Жазушы мерейі
04.05.2024
563
0

Биылғы көктем белгілі жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нағашыбек Қапалбекұлы үшін табысты болып отыр. Ол 1969 жылы Қиыр Шығыстағы Даманск аралы үшін қақтығысқа қатысып, ҚР Президентінің жарлығымен Ұлы Отан соғысы ардагері атанған еді. Жуырда Алматыдағы Офицерлер үйінде осыған байланысты арнайы жиын өткізіліп, оған ардагерлер, шекарашылар, қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.

Осы жиында Даманск оқиғасы ардагерлерінің республикалық ұйымының төрағасы Н.Қапалбекұлына «Даманск оқиғасына – 55 жыл» атты мерекелік медаль тапсырылды. Алматыдағы Офицерлер үйінде және Астанадағы Қорғаныс министрлігі музейіне оның кітаптары мен фотосуреттері қойылды.
Сонымен қатар жазушы жақында халық­аралық Махамбет атындағы сыйлықтың лау­реаты атағын алды. Қор директоры Б.Батыр арнайы төсбелгі мен куәлігін тапсырды. Ол сондай-ақ көрнекті жазушы Нағашыбек
Қапалбекұлының «Махамбет» және «Жұмекен» журналдарының ақылдастар алқасы мүшесі болғанын жеткізді. Жазушылар Одағында өткен бұл салтанатта одақ төрағасының бірінші орынбасары Нұржан Қуантайұлы, жазушы-әдебиеттанушы Нұрдәулет Ақыш, т.б. қаламгерлер сөз сөйлеп, Н.Қапалбекұлының жазушылық әрі қайраткерлік саладағы игі істерін сипаттап атап өтті.
Чувашия Республикасы Жазушылар одағының құрылғанына 100 жыл толуына орай Н.Қапалбекұлының арнайы мерекелік медальмен марапатталғаны да оқырманды қуанышқа кенелтті. Ол бұған дейін Чувашия Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері болып, осы елдің халық батыры атағын алған еді.
Жазушының таңдамалы бір томдық жинағы чуваш тіліне аударылып, биыл жарық көрмекші.

Ардақ КАКИМОВА 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір