ҰЛТТЫҚ БОЯУЫ ҚАНЫҚ ЖАЗУШЫ
«Кішкентай күнімде шаршап, ұйықтауға кеткенімде, әке-шешемнің қонақтары үлкен бөлмеде ән салып жататын» дейді Ақтоты Райымқұлова. Айналасына жайлы болған әкесі Рахметолла да, әнімен баурап, әзілімен сергітіп отыратын анасы Мәкиза да Алматыдағы әдеби ортамен біте қайнасып кеткен кісілер еді. Ақтоты ханымның анасын көріп, талай рет қолынан дәм татып, естеліктерін тыңдап едім. Жақында Алматыда басталып, Ташкентте аяқталған Рахметолла Райымқұловтың 110 жылдығы аясында өткен шараларға қатысып, сол естігендерімді бір жаңғыртып қайттым.
Мерейтойлар қарсаңында жазушылардың кітабы шығып жататын әдеті ғой. Осы 110 жылдыққа да орайластырып, жазушының жалғыз қызы Ақтоты әкесінің кітабын басуды ойға алған екен. Әрі-бері ойлана келе, балаларға арналған әңгімелерін «Muqaba» баспасынан суретті кітап етіп шығаруды ұсындым. Ақтоты ханым келіскен соң, екі айдай суретшілермен жұмыс істеп, «Сұр көбелек» деген әдемі кітап шығардық. Мұхтар Мағауин «ұлттық бояуы қанық» деп бағалаған жазушының балдырғандарға арналған шығармалары осылай түрленіп, бүгінгі балаларға жол тартты. Қазіргі кітап нарығында ең жетіспей тұрғаны осындай кітаптар болғандықтан, өте ұтымды шешім болды ғой деп ойлаймын.
Кітапты дайындау барысында түсінгенім, Рахметолла Райымқұловтың кейіпкерлеріне ортақ күй мынау екен: жәбір көрген, қиянатқа ұшыраған кішкентай адам түбінде арпалысып жеңіп шығады. Ауыртпалыққа мойымайды, жасымайды, сәті келгенде күш алады да, дегеніне жетеді. Жеңе алмаған күннің өзінде қасқайып тұрып жеңіліс табады. Берілмейді. Жауың қанша күшті болса да, қарсыласың неше жерден үстем болып бара жатса да өзіңді бейшара күйге түсірме деген ой – барлық шығармасына ортақ өзек екен.
Бұндай күй жазушыға қайдан келді десем, ол кісінің өз өмірі де осы екен. Әкеден ерте қалған, соғысқа қатысқан. Құдай біледі, ешкімге айтпағанымен аштық пен репрессия кезінде де жанына жара түскені анық. Көзі ашық, сезімтал адам ретінде бәрін бақылап жүргені сөзсіз ғой.
Жас күні солай арпалыспен өтсе, соғыстан кейінгі азамат болған жылдарында бір перзентке зар болғаны тағы бар. Тек елу бір жасында ғана Ақтотысын көрген. Бала сүйе алмау бір адамға жетерлік қиындық және үлкейгенде болса да нәрестелі болу осындай сынаққа тап болған адамның бәріне бұйыра бермейтін бақыт. Мәкиза апа айтушы еді, «Рахаң қызы туған соң, маған ешқандай сыйлық та керегі жоқ, марапат та керегі жоқ, менің сыйлығым да, марапатым да осы Ақтотым деп, қызының жанынан шықпай, жазу жазса да алдына алып отырып, мәз болып жүруші еді» деп. Рахметолла атамыз алпыс бес жасында қайтыс болған, сол ғұмырының соңғы он бес жылы ең бақытты кезі болғанын жобалауға болатындай. Армандап, аңсап барып жеткен сәбиі өзінің жанына сонша жақын болып туғаны ол кісіге берілген сый емей немене? «Әкем екеуміз бір-бірімізді сөзсіз түсінуші едік, теледидар көріп отырсақ та, көшеде кетіп бара жатсақ та, бір-бірімізге не керек болып тұрғанын айтпай түсіне қоюшы едік» дейді Ақтотысы. Осындай перзенттің бұйыруы – қиындыққа мойымаған адам түбінде жеңіске жетеді деген жазушының ішкі ұстанымына тағы бір дәлел-ау.
Әлқисса, «Сұр көбелек» деген кітапты шығардық дедім ғой. Өзім де сол әңгімедегі киіз үйге кіріп кететін сұр көбелек құсап, кілең ығай-сығаймен бірге әуелі Алматыдағы конференцияға, одан Ташкенттегі үш күндік шараға делегат болып қатысып қайттым.
Мен Ташкентке түнде жеттім. Түсе сала назарымды аударған жайт, бұл қаладағы жиырма көліктің он тоғызы Shevrolet екен. Өздерінде құрастырылады ғой. Орысша білмейтін таксиспен өйтіп-бүйтіп түсінісіп, қонақ үйге жеттім. Ертесіне Жоғары Шыршық ауданына баратын болдық.
Бұл – аты айтып тұрғандай Шыршық өзенінің бойындағы аудан. Қазақтар тұратын жер. Кезінде Рахметолла Райымқұлов қызмет етіпті. Біз – қонақтар жағы шаршап келіп ұйықтап, таңертең қайда бара жатқанымызды онша түсінбей шыға салыппыз. Көлігіміз мәдениет үйінің алдына барып тоқтағанда бір-ақ ұқтық. Қараң-құраң халық жиналып күтіп тұр. Қазақы көйлек киген қыздар бауырсақ ұстап, ұлттық киім киіп, домбыра ұстаған шағын оркестр ән айтуға дайындалып, ауыл жұртшылығы Қазақстаннан келген бауырларын көруге жиналып тұра қалыпты. Ақтоты ханыммен мектепте бірге оқып, осы күнге дейін құрбы болып келе жатқан әнші Мақпал Жүнісова «Ойбай, мыналарың не, неге айтпағансыңдар, мен табиғатқа кетіп бара жатыр екенбіз десем» деп өзіне жарасымды назына басты. «Ойбай-ау, бұндайды білгенде бірден сахна киімін киіп келер едік қой!».
Қош, не керек, біз аудандық мәдениет үйіне кіріп, орнымызға жайғастық. Мақпал әнші арамызда болған жоқ. Жиынның ресми бөлігі біткенше дайындалып алайын деп, гримм бөлмесіне кетті-ау деймін. Қазақстанның Өзбекстандағы өкілетті елшісі Бейбіт Атамқұлов арнайы келген екен, бізден барған Сауытбек Әбдірахманов, Нұрғали Ораздармен бірге екі ел арасындағы бауырластық турасында, өзбек пен қазаққа ортақ жазушының шығармашылығы жайында сөз қозғады. Содан соң «Тұран» этно-фольклорлық ансамбльге кезек тиіп, басына шыт байлап, саптама етік киген жігіттер ұлы дала үнін төкті-ай келіп. Кешті жүргізушісі «Енді сүйікті әншілеріңіз Мақпал Жүнісованы қарсы алыңыздар» деп хабарлағандағы жергілікті халықтың ықыласын өздеріңіз де шамалайтын шығарсыздар. Өзім бұл кісінің әнін бала кезден тыңдап өссем де, осындай жақын жерден тамашалауым бірінші рет екен. Иә, бұл кісінің әнін тыңдап қана қоймайсыз, концертіне тап болсаңыз, тамашалап та отырады екенсіз. Сахнаға шығуы, елмен амандасуы, әнін таныстыруы, әр әннің арасында әзіл айтып, тыңдармандармен байланыс жасауы – бәрі бір қойылым дерсіз. Бекболат Тілеуханов Нұрғиса Тілендиев туралы айтқанда «сахнаны илеп, ішкен кісі еді» дейтіні бар ғой, Мақпал ханым да сондай деңгейдегі әртіс екен. Сахнада көрінген кезінен бастап шымылдықтың артына кеткенге дейінгі аралықта жұртшылықтың назарын бір сәтке де жібермейді. Өзінің де көңілін осы аралықта басқа ешнәрсеге аудармайды. Барын салады. Мүмкін алыстағы қазақтардың ықыласы да ерекше түсіп, айтушыға тыңдаушы сай болып, сол күні мінсіз жарасқан да шығар. Әйтеуір соңында халықтың жартысы әншімен суретке түсуге таласып, жібермей жатқанда есіктен шығып бара жатып бір кісінің сөзін естіп қалдым. «Маладес, халықтың көңілі бір жазылып қалды» деді. Әнші үшін бұдан артық алғыс жоқ шығар.
Жоғары Шыршықтан кейін Бостандық ауданына бардық. Шыршық өзенін бойлап, таудың ішіне бір-ақ кірдік. Бұл бір таңғала беретін адам екен демеңіздер. Бірақ нағыз ауызым ашылған сәтім сол – Қаржантау мен Газалкенттегі Шарбақ су электр станциясын көрген кезімде болды. Мектепте география пәнін тәуір-ақ оқыған адам секілді едім. Бірақ Ташкент ыстық қала деген түсінік санама әбден орнап қалған соң, қол созым жерінде қарлы тау бар деп мүлде ойламаппын. Қазір тауға барамыз дегенде кішігірім бір төбе болар деп ойлап едім, көлігіміз жоғары қарай өрлей, тырмысып-тырмысып біраз жүрген соң, ал келдік дегенде түссем, алдымда теңіз құсап жайылып су қоймасы жатыр да, оның ар жағында басынан қар кетпейтін Алатаудан бір үлкен тау мұнартып тұр! Мынау не тау десем, Қаржантау дейді. «Жоқ-ә, Қаржантау болғанда мынау жалпы не тау сонда?» деймін қайталап сұрап. Нұрғали аға бұл Тәңір таудың шеті ғой деді. Ішімнен біз Ташкенттің жанында тұрған жоқпыз ба, қайдағы Тәңіртау деп ұзақ ойландым.
Бұл жердің климаты субтропикалық боп есептеледі екен. Қол созым жердегі Ташкентте 50 градус ыстық болғанда бұл маң 20 градусты көрсетіп, рахат болып тұрады екен. Қыста да қар түскені болмаса, күн суи қоймайды. Өсімдіктің небір түрі өседі. Жанға жайлы, қарасаң да көзің тоятын ғажайып мекен енді. Өзбекстанға 1956 жылы өткен, оған дейін Қазақстанға қараған Бостандық деп аталатын ауданға қарайтын жер. Кейінгі жылдары Бостандық боп өзгерген.
Бұдан да әрі кетіп, қар жатқан шыңның тура түбіне дейін бардық. Ана жер базар. Өзбек, тәжік ағайындар да бар, жергілікті қазақтар да бар, сауданы қыздырып жатыр. Асфальт төсеп тастаған, тап-тар жерде аттар жүр. Бұлар кімдер екен десем, кілең қырғыз екен, ішінде бір-ақ қазақ бар. Жол бойы қызмет көрсететін, сауда жасайтындардың арасынан қазақ пен қырғыздың жігітін көрмеп едік, бүкіл жерде я өзбек, я тәжіктің балалары жүрген секілді еді. Тура атқа келгенде олар жоқ. «Бұл атқа мініп, қайда баруға болады, мына жерде машина жүріп жатыр, ана жерің базар, айналатын жер жоқ қой?» десем, «Сытылып тауға қарай шығып кететін жер бар, анау көрініп жатқан қарға дейін барып қайтуға болады» дейді.
Рахметолла Райымқұловтың ағасы Рахманқұлдың балалары Жоғары Шыршыққа қарайтын Жаңа базар деген жерде тұрады екен. Кешке сол әулеттің қара шаңырағына барып түстік. Ол жақтың үйлері әлі қолдан шабылған ағаш есіктерін шығарып тастамай, қабырғаға кілем іліп, дәстүрлі интерьерді сақтап отыр екен. Бала кезімдегі ауыл үйлеріне кіргендей болдым.
Ертесіне Ақтоты Райымқұлова әкесінің ағайын-туыстарына, ауылдастарына арнап, Қараманас ауылында дастарқан жайды. Бұл – әкесінің туған ауылы. Үлкен той болды деуге де болады. Ол жақта да оркестр қарсы алып, жиналған жұрт орнынан тұрып күтті. Қолын шапалақтап, мәз болып жүрген бір кішкентай қыздан кім келіп жатқанын білесің бе десем, «Иә, Ақтоты әпше» дейді мақтанып. Сол күні де, одан бір күн бұрын да кірген үйлерімізде «Қайын сіңіліме деп алып келдім» деп Ақтоты ханымға сыйлық беріп, «Қайын сіңілімді дәм татырмай жібермеймін» деп ас алып шыққан қазақтың әйелдерін көріп, мына жақта қазақы жоралғылар сақталған екен ғой деп ойлағанмын. Енді «Ақтоты әпше» деп тақылдап тұрған қызды көріп, бұл жиынның шын мәнінде не жиын екенін түсінгендей болдым. Бұл – Ақтотының төркіндеуі екен. Әкесінің мерейтойы аясында жасалып жатқан шаралар өз алдына, бірақ өзі туып-өспесе де, әкесінің шыққан жеріне осылай келуі – тура мағынасында төркіндеу екен. Және де қандай төркіндеу?! Жанында Сауытбек Әбдірахманов пен Нұрғали Ораздан бөлек, екінші күні келіп қосылған Құлбек Ергөбек, Ғалым Жайлыбай сынды әдебиетшілері бар, Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев бар, өзінің әнші құрбысы Мақпал бар, мінекей, осындай салтанатпен келіп кірді ғой. «Қыз – өріс» деген осы болар?!
Келесі күні Ташкенттегі үлкен жиын Өзбекстан Жазушылар одағында өтіп, оны сол одақтың төрағасы Сирожиддин Саидов деген кісі басқарды. Алдын ала жарияланған Рахметолла Райымқұлов атындағы халықаралық байқаудың жеңімпаздары марапатталды. Сөз сөйленіп, шапан жабылды. Қызық болғанда, Сирожиддин мырза маған да шапан жапты. Бірінші киген шапаным – сөйтіп, өзбек шапаны болды.
Мен де бұл жиынға құр қол келмеген едім. Ташкенттегі Низами педагогикалық университетінде қазақ тілі мен әдебиеті деген мамандық бар екенін естіп, «Qasym kitaphanasy» сериясымен шыққан 100 кітапты арқалай келгенмін. Соны сол жерде елші Бейбіт Атамқұлов мырзаға аманаттадым. Ол кісілер университет кітапханасына өздері жеткізетін болды.
Қазақтың салтын сақтап, тілін ұмытпай, ұйысып отырған елден айналдық. Осының бәріне сеп болған өзбек ағайынға риза болдық. Қазақстанға қайтқанда өз ауылымнан келе жатқандай күйде болдым. Тура сондай алаңсыз көңіл, қимас сезім. Әлі талай келетіндеймін, қашан келсем де ел осы күйінде тұратындай. Лайым солай болсын.
Арман ӘЛМЕНБЕТ