Уақыт заулап барады бұл жерде де, «Қазір» менен «сосынның» арасында…
05.02.2025
293
0

Алдыңғы толқын Мәриям Хакімжанова, Тұрсынхан Әбдірахманова, Фариза Оңғарсынова, Марфуға Айтхожина, Ақұштап Бақтыгереева, Күләш Ахметова, Ханбибі Есенқараева, Тұрсынай Оразбаева, Қатира Жәленова сияқты ақын апаларының жолын жалғастырып келе жатқан ақын қыздарымыз баршылық.Сабадан аспай, салмақты қалпы мерейлі жасқа толып отырған қазақтың талантты ақын қызы Оңайгүл Тұржанға шығармашылық биік белестер, асқар асулар тілейміз!

Редакциядан

Оңайгүл Тұржан

СЕН БОЛҒАН СОҢ…
Адам бұл бір-бірімен мұңдас еді,
Солар сүйеп апарар шыңға сені.
Сен болмасаң және де мен болмасам,
Адамзат түп-түгел боп тұрмас еді.

Қиналсаң да жүресің ер болған соң,
Татулықты сақтаймыз ел болған соң.
Миллиардтың ішінде сіз де барсыз,
Біз – адамзат бүтінбіз сен болған соң.

Аман болса екен деп елім қалың,
Мақтан етіп жүремін жерім барын.
Қандай жақсы қайнаған мына өмірде,
Менің, оның және де сенің барың!

СІЗГЕ ДЕ СОЛАЙ МА?
Таусыншақ көлдің тақ-тұқ
суындай мелмеңдей,
Өлең жүр, сірә, төр көрмей.
Қара шашым жүр қоғам ішінде бұрқырап,
Айвазовскийдің «9-валынан» келгендей.

Не боп кет­ті өзі?
Кермек татиды балдай түн.
Үзіліп кетпесе екен үмітімдегі жарбай-тын.
Сағыныш деген –
даусы естілмейтін құс екен,
Діт­теген жерге ватсап­пен ұшып бармайтын.

Атқан жоқ қой таң әлі,
Қара жердің ұйқысы қанбаған қоғамы,
Мына бір ақымақ баспалдақтармен
Тоқ-тоқ етіп, қайда кетіп барады?

Кетіп барады талай да!
Қолдарында – интернет­тік шарайна.
Маған жұрт­тың бәрі мен құсап,
Біреуді іздеп жүрген сияқтанады,
«Табам, – деп, – қалай да!»
Сізге де солай ма?

МЕН САҒЫНДЫМ, АЛ СЕН ШЕ, АЙНАЛАЙЫН?
Жылдар мынау – жасыңды санай келген,
Күндер мынау – боз қырау самай берген.
Көңіл мынау – жастық шақ келер ме деп,
Жүз бұрылып артына қарай берген.

Гүл-Көктемді аймалап күлетінбіз,
Тек ойлы еді бәрін де үзетін күз.
У-шу боп, жұлдыз санап, түнгі аспанда,
Неше жұлдыз барын да білетінбіз.

Құйт­тай-құйт­тай адыммен алшаң жүрген,
Моншақ тағып алатын сан-сан гүлден.
Бала күннің дауысы естіледі,
Жүрегімнің түбінде ән сап жүрген.

Сіздерге де дәл солай естіле ме?
Кей күндерің дәл солай кеш кіре ме?
Армандарды артып ап келе жатқан,
Түстеріңе жаһұт­тай көш кіре ме?
Озған сайын оралар ойға дәйім,
Көңілімде бәрі тұр айнадайын.
Енді бізге келмейтін сол күндерді,
Мен сағындым, ал сен ше, айналайын?

ЕШКІМДІ СҮЙМЕГЕНДЕР ДЕ…
Өмірдің зымыраулары да,
Жылдам емес қой желден.
Мың құлаш шыңыраулары да,
Терең емес қой көрден.

Тіршілік кейде, бейне бір қамау,
Не болса-дағы күліп кел.
Жүгіріп жүр ғой құмдар да анау,
Тас болуға да үміткер.

Жұлдыздар-дағы түнді іздейді ғой,
Жарқырау үшін түз бенен белге.
Өмір сүріп жүрміз дейді ғой,
Ешкімді сүймегендер де.

Біз адамдармыз – айбары күлген,
Өлең құраймыз санап та ұйқасын.
Біз адамдармыз – айналып жүрген,
Сағыныш галактикасын!

ТҮС КӨРГЕН ТЕҢІЗ СЕКІЛДІ…
Теректерге анау тұрған дамылдай,
Беймезгіл шақта жет­ті үсік.
Ковидтің шаһид-құрбандарындай,
Жапырақтары кет­ті ұшып.

Біз – адамдармыз, шалқимыз кейде,
Сөз-беделімізбен от үнді.
Жиналып алып толқимыз кейде,
Түс көрген теңіз секілді.

Біз – адамдармыз, құйылған нелер,
Қарда да өсер гүлдерміз.
Тыйылған сөнер,
бұйырған келер,
Деп те өмір кешетіндерміз.

Сүрініп кетсек, түрегелеміз
Сынып кетпесе сүйек-бел.
Жасытпақ болып, күле бермеңіз,
Құмырсқа-өріс ниет­тер.

Қуанғандармыз, жылағандармыз,
Соңында қалар әдіпті із.
Өйткені біз бе?
Біз – адамдармыз,
Жапырақтан да нәзікпіз.

Ауырлап бұлт­тар толғайды күзді,
Көктемге көңіл құштар-ай!
Қауырсыныңмен қорғай жүр бізді,
Айналып ұшқан құстар-ай!

ШЫҢДАРДЫҢ САРҚЫТЫНДАЙ…
Бір қарасаң,
дым да жоқ бұл далада,
Көзің барып тірелер шыңға ғана.
Тек, ана-а-ау бір тастардың тас тілінде,
Әулиелер сөйлеп тұр, мұңға орана.

Аңыздарын қалдырып ән-құтындай,
Олай-былай көшкен жер халқы тынбай.
Әлі желіп барады төбелер де,
Шыңдардың сарқытындай.
Каспий бар, қара түнде Ай ұмтылған,
Жалаңаш жағасына қайыр тұнған.
Таулары бар заманнан үркіп келіп,
Теңізге секіруге дайын тұрған.

Сарыүйектің естіліп үйек-демі,
Аңызымен келеді сүйеп мені.
Ол аңызды тыңдаса, жылайды үнсіз,
Бұл теңіз де селкілдеп сүйектері.

Теңіз бұл – талайларды бақыт­ты еткен,
Ай туса, тамшылайды ақық көктен.
Теңіз бұл –
балықтарын қырып алып,
Қайғысына кемелер батып кеткен.

Аққу болып көрініп қоғасында,
Мұң ағады сай-сай боп сорасында.
Уақыт заулап барады бұл жерде де,
«Қазір» менен «сосынның» арасында.

ОЛ СЕРТКЕ СЕН ДЕ БЕРІК, МЕН ДЕ БЕРІК
Теңізге келер болсаң, ертеңмен кел,
Толқын бейне – күміспен көмкерген бел.
Қара судан сабылып нені іздейді,
Теңізді олай-бұлай төңкерген жел?

Іздейді бір арманды, тапталады,
Бірақ соның жоқ, сірә, тапқаны әлі.
Теңіздің кітап бетін оқығандай,
Үміт үзбей, әйтеуір, ақтарады.

Бұтадай бұлаңдамай шымшық қонған,
Биікке шығып қарар ыршып тордан.
Толқын боп құлар, сосын, жапырыла,
Таулардай ұрмай-соқпай быт-шыт болған.

Желсің бе, селсің бе, әлде жазбай басқан,
Әр көңілде арман бар қонбай қашқан.
Айтып-айтпай не керек, үміт көп қой,
Серт те бар айнымасқа сөз байласқан.

Ол сертке сен де берік, мен де берік.
Шыдадық, шөл демедік, көл демедік.
…Сонда да ұстатпаған арманды айтсам,
Көзіме жас келеді дөңгеленіп.

ОЙПЫР-АЙ, БІЗ ӨЛЕРМЕН ЕК НЕ ДЕГЕН?!
Бұл заманға іліккенбіз шаршап кеп,
Армандарды асырадық ән сап-бек.
Сан ғасырлар сахарада жүрдік біз,
Қасқырдан да ақылдырақ болсақ деп.

Жаз туралы өлеңдерге қыстап кеп,
Қол жетпеген армандарды құшсақ-бек.
Тоқсан таудың тасын басып жүрсек те,
Қыран бақтық, одан биік ұшсақ деп.

Жер бетінен бір кет­тік те, бір келдік,
Сыбызғы боп сағынышқа үн бердік.
Сатырлаған ақ жаңбырға шомылып,
Қыр басынан обалар боп түрегелдік.

Бұл адамзат –
бар адам мен жоқ адам,
Мен де кейде тас ғасырдан оралам.
Сонда маған ұғынықсыз мына өмір,
Жетпіс тісті жебірде­йін қараған.

Жебір деген – уақыт екен!
Кенерең,
жүз жылатып, жүз күлдірген.
Тебеген!
Қатал өмір сонысымен ұнап тұр,
Ойпыр-ай, біз өлермен ек не деген?!

Біз – адамбыз,
бәрін бастан өткерген,
Соны түгел көре­йінші деп келген.
Бәрін көріп,
сосын, бәрін қия алмай,
Сағыныштан өле­йінші деп келген.

ҚҰЙЫН ІШІНДЕ
ҚҰБЫЛАНЫ ІЗДЕП…
Рухымды іздеп,
асқына тынып,
Қараймын қырға бекер кеп.
Қай адыраспан астына тығып,
Жасырып отыр екен деп.

Соны сезетін дара бағымдай,
Жапырақ үнсіз төнеді.
Шешемнің түндік жамағанындай,
Көңілімді жамап көреді.

Ал, сосын, маған «Хош!» дегеніндей,
Желменен ұшып, қапалы,
Сауран айналып көшкен елімдей,
Шұбырып бара жатады.

Қамыстар сөзін сабаудай ырғап,
Рухты жаншып бағады.
Шер-толқындарын жалаудай бұлғап,
Теңіздер дабыл қағады.

Ділімді қозғап,
озар уақыт­тан,
Жөн айтар бар ма баз бірің?
Қу қамысқа да намаз оқытқан,
Қара шалындай бағзының.

Жаһандық желден бұғынамыз деп,
Тілім де тойдан тарадың.
…Құйын ішінде құбыланы іздеп,
Теңселіп кетіп барамын.

САҒЫНАРДАЙ НЕ БАР СОЛ УӘЛІДЕ?
Мұнда келсем, өлең-жыр туады не,
Аңыздары тасымен куәлі де.
Уәліні сағынам бала күнгі,
Сағынардай не бар сол Уәліде?

Жатыр мұнда кішкентай тас-балалар,
Ғасырдан ғасырларға асқан олар.
Ал қазір құмартардай осы жерде,
Сары мұң, сағыныштан басқа не бар?

Ештеңе жоқ! Қарар тек өрі, белі,
Шырамытқан секілді сені, мені.
Сарыүйектің отаны – отыз шыңырау,
Кепкен шөлін бұталар кеміреді.

Екі-ақ үй!
Ескі қамал өтінде едік,
Сонда өстік, ес білгенше кекілденіп.
Қасқырлар топ-топ болып жүретін-ді,
Үстірт­тің әскерлері секілденіп.

Бұл күнде дерек те аз, мысал аз қап,
Тұр олар, мына бізден құсалы аздап,
Қарауытып обалар қарар саған,
Соңыңнан қанат қағып ұша жаздап.

Осындай далам еді ала бөтен,
Біз кет­тік қоныс болып жаңа мекен.
Шыңыраулар, обасы, сары мұңы,
Енді олар мені еске ала ма екен?

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір