Уақыт жүгі – қаламгер қаламында
28.07.2025
166
0

Мемлекет басшысы биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауына орай Қазақстан Жазушылар одағы ҚР Ұлттық инженерия академиясымен бірлесіп, «Еңбек адамы – 2025» байқауын өткізбек. Осы бастамаға орай бірқатар белгілі тұлғалар өз ойларымен бөлісті.

Нұртөре ЖҮСІП,
Парламент Сенатының депутаты:

Қазақ­стан Жазушылар одағының «Еңбек адамы – 2025» байқауын жариялауы – қолдауға тұратын бастама. Мемлекет басшысы биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Сонымен бірге Қазақстан халқына Жолдауында, Ұлттық құрылтай отырыстарында еңбек адамының мәртебесін көтеруге байланысты көптеген жақсы ұсыныстар айтып келеді. Мұның барлығы не үшін деген сұраққа жауап іздеп көрейік. Басты мәселе, Қазақстан қуатты, мықты мемлекетке айналуы керек. Бұл бүкіл қоғамның адал еңбегінің арқасында, яғни әркімнің өз орнында, өз міндетін жауапкершілікпен атқаруының нәтижесінде қол жеткізер ортақ мақсат. Осы тұрғыдан алғанда қоғамымызда еңбекқорлық, кәсібилік, жауапкершілік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттай отырып, қоғамда еңбек культін орнықтыруға жол беруіміз керек. Өйткені өз кәсібін  жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттыра­ды. Мемлекет басшысының айтып отырғаны осы мәселе.
Қазір әлемде алға озған елдердің қай-қайсының болсын, айталық, мынау іргедегі Қытай Халық Республикасынан бастап, Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур, Малайзия, Индонезия, Вьетнам сияқты өзіміз тақылеттес шығыс­азиялық елдердің даму жолына қарасаңыз қарқынды еңбек үрдісі байқалады. Сондықтан біз де елімізді алға оздырып, мақсат-міндетімізге жету үшін барын салып еңбек ету дегенге айрықша көңіл бөліп, еңбекқорлықты негізгі басымдық ретінде ұстануымыз қажет. Өкінішке қарай, қазір қалада болсын, ауылда болсын еңбек етуден қашқақтайтын, ештеңеге құлқы, ықыласы жоқ, іргеде кәдімгі табыс көзі тұрса да, жұмыс істегісі келмейтін азаматтар, әсіресе жас толқын, NEET санатындағы жастар тобы пайда болғанын жасыра алмаймыз. Кешегі кейбір сыңаржақтау жүргізілген саясат­тың да салқыны шығар, жастар арасында мол ақша табу, бірден баю деген басты мәселеге айналғандай. Аяқ астынан олжалы болуға, жеңіл жолмен табыс табуға деген қызығушылық, ұмтылыс басымдыққа айналған қоғам өркениетті даму жолына түсе алмасы анық. Сондықтан Мемлекет басшысының еңбек адамын дәріптеу, нағыз кәсіби маман мәртебесін көтеру арқылы еңбек культін орнықтыру жөніндегі тапсырмалары бірінші кезекте назарға алынуы керек.
Осы тұрғыдан алғанда Қазақстан Жазушылар одағының Ұлттық инженерия академиясымен бірлесіп ұйымдастырып отырған байқауы – Мемлекет басшысының тапсырмаларына сай еңбек адамының, әсіресе инженер, жұмысшы мамандарының бейнесін көркем әдебиет арқылы оқырман жүрегіне жеткізіп, қоғамда адал еңбектің мәртебесі жоғары болуына мүдделі көзқарастың қалыптасуына ықпал ету мақсатындағы өзекті де құптарлық мәселе. Әрине, мұндай үрдіс кешегі кеңестік кезеңде де болған. Мәселен, Шерхан Мұртазаның «Қара маржан» деген Мемлекеттік сыйлықты иеленген романы өндірістік тақырыпқа жазылған шығармалардың бірі болатын. Кезінде Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, тіпті Мұхтар Әуезовтің соңғы романдары осындай шаруашылық, өндірістік тақырыптарға арналғандығын шығармашылық саладағы көзіқарақты азаматтар жақсы біледі ғой. Бұл жерде де байқаудың негізгі шарты, ережелері қазақ инженерлерінің жаңа буынын қалыптастыруға арналғаны байқалады. Бұл – жақсы идея, қолдап-құптарлық бастама, ал оның орындалуы жазушыларымыздың дүниетанымына, көркемдік шеберлігіне, қалам қуатына тікелей байланысты болмақ. Тапсырыстық сипатта көркем дүние­нің жазылуы да оңай емес. Дегенмен бұл – бір жағынан, мемлекеттің жасап отырған қамқорлығының көрінісі, бұрын жазушыларымыз не жазамыз, қалай шығарамыз, шығарған кітабымызды қайда, қайтіп өткіземіз деген уайымның үстінде көбірек болатын. Сонымен бірге қаламақы мәселесі де қатты алаңдататын. Ал енді мына бәйгелердің бәсі жақсы, сондықтан қалам қуаты бойында тұрған азаматтар барынша атсалысатын болса, біз біріншіден, жақсы бір көркем әдеби туындылар шоғырын қалыптастырып аламыз, бұл үлкен рухани қазына болады. Екіншіден, осы тарапта жаңағы кемшін тақырыптарды, қазақ әдебиетінде көтерілмей жатқан мәселелерді көрсетуге мүмкіндік болады. Сонымен бірге күні кеше жарияланған сұхбатында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қазіргі қазақ әдебиетінде жаңа тақырыптар, жаңа арналар, балаларға, жасөспірімдерге, ересектерге арналған әртүрлі жанрларда шығармалар көбірек керектігі туралы ой қозғаған екен. Әрине, құптарлық мәселе. Әдебиет – халықтың жаны. Адамға күнделікті азық қалай керек болса, рухани азық та сондай қажет. Сондықтан рухани кеңістігімізді толықтыру үшін көптеген жақсы, әдеби туындылар керек болады. Біздің алпысыншы, жетпісінші, сексенінші жылдарда қазақ әдебиетіне үлкен олжа салған жазушыларымыздың шығармалары осы уақытқа дейін бірнеше буын ұрпақты тәрбиелеп келді. Ал енді келесі жылы – тәуелсіздігіміздің 35 жылдығы, яғни егемен елімізде дүниеге келген жас ұрпақтың алдының өзі отыз беске келеді. Осындай жақсы жасқа келген азаматтардың да рухани әлемін байы­туға күш салуымыз қажет екені анық. Осы тұрғыдан алғанда әдеби көркем туындылардың, әсіресе сұранысқа ие тақырыптардың қазақ суреткерлерінің қалам қуатымен оқырманның рухани дүниесін байытар қазынаға айналарына сенім мол.

Ақылбек АСЫРАРҚҰЛҰЛЫ,
ҚР Минералдық ресурстар академиясының академигі, ҚР еңбек сіңірген геологі, профессор:

Қазақстан Жазушылар одағының ҚР Ұлттық инженерия академиясымен бірлесіп ұйымдастырып отырған «Еңбек адамы – 2025» байқауы – құптарлық бастама.
Мемлекет басшысы биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Елдің экономикалық тәуелсіздігінің түп негізі болып табылатын өнеркәсіп салаларын қарышты дамытуға қажетті бірден-бір алғышарт – минералдық ресурстар екені бәрімізге белгілі. Ал сол ресурстарды ұтымды пайдалану, халықтың игілігіне айналдыру бағытында геологтердің атқаратын міндеті үлкен де жауапты. Экономикалық даму тірегінің бірінен саналатын аталмыш саланы заман талабына сай алға бастыру үшін білікті мамандар даярлау аса өзекті міндет. Демек, еңбек адамының мәртебесін көтеруге маңыз беріліп отырған бүгінгі таңда инженерлік кадрларға деген бетбұрыс жасалуы заман талабы деп қарау керек. Жаңа технологияны меңгеретін жастар. Сол жастарды инженерлік мамандықтарға тартып, өсіріп, баптап, жоғары білікті маман ретінде қалыптастыру бәріміздің міндетіміз. Өйткені инженерлік мамандық, оны өз деңгейінде оқып, меңгеру – табыс көзінің бір түрі ғана емес, адам баласының интеллектуалдық қабілетін жаңа деңгейге көтерудің бір жолы.
Кітап оқып өскен, оның ішінде, көркем әдебиет классиктерінің айтулы шығармаларын іздеп жүріп оқитын ұрпақтың өкілі ретінде кезінде қазақ әдебиетінде еңбек адамының, өндірістегі инженер кадрларының жақсы образдары жасалғанын білемін. Кезінде сол кейіпкерлерге еліктеп, олардың адамдық бейнесі, азаматтық тұлғасы инженер мамандығын таңдауға себеп болған, сөйтіп елімізді индустрияландыру ісіне сан салада атсалысқан білікті бір буын өсіп шыққаны белгілі. Сондықтан еңбек адамының бірі, инженерлер қауымының өкілі ретінде мен еліміздің Жазушылар ұйымының қолға алған бұл бастамасын қос қолдап қолдаймын. Бұл қазіргі заманның инженерлерін даярлау ісіне де жақсы септігі тиетін шаруа. Осы ретте айтарым жаңа заман еңбек адамының бейнесі азаматтық, кісілік, кішілік, психологиялық жағынан біздің классиктеріміз сомдап кеткен кейіпкерлерден кем түспесе деймін.

Кәдірбек СЕГІЗБАЕВ,
Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы:

1934 жылы Қазақстан Жазушылар одағы құрылғаннан бері өндіріс, ауыл шаруашылығы тақырыбы, яғни еңбек адамдары туралы жазу біздің жазушылардың назарынан тыс қалып көрген жоқ. Осы тақырыптарда талай-талай жазушыларымыз атақты шығармалар жазды. Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Бейімбеттерден бастап барлығының жазу объектісі – шын мәніндегі еңбек адамдары болды. Әрине, бұл басқа тақырыптар жазылмады деген сөз емес, ол кезеңде қазақ қаламгерлерінің қаламынан туған небір жауһар дүниелер әдебиетсүйер қауымның, жалпы халқымыздың рухани қазынасына айналды. Белгілі суреткерлеріміз Зейнолла Қабдолов, Шерхан Мұртаза өндіріс тақырыбы көтерілген «Жалын», «Қара маржан» романдарын жазды, қалай болғанда да еңбек адамдары, шаруа­шылық тақырыбы жазушылардың назарынан тыс қалып көрген жоқ.
Мемлекет басшысы былтыр қыркүйек айында Қазақстан халқына Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Осыған орай Қазақстан Жазушылар одағы үлкен жұмысты қолға алып, көптеген іс-шаралар өткізуде. Одақ өкілдері облыстарға, өңірлерге барып, еңбек ұжымдарында, жұртшылық арасында болып, оқырмандармен кездесулерге қатысты, ой-пікір алмасты. Осыдан бір-екі ай бұрын Жазушылар одағы Басқарма төрағасы Мереке Құлкеновтің басшылығымен Атырау қаласында болып, еңбек адамдары туралы көшпелі конференция өткізді. Атап өтерлігі, еңбек адамдарының қатысуымен өткен осы үлкен жиынға жас жазушылар, мұнайшылар, кәсіпкерлер, теңізшілер, өзен-көлде істейтін балықшылар дегендей, өңірдегі барлық еңбек ұжымдарының өкілдері қатысты. Мұндағы басты мәселе – еңбек адамдарымен кездесіп, пікірлесе отырып, қаламгерлер өз тақырыбын айқындап, межеледі. Бұл да Жазушылар одағының үлкен табысы деп ойлаймын.
Мемлекет басшысының тапсырмаларына сай еңбек адамының, әсіресе инженер, жұмысшы мамандарының мәртебесін көтеру, адал еңбекті дәріптеу мақсатын көздеген әдеби байқаудың жариялануы атқарылып жатқан жұмыстардың ішіндегі халыққа қажетті, қолдап-құптарлық үлкен шаруаның бірі деп санаймын. Менің түсінігімде еңбек адамы туралы жазған кезде, мысалы, от пен судың басында, тек өндіріс ортасында тұрған өмір емес, жалпы еңбек адамының жан дүниесі, ой-арман, мүддесі, тіршілігі, қоғамдағы орны деген мәселе қозғалу керек, яғни бұл жерде кейіпкердің кісілік, азаматтық бейнесі де қамтылып отырады.
Әрине, қазір заман өзгерді. Тәлім-тәрбиенің мәні де басқаша болып кетті. Бүгінде жастардың көбі ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүруге әуес. Оңай жолмен ақша табу, қалай болғанда да баю дегенге ден қойып бара жатыр. Баянды болар нәрсеге қол жеткіземіз десек, аянбай еңбек етіп, маңдай теріміздің жемісін күте білуіміз керек. Еңбек ортасында қайнап, пісуіміз керек. Өкінішке қарай, бүгінде жастарымыз осыны түсінбейді. Тағы бір мәселе – білім ал, алма, әйтеуір қандай да бір жоғары оқу орнына түсіп, диплом алу. Қазір сатып алатыны, басқасы бар, екі-үш дипломды жастар көп. Соның кейбіреуі арба сүйреп жүр базарда. Демек, мұның бәрі айналып келгенде мамандықты дұрыс таңдай алмау деген сөз.
Президент биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялап, кәсіптік білім беру саласын реформалауға басымдық берді. Қазіргі таңда кәсіптік-техникалық орташа оқу орындарына маңыз беріліп жатқаны қуантады. Меніңше, мектепті әйтіп-бүйтіп әзер бітірген адамның жоғары оқу орнына түсуі шарт емес. Ақшасын төлеп, түседі, дипломын алады, бірақ маман болып жарытпайды. Жоғары мектеп дипломын алып, ештеңеге жарамсыз болғаннан гөрі, қолына балға-күрегін ала ма, зауыт-фабрикаға бара ма, қой-сиыр жайып, мал баға ма, сол әлдеқайда қоғамға пайдалырақ болар еді деп ойлаймын. Сондықтан жастар тәрбиесіне осы жағынан көбірек көңіл бөлу керек деймін. Кәсіби жұмысшы мамандағын беретін оқу орындары қазір көптеп ашылуда, осы орайда мектептер балаларға кәсіби бағдар беруді нақты қолға алуы қажет.
Қорыта келгенде айтарым, жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек қадірлі. Ең бастысы, әркім өз орнында жауапкершілікті терең сезініп, жұмысын сапалы атқаруға тиіс. Кәсібіне адал адам қашанда лайықты бағасын алады.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір