеткізген, әрбір ұлтжанды қазақ азаматтарының қолдауларын қабылдауға дайынбыз және бірлескен ісіміз бен ынтымақтастығымыз жемісті болады деп үміттенеміз!
Бақтыгүл МАХАНБЕТОВА,
«Bestseller KZ» Қазақстандық бірінші әдеби агенттігінің» негізін қалаушы.