Мифтік уақыт – қансонар, бүркіт – «арғы ата»
28.11.2023
1082
0

(Қазақ ғалымы мен мажар ғалымының Абай өлеңіне жасаған талдауына шолу)

Биыл мажардың әйгілі түркітанушы ғалымы Йожеф Торманың туғанына 80 жыл толады. Ғалымды қазақ елінде Жүсіп аға атап кеткен. Йожеф Торма Орталық Азия мемлекеттерінде 12 жыл, ал Қазақстанда 7 жыл елшілік қызмет атқарған. Жүсіп ағамен көзі тірісінде бірнеше рет кездесіп, сұхбаттасудың сәті түскен еді. Елші, ғалымның мерейтойын бүкіл түркі дүниесі тойлағалы отыр.

Ғалымның негізгі еңбектері түркі этнографиясы, тілі мен мәдениеті, әдебиеті туралы болды. Төмендегі мақаламызда біз Абай Құнанбайұлының бір өлеңіне арналған Йожеф Торманың зерттеуіне тоқталмақпыз.
Абай Құнанбайұлының «Қансонарда» өлеңі – әдебиеттанушылардың назарына көп іліккен өлең. Абайтанушы ғалымдар өлеңді әдебиет туралы ғылымның әр саласында: әдебиет теориясы немесе әдебиет тарихы туралы зерттеулерде көркем әдебиет тілі, бейнелілік, өлең композициясы тұрғысынан талдап келеді.
Әдебиет тарихшысы Мұхтар Әуезов Абайдың осы өлеңіне ерекше тоқталып, ақынның «басқа шауып, төске өрлеген» жаңа заман ақыны ең алғаш көлемді түрде «Қансонарда» өлеңінде көріне бастағанын айтады.
Зәки Ахметов «Қансонарда» өлеңін Абайдың табиғат лирикасының ішінде оқшау тұрған өлең деп сипаттайды. «Алдымен өлеңді көрнектілігі, айтылған жай, оқиғаны айқын көзге елестетерліктей нақтылығы жағынан алғанда сөзбен салынған әдемі сурет дерлік екенін айтсақ болар. Бірақ бұл қимыл-қозғалыссыз тұрған емес, әрекетке толы, талас-тартысқа, бетпе-бет айқасқа құрылған драмалы оқиға», – деп ой түйеді.
«Қансонарда» өлеңін Мұхтар Әуезов те, Зәки Ахметов те драмалық тартысқа құрылған өлең деп бағалаған. Драма кейіп­керлері – бүркітші, қағушы, бүркіт, түлкі, аңшылар.
Алайда метафораға құрылған мына жолдарда жыртқыш пен оның құрбанының арасындағы айқас, тіршілік үшін күрестің ізі де жоғалғандай әсер қалдырады:

Қар аппақ, бүркіт қара, түлкі қызыл,
Ұқсайды қаса сұлу шомылғанға.
Қара шашын көтеріп екі шынтақ,
О да бүлк етпей ме сипағанда?
Аппақ ет, қып-қызыл бет,
жап-жалаңаш.
Қара шаш қызыл жүзді жасырғанда.
Күйеуі ер, қалыңдығы сұлу болып,
Бейне ұқсар тар төсекте жолығысқанға.
Арт жағынан жаурыны бүлкілдейді,
Қыран бүктеп, астына дәл басқанда.
Құсы да, иесі де қоразданар,
Алпыс екі айлалы түлкі алғанда.
Зәки Ахметов осы жолдар туралы: «Талай оқырманды таңдандырып, тамсандырып келе жатқан осы екі салыстырма суретте байқағыштық та, тапқырлық та және қызыл қанға батысқан айқасты әдемілеп, әсірелеп көрсету шеберлігі де бар. Сөйтіп, Абай қыран құстың түлкімен айқасын, аңшылықты кімді де болсын баурап алатындай суретке айналдырған», – дейді.
Абайдың драмалы өлеңі шетелдік зерт­теушілердің назарынан тыс қалмапты. Мажардың атақты түркітанушысы, этнограф-ғалым Йожеф Торма да бұл өлеңді бес сатылы драмаға теңеген: «Бірінші бөлім – кәдімгі классикалық драмадай бес сатылы көріністі драма. Драманың әдепкі үйреншікті дүниелерінен диалог жоқ, ал монолог бұл драмада бар. … Диа­лог мұнда метакоммуникациялық түрде сөзсіз сөйлесу күйінде кездеседі. Екінші бөлім – ол ақынның ойға шомып-толғанып және оқырманға сөз тастауы. Былайша айтқанда, олар сонысымен европалық және индиялық классикалық драманың бір бөлшегіндей».
Мажар ғалымы Абай өлеңінде басты кейіпкері бүркітті жігерлі, жылдам, ақылды, айлалы етіп суреттеген дейді. Ә. Марғұлан: «Бүркітті культ санау – Орал, Алтай тауларының арасын мекендеген бақташы жұрттың бұрынғыдан келе жатқан салты болатын», – дейді. Ал мажарлардың Еуропаға Орал тауы жағынан барғанын ескерсек, бүркіт культі­нің сырын аңғару қиынға соқпайды. Оның үстіне мажар xалқы күні бүгінге дейін саятшылық дәстүрді берік сақтап келеді. Mажар ғалымы Иштван Фодор мажар аңызындағы секілді құстан тараған қырғыз руы мен алғашқы бурят шаманы туралы аңыздарды алға тартып, мажар аңызының тарихы тереңде жатқандығын меңзейді.
Mажарлардың шығу тегі туралы аңыздар – турул мен бұғыға байланысты аңыздар. Мажар мәдениетінде тотем аң-құстарға турул құс пен бұғы жатады. Ғалым Йожеф Торма Абай Құнанбайұлының «Қансонарда» өлеңінде қазақтардың құс салуын этнографиялық дәлдікпен суреттейтінін айта келіп: «Қазақ халқының және басқа түрік халықтарының ауыз әдебиетінде Абайдың сюжеті тақылеттес оқиғалар аз емес. Олардан мысал келтірсем, әрине, қызықты болар еді, бірақ қазір Абай өлеңінің тереңдегі сырын түсіндіру үшін сіздің көңілдеріңізді мадиярлар тарихының бір сәтіне аударғым келеді. Мадиярлардың болашақ басты абызы, олардың негізгі көсемі – Арпадтың әкесі Алмоштың ұрық болып ұйуы төмендегі жағдайда көрінеді. Оның анасы аян түс көреді. Түсінде оған тұрымтай құс ұшып келіп қонады да, әйелдің құрсағынан үлкен өзен басталады. Дариядан даңқты корольдер шығады. Осылайша Құдайдың ықпалымен болған жұмбақты және қызғылықты жағдайдың әсерінен ол Алмош (Түстегі) атанды».
Демек аңызға жүгінсек, мажарларды Европаға бастап келген Алмош көсемді анасы адамзаттан емес, «турул» құстан (мажар аңыздарында кездесетін бүркіт тектес ертегілік құс) туған. Этнограф ғалым мажар аңызын Абай өлеңімен салыстырады: «Абай өлеңі арқылы бүркіттен біздің тайпаның арғы анасы ұрықтанғандай әсер аламыз. Өлеңдегі көрініске мән бере үңілсек, мадиярлардың ұлы анасы Эмешенің тұрымтайдан жүкті болғаны жөніндегі түсі еріксіз еске түседі. Абай бүркітті өз халқының қиялдағы түпкі тегі деп есептемесе керек, бірақ бұл тұжырымды керісінше оның өлеңдерінің терең сырын ашатын психоаналитикалық тәсілмен оңай дәлелдеуге болады. Себебі әңгіме болып отырған көріністің мағына жағынан үш қабаты бар. Жоғарғы қабат: бүркіттің түлкімен қақтығысы. Бұл қабат­тың үстінде көрініп тұрған жай ғана сезімдік сыры бар. Ортаңғы қабат: махаббат машақаты. Бұл қабатты ақындық қабат дер едік, себебі бүркіт қақтығысының астарлы мағынасы зор. Терең қабат: бұл – бүркіттен рудың арғы анасының ұрықтану сәті. Ол сөзсіз күрделі қабат. Яғни Йожеф Торма «Қансонар» өлеңін оқып отырып, Элиада айтқан мифтік уақыттағы архаикалық «арғы ата» түсінігін тірілтеді. Элиаданың айтуынша, мифтер ритуалдар арқылы өмір сүруін жалғастыра береді. Аңшылықты ритуал десек, алғашқы жаралу туралы миф бүркіт пен түлкі бейнелері арқылы қайталанып тұр. Екіншіден бұл сурет «арғы ата» туралы мифтің қайта жаңғыруы да болуы мүмкін. Қайта жаралудың ғұрып деңгейінде көрініс беруі адамзат өмірі жойылғанша жалғаса бермек. Оның бір белгісі – алғашқы жаралу уақытына қайта оралу символы.
Қансонар сол алғашқы уақытқа оралудың, табиғаттың, жаратылыстың пәк кезеңін бейнелейді. Мифологиялық сананың терең қабатындағы мифтік уақыт – қансонар, бүркіт – «арғы ата» архетипінің көрінісі, аспан әлемінің, жаратушы күштің символы.
«Көптеген халықтардың наным-сенімінде бүркіт – шамандыққа бай­­ланыс­ты аңыз-ертегілердің кейіпкері. «Мажар мифологиясындағы бұл мотив (батырдың самұрықтың балапандарын жыланнан құтқаруы – Р.М.) және Мажар корольдігінің шығысындағы облыстың аты Торонтал (қазақтарда – тұрымтай, қырғыздарда – турумтай, башқұрттарда – торомтай), сонымен қатар түркі тілдерінен енген аңға түсетін құстардың көне мажар атаулары (мәселен, мажар тіліндегі «шонкар», қырғызша «шумкар», қазақша «сұңқар», башқұртша «шоңкар») ерте уақыттарда саятшылықтың қырғыз батыры Толтойға және Манас, Семетей, Сейтек эпостарының батырларына қаншалықты жақын болса, мажар xалқына да соншалықты жақын болғанын дәлелдейді», – дейді Йожеф Торма.
Жер бетіндегі алғашқы шаманның бүркіттен жаралғандығы туралы аңыздар сібір халықтарында да жиі кездеседі. Турухан якуттарында бүркіт алғашқы бақсының жаратушысы болып саналады. … Енисей остяктарында, телеуттер, орочтар және басқа сібір халықтарында бірінші бақсы бүркіттен туған немесе кем дегенде шамандықты содан үйренген.
Буряттар мынаны айтады: «Әуелде құдайлар (тәңірлер) Батыста, ал зұлым күштер Шығыста болған. Құдайлар адамды жаратып, олар жерде зұлым күштер ауру мен өлім таратқанға дейін бақытты өмір сүрген. Құдайлар адамдарға аурумен және өліммен күресу үшін бақсы жіберуді ұйғарып, оларға бүркітті жіберіпті-мыс. Бірақ адамдар оның тілін түсінбепті, шындығында олар жай бір құсқа сенбеген еді. Бүркіт құдайларға қайта оралып, оған тіл бітіруін сұрайды, ең дұрысы адамдарға бурят шаманын жіберу керек дейді. Құдайлар оны жер бетіне қайтарып, «алғашқы кездескен адамыңа шамандықты дарыт» деп бұйырады. Жерге оралған Бүркіт дарақтың көлеңкесінде ұйықтап жатқан әйелді көріп, онымен бірге түнейді. Белгілі бір уақыттан кейін әйел ұл туады, ол «алғашқы шаман» болады. Осы аңыздың енді бір нұсқасында, әйел бүркітпен қатынасқа түскен соң, әйелге тылсым күш дарып, бақсыға айналады. Сондықтан басқа аңыздарда бүркіттің пайда болуы шаманға айналудың бір белгісі ретінде көрінеді. Тағы бір аңызда бір бурят қызы қойларға түскен бүркітті көріп, белгіні түсініп, бақсы болады. Оның шаманға айналуы жеті жылға созылады, ал қайтыс болған соң «тылсым күшке» айналып әлі күнге дейін балаларды зұлым рухтардан қорғайды-мыс».
Мажар ғалымы Йожеф Торманың пайымдауынан соң біз Абай салған суреттің астарына үңілгендей боламыз. Академик Зәки Ахметовтың «Қансонарда» өлеңін талдаудағы ойлары мен мажар түркітанушысының пікірлері астасып, Абай поэзиясының шоқтығы биік өлеңінің сан қырлы табиғаты ашыла береді. Екі зерттеуге де ортақ сипат – өлеңнің драмалық тартысқа құрылғанын атап көрсетуі. Қазақша жақсы білген мажар ғалымының Зәки Ахметов зерттеулерін оқуы әбден мүмкін. Йожеф Торма талдауы «Қансонарда» өлеңінің қазақ әдебиеті теоретигі жазып кеткен поэтикалық ерекшеліктері туралы пайымдауларды ары қарай тарқатып, оқиғалы өлең кейіпкерлерінің ұлттық санадағы архетиптеріне, бейнелердің терең қабаттарына үңілуге мүмкіндік береді.

Раушангүл ЗАҚАНҚЫЗЫ,
ф.ғ.к., Сәрсен Аманжолов атындағы
Шығыс Қазақстан университеті
қазақ, орыс филологиясы және
журналистика кафедрасының сениор-лекторы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір