«Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе!»
01.08.2025
181
0

Ақын өз отбасының ортасында 1-қатарда: немересі Бәкизат Ақылбайқызы, Тұрағұл Абайұлы, немересі Әубәкір Ақылбайұлы;
2-қатарда: Абай, Еркежан, келіні Кәмилия;
3-қатарда: Мағауия Абайұлы

Жамбыл Жабаев

Абайдың суреті

Мынау тұрған Абайдың суреті ме?
Өлең-сөздің ұқсаған құдіретіне,
Ақыл, қайрат, білімді тең ұстаған,
Қарсы келер Абайдың кім бетіне!

Ақын атын таратқан әрбір тұсқа,
Соңғыларға қалдырған үлгі-нұсқа,
Арғын, Найман сөзіне таңырқаған,
Қандай арман бар дейсің бұл туыста!

Терең ойдың түрінде теңізі бар,
Тесіле көп қарасаң, көңіл ұғар.
Сол тереңге сүйсініп жан үңілмей,
Есіл сабаз ызамен өткен шығар!..

Шәкәрім Құдайбердіұлы

Жастарға
(үзінді)

Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық,
Арам, айла, зорлықсыз мал табалық.
Өшпес өмір, таусылмас мал берерлік,
Бір білімді данышпан жан табалық.

Ал, енді, олай болса, кімді алалық?
Қазақта қай жақсы бар көз саларлық?
Шын іздесек, табармыз шыны ғалым,
Күнде күйлей бермелік бозбалалық.

Сақ болалық, бір шоқып, бір қаралық!
Қарауылдар мезгіл ғой, тұр, қаралық!
Жүз айт­қанмен, өзгенің бәрі надан,
Жалыналық Абайға, жүр, баралық!

Білімді сол кісіден ізденелік!
«Әдейі іздеп, біз келдік сізге» делік.
«Өмір зая болмастық өнер үйрет,
Ақылыңды аяма бізге» делік.

Бұл Абай саудагер ғой ақыл сатқан,
Әртүрлі асылы көп өтпей жатқан.
Тегін білсең – аласың, бос береді,
Тұстасынан ешкім жоқ мұны тапқан.

Мынау Абай – бір ғалым жол шығарлық,
Замандасы болмады сөзді ұғарлық.
Амалы жоқ, айналды енді бізге,
Күн туды етегіне жабысарлық.

Қой, ойлалық шатылып, шатаспастан,
Оңамыз ба Абайдан бата алмастан?
Асыл алсақ, асылын аямайды,
Келді ғой өз еліне сата алмастан.

Пұлы өтсе, үміті бар қуанбақтан,
Еңбегім жанды ғой деп жұбанбақтан.
Абай кетсе, осы елде кім қалады,
Не табамыз наданнан сұранбақтан?

Осыған қазақ бар ма жанасарлық,
Ғылым, өнер, ақылмен санасарлық?
Жұрт алмаса, ақылын біз алалық,
Өзгедей надан емес адасарлық.

Бұл елде түк ақыл жоқ жарасарлық,
Рахым ғып бір-біріне қарасарлық.
Өз Абайын өздері ұнатпайды,
Шын надан осылар ғой біз қашарлық.

Нұрпейіс Байғанин

Абай

Ұстазы көркем сөздің асыл Абай,
Білімді, зе­йінді асқан, ақын Абай,
Зе­йіні артық ұшқыр жаннан асқан
Озатша астанадан затың, Абай.
Сіңірген байтақ елге еңбегіңмен
Шашылды жер жүзіне атың, Абай!
Асқар тау, биік шыңсың қол жетпеген,
Білікпен зе­йініне сөз жетпеген.
Бұтағың көк тіреген сен бәйтерек,
Мәуеңе қараса жұрт көз жетпеген.

Зе­йінің артық асқан, көңілің кеңіс,
Ақылың, ақындығың бәрі тегіс.
Үлгіңнен, Абай ақын, нұсқау көріп,
Ақындар күннен-күнге тапты өріс.

Үлгің деп сенің берген, ақын Абай,
Заманда рақат­ты жедік жеміс.
Аузыңнан шыққан сөзің –
гауһар-маржан,
Жырыңның бас-аяғы бірдей тегіс.

Абайдың өзі өлсе де, сөзі өлген жоқ,
Абайға ешбір ақын теңелген жоқ.
Мәңгілік бүгінгідей сенің жырың,
Ескіріп айт­қан үлгің көнерген жоқ.
Халыққа үлгі берген сенен өзге,
Ақында сіз сияқты шебер де жоқ.

Көңіл салып оқыңыз Абай жырын,
Аузынан шыққан жыры шекер-шырын.
Үлгілі айт­қан жыры ақын Абай,
Халыққа үлгі берген бізден бұрын.
Мақпалдай қалы кілем секілденіп,
Тыңдатқан астанаға жырдан түрін.
Халықтың қамы үшін жырлап өткен,
Сайратып шын шежіре шешен тілін.

Ақтарып көңілінен асыл сөзді,
Заманның болжап өткен ақыр түбін.
Өзінің терең ой мен ақылынан
Ер Абай болжап кеткен ойдың түбін.

Көкбай Жанатайұлы

Абайдан сабақ алдым бала жастан,
Тең бар ма ойға терең одан асқан.
Алды пейіш, артына ырыс болсын,
Мен оның шәкірті едім, ізін басқан.

Абаймен бірнеше жыл араластым,
Шешімін әр жұмбақтың ақылдастым.
Мұра етіп өсиетін, ләззат­танып,
Жолына білім, өнер қалыптастым.

Жаннат­та жаның болғыр Абай құтып,
Жаныңда бос жүріппін шатып‑бұтып.
Осындай ен дарияны жайлағанда,
Тым болмаса қалмаппын қана жұтып.

Сұлтанмахмұт Торайғыров

Асыл сөз

Асыл сөзді іздесең,
Абайды оқы, ерінбе.
Адамдықты көздесең,
Жат­тап, тоқы көңілге.
Сөз мәнісін білмесең,
Өлең оқып не керек?
Не айт­қанын сезбесең,
Жарапазан не беред?

Мағжан Жұмабаев

Атақты ақын, сөзі алтын хакім Абайға

Шын хакім, сөзің асыл – баға жетпес,
Бір сөзің мың жыл жүрсе, дәмі кетпес.
Қарадан хакім болған сендей жанды,
Дүние қолын жайып енді күтпес.
Сөзіңе құлақ салып, баға бермей,
Қисайып, қыңырайды жұрт­тың ит­тес!
Бұртиып, теріс қарап:
«Аулақ жүр!», – деп,
Болды ғой жақын туған бәрі кектес.
Тыныш ұйықта қабіріңде, уайым жеме,
«Қор болды қайран сөзім босқа», – деме.
Артыңда қазақтың жас балалары
Сөзіңді көсем қылып, жүрер жөнге!
Ай, жыл өтер, дүние көшін тартар,
Өлтіріп талай жанды, жүгін артар.
Көз ашып, жұртың ояу болған сайын,
Хакім ата, тыныш бол, қадірің артар.
Жүрген жанның артында ізі қалар,
Етікші өлсе, балға мен бізі қалар.
Бір бай өлсе, төрт түлік малы қалар,
Жүйрік өлсе, артында сөзі қалар!
Сұм дүние сылаң беріп көптен өтер,
Сау қалғанның көбісі ертең бітер.
Тоқтамас дүниенің дөңгелегі,
Жүйріктің айт­қан сөзі көпке кетер.

Сәкен Сейфуллин

Ақын

Ғибрат­ты сөздер айтып болдың ақын.
Мүсәнләфләр сөзіне сөзің жақын.
Үлгі қып ке­йінгіге жаздың нұсқа,
Қиыннан қиыстырып сөздің нарқын.
Сөзіңнің қарап тұрсам мағынасы мол,
Бастаушы адасқанды болғандай жол.
Өзге сөздің патшасы — сенің сөзің,
Я бар бол бұл дүниеде, яки жоқ бол.
Өлсең де мың жыл бұрын сенің өзің,
Тозбайтын алтын үлгі қалған сөзің.
Сыңар жақ пікір қисық тоң мойынды
Түзеуге үміт етіп құрған тезің.
Сөзіңді үлгі қылды білген адам.
Түсінбес оқыса да бітеу надан.
Надан құр қу ағаш құрған тезің,
Көткеншек, алға қарай баспас қадам.
Сөзіңнің жылдан-жылға қадірі асты,
Оқуға құмар қылды талай жасты.
Құмар болған кеудесі – сәулелі ар,
Айтпаймын ауылдағы шыбай масты.
Саналы көзі ашыққа сөзің алтын,
Санасызға – жел, сөз – соққан салқын,
Ойында санасыздың еш нәрсе жоқ,
Ілгері бассын деген қазақ халқын.

Қасым Аманжолов

Абайға айтарым

Бұл күнге лайық алыпсың!
Ол күнге қалай сыйғансың!
Бір өзің – бүкіл халықсың,
Қалдырмай бәрін жиғансың.
Жарылып кете жаздапты-ау,
Жырламай тынсаң жүрегің.
Айтпаған сөзің аз қапты-ау,
Бөлек бір туған кім едің!..
Атаның ұлы емессің,
(Кешіре жатар Кеңгірбай),
Халықтың ұлы боп өстің,
«Ибраһим» демей, деді «Абай».

Абай десе, Абайсың,
Абайладың жан-жақты,
Риза ет­тің жарайсың,
«Қалың елің – қазақты».

Сен өлгелі елу жыл,
Деген сөзге кім нанар?
Жүз тоғызда сен биыл,
Бір мүшелің тойланар.

Ақын ата ақсақал,
Академик құрмет­ті!
Ұсынамыз, қабыл ал,
Жазушылық билет­ті.

Өзің бастап ашарсың
Пленумды, съезді.
Құнсыз өлең, нашар сын,
Көпірмелі көп сөзді.

Көрсетуге ұялсын,
Кейбір кесір керауыз.
Бағалансын, сый алсын,
Ойлы, күйлі жыр нағыз.
«Заманына ақын сай
Болса…» дерсіз, білемін.
Болмай жатыр, япырмай,
Болсын – менің тілегім.
Жатыр көп жыр жырланбай,
Шырқар кім бар шындықты?!
Керек боп тұр, шіркін-ай,
Өзіңіздей бір мықты.
Күтуліміз асыға,
Келе жатыр, тым жақын,
Сыншысын ертіп қасына,
Келеді бір мықты ақын.
Сол керемет тудырса,
Ешбір ақын тең келмес,
Біздің кейбір достарша
Сіз болмассыз бақ күндес…
Мынау біздің кеңсеміз,
Анау сіздің көшеңіз.
Таңданарсыз көрсеңіз,
Терезесі неше жүз…

Нұрлы сарай енсеңіз,
Іші толған ән мен күй.
Бұл түс емес, сенсеңіз,
Сізге лайық осы үй.

Төрлетіңіз, келіңіз,
Қолмен ұста, көр, тыңда…
Осындай ма еді төріңіз,
Шыңғыстағы жұртыңда?..

Сіздің кітаптарыңыз…
Тиражын бір санаңыз.
Тек бұл емес барыңыз,
Мынаңыз бар, анаңыз…

Орысша да қазақша,
Қытайшасы және бар…
(Емес-ау бұл аз ақша,
Сұрай қалса гонорар).

Үйілген жүк сона бір,
Сіз туралы, сіз жайлы…
(Өзгелерін соң оқыр,
Абай алды «Абайды»).

Ал ақсақал, мен қойдым,
Айтсын енді басқалар.
Қиыры жоқ бұл тойдың,
Қызығы енді басталар.

Қалижан Бекхожин

Абаймен сырласу

Жиылыс біт­ті.
Жалғыз мен залда қалдым.
Өт­ті міне,
Өлеңге арнаған күн.
Сонша неге шуладық?
Басым мең-зең…
Маған төрден қадалып
Қараған кім?
Ойлы көзбен
Ол төнді қабырғадан.
Көрді-ау, жаңа
Біздерді дабырлаған.
Әлде ұнатпай қалды ма?
Не түйінді?
Не айтпақ екен, өзі,
Қазір маған?
– Абай аға,
Дауымыз жақпады ма?
Мұршамыз жоқ
Өзіңдей баптануға,
Жыр шіркінді,
Түйдектеп жазамыз да,
Асығамыз
Жарыса мақтануға.
Биігіндей
Жыр деген даналықтың,
Сен жазыққа
Асқардай дара біт­тің.
Біз көппіз ғой
Төбе мен төмпешіктей,
Сен шыңысың –
Жүз жылғы аралықтың.
Арамызда
Өзіңдей биік құз жоқ,
Таласпаймыз,
Таппаған тұйықты іздеп.
Жаңа ғана көрдің ғой,
Таласамыз,
Абайдан соң
Қайсымыз, биікпіз? – деп.
Сен өлеңді жазбадың
Жүлде тілеп.
Атағыңды тарат­тың
Жыр жетелеп.
Кітапсыз-ақ,
Даланы кезді сөзің.
Қаламақы қумадың
Сен ентелеп.
Ал біздер ше?
Том-томдап жыр құрамыз,
Жүлде десе ,
Мен бар! – деп жұлқынамыз.
Бұйымдарын өткізген бақалшыдай,
Жыр бағасын
Бұлдауға ынтығамыз.
Мейлің күл,
Ерсі болса кәсібіміз.
Дүниеқұмар емеспіз әсілі, біз.
Жидебайда
Жусаған жылқымыз жоқ,
Өлең ғана
Нәріміз, нәсібіміз.
Иә, бізде көп,
Ду жиын, қызу кеңес.
Өлең үшін
Боламыз қызыл өңеш.
Арамызда аға жоқ
Сендей дара,
Жасымыз да
Көкпайдай кішік емес.
Бәріміз нән…
Сөз сырын кім сараптар?
Сынға қырын
Әлі көп қисалақтар.
Оралсаң сен,
Сайлар ек местком етіп,
Егер саған,
Қызметін қиса Жаппар…
Дарындылар аз емес,
Жырға шебер.
Аз да емес,
Сөзуарлар тілмен шенер.
Жесір дауы,
Жер дауы
Жоқ болса да,
Бізде де бар
Керезу Жиреншелер.
Солар тегі
Тақылдап сауысқандай,
Сәуерлейді-ау,
Қасымен қағысқандай,
Тырмысқанда,
Сондайлар, тасбақадай,
Сөйлегенде,
Сірескен қайыс таңдай.
Аш кенедей
Жабысып денемізге,
Өрмелейді сондайлар өремізге.
Түймең түссе,
Түйедей зіл тағады,
Керіспей ше,
Сондайға көнеміз бе?
Ал сен жалғыз ашындың,
Ойлар тулап,
Армандарың
Шашылды сайға құлап.
Біз мың ойды
Гулесіп жаңғыртамыз,
Шуламай ма
Тасырда қайнар бұлақ?
Біз солаймыз,
Жақтырма, мейлің сына!
Біз бұлақпыз –
Айдынның құйылысында.
Өзің де өршіп сөйлер ең
Қатыссаң бір,
Бұл күнгі
Поэзия жиылысына.
Сан заманнан
Біз өскен дәуір мықты!
Арқалат­ты
Жырға да ауыр жүкті.
Жалғыз емес,
Жүз Абай
Қажет шығар,
Тербетуге қазіргі қауым-жұрт­ты…
Кеше гөр!
Бұл сырым ғой, айтылмаған!
Сыр ашпаса,
Шыдайды қайтіп адам?
… Ол күбірлеп,
Қозғалып қалды білем,
Абай аға,
Не ойладың, айтшы маған?..

Жұбан Молдағалиев

Мұңыңнан қанықтыршы, Абай, мені

Қайғысыздан сақ бол,
Қайғылыға жақ бол.
Абай
Қайран Абай, сендейсіз жесір өлең.
Кереметіңді кеш білсем, кешір, ием.
Ұлылығын тұлғаңның ұққан сайын
Мен түскі көлеңкедей кішірейем.
Құдай саған ат берді, ас та берді,
Болмасаң да, ми берді бастар елді.
Махаббат та жыршысын мүсіркейді,
Мұрагер боп қаншама жастар өрді!
Қақ айырып қырық жамау жүрегіңді,
Қазағым деп, жұртым деп жыр егілді.
Озбырлықты кешпедің әкеңе де,
Әділет­тің арман боп бүр-егіні.
Ала болса бір тәнде бас, қол, тілек,
Жанымызға от,
жүрекке тас бол дер де ек!
Сенде ала жоқ, ыза, мұң, ізгілік боп,
Жырларыңда тұрғандай жас мөлдіреп.
Мен жүріппін қолда жоқ ай, күнге алаң
(Жоқты да бар дегізді қай күн маған).
Даналығың, даралығың өз алдына.
Өре жетпес биіктей қайғың маған.
Ауыс қылшы демеймін таланыңнан.
Өзге Абайды таба алмас дала мыңнан.
Жұғар ма екен жырыма, қанықтыршы
Жұртым деген қайғыңнан, дана мұңнан.

Ғафу Қайырбеков

Абай күні

Ардақ Семей, қабыл ал керуенді!
Бір алтын көш қақпаңа келіп енді.
Ол — Абайдың мұрагер ұрпақтары,
Кең пейліңді сағынған, кең кеудеңді.
Болғанменен сан күмбез сарайлары
Күнмен күлген шағылып сары айдары.
Сол сарайға құдірет­ті үн беретін,
Өзгелердің болмаған Абайлары!
Шыңғыс пенен аспанды жалғастырған,
Бұл бәйтерек тек сенде алғаш туған.
Мынау – сонын жайнаған
жапырақтары,
Ажары бар айнымас жап-жас нудан.
Жылда осылай жаз болса жамырап кеп,
Бәйтеректі басады жапырақ көп.
Көңіліңді, туған жер, кеңірек жай,
Нөсеріңді аямай қат­тырақ төк!
Біз өсейік дүркіреп күнге қарай,
Басымызды мың шұғыла сүйген арай.
Сонда ғана бәйтерек – бәйтерек боп,
Сонда ғана туысар бізбен Абай!
«Абай күні» — сапардың аты бүгін,
Жыр мен әннің тиеген алтын жүгін.
Жаңа кірді қақпаңнан жас керуен,
Жайдағыдай деп жүр ме «Ау, кім мұның?!»
Суы шәрбәт Ертістің, жағасы бай,
Бар адамға байырғы нағашыдай.
Болғанымен Абайдың жыры биік,
Күні биік болған жоқ дәл осылай!
Сен білесің, Семейім, соның бәрін,
Сол аңсаған міне тұр, қолында күн!
Көтер соны шырқатып, көрсет жұртқа,
Салтың әсем халықсың, жолың мәлім.
«Абай күні» — қазақтың жыр мейрамы,
Бұдан былай келетін жылда айналып.
Жылда осылай тасымақ өлеңімен,
Сахараның төсіне сыймай халық!
Аппақ таңның жамылып арай нұрын,
Көк даланың тағынып талай гүлін.
Ал сәт сапар, халайық, ал келіндер,
Біз Семейден бастадық Абай күнін. 

Мұқағали Мақатаев

Дала данышпаны

Дала жатыр, өн бойы тұнған өлең,
Абай, міне, жапанда тұрған емен.
Ата сөзі тербеткен бесігімді,
Ата сөзін өмірде тыңдап өлем.
…Ұлы емес Абай жалғыз сахараның,
(Мен емес, солай деген аталарым).
Сол ұранды ұрпаққа апарамын,
Мен қазақ – Абай болып атанамын.

Уһ, дала!
Дала толған көл-көсір жыр,
Дала – қобыз тұтпайды пернесін кір.
Тірі Абайды әлдиле, дарқан далам,
Өлең селі өңірді тербесін бір.

Дала, дала…
Сал дала селеулеген,
Жырмен ұйықтап, оянған өлеңменен.
Дала деген – күй сандық бұл қазаққа,
Абай десе құлағы елеңдеген.
Жылдар, жылдар…
Қаншама алыстадық,
Қаншама өзен өзгерт­ті ағыстарын.
Уақыт озды, сен бірақ қалыспадың,
Уа, армысың, арысым, данышпаным!

Марфуға Айтхожина

***
Кінә қойма, мыңмен жалғыз алысқан,
Құдірет­ті үн естіледі алыстан.
Сол құдірет –
Адамзат­тың Абайы,
Кемеңгер де данышпан!

Кінә қойма, мыңмен жалғыз алысқан,
Естіледі сол үн
Жерден,
Ғарыштан!
Өтсе-дағы арадан жүз алпыс жыл,
Сол құдірет­ті үн ұрпағымен қауышқан.

Көңілді үнге толып бүгін маңайы,
Төгіледі атқан таңдар арайы.
Жалпақ әлем,
Жат­тап жүрген жырларын,
Адамзат­тың Абайы.

Көрсетсе де заманасы мың қысым,
Үркітсе де әуелеген түз құсын.
Мақтанышпен тұр ғой қарап әлемге,
Кеуде керіп
Шыңғысың!

Тербеп жатқан атын қазақ даласы,
Кемеңгердің келбетіне қарашы!
Адамзат­ты жүгіндірген алдында,
Құдірет­ті
Құнанбайдың баласы!..

Төлеген Айбергенов

Семей

Астынан алшақ белдің орап ойлар,
Мен сені аңсап келдім, қара қайнар.
Армысың, менің қара шаңырағым,
Ботакөз қарындастар, нар ағайлар,
Алдымнан қаптап шыққан қарағайлар.

Төсінде Абай өткен кіл самғаумен,
Армысың, менің жұпар жусан кеудем!
Көк Ертіс көкірегімде буырқанған,
Қос жаға қоңырау қаққан мың
сан баумен,
Мен сенде келдім қайта тусам деумен.

Шулатып көкірегімнің бар құрағы ән,
Сәлемге келдім саған, жарқын апам.
Орап ал шалғайыңа, қара шалдар
Мен ғашық қара мәрмәр жарқыраған,
Ормандар төбесімен сарқыраған…

Әуезов әлдилеген сырлы әуезді ел,
Менің де жүрегімнен нұрға кез бол.
Тоғжанның жанарында мөлтеңдеген
Қайдасың, қара бұрым, тырна көз көл?
Кел, менің жанарымда жырлап өзгер!

О, менің ақ жайлауым, Әміре еңсем,
Қашаннан махаббаттың тәңірі ең сен.
Мұнша ну орманыма орап сүйер
Орала бермес маған өмір өңшең,
Аяулым, жанымда жүр тебіренсем!

Бір бұрып маңдайыңды қарат маған,
Арманым ақша бұлттан әрі аттаған.
Айдында ақ мамығын бұрқыратып,
Сыбызғы қайыңдардың аспанынан
Сыбырлап, сыңсып ұшып баратқан ән…

Фариза Оңғарсынова

Абай аға!

Биікте ме – қайда жүр аруағың?
Құлағыңа жете ме шағым-әнім?
Көкті кезіп іздер ем – жерде мені
Шырмап қойды шырғалаң шаруа, мұң.

Жердің беті балшық пен былық әлі,
Жол табады жылпос пен ұры-қары.
Жұртың даңғой әм надан баяғыша,
Мәз болады бір-бірін жығып әлі.

Алтын шапақ шашпай тұр қырдың таңы,
Аяқты алшаң басқанға құлмын тағы.
Саған дерт боп жабысқан ел тірлігі
Бүгін менің жанымды шыңғыртады.

Жылымшы өмір жанымды құлазыт­ты,
Талмап-талмап тауыстым жыр-азықты.
Құдай емес, кісіден келген жұтаң,
Шөлге айналған жерімнен құлан ықты.

Ашсам деген жұрт көзін қыран едің,
Мерт еткенде сені де құба жерім,
Ел етем деп тыртыңдау не тәшіме,
Керек екен десеңші мына менің!

Қалқиды әнің – рухыңның кептері ме,
Ұстаймын деп әуремін текке, міне.
Дарыныңнан, ойыңнан бермей маған,
Тек дертіңді жұқтырып кеткенің не?..

Есенбай Дүйсенбайұлы

Абайға мұң шағу

«Жұртым деуге арлымын,
Өзге жұрт­тан ұялып…»
«Менсінбеуші ем наданды,
Ақылсыз деп қор тұтып…»
Абай
Алашым деп арман-мұң, қиял әнім,
Абай аға, ақ қағаз сияладым.
Жарлы емеспін, зарлымын мен де
сендей,
Ұлтым деуге жат жұрт­тан ұяламын.

Ғасырда да ел бостан, азат дала,
Қалар емес қашанғы мазақ-таба.
Аузы түкті кәуірге құлдық ұрып,
Айырылмайтын қамыт­тан қазақ қана.

Қандастары сорынан бақ табатын,
Күлембайлар қазіргі таққа жақын.
Отаршылдан бетер жеп Отанымды,
Орыстанған діліне мақтанатын.

Наласы мол намыстың зарлап әнін,
Жыр жазбасқа Абайша бар ма амалым?!
Өзге жұрт­тан ұялып мен де бүгін,
Жұртым деуге арлымын, арланамын.

Не әкеледі алдағы заман күткен?
Тайғақ боп тұр бүрі жоқ табан біткен.
Алысады бұл ғасыр Абайлары,
Ақылды һәм оқыған надандықпен.

Қанипа Бұғыбаева

Таң атқанша

Таң атқанша, бір қызамын, бір суып,
Түсімде ылғи кезем өзге тіршілік.
Тас мүсінді ұлы Абайдың басынан,
Тұрды нұрлы шұғылалы Күн шығып.

Көз алдымда көрген күнім сағынып,
Осы шығар, асыл арман, ақ үміт.
Шашыраған сансыз жарық сәулесі,
Көздеріме түсті менің шағылып.

Жүргендеймін қыл көпірдің үстімен,
(Өмір деген – өмір емес, түс, білем).
Көк байрақтан көріп едім өңімде,
Күн көтерген қайсар қыран құсты мен.

Ұмытылмас… болды өзгеше, өмір бұл,
Күн көзіне қарай өсер көңіл гүл.
Түні бойы таңды күтіп сарғайған,
Сағыныштың сәулесіне шомылдым.

Жан жүрекке жарық түспей басқадан,
Жылу күтіп, болдым неге «тасқа» алаң?
Кейде өмірден түңілгенде, түстегі
Күліп шыққан Абай күнін еске алам.

Таң атқанша сезім кештім, өртендім,
Көкірегім жайып қанат көркем күн?
Дүниеге неге ертерек туды екем,
Мен қызығам бақытына ертеңнің.

Өзі білсін… жорыса да қалай, кім,
Содан бері жүзі болды сан айдың.
«Бағамды» алмай барам «өмір-базардан»
Күліп шыққан Күнін көріп Абайдың.
Өзі білсін, жорыса да қалай, кім?..

Жәркен Бөдешұлы

Жыр көктемі

Көгеріп, жасарғандай дала, қыстақ,
Айнала балауса өмір, даналық шақ.
Алатау ұлы Абайға ұқсап отыр,
Қолына көк сиялы қалам ұстап…

Жаңғыртып барша әлемді мәңгілік жыр,
Оят­ты тәт­ті ұйқыдан таңды бұлбұл.
Бозторғай «Жаз» өлеңін аспанда оқып,
Айызын тыңдаушының қандырып жүр.

Сахара бір көгілдір нұрға толып,
Ағады арнасында су да толып.
Әйгілі «Айт­тым сәлем, Қаламқасты»,
Барады көкжиекке тырна созып.

Сиқырлы үн боп кіріп құлаққа – Абай,
Жатқандай жылтырайды құраққа май.
Тоты құс түстес алуан көбелектер,
Қонады гүлден-гүлге тұрақтамай.

«Қарға мен өгіз» сырын шымшық оқыр,
Жүрегін әлдекімнің шымшып оқыр.
Жұп аққу «Жазғытұры» жырын жат­тап,
Бір байғыз кәрі қыздай сыңсып отыр…

«Мінеки, болыс болдым» дегенде­йін,
Өңешін созды құзғын өлерде­йін.
Көгершін «Сап-сап, көңілім,
сап, көңілім!» деп –
Аударды пенделердің өлеңге ойын.

Өлеңсіз – көңіл күйге жарымайды,
Өлеңсіз – өтсе өмірдің бәрі қайғы.
Қараңғы түнде ұлы тау қалғиды,
Тыңдаса «Желсіз түнде жарық айды».

Бұл-дағы Абай – көктем күші деп біл,
Көкек те әупілдейді іші кепкір.
Тойынған қар суына сәуірік-бұлт,
Аспанның ар жағынан кісінеп тұр.

Кеткендей бойдан ызғар, санадан кір,
Емеді Ана-Жерді бала-жаңбыр.
Тұяғын қайта-қайта тасқа соғып,
Тау ішін құлын-бұлақ аралап жүр…

Көкпеңбек туым түстес болды атырап,
Көк түсті қызартам деп болма ақымақ.
Қазаққа, сірә, қызыл жаққан емес,
Жарасар ақ терекке – көк жапырақ.

Қонғанда ақ шешекке көк көбелек,
Көрінер көркемдігі көптен ерек.
Қолына көк бөрілі байрақ алса,
Алашың арыстан боп кетсе керек…

Темірхан Медетбек

Абайға шағыну

«Алланың өзi де – рас, сөзi де – рас…»
Күмәнiм жоқ, Данышпан!
Рас! Рас! Рас!
Не iстеймiн бiрақ та
Бұл өмiрдiң бәрi лас!
Лас! Лас! Лас!
Мен қазiр
Қоқыста жүргендеймiн.
Бастар жарылып,
Қарындар ақтарылып жатқан
Тартыста жүргендеймiн.
Бастар жарылып,
Қарындар ақтарылып жатқан –
Дүниенiң! –
Өкпе-бауырын жеп,
Құзғындар ұшып жатыр…
Қаңғыбас ит бiткен
Сол дүниенiң
Қанын жалап,
Iшiп жатыр.
Тойынғаны соншама –
Лобылып,
Құсып жатыр…
Рас! Рас! –
Дiнiм-ай!
Лас! Лас! –
Дүние-ай!

Жүрсін Ерман

Абай ескерткішіне

I
Тас болып тұрсың,
Өтеміз күнде осы арадан.
Өзіңнен басқа таппаймыз мұңдасар адам.
II
Абай ағамыз!
«Қазағым-ау!» – деп сіз бізді көп аямаңыз:
Қатыгездікке келгенде қарайып әлі
Сабақ алатын жақсыны
Сабай аламыз.

Өтірік! Жалған –
Аспанның астын кернеген,
Бабаларымыз, меніңше, қасқырды ембеген:
Қақпанға түссе тірсегін қиып кететін,
Бөрінің серті сондықтан дәстүрге енбеген!

Қанағат та жоқ,
Рақымның ізі қалмаған,
Қайырым қылар дегенің – бұзық. Оңбаған.
Патшайым болар дейтіндей періште де жоқ,
Қу аяқ бар ма қазақтың
қызын алмаған!

Адамгершілік айырылды өз бағасынан,
Алдауға келсе інісі озды ағасынан.
Түндіктен түсіп,
Кіндіктен қылмыс жасайтын
Түңіліп жүрміз қазақтың бозбаласынан.

Мұсылман таппай — отырар
тізгін басында,
Тұлпарға тоқпақ таққан соң,
Құзғынға – сырға,
Құдайдан медет болмаса, қазағың әлі
Жылап көрісер, ей, аға, сіздің ғасырға!

Тыныштықбек Әбдікәкімов

Абайға

Сіз өскен Түзде Тәңірдің иісі бұрқырап,
Киені көрген, көздері көркем жылқылар!..
Өмірдің сыры өзіңіздей жанға сол кез­де,
Оқылған шығар бес күндік жалған сыртынан?

Сіз сүйген ел-жұрт байраққа, ерге, жараққа
Әнінен – алтын, күйінен – күміс жалатқан!..
Күнтекті Қыдыр құрдасы болған сол қазақ,
Құдайдың өзін шақырған екен қонаққа!..

Сіз құшқан ару аңыздан перде ұстанып,
Ұйықтатпай қойған әлемнің небір мыстанын!..
Сіз ашқан тылсым өлеңнің аппақ әлемі,
Пенделік жасыл қиялдан алыс!
Тысқары!..

Сіз шеккен қайғы заманның басын даң қылып!..
Ғасырға ғасыр тасумен жатыр жаңғырық.
Сіз айт­қан өсиет…
Оны біз барша өнерге,
Хан сайлап қойдық мәңгілік!
Арман-ай, арман!..
Біздердей мына құлдағы
Құлпырса-дағы тұрмыстың қызыл сырмағы,
Өзіңіздей болып, жұпарын сөздің бората,
Аңқыған еспен отыру қайда-а-а нұр бағып!..
Өт­тіңіз, әт­тең жаяулап мына бес күннен…
Өлеңнің күні кешкірген.
Сіз кеткен жолдың басында балбал тұр бүгін,
Аузынан аспан естілген!..

Ұлықбек Есдәулетов

Жидебайда

Абай ата, келмеймін күнде саған,
Саған шақпай мұңымды кімге шағам?
Көресіні түгелдей көріп болмай,
Күтіп тұрған көрге де кірмес адам.

Жерден сырлас таппадым сөз ұғарға,
Көкте жүрген көзелдің көзі бар ма?
Тіршіліктен түңілген тамам бала,
Өзін асып жатыр ғой өзі дарға!

Ақзу тілім ақ сор боп шұбарланып,
Қыжылымды айтпадым құмар қанып,
Гәкку әнім гөй-гөйге көп ұласты,
Сұңқылдаған аққудай сыңар қалып.

Туған жерді тозаққа айналдырып,
Амалсыздан аһ ұрам айлам құрып.
Жайылымсыз өңірім қайырымсыз,
Өрісімді алыппын ойран қылып.

Жау жықпаған қазақты арақ жығып,
Қайта басты даламды қараңғылық.
«Қарт­та – мейір, балада – пейіл қалмай»,
Әлекедей жалаңдар арам қылық.

Намыс емес көбіміз табыс қуып,
Өгей өстік өрліктен алыс туып.
Тәуіп еткен таспұтым телкек қылды,
Өзімді әкеп өзіммен шағыстырып.

Ала жіптен ат­тамай ас батпады,
Бүйрек пенен жүректі тас қаптады.
Жылан жылытып жүрген соң
қойнымызға,
Жанымыздан жылу да қашқақтады.

Ертоқымның сынған соң айылбасы
Ұмытылды ұлы әннің қайырмасы.
Сүт­те қаймақ қалмайды, қызда оймақ,
Су мен удың жоғалды айырмасы.

Жидебайда жарылса талай атом,
Жырлап жүрген біз соны – сарай ақын.
Ұрпағыңа «тоқтат!» деп тоқтам айтшы,
Бар еді ғой аруақты Абай атың!!.

Ғалым Жайлыбай

Жаңғырық

…Жартасқа бардым,
Күнде айқай салдым.
Одан да шықты жаңғырық…
Абай

Дауысым шықты жаңғырып,
Жан-жағым толған жаңғырық.
Сізден соң өмір-өлеңге
Біз қайдан келдік қаңғырып.
Адасқан күшік секілді,
Ойларым жұрт­та қалды ұлып.
Тұлпар тұяғы кетілді
Алашқа тілеп арлылық.
Ей, Шыңғыстаудың баласы,
Запыран құстым зар қылып,
Қазақтың қайран даласы –
Жаңғырықтардан мәңгіріп,
Есімнен кет­ті тандырып…
Беу, елімнің ерен Абайы,
Теңіздей терең Абайы.
Ататын таңның арайы,
Шұғылаға тұнған маңайы.
Санама мені пендеге,
Өзіңді көрем түсімде.
Жартасқа бардың сен неге
Жаңғырық есту үшін бе?..
Қара көңілдің жарығы ең,
Халқымды бастар мәңгілік.
– Абай! – деп айқай салып ем,
– Абайла! – деді жаңғырық.

Аймалап өстік Күн, Айды,
Көкейде көктеп көп өлең.
Жаңғырық шықса жылайды –
Абыралы, Мыржық, Дегелең…
Жаңғырық естіп құрсақтан,
Ұрпақ боп тудық күнәлі.
Абайдың өзі мұң шаққан –
Меңіреу жартас тұр әлі.
Жаңғырды бүгін тау іші,
Жанымда менің жанды үміт.
РУХЫМНЫҢ өлмес дауысы –
Шыңғыстан шыққан жаңғырық…

Әбубәкір Қайран

Ғасыр өт­ті

Ғасыр өт­ті ұлылық көз жұмғалы,
Көрге бірге көмілді өз жұмбағы.
Солғындады сорлы тіл содан бері,
Томаша жұрт томсарып, тозғындады.
Сөздің мәні сөгілді бой-бой болып,
Ытқып ақты қып-қызыл көздің қаны.
Ғасыр өт­ті ұлылық көз жұмғалы!

Ғасыр өт­ті ғажайып нұр көшкелі,
Дүмпіп өт­ті дүлейдің дүрмектері.
Білместері көбейіп біздің жұрт­тың,
Танауынан қара қан дірдектеді.
Кірлетпеді кім сонда аппақ арын,
Арманына кім жетіп, кім жетпеді?!
Ғасыр өт­ті ғажайып нұр көшкелі!

Ғасыр бұрын ұлы Абай баз кешкенде,
Өлеңінен қазақтың саз кеткенде,
Әздектерге ілесіп ән менен жыр,
Қара саннан қара өлең қан кешкенде,
Қайыспаған қайда екен қайран ерлер
Қарсы шапқан атойлап наркескенге?!
Ғасыр бұрын ұлы Абай баз кешкенде!

О, қазақ-ай! Не деген өлермен ең,
Тепсе-дағы доп қылып көнермеген!
Кезермеген ерінің Кербалада,
Жүріп өтіп жүз жылды төбеңменен.
Өнерменен бір туған егіз едің,
Несиесі ешқашан төленбеген.
Сайрап тұрған санаңда бүгін таңда
Сіңбес болып барады өлең деген…

Ғасыр өт­ті ұлы Абай көз жұмғалы,
Ойы жоқ-ау айналып келем деген…

Бауыржан Жақып

Абайдың Қасқабұлағы

Абайдың Қасқабұлағы
Сағасы інжу-маржаннан.
Жағасы жасыл пүліштен,
Тамшысы алтын, күмістен.
Жапырақ сүйген бетіңнен,
Суыңнан сұлу гүл ішкен.
Абайдың Қасқабұлағы
Елімді қорғар қылыш па ең?
Жеріме біткен ырыс па ең?!
Ай сүйіп асыл ерніңнен,
Күлімдеп келіп Күн ішкен.
Абайдың Қасқабұлағы,
Ағасың асқақ тыныспен,
Шайырсың дәйім жыры үстем,
Батыспен байтақ тілдестің,
Шұғыласын шашқан Шығыспен.
Абайдың Қасқабұлағы,
Тұлпарлар тоқтап су ішкен.
Тұлпардай сен кең тынысты ең.
Етбет­теп жатып жағаңда,
Бала Абай сенен су ішкен.
Абайдың Қасқабұлағы,
Ұлы Ақын мұңын бөліскен,
Сөйлеспей жақын туыспен.
Іштегі өртін сөндіріп,
Дана Абай сенен су ішкен.
Абайдың Қасқабұлағы,
Қазағым атын қойған су,
Әлемге атын жайған су.
Шақпаққа бара жатқанда,
Шәкәрім бетін шайған су.
Абайдың Қасқабұлағы,
Әуелеп шабыт қуған су.
Әуезов үні туған су,
Бетінде кілкіп қаймағы,
Мұқаңның сөзі тұнған су.
Абайдың Қасқабұлағы,
Халқымның аққан жыр-әні,
Көрмедім сендей тұманы,
Жағаңда сенің киелім,
Ұлылар ғана туады.
Абайдың Қасқабұлағы,
Қырық өрім таспа бұлағы,
Аспанның аспа бұлағы.
Отыз жыл ойран салса да,
Қырық жыл қырғын болса да,
Мөлдіреп жатыр суы әлі.
Абайдың Қасқабұлағы!!!

Әлия Дәулетбаева

Абайдың тілі

Абайдың тілі, анамның тілі,
Не деген ғажап үндестік.
Жауратып жанды ғаламның мұңы,
Ақын боп сонсоң күн кештік.

Нендей қайғыны басыма тілеп,
Жоғалт­тым нені білмедім.
Балбал тастардың басына түнеп,
Өт­ті ғой бөрі күндерім.

Өгей орманның ығында өскенмін,
Айта алман оны арланбай.
Ана бір жылдар ғұмыр кешкенмін,
Анадан жетім қалғандай.

Ол күннің дерті ұмытылмайды,
Уы мен балы аралас.
Бір ұртым қанды, бір ұртым майлы,
Рухым тұт­тай жалаңаш.

Анамның тілі, аңырап келіп,
Алдыңа бүгін жығылдым.
Шат­тығы кет­ті шаңырақ керіп,
Адасқан албырт ұлыңның.

Көк байрақ тіктім, көкке телміріп,
Түп-тегім түркі болғасын.
Күпті көңілден кет­ті сең жүріп,
Пайғамбар Абай, қолдашы!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір