«КӨЗБОЯУЫ ЖОҚ» ЖАЗУШЫ
21.08.2025
293
0

 

Жазғаны жұрт жадында жүретін, көп оқылатын жазушының бірі — Қуандық Түменбай. Жазушы үшін жазған-сызғаны оқырман тарапынан пікірталасқа түсіп жатса, одан артық атақ жоқ, абырой дегеніміз сол. Қазіргі жазушы оқырманға, оқырман жазушыға айналған заманда бұл үлкен жетістік. Айталық, Қуандықтың «Адам» деген атышулы әңгімесі бар. Атышулы болатын себебі, оқырманды былай қойғанда осы туынды ана жақты да біраз дүрбелеңге салған. Әдет­те, тақырыбы тосын бола тұра, оны игере алмай езіп жіберетіндер бар. Кезінде кеңес әдебиеті үшін интернационализм деген қасиет­ті тақырып болды. Ахаң (А.Байтұрсынұлы) оны бейбауырмалдық деп атады. Талай жазушы талтүсте қолына шам алып, өмірден интернационализм іздеп, есіл талантын осы жолға қор қылатын. Әрине, ондағы кейіпкердің бәрі социалистік реализм шеңберінен шықпайтын жағымды кейіпкер болуы керек.
Ол тұста кейіпкерлерді социализмнің сыншылары ұнамды және ұнамсыз деп те бөліп қарайтын. Осыдан отыз жыл бұрынғы сұхбатымызда («Бір-біріңе қотыр тушаңды қиыспаған ағайын») Тахаң, Тахауи Ахтановтың:
«1954 жылы Мәскеудің бір әдеби газетінде ұнамды герой туралы айтыс болды. Сонда талайлар «бізге идеальный герой керек», — деп өңеш жыртысып жат­ты. Мен сонда «ешқандай да идеальный, ұнамды емес, герой натуральный болуы керек, өмірдің өзінен алынуы керек», — деген пікір айт­қанмын. Сірә, сол тұста осы ой сол пікірталастардың қорытынды сөзі болған еді. Ал енді осы бүгінгінің әңгімесі емес пе?» дегені бар еді.
Қуандықтың кейіпкері де сол өмірдің өзінен алынған. «Таза саясат араласқан жерде шығармаға сайтан кіреді, көркемдікке нұқсан келеді, кесірі тиеді деген сөз. Жазушыны осындай тығырықтан алып шығатын бір ғана жол — шеберлік» дегені де бар-тын Тахаңның. Расында да, «Адам» әңгімесінде әңгіме адам туралы. Оның тағдыры табиғи жазылады. Фальш жоқ. Суреткерді шығармадан саясат іздеген әлгі сойқаннан құтқарып қалған да сол қасиеті.
Жалпы, ең мықты актер жағымсыз рөлді шынайы ойнап шыққан актер деген театралдар тілінде қалыптасқан бір ұғым бар ғой. Сол секілді кеңестік қаламгерлердің көбіне бұл тақырыпты ши шығармай, аялап отырып жазатын жарқын қолтаңбасына қанығып өскен қоғам, оқырман үшін де бұл туындының тосын болғанының өзі жаңалық еді. Сондықтан жазушының «Адам» ат­ты әңгімесінің идеясына, жағымсыз кейіпкерге ана кісілердің («КГБ — контора глубокого бурения». — Б.Кенжеев) өре түрегелуі әбден түсінікті еді. Мәселе, орыс, қазақта емес, адам тағдырында, оның әдебиет­те өмір шындығынан көркемдік шындыққа айналуында ғой. Міне, осы талаптарға сай туынды жай күнде – жай ойнат­ты.
«Бір кітап оқып бітірген сайын надандығымның бір бетін ашамын» деп Қалағаң, Қалтай Мұхамеджанов айтпақшы, әр жақсы кітап, әр жақсы шығарма оқырманның ой-өрісін ұзартып отырады, өзіндік пікір айтуға талпындырады. Қуандықта «Көне көрпе» деген оймақтай әңгіме бар. Ертеректе осы әңгімені орта мектептің әдебиет оқулығына ойланбай-ақ енгізуге болады дегенбіз. Жазушының елу жылдығында «Егемен Қазақ­станға» жазған мақаласында Ақселеу Сейдімбек осы ойымызды құптап, ырзашылық білдіріп еді.


ХХ ғасыр басындағы Сәбит Дөнентаевтың Көркемтайы мен соңындағы Қуандық Түменбайдың Көркембегінде айырмашылық, өзгеріс бар ма? Бар. Ол – ой-өрісіміздің өспей қалғаны. Қаншама Көркембектер арманына жете алмай көктей солды. Қоғамның, кезеңнің қасіреті, өмірге Көркембектердің көзімен қарай алмайтын, бала күнінде Көркембек бола алмаған үлкендердің кесірінен көктей солғандар. Әдебиет­тегі көркемдіктің кемеліне жетіп үндесуі, бір-бірін байытуы, ашуы деген осы. Сәбит­тің, Қуандықтың Көркемдері кезеңнің адамгершіл санасында әлі де өзгеріске түспегеніне көз жеткізеді. Қуандықтың Көркембегі әлдеқайда өсіп кеткен. Алысқа қарайды, алысқа ұмтылады. Мұғалімнің отбасы, ошақ қасындағы әңгімесімен шектелмейді. Бәрін өз көзімен көргісі келеді. Осы ынтызар көңілді мерзімінен бұрын тұншықтырған уақыт­тың дерті жазушының тұнық тілімен кемел кестеленеді. Егер бүгінгі орта мектептерге арналған әдебиет хрестоматиясына Көркемтай мен Көркембекті қатар берсе, біз ұлт санасында серпіліс тудырған болар едік. Осы біздің киногерлер көкке қол созып, сценарий іздегенше, Көркембектерді неге көрмейді? Әлі келсін, келмесін, есте жоқ ескі заманның етегіне жабысқанша, күні кешегі тарихты неге түсірмейді?
Тақырыпқа тамызық үшін келген бір ой.
Кейде әлдебір жазушы, тіпті белгілі қаламгер туралы жазғанда «қажырлы, қарымды, қабырғалы қаламгер» деген сөзді жиі пайдаланамыз. Сөз таба алмай қалғаннан емес, әрине. Бәлкім, бұл жұрт­тың назарын қаламгердің еңбекқорлығына, бейнетқорлығына, жанкештілігіне, тіпті ерінбейтін етікшілігіне аударып, айналып келгенде дарынды, талант­ты деген сөзді айтудан айналып қашу үшін ойлап тапқан тәсіл болар. Қуандық та «Бекеттегі бейкүнәлар» деген бір тамаша роман жазды. Айтуынша, енді мұндай үлкен дүние жазуға жоламайтын тәрізді. Гәп сонша қажыр жұмсалу, босқа уақыт алуда. Расында, оның орнына оңды он әңгіме жазылса, әдебиет үшін сол олжа. «Теңіздің дәмі тамшыдан білінеді». Талант­тың тегеуріні сол тамшыдай әңгімесінен-ақ байқалады. Ал Қуандық әңгіменің қапысыз шебері.
«Құныс».
Осы ат­тас әңгіме «орыс тілі менімен бірге өлетіні өкінішті» дейтін Бунинде де бар. Бірақ Бунин басқа, Қуандық басқа. Буниндегі екі кейіпкер де құныс. Бір жарым бет­тік әңгіме әлдеқайда нақты жазылған. Ал Қуандықтың қазақы «құнысы» да қызық, қиын. «Басы ауырмағанның Құдаймен ісі жоқ», тәні сау адамдар махаббат деген ұлы сезімнің қадірін қайдан біле қойсын. Дүниеде құныс Сауранбайдың махаббатына, сезіміне тең келер ештеңе жоқ. Ол үшін, оны көру үшін Қуандықтың көзі, сөзі керек.
Жалпы, Қуандық Түменбай қоғам қабылдаған, бір-бірінің қарымын біле тұра онысын айтуға келгенде шешімге келуі қиын шығармашылық ортада да мойындалған жазушы. Ал енді Қуандықтың тағы бір әлемі мұның сыртындағы публицистикалық жазбалары. Жазушылығы өз алдына, мені журналист ретінде дерегі мен дәйегі мол, қызықты оқиғаға, қиын тағдырға құрылған осы оймақтай ойлары көп қызықтыратын. Газет үшін таптырмайтын дүниелер ғой.
Газет демекші, 2005 жылы, 23 ақпанда «Алматы ақшамына» келдім. Имаш «Жас Алаштан» жұлып алды. Биліктің басылымы болғаннан ке­йін мұндағы мақалалардың басым бөлігі экономикалық, әлеумет­тік тақырыптарды қамтитыны белгілі. Көбіне есеп үшін берілетін жарияланымдардың оқырман үшін түкке керегі жоқ. Не істемек керек? Ресмиліктің құрсауында қалған, Шерағаң айтпақшы, «мұзды мұхит­тан» қалай шығудың жолын ойладық. Газет­тің шығармашылық әлеуетін арт­тыру үшін түрлі тақырыпта түрлі рубрикалар ашу өз алдына, ең алдымен, белгілі тұлғаларды тартуға талпыныс жасадық. А.Әшімов, С.Оразбаев, Е.Обаев, З.Асабаев, Ә.Сығай, Т.Әсемқұлов, Ә.Аманкелді, Н.Ораз т.б жарияланымдары жарқырап шыға бастады. Олардың жазбаларының оқырман назарын аударғаны сонша, газет­тің кезекті нөміріне баспаханаға қосымша тапсырыс беру жиілеп, таралым арт­ты. Мұның бір пайдасы бірыңғай марапатқа құрылған мерейтойлық мақалалардан да құтыла бастадық. Ал оны жариялай қалған күнде әлгі дүниелердің тасасында қалатын. Сөйтіп, газет­тің интеллектуалдық деңгейі өсті.
Айтпағым, «Алматы ақшамының» рухани-мәдени кеңістігіне мол олжа салған сол элиталық топтың қатарын көп ұзамай Қуандық Түменбай да толықтырды. «Көзбояуы жоқ көріністердің» тұсауын кестік. Шынын айту керек оқырман бірден бас қойды. Қала өміріне қатысты кейбір өткір мәселелер үшін таяқ та жеген кезіміз болды. Тіпті осыны тоқтатсаңдар қайтеді деп кішкентай шенеуніктерден ұсыныстар да түсті. Соған қарамастан тоқтатпадық. Айына екі мәрте жарияланып тұрды. Өзінше осы жарияланымның мәнеріне салып, иә болмаса «Көзбояуы жоқ көріністерде» айтылғандай» деп хат жазатындар да шыға бастады.
Бір байқағаным, «Көзбояуы жоқ көріністер» бір қарағанда жазушының жат­тығу, ізденіс алаңы тәрізді. Мұндағы тобықтай толғаныс, оймақтай ой, өткір көзқарастардың қоғамда туғызған дүмпуі өз алдына, онда келешекте жазылатын туындылардың нобайынан хабар беретін деректерді көзі қарақты оқырман сезе қоя­ды. Мәселен, шенеуніктердің шамына тиген «Абайды шынжырлап қоямыз ба?» ат­ты шағын толғаныс ке­йін әңгімеге айналды. Сондай-ақ Д.Қонаев, Ы.Жақаев, Ә.Марғұлан, Ө.Жәнібеков, Е.Әуелбеков, А.Асқаров, Ш.Мұртаза, С.Бердіқұлов, Х.Қожахмет, А.Жұмаділдаев, А.Сәрсенбаев тағы басқа танымал тұлғалардың өміріндегі қызық та қиын деректерді оның көркем дүниелерінде сәтімен пайдаланғанын аңғаруға болады. Басқасын былай қойғанда бір ғана Асанбай Асқаров туралы «Көрші ақысы» ат­ты «көзбояуы жоғында» кешегі партократ­тарға деген көзқарастан әп-сәт­те айнып шыға келесіз. Асқаров әдебиет­ті жақсы біледі. Бір нәрсе анық. Бұрынғының бірінші хатшылары әдебиет­ті оқитын. Әдебиет қана емес, тарихтан да мол хабары болатын. Шерағаның Жамбылға жолсапарға шығатындарға: «Қаскеңмен сөйлескенде (обкомның бірінші хатшысы Хасан Бектұрғановты айтып отыр) байқаңдар, ол кісі әдебиет­ті жақсы біледі» дейтіні де содан ғой. Ал қазіргілер білмеуі әбден мүмкін.
«Көзбояуы жоқ көріністер» сөз жоқ, ой салады, пікір түйгізеді. Тіпті көкейіңдегіні оқып қойғандай.
Жазушы базар аралап келе жатыр. Базарға барған адам үйге керек-жарағын іздейді. Ал бұл кісі не іздеп жүр? Жазушы кітап емес, «Дос-Мұқасанды» іздеп жүр. Іздегенде де, оның ескі құрамын іздеп жүр. Оқиық.
«Дос-Мұқасанның» ескі құрамын тыңдаймын. Ескі кассета жылдар бойына қойыла-қойыла әбден жұқарып, дауыс та қырылдап шығатын болыпты. Осы ескі құрамдағы кассетаны іздеп, базар атаулыны әбден шарладым. Бәрі тұр, тек «Дос-Мұқасан» жоқ. Сатушыға тапсырыс та бердім. «Айтсаңыз болды» дегенмен, «Таба алмадым» дейді еш қиналмастан. Әміренің әндері табылып жатқанда, күні кешегі жалт етіп өткен 70-жылдардағы «Дос-Мұқасан» қайда жоғалып кет­ті екен?
— Жаңа құрамын тыңдай бермейсіз бе? — дейді сатушы жігіт затым өтсе деп өбектеп.
— Ол таза эстрада…
— Ол да таза эстрада емес пе?
— Онда қазақы әуен бар, — деп түсіндірген болдым.
Заты өтпеген саудагер иліге қоймады, менің не айтып тұрғаным бәрібір.
«…Дос-Мұқасанның» ескі құрамын іздеп жүрмін. Социализмнің қамалын бұзып шыққан «Дос-Мұқасанды» ешкім де ұмытпайды…»
«Социализмнің қамалын» бұзғаны ақиқи. Олар өнердегі «туған компартиямыздың» «түрі ұлт­тық, мазмұны социалистік» деген принципін жоққа шығарды. «Түрі де ұлт­тық, мазмұны да ұлт­тық» өнер жасады. Репертуарына бірде-бір орыс әнін қоспады. Талай мәрте болған ұсыныстардан амал тауып, құтылып отырған. Тіпті жоғары жақта ансамбльдің атын «Бауырластар» деп атау жөнінде әңгіме жүрген.
Кеңес заманында ұлт өмірінде үш құбылыс болды. Олар — «Қазақ совет энциклопедиясы», «Қыз Жібек», «Дос-Мұқасан».
Ансамбльдің аты дүрілдеп тұрғанда «Лениншіл жасқа» 80-жылдары «Дау­сың қайда, Дос-Мұқасан?» деген сын мақала жаздым. Осыдан біраз уақыт бұрын «Ана тілінде» «Аңыздың ақыры» деп бұл тақырыпқа қайта оралдым. Шынында, қазір атақты өнер ұжымының аты ғана аңыз болып қалды. Бұрынғы «Дос-Мұқасан» енді оралмайды. Қазір технологияның қарыштаған заманы. Бұрынғы қайталанбас әуендер қолды болып кетпей тұрғанда қайта қаралып, тұтастай көшіріліп, халқымен қайта қауышып, ел өміріндегі зор рухани оқиғаға айналуы керек. Елу жыл өткен соң «Қыз Жібек» қайта көшірілді. Сондықтан да жазушының алаңдауы орынды.
Ертеректе журналистика жазушылыққа барар жолдағы жат­тығу деп те жататын. Қазіргі журналист пен жазушының аражігін айыра алмайтын заманда бұл пікірдің қаншалықты құлаққа кіретінін білмеймін. Бірақ бұрынырақ айтылған пікірдің де жаны бар. Біз білгенде Оралхан, Ақселеу, Мағиралар журналистикада науқандық тақырыптарға жоламай, өз көздеген мақсаты жолында жұмыс істеді. Қазіргідей эссенің екпін алмаған кезінде баспасөздегі көркемдік компонент­тері басым ірі жанр очерк еді. Ке­йінірек мықты жазушы болғандардың бәрі уағында бұрқыратып очерк, триптих жазғандар, яғни есеп, репортаж деген үсақ-түйектермен аузын да сүртпегендер. Әзілхан Нұршайықов айтпақшы «очерк — журналистика мен жазушылықтың шекарасы» еді. Мерзімді басылымдардың мектебінен бір кісідей өткен Қуандық Түменбай да осы соқпаққа ерте түскен тәрізді. Болмаса осы тәуір жазушы болады дейтін ағаларымызды журналистиканың қара жұмысы жұтып қойғанын да білеміз. Дейтұрғанмен де жанып тұрған журналистикадан барыңды тонатып алмай «аман» шығу да қазақ әдебиеті үшін үлкен олжа болғаны хақ. Қалай десек те, Қуандықтың «Менің көзім арқылы», «Жан әуендері» ат­ты қоңыр, қыңыр әңгімелерден, эссе, портрет, танымдық мақалардан тұратын ғажап қос публицистикалық кітабы сол журналистиканың жемісі. Кейде жазушылар мақала жаза алмайды деген де бір делқұлылау пікір бар. Бұл керісінше мақала жаза білмейтін, қара дүрсін сөз десе дес бермейтін кейбір журналистің сөзі болар. Мақаланы жазса жазушы жазсын. Өйткені онда тартымды тіл бар, жоғары интеллект бар, ойлау масштабы бар. Жалпы, журналистика да, жазушылық та ойлау масштабы ғой. Осы бір күндері кісілік пен кішіліктің, даралық пен дегдарлықтың драмасындай қос кітапты оқып шыққанда ойлағаным бір-ақ нәрсе болды: «шіркін-ай, мына кітаптарды, алдымен, басқаны қоя тұра, журфактың балаларына оқытса ғой».
Екі кітаптың іші де толған тағдыр, өмір, күрес. Бұрынғының адамдары. Қанағатшыл. Тәубашыл. Отаншыл. Жершіл. Елшіл. Кіл бір елін еміреніп сүйген ерлер. Тақырып дегеніңіз телегей. Ар. Абырой. Ождан. Қай кез­ден бері біздің елден қашып кеткені, қазір қай қиырларда түнеп жүргені белгісіз – Ұят. Өзі айт­қандай, кемелденген социализм кезеңінің тұлғаларының шынайы образы. Қазіргі ашкөз қоғам жаппай, жабылып-ақ оқитын кітап. Қайтесіз.
Қазір еңбек адамы, адал еңбек, адал қоғам туралы тақырып қайта бас көтере бастады. Жазушылар одағы Инженерия академиясымен бірлесіп «Еңбек адамы» деген байқау да жариялап жіберді. Біз білгенде еңбек адамы кім еді?
Ертеректе бейнелеу өнері саласы бойынша мемлекет­тік сыйлыққа ұсынылған шығармалардың көрмесінде бір суретшінің еңбек адамы туралы портреті оқыс назар аудартқаны бар. Мұндай жерден, әдет­те, кеудесі орденге толы, «Правда» газетін оқып отырған еңбек адамын көріп дағдыланғанбыз ғой. Әлгі кісінің портреті табиғи шыққаны сондай, салалы саусақтарынан, кәрі бәйтеректің жер бетіне шығып кеткен тамырларынан айнымай қалған күректей қолдардан көз алмай қалыппын. Портрет­тің алдында жіпсіз байланып, едәуір уақыт оның қасынан бір аяулы жанға жолыққандай кете алсамшы. Содан бері көп жыл өт­ті. Сол портрет маған Ыбырай Жақаев болып көрініп еді.
Ыбырайдың суретін салған суретшіні біле қоймаймын. Бірақ қара шалдың қасиетін танып жазатын осындай бір туынды жазылса деген ойдан да алыс емес едік. Қуандықтың «Жақаев пен Қонаев», «Босағада қалған кетпен» ат­ты екі эссесі сондай портрет­тің орнын алмастыра алатынына кәмілмін. Біздің биліктің ойлап таппайтыны болсайшы. Жазушының жазуынша, Ыбырайдан бастық жасағысы келген. Оған бұл көнгісі келмейді. Ақыры болмаған соң түрлі үркіту жолдарымен артына «үш әріпті» салады, сотқа тартады. Шарт­ты жазаға кеседі. Бәрібір оны кетпенімен қоштастыра алмады.
Мына дерекке назар аударыңызшы.
Ғалымдар есептеп жіберсе, Ыбырайдың өндірген өнімі Қазақ­стан халқының біркүндік түстік асына молынан жетеді екен. Гектарына 171 центнерден өнім алып, дүниелік рекорд жасады. Қарамағындағылар күніне 15 шаршы метр жер шапса, бұл 45 шаршы метр жер шауып, яғни 2,5 кісінің нормасын атқарады екен. Бірақ еңбекақы бір адамға төленеді. Мәскеуден келген бір комиссия бұл тірліктің заңсыздығын да айт­қан деседі. Ақын Қанапия Дәрібаев «Сарыарқада ән патшасы ұлы Абай, Сыр бойында дән патшасы Ыбырай» деп жырға қосты. Ежелгі күншығыс елдерінде аса құрмет тұтатын дақыл күрішті патшаның өзі бастап себеді екен. Сол күрішті қазақ жерінде, Сыр бойында сеуіп, сіңірген Ыбырай қай патшадан кем!? Журналистік әуесқойлыққа салып, дерекпен сөйлеп жатырмыз, ал Қуандықтың эссесінде басқа. Ол жазушының көзімен көреді, жазушының талғамына салады. Аңыз адамның ақиқатын ашады, қарапайым болмысынан кемелдікті аңғартатын қызықты детальдарды табады. Бәйбішесі қайт­қанда Жазылбектің келіп көңіл айтуы, қазаның үстінде де ақеділ ағаның берген тапқыр жауабы, Қонаевтың өзімен қалжың қағыстырып, тірі адамға жіби қоймайтын Жәнібековті жымитуы тағысын-тағыларды жаңғалақ журналист болса жіберіп алуы мүмкін, ал жазушы жібермейді. Социалистік еңбек адамын құрғақ мақтаудан бойын аулақ салып, өмірдің өзінен өрбітеді. Шіркін дейсің, осыны көретін көз қайда? Режиссеріне кезіксе, дайын фильм ғой. Айтпағымыз, еңбек адамын да осылай жазуға болады деу.
«Қарағандыға Ақселеудің 70 жылдығына арналған шығармашылық конференцияға барып қайт­тым. Кісіні жолда танисың. Қуандық Түменбаев деген жазушы ұнап қалды. Мінезі қоңыр, зе­йінді, келісті азамат екен. Ақселеудің інісі, Ыбырайдың немересі (23.08.12)» деп жазыпты күнделігіне Асанәлі Әшімұлы.
Айтары жоқ, жаны да, жазуы да қоңыр десе қоңыр. Кезінде «Қаныштың етігі» деген шағын дүние жазып едік. Сонымен қоя салғанбыз. Ал Қуандық дала дәптеріне еңбек дастанын жазып кеткен Ыбырай кетпенінің қасиетін, киесін, құдіретін 3 курста жүргенде осы «Қазақ әдебиетіне» жарияланған алғашқы әңгімесі «Қайың сапты кетпеннен» бермен әлі күнге жазып келеді. Қаламы кетпенге айналып кеткен. Әр жазған сайын әр қырын ашып, қайран қалдырады. «Көзбояуы жоқ» жазушы ғой.

Қали СӘРСЕНБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір